Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: Ұлттық сананың қалыптасуындағы тілдің рөліне тарихи тұрғыдан зерттеу жүргізіңіз.
Қазақстан жастарының «Үштұғырлы тіл саясатын» жүзеге асыру бағдарламасына өзіндік талдау жасаңыз.
«Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі» атты эссе жазыңыз. 4. «Ана тілін сақтау – этникалық сәйкестіліктің негізі» дегенді түсіндіріңіз.
Әдебиеттер
1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік коммуникация негіздері. Алматы, РБК, 1995 2. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі Алматы, 2000. 3. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы.Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегi N 151 Заңы
ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра. 1999. -296б.
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Ана тілі. – 2007. – № 7 (896). - 1, 7-10-Б.
Беляев Б.В. Очерки по психологии обучения иностранным языкам. 2-е изд. Пос. Для преподавателей и студентов. – М.: Просвещение,. 1965. – 227с. 8. Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің негізі. Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы», 2011. -320б.
1.3 Ұлттық мәдениет – ұлттық тәрбиенің негізі
«Адамның негізін жақсартып, жан-дүниесін байыта алатын – тек мәдениет қана» Ш. Уалиханов Қазақ халқының мәдени мұраларында мемлекет құраушы ұлттың дүниетанымы, тілі мен ділі, болмыс-бітімі көрініс тауып, олар ұлттық мәдениетті құрайды. Ол адамзат игілігі ретінде ұрпақтан–ұрпаққа жетіп, қоғамдық–әлеуметтік өзгерістерге орай жаңарып отыратын рухани байлық болып саналады. Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, ұлттық ұлағаттың қайнар көзі сонау көне заманнан бастау алып, ұлт мәдениетінің қалыптасуына негіз болды. Мәдени мұранының жасаушысы да, сақтаушысы қалың қауым және оның асқан ойшыл дана өкілдері.
Мәдениет - (латынша cultura – өңдеу, тәрбиелеу, білім беру, даму, сыйлау) адамның өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастырған тәсілінен, сондай-ақ олардың материалдық және рухани байлық жасауынан көрінетін, қоғам мен адамның белгілі тарихи даму дәрежесі. Адамның өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастыру тәсілі – адамның өндірістік күш пен өндірістік қатынас ұйымдастыру әдісіне қарастылады.
Ерте заман ойшылы Демокрит: «Адам мәдениетті жасайды, ол табиғатқа еліктеп өз қажетін қанағаттандырғанша мәдениет таратады. Мәдениет адамнан сырт өмір сүрмейді, ол адам еңбегінің нәтижесі» -деп жазса, ал орта ғасырлық заман мәдениетінің құндылығы «Тастағы таңбадай» еді. Қайта өрлеу заманында - адам жанына үңіліп, адамды, дүниені, сұлулықты өзін-өзі жаратушы деп тани бастады. Яғни, Беконның пікірінше «Мәдениет – тек адам қолынан түлеген табиғат қана емес, ол адамның өзін қайта жаратушы да «білім – күш» - деп жазады.
«Мәдениеттің классикалық үлгісі ұғымы мәдениетті адамның тарихи дамуының нәтижесі. Адамзат баласының саналы-санасыз және адамгершілдік қоғамының қол жеткен дәрежесі деп біледі. Ағартушылдық мәдениет ойшылдары жаңа мәдениет үлгілерін (адам, қоғам, мемлекет, құқық, философия, т.б.) жасауға тырысты және өткен заман мен жаңа заманның мәдени тәжірибесін ой елегінен өткізіп қарастырды.
Мәдениет деген көп салалы нәрсе. Мәдениет: рулық мәдениет, туыстық мәдениет, халықтық мәдениет, ұлттық мәдениет, таптық мәдениет болып туылып, қалыптасып, дүние мәдениеті деген деңгейлерге бөлінеді.
Ұлттық мәдениет белгілі бір мезгілдік, мекендік, тілдік, ділдік, салтсаналық, қандастық қатынастың тарихи даму дәрежесі. Дүние мәдениеті – жер планетасында жасап жатқан барлық ұлт, барлық халықтар, мемлекеттер мәдениетінің озық үлгілерінің шоғырланған түрі. Адамның дүние тауының алғашқы кезінде сезім, таным, қиял, арман тұрды, соны тас ғасыры, қола ғасырларынан бастап бейнеге кіргізді. Ол бейнені сурет ретінде тасқа, ағашқа, мүсінге айналдырды.
Адамзат мәдениеті – заттық мәдениет, рухани мәдениет болып екіге, уақытқа қарай – ерте заман, орта заман, қазіргі замандық, ғасырлық мәдениет болып бөлінсе; ұлтқа қарай – қазақ, орыс, қырғыз, түрік, ғұн, араб, т.б. ұлттық мәдениет болып бөлінеді. Мемлекетке қарай – Қазақстан, Ресей, Украин, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. болып бөлінсе; белгілі ғылым, мәдениет, көркемөнер, зерттеу орны мен мекелердегі тәртіп, тазалық, сыпайыгершілік, әдеп-ибалық, сөз сөйлеу қатарлы мәдениетін өз ішіне алады.
