II. Әйел –ана бейнелерінің галереясы
Дәйек сөз: «Дала қызының назданған еркелігінде мұң да
бар, жалынышы мен жалыны да бар.Жан тазалығы,саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар.Сондай қолтума өнерінен кіршіксіз ләззат ала аласың ...»
Ғ.Мүсірепов
Көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің шығармаларында қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын, жоғарыда аталған коннотацияларға дәлел бола алатын айрықша лингвомәдени бірліктер жиі кездеседі. Біздіңше, оларды шартты түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:
1. Қазақ әйелі сұлу: Уысың толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара көз, ақ маңдай... Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын... Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты дейміз, бәденді дейміз...(Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
2. Қазақ әйелі бауырмал: Айтолқынның бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.
- Сенбісің, ей, айналайын? - деді.
- Мен ғой...
- Айналайын-ай, қандай бауырмал едің? - деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
3. Қазақ әйелі ақылды, қарапайым: Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де "мына қатын былай деп еді" деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
4. Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан тұтады, халқына жанашыр:
- Көсем болып алған соң бұл әйел не істей алды?
- О, істемегені жоқ!.. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
5. Қазақ әйелі жаңаға үйір: Әуелі жолды, одан соң үш ат жеккен пәуескені Ұлпан көңіліне бір түйіп алды... Ұлпанның ойына "орыс үйі" деген тағы бір түйін байланды... Ұлпан монша деген тағы бір түйіншекті көңіліне түйіп алды...
6. Қазақ әйелі - салт-дәстүрді сақтаушы: Ұлпан үлкендерге бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла, ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).
Сөз зергері Ғ. Мүсірепов халықтың рухани және материалдық мәдениетін, салт-дәстүрін, төл тарихын, дүниеге көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау етіп өреді. Жазушының әйел туралы туындылары біріктірілген "Қазақ әйелі" циклі оқырмандарға Нағима, Ақлима, Күләш, Майра, Ұлпан т.б.әйел-аналар бейнесі арқылы қазақ әйеліне тән дүниетанымды танытады.
Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.
Ғ.Мүсірепов
Халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!
Достарыңызбен бөлісу: |