I кіріспе II негізгі бөлім



бет3/4
Дата02.06.2023
өлшемі34,29 Kb.
#98166
1   2   3   4
Байланысты:
XX ғасыр басындағы көркем шығармалардың тілдік сипаты

Өссе тілім, мен де бірге өсемін.
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Осынау отты жолдардағы антонимдік параллель тек тілдегі айшық қана ма? Жоқ, көкей кесті сыр, одан асса, өмірлік ақиқат. Соны ақын әр жолдағы жарыса жарасқан антонимдік қарама-қарсылықтар арқылы оқырман санасына сіңіре шегелеп отыр. Ендеше антоним – өмір шындығын өнерде шынайылау тәсілдердің бірі. Суреткердің сөз қорындағы бір «алтын сандық» — архаизм (грекше archaios- ежелгі, көне) бүгінде ескіріп, әдеттегі қолданудан шығып бара жатқан, әсіресе ауызекі сөйлесулерде көп айтыла бермейтін көне сөздер.
Суреткердің сөз қорын молайтып, тілін байытар тағы бір қайнар бұлақ – неологизм (грекше neos-жаңа, logos-сөз) – жалпы қоғамдық дамумен сабақтас тыңнан туған соны мағыналы сөздер. Бұл – толассыз болып отыратын құбылыс. Біздің дәуіріміздің ғылым мен техникадағы ұшан теңіз жаңалықтары тілде бұрын болмаған жаңа атаулар әкеледі. Оларды әдебиетте де солай, жаңаша атамасқа болмайды. Көркем әдебиет тілінде күнделікті айтылып жүрген сөздерімізде кездесетін бөгде тілден енген сөздер кірме сөздер деп аталады. Біздің осы күнгі пайдаланып жүрген көп сөздерімізде басқа елдің тілдерінен алынған сөз екен деп еш күдіктенбейтін сөздер бар. Оларды үйреншікті ана тіліміз секілді қолдана береміз.
Мысалы, кітап, әдебиет – араб сөздері, бірақ тілімізге әбден сіңіп кеткендіктен, оның кірме сөз екені байқалмайды. Бір тілден екінші тілге сөздер жайдан-жай емес, белгілі бір қоғамдық, шаруашылық жағдайлармен байланысты қарым-қатынас арқылы енеді. Сол сияқты көркем әдебиет тілінде де, жалпы тілімізде де дүниежүзіндегі адам баласының бәрі білетін, бәріне бірдей сөздер бар, ол интернационалдық сөздер деп аталады: капитализм, экономика, пролетариат т.б. Қазақстанның кейбір өлкелерінде ғана түсінікті жекелеген жергілікті сөздер де өзіне лайық қызмет атқарады, олар диалектизм (грекше dialektоs-оқшау тіл ) деп аталады. Әдеби қаһарманның сөйлеу ерекшелігін танытып, мінезін даралау үшін, ол өмір сүрген ортадағы жергілікті сөздерді жазушы батыл пайдаланғаны жөн.
Әдеби шығармаларда идиомалар (грекше idioma-айрықша айшық) жиі ұшырайды. Идиома терминге қарама-қарсы: терминдер бір тілден бір тілге оп-оңай көше салатын болса, идиомаларды өз тілінен өзге тілге аудару-қиынның қиыны; кейде тіпті мүмкін емес. Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді деген қазақ тіліндегі айрықша айшықты өзге тілге сөзбе-сөз аударса, күлкі болар еді ғой. Сондай-ақ орыстың «выеденного яйца не стоит» дегенін аудару да мағынасыздыққа апарар еді. Сондықтан бір тілдегі идиоманың екінші тілден тек идиомалық баламын іздеп, табудан өзге аудару жолы жоқ.