Мәдениет – адамзаттық, қоғамдық, заттық және рулық байлық жаратуының өндірістік тәсілі арқылы қалыптасқан қатынасының белгілі тарихи даму дәрежесі. Сондықтан бір ұлт мәдениеті – сол ұлттың аса көп санды адамдарына орта ұзақ тарихи дамуы барысында қалыптасқан дәстүрлі наным-сенім, тұрмыс-тіршілігі, өнері мен өндірісі салт-саналық қатынасының көрнекті даму деңгейі.
Материалдық мәдениет – еңбек пен материалдық өндіріс мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, мекендік мәдениеті, үй, ауыл, қала, мектеп, мекеме мәдениеті, адамның өз дене мәдениеті қарым-қатынас мәдениеті.
Рухани мәдениет – адамның тілі, діні, ділі, салт-санасы, ақыл-ойы, философиялық дүние танымы, адамгершілігі, көркем өнерлік, эстетикалық мәдениеті де болады.
Мәдениет деңгейін анықтайтын нәрсе адамның адамгершілігі, өйткені мәдениет мақсаты – адамды қоғамға лайық тәрбиелеу, жетілдіру, қызмет істету. Мәдениеттің құрылыстық жүйесі – білім, ғылым, көркемөнер, сөзөнері, филология, дін, саясат, заң, діл, т.б. құралған. Мәдениеттің тағы бір маңызды қызметі – танымдық қызмет. Мәдениеттің парасаттылығы көбінесе, өткен кезеңдердің мәдени құндылықтарын пайдалана білу деңгейімен байланысты. Қоғамдық барлық түрлері осы жағдайға байланысты бір-бірімен ажыратылады.
Мәдениет өзінің кең маңынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт-дәстүрлер жүйесі мәдениет өзегін құрастырады. Әсіресе жазу, сызу болмаған ерте заманда, мәдениет ырымдары мен сәуегейлікке, сенімнанымдарға, дәстүрлі түсініктерге иек артқан, ескі ырымдар мен әдетғұрыптардан, архаизм мен анайылықты емес, қазіргі ұлттық мәдениеттің архетипін аңғарған жөн. Кез келген ұлттық мәдениеттің рухани негізі мен ділін, ондағы адамгершілік қасиеттері мен дүниетанымдары ұғыну үшін, мәдениеттің тағы бір түп тамыры – дінге жүгіну қажет.
Көшпелілер мәдениетiнiң ерекшелiктерi жайында А.Х.Марғұлан былай деп жазады: «Мәдени дамудың хронологиялық бiрiздiлiгi ғимараттық құрылыс типтерi мен мәдениетiндегi бiр-бiрiнен айырмашылығы бар әртүрлi уақыттағы ескерткiштерде дәлелдендi. Мәдени дамудың бiрiздiлiгi андронов мәдениетiнiң ескерткiштерiнде, мысалы, Орталық және Солтүстiк-Шығыс Қазақстанның барлық территорияларында кездесетiн ертедегi және кейiнгi андрондарда өте айқын көрiнедi». Сондай-ақ А.Х. Марғұланның «Қазақтың сәндiк қолданбалы өнерi» атты құнды еңбектері және М.С. Мұхановтың «Казахские домашние художественные ремесла» атты зерттеу еңбектерi арқылы қазақ халқының мәдени мұрасының қазынасын толықтырып қана қоймай, ұлттық өнер тарихын зерттеуге мол үлесін қосты.
Мәдениет адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері және өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Құндылықтар түрлерінің адам өмірі үшін маңызы, әлеуметтік сипатқа ие болуы олардың рухани-адамгершілік табиғатына ерекше назар аударуға мүмкіндік береді. Мәдениеттілік - жалпы қабылданған ережелерге сәйкес келетін тәртіп. Ол ережелердің өзгеріп отыруы да мүмкін, соған сәйкес тәртіп ережелері де өзгерістерге түседі.
