Рефлексияның атқаратын қызметтері төмендегідей жіктеледі: - тұлғаның эмоциялық көңіл-күй жағдайын рефлексиялауы;
- тұлғаның оқу материалы мазмұнын рефлексиялауы;
- тұлғаның коммуникативтік байланыстардың себеп-салдарын рефлексиялауы;
- тұлғаның ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттерін рефлексиялауы.
Уақыт тұрғысынан қарастырғанда рефлексияның интроспективті, ретроспективті, проспективті түрлері ажыратылады.
- Ретроспективті рефлексия – адамның өткен шақтағы іс-әрекеттерінің, тәжірибесінің әдіс-тәсілдерін қайта айқындауы, бағалауы.
- Проспективті рефлексия – болашақта жүргізілетін іс-әрекеттің мүмкін болатын құралы мен болжамын анықтауы.
- Интроспективті рефлексия – іс-әрекетті жүзеге асыру барысында ойлау үдерістерін қиындату, бақылау және түзету.
Мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеуі және оны рефлексиялауы Д.Познердің пікірі бойынша кәсіби шеберлікті дамытудың кілті болып есептеледі. Егер рефлексияның нысаны педагогикалық мәселелер болатын болса, онда бұл педагогикалық рефлексия болып табылады. Педагогикалық рефлексия – мұғалімнің өз іс-әрекет мазмұны мен құрылымын жетілдіру үшін өз тәжірибесін тереңдете зерттеп талдауы.
Рефлексияның маңыздылығын Абайдың қара сөздерімен үндестігінен көре аламыз. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында өзіңнен өзің есеп ал!» - деген ақын сөздері әр адам үшін өз әрекеттері туралы ойланудың, өзін ойша зерттеудің, өзін-өздері бағалаудың маңыздылығын түсіндіреді.
Мұғалімнің педагогикалық рефлексия негіздерін меңгеруі оның кәсіби іс-әрекеттерінің мақсат және міндеттерімен байланысты өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге негізделеді. «Адам өзін-өзі терең түсінгенде ғана оның ақыл-парасаты кемелдене түсетін болады» - деп Қаюм Насыри ескерткендей педагогикалық шеберлік те адамның ең алдымен өзін өзгертуден басталмақ.
Сонымен, рефлексиялық үрдісте сыртқы талаптардың адамның өзіне қоятын ішкі талаптарға айналуы қажет екен, себебі өзін-өзі бағалау адам дамуының ішкі факторына жатады. Өзін-өзі бағалау қажеттілігі – жеке тұлға дамуының негізгі формасы болып табылады.
Мұғалімнің кәсіби жетілуі үздіксіз үрдіске айналуы тиіс. Оның кәсіби жетілуінің негізгі факторларының бірі – өздігінен білім алу үрдісі. Өздігінен білім алу – мұғалімнің тұлғалық өсуінің негізі. Қазіргі кездегі үздіксіз білім беру мәселесі де адамның бір алған білімімен қанағаттанбай, оны заманына сай толықтырып, жаңартып отыруын көздейді. Адам біліммен тек бір оқу мекемесінде ғана қаруланбайды, білім – үлкен құндылық, оны өмір бойы толықтырып отыруы қажет. Егер адам білімін үнемі толықтырып отырмаса, ол кәсіби іс-әрекетке де жарамсыз болып қалады.
Өздігінен білім алу үрдісінің өзектену себептері:
- ақпараттық қоғамның әр тұлғаның дүниетанымына үлкен әсер етуі;
- қазіргі қоғамда коммуникациялық қатынастардың, ақпараттармен алмасу үрдісінің жылдамдығы;
- табиғи ресурстарға қарағанда білім ресурсының шексізденуі;
- ауқымды ақпарат ағымында негізгі білімді жүйелей алу қажеттілігі;
- ақпараттық технологиялар арқылы online оқыту түрлерінің жедел дамуы;
- ақпараттардың жылдам өзгеруіне байланысты білімнің тез ескіріп қалуы т.с.с.
Өздігінен білім алу – тұлғаның өзіндік мәдени, танымдық, ғылыми, кәсіби, білімдік деңгейін жоғалтуға және өз ішкі әлеуетін толық ашуға, әлеуметтену қажеттіліктерін жүзеге асыруға бағытталған еркін таңдауы бойынша жүргізілетін іс-әрекеті.
Өздігінен білім алу – адамның білім беру мекемелеріндегі жүйелі оқытудан тыс өзіндік жұмысы арқылы білім алу үрдісі.