Идиомалар – әр тілдің айрықша айшығы ғана емес, алтын алқасы; әр тілдің бір алуан байлығы, інжу-маржаны, көркі. Бұларды тек орнымен, шашпай-төкпей, ұқыпты пайдалана білу керек. Өйткені идиомалар өмірдің өзінде оп-оңай айтыла бермейді, көне кісілер аузынан, онда да шешендік сарапқа түсер айтыс-тартысты, дау-шарлы жерде, пиғылдар шарпысып, тіл безелер тұста шығады. Поэзияға келсек, мұндағы лингвостилистикалық ізденістер мүлде ерекше болмақ. Ең алдымен, поэзияның өзі «тұнып тұрған» образдылық (бейнелілік) болса, сол образдылықты жасайтын құралдар мен тәсілдерді зерттеу міндеті тұрады (образдылықты танып-таныту – әрине, көркем проза мен драматургия стилистикасының да «шаруасы»). Лингвистикалық стилистика көркем сөздің ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан, оған ырғақ, эвфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берілетін бейне (словесный образ) сияқты тарамдарды қамтитын лингвистикалық поэтика кіреді. Поэзия тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттегенде, ең алдымен, ондағы образ жасампаздық (образотворчество) мәселесі көзделеді. Ал образ жасампаздық тіл элементтерін (құралдарын) жазушының өз қаламында жарата білуі арқылы пайда болады. Сөз-образдардың түрлерін, оның ұлттық бояуын (колоритін) тану да – поэзия стилистикасының міндеті. Қазақ тіл білімінде бұлардың барлығы да – әлі жүйелі түрде зерттелмей келе жатқан салалар. Ең алдымен, қазақ стилистикасында лингвистикалық негізде «автор образы» дегенді монографиялық планда арнайы танып-білу мүлде сөз болмаған зерттеу объектісі екенін айту керек.
«Автор образы» – тіл жағынан алғанда, көркем шығарманың мағыналық стильдік діңгегі53 («автор образы» деген мен «шығарма авторы» бір емес екендігін ескерту артық болар). «Автор образын» анықтау дегеніміз – сол шығарманы стилистика тұрғысынан талдау деген сөз. «Автор образын» шығарманың баяндау стилінен, диалогтар мен монологтерді беру үлгісінен, экспрессивтік-стильдік элементтерінен көріп, тануға болады. Қысқасы, «автор образы» – лингвостилистикалық проблема.
Көркем шығарма құрылымы жағынан баяндау (автор сөзі) және диалогтер(кейіпкерлер сөзі) болып бөлінеді. Сондықтан көркем шығармада баяндаудың авторлық нормаларын айқындап алу қажеттілігі туады. Көркем прозада баяндаудың төрт түрлі болатыны айтылып келеді:
Баяндау автордың өз атынан жүргізіледі. Көркем прозаның көптеген туындылары, әсіресе роман, повесть сияқты ірі үлгілері баяндаудың осы түрімен жазылады. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай» эпопеясы, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесі», Ғ.Мұстафиннің «Шығанағы», Т.Ахтановтың «Бораны», Ә.Кекілбаевтың «Үркері» т.б.
Баяндау әңгімелеуші кейіпкерлердің атынан (бірақ стильдік бояусыз) жүргізіледі. Қазақ көркем сөзінде бұл әдіс те көп қолданылады. Әсіресе авторлық баяндаудың бұл түрі қысқа әңгіме, повестерде кеңінен пайдаланылады. Мысалы, М.Ысқақбаевтың «Арпабектің сары атаны» деген әңгімесі, Ш.Мұртазаевтың «Табылған теңіз» повесі кейіпкер атынан баяндалғанымен, бұлардың тексінде автор жергілікті сөз, қарапайым сөз, ауызекі сөйлеу тілі элементтері дегендерді әдейі қолданбайды. Стильдік элементтер мұндай шығармаларда диалогтерде ғана жұмсалады.
Әңгімелеуші кейіпкер аталмайды, бірақ баяндау стилі сол кейіпкердің көзқарасымен (бағалауымен, тануымен т.т.) беріледі. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың «Құс қанаты» повесі ауылда туып-өскен, оқымаған «шұбалаң жаулық қара кемпірдің» көзімен (сөзімен) баяндалады. Сондықтан мұнда ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым элементтерде: бозымбай (боз өкпе), ұшпақ (жұмақ), бұтқа толу (бәлдену), тортиып жүру (ренжу), жырқылдау т.б. сияқты қарапайым сөздер де, бойлы-сойлы (жақсы, текті), дызықтау (асығу), бөтеке (бүйрек), шатпа (төрт қанат киіз үй) т.б. тәрізді жергілікті сөздер де, шүйке бас, сидаңдаған қу сирақ, енесі пақыр, атасы жарықтық сияқты т.т. стильдік бояуы бар өзге сөздер де автор тілінен орын алған.