Мәдениет әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші, оның дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Адам, оның қызметімен өзара қатынасы бар жерде мәдениет бар. Бірақ материалдық және рухани мәдениетті бір-бірінен ажырата білу қажет. Оның бірі - материалдық өндірістің, екіншісі - рухани өндірістің өнімі деп қаралады. Себебі, материалдық және рухани мәдениеттің өнімдері – еңбек құралдары және көркем шығармалар әр түрлі мақсатта пайдаланылады. Олай болса, материалдық және рухани мәдениеттің қызметтік ерекшеліктері бар екен. Сонымен қатар, бұл екеуі материалдық және рухани мәдениет тұтастыққа ие. Материалдық мәдениетті мәдениетке айналдырған адамның идеясы мен білімі, ал рухани мәдениеттің өнімі материалдық нысанда болады, соның нәтижесінде ол объектіге айналуы мүмкін және қоғамдық өмірдің факторы болып қалады. Материалдық және рухани мәдениет арасында терең бірлік бар, өйткені олардың екеуі адам қызметінің нәтижесі болып табылады, оның бастауында адамның материалдық формаға айналдыратын идеясы, жобалары, ойлары тұр. Алайда материалдық және рухани мәдениетке бөлу көбінесе шартты түрде болады, өйткені шынайы өмірде олар тығыз байланысты, бір-бірімен сіңісіп, толықтырып тұрады. Сондықтан мәдениетті материалдық және рухани демей-ақ, тұтас бірлікте алып қарауға да болады. Мәселе бұларды ажыратуда емес, бүкіл қоғамның дамуына сәйкес, органикалық бірлігін мойындауда. Рухани мәдениет адамның өзіне және басқа адамдарға, дүниеге қатысын реттейтін дәстүрлер мен құндылықтардың жиынтығы, жоғарғы құндылықтардың көрінісі болып табылады.
Өміршең мәдениет қоғамдық адамнан ажыратылмайды, адам – мәдениет субъектісі. Оның адамдық сапасы тілді игерудің нәтижесі, қоғамдық өмір сүретін құндылықтарға, әдет-ғұрыпқа ену, осы мәдениетке тән іс-әрекеттің дағдысын бойына сіңіруі.
Демек, мәдениет бүкіл адам баласының өндірістік, қоғамдық, саналылық, эстетикалық, тұлғалық, даралық бітім-болмыстарының жетістігінің жиынтығы. Жеке адамға құрмет көрсету адамгершілік, заңдар мен қағидаларды орындау бүкіл мәдениеттің негізі. Адам мәдениеті мен оның тәртібінің өзара байланысты болуы табиғи іс. Мәдениет адамдықтың өлшемі, ол адамның қоғамдық мән (феномен) есебінде дамуын сипаттайды. Сондықтан мәдениет адаммен тікелей қатынаста өмір сүреді. Ол қатынастың мәні мынада, адам бұрыннан жасалып келген мәдениетті бойына сіңіреді, қабылдайды, өзінің болашақ қызметінің алғышартына айналдырады. Сөйтіп өз білімін, икемін, қабілетін дамыта отырып, өзінің мәдениетті, адамдық мәнін жасайды. Материалдық мәдениетсіз рухани мәдениет қалыптаспайды. Мысалы, радио, теледидар, компьютер, түрлі ғимараттар, мұражайлар сияқты түрлі материалдық игіліктер арқылы рухани мәдениет таралды. Би, ән айту, жыр жырлау құралсыз іске асырылмайды. Ел мәдениеті неге байланысты? Олар театрларға, басқа да мәдени ошақтарға, сән-салтанатты, барлық жағдайы бар демалыс орындарына, т.б. байланысты. Оларды игілікке пайдалана білу де мәдениеттің бір саласы әрі материалдық және рухани мәдениет тікелей байланысты.
Қорыта айтқанда, мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол – өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны өз мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады. Оның адамдық сапасы тілді игерудің нәтижесі, қоғамдық өмір сүретін құндылықтарға, әдет-ғұрыпқа ену, осы мәдениетке тән іс-әрекеттің дағдысын бойына сіңіруі. Мәдениет – адамдықтың өлшемі, ол адамның қоғамдық мән есебінде дамуын сипаттайды. Сондықтан мәдениет адаммен тікелей қатынаста өмір сүреді. Ол қатынастың мәні мынада, адам бұрыннан жасалып келген мәдениетті бойына сіңіреді, қабылдайды, өзінің болашақ қызметінің алғышартына айналдырады. Сөйтіп өз білімін, икемін, қабілетін дамыта отырып, өзінің мәдениетті, адамдық мәнін жасайды.
Мәдени мұра – орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Мұра осы заманғы ғылым, білім мен мәдениеттің де қайнар көзі. Бұл, табиғи байлықтармен қатар, ұлттың өзін-өзі сыйлауы мен әлемдік қоғамдастықты мойындатуына басты негіз болып табылады.
2004-2006, 2007-2009, 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Ұлттық мәдениет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту, әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын құру жөнінде жұмыс жүргізілді.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапон, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ, бірқатар Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды. Экспедициялар барысында тек Қытайдың өзінде ғана Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық тың дерек табылды.
Осы зерттеулердің нәтижесінде, қазір Қазақстанда қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және де басқа шектес жерлердің билеушілерімен хат алмасуы жөнінде көптеген тарихи маңызды деректер жиналып, бұрын белгісіз қыпшақ жазбалары табылды. Сонымен қатар, жүздеген жазба ескерткіштер Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан табылды.
Шет елде Орталық Азиядағы көне көшпелі халықтардың шаруашылық құрылысы мен антропологиялық түріне, олардың тілдерінің өзара ықпалына және өзара қарым-қатынастарына қатысты этнологиялық деректердің табылуының маңызы айрықша зор.
Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені сияқты екі ғажайып ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар Тізіміне енді. Аталған тізімге ұсынылған келесі ескерткіш ежелгі Отырар қаласы болып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 230 аталым кітап жарық көрді, арасында тарих, археология, этнография жөніндегі аса құнды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер бар. Мысалы, «Бабалар сөзі» сериясы жүздеген жылдар бойы жасалған қазақ халқының бай ауыз әдебиетін жинақтауға мүмкіндік берсе, «Қазақтың ата заңдары» жинағы қазақ халқының құқықтық санасының даму тарихын ашып көрсетеді.
Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу және нақ осы тұрғыда ол маңызды идеологиялық, жалпымемлекеттік мәнге ие:
Біріншіден, мемлекеттіліктің аса маңызды рухани негізі болып табылатын ұлттың тарихи санасының көкжиегін кеңейту және рөлін күшейту туралы сөз болып отыр. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында зерттеулер жүргізу ауқымының тарихи диапазоны концептуалды түрде анықталды. Ол қола дәуірінің соңынан бастап темір дәуіріне дейінгі екі мың жылдан асатын кезеңді қамтиды. Нәтижесінде Еуразия кеңістігіне атты көшпелілердің шығуы және осы оқиғаның әлемдік діндер пайда болған «осьтік дәуірге» әсері, далалық өркениет пен қазақ хандықтарының жарқын әрі драмалық тағдыры, Ұлы Жібек жолы бойында қалалардың пайда болуы, олардың гүлденуі, құлауы мен қайта өркендеуі, отарлану, империя құрамында болу, егеменді мемлекет ретінде болашаққа жол іздеу сияқты іргелі тарихи оқиғалар назарға алынды.
Екіншіден, жастардың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуы мен нығаюына, үшіншіден, елдің жаңа тарихи-мәдени ландшафтының қалыптасуына игі әсерін тигізді.
Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы қазақстандықтардың өз тарихына және мәдениетіне қызығушылықтарын арттырып, елдегі этносаралық өзара түсіністіктің артуы мен ұлтаралық қатынастардың үйлесімділігі тұрғысынан алғандағы зор әлеуетін де атап көрсету қажет.
Елдің мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы
10 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен 2007 – 2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасы бекітілді, ол Мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып келеді.
«Мәдени мұра» салалық бағдарламасын іске асыруда (2007 – 2008 жж.) 16 тарих және мәдениет ескерткіштерінде жаңғырту жұмыстары аяқталды, 39 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда маусымдық археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихимәдени, сәулет және археология ескерткіштерінде 8 қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілді, Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы және мәдениетінің мәселелері жөніндегі басылымдардың жаңа серияларын әзірлеп шығару бойынша жұмыстар жалғастырылды.
Әл-Фараби және Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс сияқты атақты тұлғалар ежелгі қазақ жерінен шыққандығы тарихтан белгілі. Сондықтан ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау барысында олардың түрік мәдениетінің ажырамас бөлігі екендігін әлемдік қауымдастыққа таныту болып табылады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Египет пен Сирияға ресми іс-сапары кезінде Дамаск қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың кесенесін қайта жаңғырту және Әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу, Каир қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту туралы Келісім жасалып, 2007 жылы Дамаск қаласында Әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу (Сирия), Каир қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту (Египет) жұмыстары жүргізілді.