Сол сияқты Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романындағы авторлық баяндаулардың жалпы бояуы (тоны) да көп нәрсені түзетпек болған, тартылып қалған Аралдың тағдырына араласпақ ниеті бар, өзі адал, сондықтан «жуан қаралар» мен беймаза Бәпиза жұбайына, тойымсыз енесіне – қысқасы, айналасына сын көзімен қарайтын бас кейіпкер – берекесіз тірлік кешкен «ит мінезді» Жәдігер Әміржановтың танымы, бағалауы, көруі арқылы берілген.
4) Әңгімелеуші аталады да шығарма сол кейіпкердің аузымен баяндалады. Баяндаудың стильдік бояуы әңгімелеуші кейіпкердің сөз саптауына бағындырылады. Мысалы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі І жақтан сөйлеген автор сөзімен басталғанымен, ондағы әрі қарай баяндалатын барша оқиға жолаушылап келе жатқан адамдардың бірі – 30-40 жастардағы қарапайым ауыл адамының аузымен, соның сөйлеу үрдісімен беріледі. Сондықтан мұнда сөйлемдер қысқа-қысқа. Әңгімеде немене едітәйірі соның өлеңі... ой, Алда-ай, қызық заман екен-ау... әйдай («Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп, әйдай, қызды-қызды болып жатыр екен»), дүниені сөткен адам... Зәйкүл – сөзшең қатын... Айнабай – қызыл көзді пәле... деген сияқты ауызекі тілдің сөз мәнері еркін қолданылған.
Міне, баяндаудың осындай төрт түріне байланыстыра сөз тандау, сөйлем құрастыру заңдылықтарын (нормаларын) танып-білу қажеттігі туады, бұл – қазақ тіл ғылымында әзірге там-тұмдап қолға алына бастаған сала. Бұл ретте соңғы жылдарда жарық көрген X. Кәрімовтің «Қанатты тіл» (1995) монографиясы, Б. Шалабаевтың «Көркем проза тілі» (1994), М. Серғалиевтің «Көркем әдебиет тілі» (1995) атты монографияларын атаймыз.
Сондай-ақ «қазақ көркем сөзінде диалогтер арқылы образ жасау деген бар ма, бізде «қала тілі», «ауыл тілі» (орыс тіліндегідей «городская речь», «крестьянская речь» т.т.) дегендер бар ма, бар болса – олардың көркем әдебиеттегі көрінісі қандай, жоқ болса – диалогтерді беруде өзге ерекшеліктер байқала ма?» деген мәселелер де күн тәртібінде тұр. Осы орайда бұрынғы (бұдан 50-60 жылдар бұрынғы) және қазіргі (соңғы 20-30 жыл ішіндегі) қазақ прозасында автор сөзі мен кейіпкер сөзінде айырмашылық бар ма, жоқ па; автордың тіліндегі белсенділігі (жазушының өзіндік көрінісі) деген байқала ма; кейіпкер тіліне автордың килігіп кетуі, яғни өз тілін кейіпкердің аузына салуы немесе керісінше, авторлық баяндаудың кейіпкер тілімен берілуі деген сияқты стилистиканың тың мәселелері алдымыздан және шығады.
Сөйтіп, лингвостилистика көркем текске эстетикалық сипаттама беруді көздейді, яғни көркем шығармадағы сөздің ерекше қызметін: стильдік жүгін, құбылысын айқындайды.
Ал көркем шығарма тілі мен жалпы ұлттық әдеби тіл нормаларының арақатынасын қарастыратын екінші аспектіге келсек, бұл ретте, ең алдымен, ұлттық көркем сөз нормалары дегеннің өзін анықтап алу қажет. Содан соң көркем әдебиет тіліндегі осы нормаларға сай келетін немесе сай түспейтін сәттерді, яғни нормадан уәжді (мотивті), уәжсіз (мотивсіз) ауытқуларды тауып көрсету мақсаты қойылады. Көркем туынды тілін жалпы әдеби тіл нормасы тұрғысынан зерттеу алдыңғы лингвостилистикалық ізденістермен ұштасып жатқанымен, бұл – өз алдына бөлек ғылыми ізденіс болмақ.