Берел мен Есік қорғандары, Түркістан қаласы мен Отырар қалашығының ескерткіштері, өзге де тарихи орындар туралы халықаралық талаптарға сай, терең мазмұнды, жоғары сапалы деректі фильмдер жасалып, оларды «Би-би-си», «Дискавери» сияқты әйгілі әлемдік телеарналардан көрсету ұйымдастырылып, біріншіден, қазақ жерінің әлемдік деңгейде танытылуына, екіншіден – туристердің көбеюіне игі әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілді. Мәдени мұра сана-сезімді қалыптастыру негіздерінің бірі, ізгілік пен отаншылдық құндылықтар сабақтастығын орнықтыруда зор әлеуетке ие. Мәдени мұраны сақтау орнықты даму стратегиясының шешуші элементі болып табылады. Сонымен қатар, жас ұрпаққа өздерінің төл мәдени дәстүрлерін жақсы білетін, өз халқының тарихын, елдің болашағына тірек бола алатын ұлттық санасын қалыптастыру.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұлттық мәдениет үшiн айрықша мәнi бар ескерткіштерді қалпына келтiру, абаттандыру, сондай-ақ тарихи және этномәдени ортаны өркендету мен дамыту жұмыстарының жүргізілуі олардың тәрбиелік сипатын аша түседі. «Мәдени мұра – бұл халықтың, қоғамның, мемлекеттің баға жетпес құндылықтарының рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталы. Табиғат байлықтарымен қатар, бұл - ұлттық өзін-өзі сыйлау және әлемдік қауымдастықты мойындату үшін басты негіз. Қазіргі қоғамдағы мәдени мұра ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің интеграциялық компоненті болып қалыптасады. Ол халықтың тарихи жадысын сақтап, қалпына келтіре отырып, жалпы оның адамзат мәдениетіндегі орнын объективті түрде қамтамасыз етеді. Ұрпақ ұлтты ғана жалғастырмайды - ұлттық рухты жалғастырады, ұлт бірлігін, басқа ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті мен мәдениетін, салт-сана, дәстүрлерін насихаттау арқылы дәнекерлейді. Еңбек – адам болмысының негізі, «Адам өмірінің мәңгілік табиғи шарты». Рухани, саналы, шығармашылық еңбек – адамның табиғи қасиетінің анағұрлым табиғи көрінісі. Демек, мәдени мұра – барлық адамзаттың және әр халықтың рухани және материалдық өмір саласындағы орасан зор байлығы. Нағыз мәдениет өзіне мәңгі бақи шындықты, мейірімділікті және әсемдікті біріктіреді.
Ұлттық мәдениет - күнделікті тұрмыс ырқымен дарып, ұрпақтанұрпаққа тарайтын, әрі бүкіл қоғамның немесе әлеуметтік топтың аясында тәжірибені екшеп, реттеуге қызмет ететін, белгілі бір байланыстағы адамдар үшін ортақ болып саналатын әлеуметтік мәні бар құндылықтардың, мінезқұлық нормалары мен қағидаларының, түсініктердің, нанымдар мен дәстүрлердің жүйесі. Адамдарға ортақ белгілі бір өмір салтымен байланысқан, бүкіл қоғам немесе әлеуметтік топтар шеңберінде тәжірибені тәртіпке келтіру, әлеуметтік реттеушілік қызметін атқаратын дүние, құндылықтар, мінез-құлық нормалары мен ережелері туралы түсінік жүйесі делінген.
Мәдениет өз алдына ғылыми категория ретінде қолданылып, әрбір тарихи кезеңде әр ғылым саласында зерттеушілердің назарын аударған категория. Мәдениеттің мәніне қатысты ізденістерге антропологтар мен әлеуметтанушылар Э. Тэйлор, А. Кребер, Т. Парсонс т.б.еңбектерінде қоғам өмірінің әртүрлі құрылымдық бөлігін анықтай отырып, кейбір салаларына ғана рухани құбылыс ретінде қарайды. Сонымен қатар, әрбір әлеуметтік құбылыстың қызмет ету мәнін саралау арқылы мәдениеттің анықтамасын береді. Мәселен, Э.Тэйлордың тұжырымы бойынша «адам қабілеті игерген білімнің жиынтығы, діни сенім, өнер, парасаттылық, заң, салт-дәстүр, әдетғұрып т.б. мәдениеттің аясына жатады». Дәл сол сияқты әлеуметтік антропологиямен айналысқан ағылшын ғалымы А. Рэдклифф Браун да мәдениет санатына тілді, діни сенімді, эстетикалық талғамды, кәсіби шеберлікті және әртүрлі салт-дәстүрді жатқызады.
Мәдениет туралы танымды едәуір алға оздырған ғалымдардың бірі - американдық мәдениеттанушы Л. Уайт. Ол мәдениетті біртұтас жүйе ретінде қарап, оның ішінен үш саланы қарастырады. Бірінші - технологиялық сала, яғни материалдық игіліктер мен оны жасайтын құралдар арқылы адам мен адам, адам мен табиғат араласқа түседі. Екінші - әлеуметтік сала. Мұнда адамдар арасындағы қарым-қатынас өзінен-өзі туыстық, экономикалық, саяси, этикалық, әскери, кәсіби т.б. қасиеттерді қалыптастырады. Үшінші — идеологиялық сала. Бұған идея, діни сенім, білім, нысанның түрлері, мифология, ғылым, халық даналығы т.б. жатады.
Мәдениет - бұл, адамның ақылы, таланты, еңбек таңбалары бар бізді қоршаған заттар мен құбылыстардың әлемі. Бұл - өзінен-өзі туындатататын табиғаттан айырмашылығы бар адамдар әлемі. Адамдар жасап шығарған мәдениеттік заттар дүниесі, оның негізгі екі сферасына - материалдық мәдениет және рухани мәдениетке жатады. Адамның өзі белгілі бір кәсіби топтарымен, ерекшеленетін қоғам және жеке адамдардың мәдениеттілігінің деңгейі. Әдетте мәдениетті «жаттап алынған тәртіптілік», «үлгілі тәртіптің комплексі», «өмірді анықтайтын үлгілердің жиынтығы» деп белгілейді.
Осыдан мәдениеттің мәнін анықтай отырып, оның үш жағын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, адамның материалдық және рухани әрекеттерінің материалданған бұйымдарының аяқталған түрі; екіншіден, мәдениеттің субъектісі, жасаушы және пайдаланушы түрі; үшіншіден, жеке адамдардың субъективтік әрекеттерін объективтік жобаға айналдырған байланыс түрі.
Олай болса, мәдениет адамның жаңарып отыратын болмысын сипаттайды, ал адам-текті құбылыс болғандықтан оның өмірі қоғамнан тыс жерде өтуі мүмкін емес, сондықтан мәдениет адамдардың әрекетінің нәтижесінде өзінен - өзі жаңарып отыратын адамдардың болмысы.
Әйтсе де мәдениет бұл тұрғыда ұжымдағы адамдардың дәстүрімен байытылған нормалар мен тәртіп үлгілерінің міндетті түрде сол этностың өкілінің және оның әртүрлі әлеуметтік топтарының қатынасының деңгейін көрсетеді. Осыған байланысты мәдениеттің мынадай қызметін бөліп көрсетуге болады; дәстүрлердің сабақтастығын қолдау, бағалаушылық қызметі, мақсаттылық, мағлұматтық.
Философиялық сөздікте мәдениет - сана мен болмыста адамзаттың әлеуметтік-мазмұнына қарай адамның әлеуметтік индивид ретінде дамуы, оның - таным, қарым-қатынас, іс-әрекет субъектісі ретінде өмір сүру әдісі, жекелік, шығармашылық, әлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық жетілуі деп көрсетілген.
XIX ғасырда қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушылар - Шоқан, Абай, Ыбырайдың өмірі мен шығармашылық қызметін, ғылыми әлемде әдетте ағартушылық деп аталатын идеялық бағытқа біріктіреді. Қазақтың алғашқы кәсіби ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов дарынды тарихшы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропаның ғылыми әлеміне танымал болды. Орыстың озық ойлы ғұламаларымен бірге алдыңғы қатарлы Батыс мәдениетінен нәр алған Шоқан өзінің «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қашқария туралы жазбалар», «Үлкен қырғыз қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері», «Қазақтардағы шамандықтың іздері» және т.б. ғылыми еңбектерінде қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салтдәстүрін, діні мен тілін зерттеп, дала адамын сыртқы әлемге түсіндіріп кетті.
Қазақ ағартушылығының өкілі Ы.Алтынсарин нағыз ағартушы ретінде өз қызметі мен шығармашылығында осы іспен тікелей айналысты. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке, өркениетті елдер қатарына көтерілуге шақырды. Қазақтың кейінгі рухани мәдениеті мен жаңа ұлттық жазба мәдениетінің негізін салушы философ - ақын Абай руханилықты, имандылықты, сезімді насихаттады. Абайдың қара сөздеріндегі сипаттамалардан оны дәстүрлі мәдениет құндылықтарынан толығымен бас тартты деген пікір қалыптаспауы керек, оны осы өтпелі қоғам қайшылықтары тек ақын қылмай, ойшыл гуманист дәрежесіне де көтерді. Шығыс мәдениетінде батыс пен шығысты бірдей тербеген Абай көзқарастары қазақтың ойын алғаш рет әлемдегі даму мен өзгеруге, диалектикаға қатысты зерделеді. Егерде адам мәдениетін дүнижүзілік мұхитқа құятын ағысқа теңесек, онда дәстүрлер сабақтастығын қуат күшіне бірлестіруге болады.
Абайдың ойынша дүниеде де, адам қуаты бір деңгейде болмайды, Абайдың идеясының мәні адамның өмірдегі орнын бағалау, білімге парасатқа сүйіспеншілігін көтеру. Абай ілімін жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениетіне із қалдырған тұлғаның бірі - Шәкәрім. Ол өз қазақ халқының мәдениеті мен өркениетінің мәнін түсіндіруге талпыныс жасаған. Сонымен қазақ ағартушылығы элитарлық бағытта жүрді, олар өмірдің дәстүрлік формаларын, рухани құндылықтарын игеруге шақырды.