Көркем әдебиет тілі – кең планды проблема. Оған стильдік ізденістер тұрғысынан келіп, өнер ескерткіші ретіндегі көркем шығарманың тілдік болмыстың талдау мен сол ескерткішті тұрғызушының, яғни жазушының шеберлігін танып білу де жатады.
Сонымен қатар «қалам иесі қазақ әдеби тілінің бүгінгі жалпы ұлттық нормаларына құлақ асып отыр ма, жоқ па, ол нормалардан ауытқулар бар ма, бар болса, себептері қандай?» деген мәселелер де көтеріліп, аталған проблема нормативтік-статикалық аспектіде де сөз болуға тиіс. Қай тұрғыдан қаралса да, белгілі бір кезеңдегі көркем әдебиет тілінің параметрі сол дәуірдегі әдеби тілдің даму бағытымен әрі принциптерімен өлшенеді.
Көркем туынды тілінің негізі де, қоры да, көзі де – жалпыұлттық тіл, жалпы әдеби тіл екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан бүгінгі танда көтерілетін сөз мәдениеті (мейлі қай жанрдың сөз өрнегі әңгімеленсе де), сайып келгенде тілдік нормаға барып тіреледі. «Қазақ көркем әдебиетінің тілі сол нормалар үдесінен шығып отыр ма, жоқ па?» деген проблема – өз алдына ғылыми зерттеу объектісі болуға тиіс. Көркем әдебиет стилі қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуы барысында басты рөл атқарып келгені мәлім. Бұл күнде де қоғамдық-публицистикалық; ғылыми стильдермен қатар, әдеби тілдің жетіле түсу процесінде белгілі дәрежеде елеулі орын алып отырған көркем әдебиеттің тілін тек лингвостилистикалық аспектіде ғана емес, әдеби тіл нормаларын сұрыптау, тұрақтандыру, сөз мәдениетін көтеру тұрғысынан да зерттеу қажеттігі туады. Соңғы мақсатта жүргізілетін ғылыми ізденістер қазақ тілінің ұлттық көркем әдеби нормаларын айқындау, оның ерекшеліктерін таныту, әдеби стандарт пен нормадан ауытқу құбылыстарының сырын ашып, табиғатын, дұрыс-бұрысын көрсету сияқты тың ғылыми-теориялық мазмұнды жұмыстарды ұсынуға мәжбүр етеді.
Оның үстіне көркем әдебиеттің жанды процесінде оның қазақ әдеби тілінің қазіргі кезеңдегі дамуына жақсы әсер етіп отырған жағымды жақтарымен катар, тілдік-эстетикалық талғам шарттарына сай келмейтін жағымсыз сәттерін көрсетіп, оларды түзейтін ғылыми негізді ұсыныстар жасау қажеттігі даусыз. Бұл – бүгінгі күнгі теориялық та, қолданбалы да тіл біліміне қойылып отырған басты талап. Демек, көркем әдебиет тілін синхронды-нормативтік тұрғыдан зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің өзекті проблемаларының бірі болмақ. Әрине, алдымен диахронды-нормативтік ізденістерге барудың жөні бар. Ал бүгінгі таңдағы талап – тіл мәдениетін көтеру тұрғысынан қарасақ, синхронды-нормативтік зерттеулерге баса көңіл аудару қажет болады. Атап айтқанда:
жалпыхалықтық ұлттық әдеби тіл нормалары мен көркем тіл нормаларының айырым белгілері, ұштасатын-ажыратылатын тұстары, даму принциптері мен бағыттары қандай?
Қазіргі қазақ көркем әдебиеті тілінде ұлттық әдеби тіл нормасынан ауытқушылықтар бар ма, ол ауытқушылықтардың жөнімен-жөнсіз (уәжді-уәжсіз) түрлері қандай және ауытқушылық көркем әдебиеттің кай жанрында, тілдің қай қаттауында көбірек сезіледі?
«Жазушы тіл құралдарын творчестволықпен жұмсай білген бе, жоқ болса, оның қазіргі сөз мәдениетімізге тигізетін әсері, зияны қандай, қай дәрежеде?» деген проблемалар қойылады.