Ұлттық мәдениет дамуы барысындағы дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын аша отырып, оның даму жолдарын анықтау барысында қазақстандық зерттеушілер ұлттық тарих пен мәдениеттің өте ертедегі қалыптасуына назар аударған. Орталық Азия территориясындағы негізгі этникалық және лингвистикалық субстрат түрінде көрінетін түрік дәстүрімен қатар, прототүріктік және оның арғы кезеңдеріндегі ирандық компоненттің ұлттық мәдениетке ықпалы зерттеу объектілеріне айналды.
XIX ғасырдағы қазақ даласы ұлы ақындарды, композиторларды, әншілерді, күйшілерді, тамаша шешендерді, жыршыларды, декоративті және қолданбалы өнердің шеберлерін шығара бастады. Бұл ғасырды өнер зерттеушілері қазақтың ұлттық өнерінің классикалық кезеңі деп атайды. Бұл кезең әсіресе, ән (ғасырдың бұлбұлдары Үкілі Ыбырай, Біржан-сал, Ақан сері, Мұхит, Әсет, Балуан Шолақ, Естай, Жаяу Мұса, Майра, Мәди т.б.) және күй (Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас, Дәулеткерей, Қазанғап, Сейтек, Дина т.б.) өнерлері ерекше дамыды. Бұл дәуір өнеріндегі қайталанбас эстетикалық құбылыс - сал-серілік дәстүрдің кеңінен таралуы. Зерттеушілердің пікірінше із - түссіз жоғалып кететін құбылыс жоқ. Кеңестік этномузыкологияның негізін қалаушы К.Квитка ұлттық қазақ музыкасы туралы былай деп жазады: «Қазақтардың музыкасы таңқаларлықтай бай және алуан түрлі, ол жаңа батыс еуропалық кәсіби музыкасымен көптеген ұқсастықтары бар, алға басатын музыка. Бұл әлі көптеген зерттеуші өзінің еңбек жолын осыған арнауға тұратындай мәселе». Көшпенділік өркениетке тықыр таянған осы бір кезеңде қазақ даласының ғажайып өнер туындаларын дүниеге әкелуі оның ішкі рухани потенциалының зор мүмкіндіктерінен хабар береді.
Қазақтардың ұлттық мәдениетіндегі әлеуметтік-тектік қырлары отандық этнографтар мен мәдениеттанушылардың еңбектеріне біршама деңгейде зерттелген. Көшпелі өмір сүру тәртібі отырықшыларға қарағанда мүлде өзгеше түсініктер мен құндылықтарды, өзге салт-дәстүрлер мен әдетғұрыптарды қалыптастырады.
Жаратылысты танушы басты субъект - адам. Ал адамға тіл мен дін тән. Ұлт – тіл, мораль және өнер салалары тұрғысынан ортақ тәрбие алған адамдардан тұратын бірлестік. Әр ұлттың патриоттық сезімдерінің ерекшелігі де осында. Түрік жамағаты мұны «тілі тіліне үйлесетін, діні дініне үйлесетін» деп туыстандыра бейнелейді. Шындығында әр адам қаны бір адамға қарағанда тілі, діні ортақ адамдармен ортақ өмір сүруді қалайды.
Тіл - кез-келген мәдениеттің шешуші белгілі кодтық жүйесі болып табылады және онда барлық мәдени мұра сақталады. Ағылшынның қазіргі заманғы әлеуметтанушысы Энтони Гидденс, мәдениеттің құндылығы, адамдардың кейбір топтары жасаған нормалардан, өмір талаптарынан материалдық өндірістерінің негізінде пайда болатын идеялардан тұрады. Жоғарғы құндылық ретінде абстракциялық идеял жатады, ал нормалар болатын болса, олар адамдар өздері өмір бойы орындайтын қағидалары мен ережелердің жиынтығы дейді.
Еліміздегі нарықтық экономика жағдайында мінез-құлықтағы бәсекелестік қабілетті қалыптастырудың жаhандану заманында сұранысы артып отыр. Әсіресе, заманауи технологиялық үдерістер әлеуметтікэкономикалық өмір тіршілігіне етене енуіне байланысты интернет, ақпаратты – коммуникативтік, жаңашылдық үстемдік құрғанда адамгершілік құндылықтары жүйесінің орны ауқымдылығымен сипатталынуда. Мәселен, құндылықтарға бейімделу, мойындау, әрбір адамзатқа көңілінен орын алатын мәдениетті қарым-қатынас жасау жүйесі жеке тұлғаның өмірлік мәні, ойсанасы, бет-бейнесі болып табылады.
Ұлттың рухани өмірі - ұлттық (этностық) қоғамдастықтың тіршілік қарекеті мен өзін-өзі көрсетуінің ерекше нысаны, оның өмір сүруінің экономикалық және жаратылыстық-тарихи негіздерін бейнелейді. Өз дамуының әрбір кезеңінде ұлт алдыңғы ұрпақтан жинақтаған рухани материалға сүйеніп, зиялы қауымның және тұтастай бүкіл халықтың шығармашылық күш-жігері мен белсенділігінің арқасында рухани құндылықтарды молайтады.
Қазақстан – этникалық құрамы жағынан бiрден-бiр бай ел. Қазақ ұлтының мәдениетімен бірге 140 астам эстностардың мәдениеті - Қазақстан Республикасы мемлекетінің өзіндік дамуына үлес қосуда. ҚР-ң дүние жүзілік аренадан көрінінуі 2017 жылы өтетін ЕХРО көрмесі дәлел. Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме. Болашақта жоспарланған Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйек аралығында әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам. ЕХРО-2017-ні өткізу елорданың, сондай-ақ тұтастай алғанда республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет ететін болады. Сонымен, жастарды ұлттық идеология, ұлттық тәрбие негізінде тәрбиелеу (қазақ және еліміздегі тұратын 140 астам этностардың рухани мұрасы) тілдің, мәдениеттің, дәстүр-салттардың, ұлтымыздың рухани өресінің дамуы. Көнеден келе жатқан бабалар дәстүрінен жастарды тәрбиелеудің бүгінгі күнге жарамды үлгілерін жаңғырту. Жас ұрпақты өмірлік тұлғалық бағдарында дұрыс бағыт алу мақсатында ересек адамдардан тәлім алуымен ғана шектеле алмайды. Себебі, Қазақстанда қызмет ету үшін ересектердің тәжірибесі жеткіліксіз. Жастар өмірді өз беттерінше үйренуге, тануға міндетті. Онсыз табысқа жете алмайды. Сонымен, қазақ ұлтының рухани, мәдени құндылықтарын өркендету жалпымемлекеттік дәрежеге көтерілуі, Қазақстан қоғамының біртұтастығын сақтау мақсатында, өзге ұлт өкілдері қазақ ұлтының рухани мұраттарын біліп, сонымен қатар, көп этносты қазақстандықтарды бірлікке бастайтын жалпықазақстандық рухани мұраттарды дәріптейді.
Әлемдік білім мен тәрбиедегі жаһанданудың салдарынан көпмәдениеттілік тәрбиенің детерминанты ретінде жаңа сапаларға ие болуда: алдымен мәдениеттің өзара сіңісуі, тұлғаның этникалық, діни полифониялық және дифференциациялық сипат жағынан сәйкестілігі, т.б. Көпмәдени тәрбие тұжырымдамасы философия, мәдениеттану, әлеуметтану ғылымдарының жетістіктеріне негізделеді. Мәдени бірігу мен көптүрлілік көпмәдени тәрбиенің мәнін түсінудің өзегі болып саналады. Мультимәдени (көпмәдени) тәрбие мәдениеттердің мәдениетаралық әрекеттесуіне негізделеді. Мультимәдени тәрбие көпұлтты қоғамды құраушылардың мәдениетін трансформациялау үшін қажет. Осыдан транс мәдени ұқсастық (транскультурная идентичность) жалпыұлттық мәдениеттің негізі ретінде пайда болды. Сонымен бірге кроссмәдени (кросскультурное), мәдениетаралық (межкультурное), интерасты (интерасовое), көпэтникалық (полиэтнические), интермәдени (интеркультурное), екімәдениеттік (двукультурное) тәрбие түрлері де пайда болуда. Мәдени көптүрлілікті құрметтеу және сақтау (плюрализм), тәрбие мен білім беруде тең құқылықты қолдау (равенство); жалпыұлттық саяси, экономикалық рухани құндылықтарға сүйене отырып, суперэтносты қалыптастыру (объединение).
Мультимәдени тәрбие төрт бағдарды қамтиды: тұлғаның әлеуметтікмәдени индентификациясы; көпмәдени орта туралы түсінік пен ұғымдар жүйесін меңгеруі; диверсифицирленген мәдени қоршауға жағымды қатынасты тәрбиелеу; тәрбие үдерісіне қатысушылар арасында жағымды психологиялық жағдайда ұлтаралық қарым-қатынас дағдыларын дамыту. Мультиұқсастық, мультисәйкестілік (мультиидентичность) әрбір адам - көптеген мәдениеттің тоғысуы, сондықтан студент жастардың көптеген ұқсастықтары бар екендігіне, яғни тұлғаның жеке өзіндік сипатымен қатар басқа адамдармен де ұқсастығы бар екендігін есепке алуын қарастырады, сонымен бірге тәрбиенің мәдениеттің жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделуі және этникалық әрі ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып, құрылуы тиістігін көрсетеді. Мәдени саналуандық – бұл адамдарды бөлмейтін, керісінше біріктіретін құндылық. Этникалық әр түрлілікке негізделген қазақстандық дүниетаным әлемдік мәдениет ағынына батып жоғалып кетпей, оны жас ұрпақ бірегей ұлттық игілік ретінде сақтап, жалғастырушы болып табылады.