Көркем әдебиет тілін стильдік ерекшеліктер мен сөз мәдениеті тұрғысынан зерттеуде де объектілерді проза, поэзия, драматургия түрлеріне бөліп, айырып талдау, тану керек. Оның үстіне қатты ескеретін нәрсе – нормалылық дегенді тілдің қай қаттауына (қабатына) қарай іздеу керектігі. Айталық, лексика қабатына қатысты нормалылықты зерттеу объектілері жағынан ғана емес, сөздің семантикалық мағынасымен қатар, эстетикалық жүгін есепке алып отыру жағынан да ерекшеленеді. Және бұл ерекшелік проза тілі мен поэзия немесе драматургия тілінде тағы бөлініп кетеді. Синтаксистегі нормалылықты іздеу – ең алдымен, көркем текстің стильдік-эстетикалық нысанасымен көзделеді. Синтаксистегі түзулік (нормалылық) структуралық (жалпы тілдік) нормаға сайма-сай түспейді. Көркем әдебиет тілінде структуралық нормадан ауытқу көркемдік талабынан шығып тұрса, ол – көркем тілдегі нормалылық болғаны. Бұндай «нормадан тыс нормалылық» поэзия жанрында мүлде айрықша болып келеді.
Бұл объектілердің бірқатарының зерттелуі сөз орындылығына (функционалдығына) қатысты болса, бірсыпырасы әдеби тілдегі варианттылық проблемасына тікелей байланысты, яғни әдеби нормаға қатысты ең үлкен мәселенің бірі – тіл элементтерін (айталық, сөздерді) өз орнында, өз қызметінде дұрыс жұмсау жайында болса, екіншісі – варианттылық, жарыспалылық туралы болмақ. Бұл екеуі – жалпы тіл мәдениеті проблемасының өзегі, ең мәнді жақтары54.
Осы объектілерді зерттеу үстінде қазақ көркем әдебиеті лексикасының ұлттық нормалары айқындалады; қазақ әдеби тілін проза тілі арқылы нормалану процесі танылады; бұл процесте орын алатын сөз таңдау принциптері айқындалады; жалпы әдеби нормадан ауытқу құбылыстары танытылады.
Сонымен қатар көркем шығарманың лексикасын әдеби норма аспектісінен зерттеуде әңгіме екі үлкен мәселе айналасында болады: бірі – сөзді дұрыс қолдану, екіншісі – сөзді әсем қолдану жайттары. Алғашқысында сөздін нейтралдық мәні, коммуникативтік қызметі, соңғыда сөздің көркемдік мағынасы, стильдік қызметі нысанаға алынады.
Біріншіден, бұл жерде әңгіме жалпы әдеби тіл нормаларын бұзбай қолдануды ғана шарт деп санау – мүлде қисынсыз меже. Көркем әдебиет – көркем дүние, өнер туындысы, ол – жалаң информация құралы емес, сол информацияны әсерлі, әсем түрде жеткізу, суреттеу құралы. Демек, көркем текстегі сөздердің д ұ р ы с, орынды, норма сақтап жұмсалуы әсем жұмсалуға бағындырыла қаралуға тиіс. Көркем шығарма тілінің публицистика, ғылыми стиль сияқты өзге стильдер тілінен басты ерекшелігінің бірі – осында. Егер көркем туынды жалпы грамматика мен лексиканың бірде-бір нормасынан (ережесінен) бір адым ауытқымай, «түп-түзу», «дұп-дұрыс» жазылса, ондай шығарма оқушы сезіміне әсер етпес еді, ол «көркем» деген анықтаманы ақтай алмас еді. Міне, зерттеу әдісінде ескерілетін шарттардың бірі – осы.
Өйткені сөз дұрыстығы (мәдениеті) немесе тілді дұрыс қолдану (правильность речи) дегеннің өзін біржақты түсінуге болмайды. Жалпы сөз дұрыстығы дегеніміз – тілдің құрылымдық, яғни сол тілдің табиғатына тән заңдылықтарының сақталуы. Олар тілдің құрылымын баяндайтын грамматика оқулықтарында, оқу құралдарында, сөздіктерде т.б. танытылады. Бұл заңдылықтар мектепте сол тілді алғашқы үйрету барысында айтылады. Бұл – тілдің ережелерін, ішкі табиғи зандылықтарын бұзбай, жалпы түзу қолдану мәселесі, ал тілді әсем және орынды қолдану зандылықтары және бар. Демек, жалпы тіл нормасы дегенмен қатар, лингвостилистикалық нормалар да болады дегенді, яғни қолданбалы стилистиканың объектісі – жалпысөз (тіл) мәдениеті, лингвистикалық стилистиканың объектісі – көркем сөз мәдениеті екенін айырып зерттеу – қазақ тіл білімі үшін тың проблема.
Лингвостилистикада қарастырылатын фраза құру (построение фразы) және текст түзімі (текстообразование) деген зерттеу объектілері де бізде, қазақ тіл білімінде, өз алдына арнайы зерттеуді күтіп тұр. Фраза құру мәселесі екі тұрғыдан қарастырылуға тиіс: бірі – фраза құрайтын сөздерді тандау, екіншісі – фразаның құрылысы (тұрақты конструкцияларды бұзу, плеонастық құрылымдар түзу т.т.). Бұлардың ішінде жеке мәселелер ғана, мысалы, тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің трансформациясы немесе текст түзудің кейбір мәселелері жалпы суреттеу (фактінің констатациясы) ретінде кандидаттық диссертация дәрежесінде зерттеле бастады, бірақ бұл тақырыптардың әңгімеленуі таза лингвостилистикалық тұрғыдан көп қарастырылған емес.
Екіншіден, көркем проза тілінің лексикалық нормасын айқындауда оны әдебиет жанрларының даму бағыттарымен тығыз байланыстыра қарау әдісін қолдануға тура келеді. Айталық, бүгінгі қазақ көркем прозасында әр алуан тіл элементтерінің стильдік тезге түсу (стилизация) процесі етек алу бағыты көзге түседі.
Стильдік тезге түсу дегеніміз – шығарманың тақырыбына, жанрына, эстетикалық мақсатына және «автор образы» дегенге, яғни автордың айтпақ идеясына, көзқарасына, позициясына тілінің үндес келуі. Мысалы, тарихи шығарма авторы жеке атауларды таңдауда болсын, кейіпкерлерді сөйлетуде болсын т.т. суреттеп отырған дәуір шындығына мейлінше жақын, сәйкес келуді көздесе, ол – тарихи стилизация болмақ.
Стилизацияның түрі сан алуан. Қазіргі қазақ көркем әдебиетінде интеллектуализация, интимизация, фольклоризация сипаттары бар шығармаларды іздестіріп, талдау керек. Осылардың қай-қай түрі де сөз таңдау өрісін кеңітеді; шығарма тексінің композициялық-синтаксистік құрылымын, монологтер мен диалогтерді берудің жаңа тәсілдерін іздестіреді, лексиканың тақырыптық топтарын байытады т.т.
Мұндай «...изацияланған» шығармаларда жанр талабын өтейтін нормадан тыс лексикалық элементтер мен грамматикалық тұлға-тәсілдердің орын алуы – заңды. Сондықтан олардың баршасын нормасыздық, яғни нормадан ауытқу, сөз мәдениетінің бұзылуы деп тануға болмайды.
Үшіншіден, көркем сөздің лексикалық нормасына тарихи даму (өзгеру) тұрғысынан қарау – зерттеудің басты амалдарының бірі болмақ. Сөз жоқ, қазақ көркем прозасы нормасының және мәдениетінің бүгінгі күй-қалпы мен сипаты өткен ғасырдағы және үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы түрімен бірдей емес. Айталық, соңғы 30-40 жылдың ішінде проза жанрында тілдің сөздік байлығын мейлінше кең қамту бағыты пайда болды. Ол үшін жұмсалу аясы шектеулі диалектизмдерді де, мағынасы күңгірттенген көне сөздерді де, бұл күнде жиі жұмсалмайтын мән-мағынасы бейтаныстау сирек сөздерді де, жаңадан еніп жатқан қолданыстарды да кәдеге асыру әрекеті бар екенін айтуға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет