«Мен Қазақстан азаматымын» тақырыбына эссе жазыңыз.
М.Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегіндегі ұлттық тәрбие мәселелеріне талдау жасаңыз.
Ұрпақ тәрбиесіндегі халық ауыз әдебиеті, ұлттық өнер, салт-дәстүр, халық әндері және т.б. рөлі мен мазмұнын талдаңыз.
Әдебиеттер
Молдабеков Ж. Қазақтану және жаңару философиясы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 282 б.
С.Қалиев. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы.
-Алматы. 1998.
Айталы А. Ұлттану. – Алматы: Арыс, 2003. – 226 б.
Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең. - Алматы: Ғылым, 1999.-199 б.
Нұрмұратов С.З., Мұсатаев С.Ш.. Қазақстандық жалпы ұлттық идея: мәні, мақсаты, қалыптастыру технологиясы. Астана, 2002.
Ирмуханов Б.Б. Этническая история древнего Казахстана. Алматы. Издательство «Мир» 2010. -320с.
Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. -Астана, Елорда, 2001. - 248б.
Салт-дәстүр сөйлейді. Отбасы хрестоматиясы. Алматы: «Орхон» Баспа үйі, -2014.-288б.
1.2 Ұлттық тіл – ұлттық тәрбиенің өзегі
Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ. М.Жұмабаев Тіл – табиғатпен тығыз байланысты жаратылған ерекше құбылыс. Тілдің өзіне ғана тән әлеуметтік, қоғамдық сипатта бола тұра, ол жалпы табиғи процестерден, табиғат пен қоғамнан тыс қарастырылмайды, қайта сол жалпы заңдылықтармен тығыз бірлікте қарастырылады. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарымқатынасты жүзеге асырады. Тіл – адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы, танымның құралы ғана емес, тіл – ұлттың мәдени коды. Тілдің жәрдемінсіз мәдениетті оқып-игеру, байыптау мүмкін емес. Тіл арқылы ұлттың қазіргі кездегі менталитетін, байырғы кездегі тілдік ұжымның дүниеге, қоғамға, өзіне деген көзқарасын, сана-сезімін айқындауға болады.
Демек, тілді анықтау, оның негізгі белгілерін көрсету шартты ұғымдар арқылы іске аспайды. Оның оймен, санамен байланыстыра қарастырылуының өзі тілдің ерекшелігін аңғартады.
Ұлттық тәрбиенiң ұйтқысы – ана тiлi. Ана тілі - белгілі бір этностың қалыптасып, ұлт деңгейіне дейін үздіксіз дамуына ұйтқы болып келген және сол этностың негізгі тілі саналатын, өзара қауымдаса тіршілік етуіне қажетті тіл. Этникалық тегі географиялық қоныстану аумағы, шаруашылық жүргізу тәсілдері ортақ адамдар қауымы мен мүшелерінің ана тілі арқылы ортақ дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, сезіну қасиеттері – бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі қалыптасады.
«Ана тілі» ұғымы не оған жақын түсінік барлық этносқа тән, бірақ этностық көзқарас тұрғысынан бұл ұғым әр түрлі («туған тіл», «ұлт тілі»,
«ата-баба тілі», «ана тілі», т.б.) атала береді. Ана тілі - ел болудың ең ұлы шарттарының бірі, халықтың болмысына табиғаттың өзі дарытқан ұлы сый. Өйткені, тіл дегеніміз ұлттың “биологиялық” болмыс-бітімінің күретамыр элементтерінің бірі. Ана тілінің уызына айналған ұлттық код халықтық қасиеттер мен мемлекеттік мұраттардың ділі.
Қазақстандағы ұлттық, мәдени, мемлекеттік бірегейліктердің негізгі айқындаушы, басты ұйытқысы, ең алдымен мемлекет құраушы этнос – қазақтың мәдениеті, ділі мен тілі. Қазақ этносының тұрақты дамуының ең сенімді әрі құдіретті күштеріне қазақ тілінің тек қатынас құралы ретінде ғана емес, оның өткен өмірді ді, халық даналығын да ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті, ата мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін мұрагерлік (камулятивтік) қызметі жатады.
Ұлттық тіл – ұлттың өзін ғана танып-білудің құралы емес, сонымен қатар, халықтарды бірлестірудің, елдікті сақтаудың, мемлекетті дамытудың алғы шарты. Тілге қатысты идеяны Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айтқаны осыған келіп саяды.
Ұлттық тіл – мәдениеттің негізгі іргетасы және әр халықтың өзіндік ойсанасы мен парасатын, бүкіл болмыс тіршілігі мен сезім-түйсігін ұрпақтанұрпаққа жеткізетін күретамыр.
«Қазақстан Республикасының тілдер туралы» (1997) Заңында мемлекеттік тіл басқару тілі болып есептеледі. Ол қоғамдық ұйымдарға және мемлекеттік территориясындағы заң шығаруға, құқық құруға, іс-құжаттарын жүргізуге ықпал етеді.
Осы ретте, мемлекеттік тіл - еліміздің ежелгі рухани бай түркі тілдерінің құрамындағы қазақ халқының мәдени мұраларын, тарихи, мәдени құндылықтарын әлемге танытушы құрал. Демек, Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiліктің негізі.
Мемлекеттік тіл - ел халқын топтастырудың аса маңызды факторы және ұлттық идеология да, мемлекеттiк стратегия да осы бағытқа құрылуы тиіс және ұлттық сананың бейнесін толықтай қоғамға жеткізуші және ұлттық сипатты өркендетуге негіз боларлық құрал. Тілсіз ешқандай мемлекет болу мүмкін емес. Жас ұрпақ бойында адами-мәдени құндылықтарды адамзаттық құқықтық сананы, тілдік тағылымдарды, ұлтаралық татулық пен сыйластықты нығайтуды этнолингвистикалық тұрғыда дамыту сияқты ұлттық әлеуметтік қағидаларды қалыптастыруда мемлекеттік тіл жетекші рөл атқарады.
Қазіргі білім беру ең алдымен дара тұлғаға бағытталып, жастардың іскерлік сапаларын, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін дамытумен ұштасатындықтан және жастардың интеллектуалдық-танымдық, психологиялық жағын, рухани адамгершілік, эстетикалық, дене мәдениетін дамыту мен қалыптастыру болғандықтан, жаңа білім мазмұнын құрайтын оқу материалдары осы тұлға дамытушы мүддені көздеуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуға тиіс.
Білім сапасы мен тұлғаның жеке басының дамуы - өзара тығыз байланысты ұғымдар. Ал даму – қашан да тұйық қалыпта емес, адамның әлеуметтік ортасы арқылы жүзеге асырылады. Сол әлеуметтік ортамен байланыстырушы дәнекер – тіл. Сондай-ақ жастардың түрлі қатынастар жүйесінде субъектілік көқарастарын қалыптастыратын танымдық ісәрекеттің ең маңызды құралы – тіл. Ал, тілдің табиғи қызметі – оның қарымқатынас құралы болуы. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадірқасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кезкелген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995), «Тіл туралы» Заң (1997), «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» (1998) республикадағы тіл мәселелерін реформалауды жүзеге асыруға негіз болады әрі мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тіл – аса маңызды да ең өзекті мәселе, тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу - өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. ҚР Тіл туралы Заңының 4-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп атап көрсетілген. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Еліміздің рәмізіне жататын, бірлік пен татулықтың ажырамас бөлшегі болып табылатын мемлекеттік тіл. Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Ағылшын тілі – ғаламдық ақпараттар мен инновацияларды меңгерудің құралы. Үш тілді меңгерген тұлға Қазақстанды әлемдік бәсекеге төтеп беретін, өркениеті дамыған мемлекет ретінде таныта алады және қазақ тілінің орны мен доминанттық рөлін; орыс тілінің ресми тіл ретіндегі қызметін; ағылшын тілінің халықаралық қатынас дәрежесіндегі мәнін дұрыс бағамдай біледі.
Қазіргі өркениет талабы кез келген ортада өмір сүруге бейім, өзінің бар мүмкіндіктерін жан-жақты таныта алатын, қарым-қатынас қабілеті жоғары, тіл табыса алуға мүдделі дара тұлғаны тәрбиелеуді қажет етіп отырғаны белгілі. Осы аталған қабілеттердің дамуында мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі де ерекше мәнге ие. Өйткені тіл – тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін дамытудың бірден-бір тетігі. Адамға берілетін білім де, тәрбие де тек тіл арқылы меңгеріледі. Тәрбиелік мақсат аясында тілдің адамның өзінөзі тануының, өзгені тануының құралы, адамның жалпы әлеуметтенуінің көрсеткіші екеніне жете көңіл бөлініп, тілдің жеке адам тағдырындағы ғана емес, жалпы ұлт, мемлекет тағдырындағы орнын түйсінуге жол ашатын тағылымдық мұра.
Қазақ тілі ең көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазулары ескерткіштерінен: Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп Баласағұнның «Қүтадғу білік» еңбегі, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғатат түрік» еңбегі, Ахмет Йүгінекидің «Һибат Ұл һақайық» еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметі» (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14 ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан алады. Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлері мен тілдік нормаларында қалыптасқан, кейінгі кезде ақындар, жыраулар мұрасы арнасына құйылған, ұлы Абай мен Ыбырай шығармашылығы арқылы ұрпаққа жеткен қазіргі қазақ әдеби тілі.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда. 14 желтоқсан 2012 жылы ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиі латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру жайлы сөз болды.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды игеруде біріктіруші бастама – тәрбиенің маңызды құралы ана тілі. Тіл арқылы кез келген халықтың даму дәрежесін, оның тарихын, мәдениетін түсінуге болады. Тіл – ол тек ұлттардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сонымен қатар оның бейнесі, мәні, дүниетанымының шегі. Әр жекетұлға өз ұлтының рухымен сомдалуы тиіс. Ұлт менталитетінің бүгінгі заман талабына сай бейімделуі, оның жаңа қоғамдық қатынастарды қабылдауы қазақ философиясының терең зерттелуімен тікелей байланысты. Өйткен себебі, философиялық деңгейде бейнеленген құндылықтар ғана менталитет құрылымында мәңгілік сипатқа ие болады және оның қазіргі ерекшеліктерін аңғаруға мүмкіндік жасайды. Менталитет ұрпақтан–ұрпаққа ұжымдық бейсаналық түрде беріліп отырады.
Бүгінгі қазақ менталитетінде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан құндылықтар мен архетиптер көп. Солардың бірі - сөз өнері. Сөз өнері, шешендік дәстүр, қазақ халқының дүниені, қоғамдық қатынастар адам арасындағы байланыстарды талдаудағы өнердің бір түрі. Ұлт менталитетінде даналықтың орны ерекше. Ол қазақ философиясы мен ұлт менталитетінің ара қатынасын жақындатып тұрған және екеуіне бірдей тиесілі рухани құндылық.
Даналық категориясы арқылы қазақ философиясының астарын ашып қана қоймай, сонымен бірге ұлт менталитетінің даму ерекшеліктерін байқауға болады. Қазақ тілі - халықтың рухани негізі. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдықсаяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарымқатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.
Ұлттық тіл – мәдениеттің негізі және іргетасы болып табылады. Ұлттық тілдің саяси, мемлекеттік, ғылыми, мәдени және басқа да өмір саласында лайықты қолданылуы ұлттың тұтастығын, өзіндік мәдени ерекшеліктерін, халықтың өзінің өткен дәстүрлерін есте ұстауға, одан рухани алып, үйлесімді үрдісін дамыту үшін басқа мәдениеттердің белгілерін қоса дамытуға мүмкіндік береді. Ұлттық тұтастану, ұлттық қасиет пен мәдениетті сақтап қалуда қазақ тілінің атқарар қызметі мол. «Бүгінгі таңда ана тілін білу әрбір қазақтың парасаттылық және ұлттық қажеттігі болып отыр» - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ерекше атап көрсеткен. Тіл, бір жағынан, атадан қалған мәдени мұра болса, екінші жағынан, ол – адамның ішкі мәдениетінің басты көрсеткіші болып табылдаы.
Тіл – адам мәдениетінің көрсеткіші болғандықтан, белгілі бір мәтіндерде көрініс табатын сөз мәдениеті де тілдік тұлға мәдениетінің, тұлға мазмұнының басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Мыңдаған жылдар бойы әлеуметтік қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты мінез-құлық ережелері қалыптасып, адами қарым-қатынаста әр этностың дара болмысын көрсететін іс-әрекеттік, тілдік әдептілік нормалары орнығады.
«Дара тұлғаның ішкі мәдениетінің, сыпайылығының, адамгершілік қасиетінің айқын көрінісі деп саналатын сөз әдебі тіл қатудың, сөз жұмсаудың қоғам қабылдаған, жұртшылық ұйғарған, ұлттық сипатқа ие ережелері мен тәртібіне негізделеді. Бұлар сөз мәдениетінің этикалық сапаларын құрайды». Сөйлеуде, мәтін құрауда көрініс беретін сөз әдебі де ұлттың этикалық-моральдық принциптері мен мәдени-ұлттық дәстүрлеріне орай қалыптасатындықтан жалпыұлттық әдеп нормаларына тән ережелерді талап етеді. Әдеп нормаларының қалыптасуы өзара сабақтас екі жүйеден – ұлттық этикалық ұстанымдар мен жалпыадамзаттық этикалық құндылықтар бастау алады, одан әрі жеке адамның ой-өрісі мен ішкі мәдениетіне сай орнығады.
Этикалық компоненттер мен эстетикалық элементтерден, моральдық нормалардан тұратын әдеп ережелері адамдар арасындағы қарымқатынастың жоғары мәдени деңгейде ұйымдастырылуының басты шарты болғандықтан, ол жеке субъектілердің адами құндылықтарды түсінуіне, оны сөз жүзінде ғана емес, іс-әрекетінде де көрсете білуіне байланысты.
«Мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал” болып табылатындықтан тіл мәдениеті де тілдік тұлғаның әлеуетін көрсететін негізгі құндылықтардың бірі. VІІ-ІХ ғасырларда жазылған Орхон ескерткіштері тілінің лексикалық қорында сөз этикетіне жат лексемалық бірліктер кездеспейді. Көне түркі жазба ескерткіштері тілінде бірде-бір дөрекі сөздердің қолданылмауы көнетүркілік тілдік тұлға болып табылатын ескерткіш мәтіндері авторларының тіл мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл – тұтас этностық топтың этикалық мәдениетінің жоғарылығын, өздеріне тән сөз мәдениетін қалыптастырғанын айғақтайды.
Демек, этникалық сәйкестілік - этникалық тиістілігін, яғни тілін, қауымның тегін, мәдениетін, дінін, физиологиялық белгілерін анықтай отырып, жете түйсінуі, яғни ұрпақты ұлттық, халықтық және этностықмәдени тұрғыда тәрбиелеуін айтады. Демек, жаһандану дәуірінде этностықмәдени сәйкестілік (идентичность) мәселесі үлкен маңызға ие болуда.
Ғаламдану нәтижесінде білім беру жүйесінің алдына қойылып отырған мәселе – көптілді тұлға қалыптастырудың күн тәртібіне қойылуы. Оның қажеттілігі, әрине, әлемдік білім кеңістігіне ұмтылған мемлекеттің стратегиялық даму бағыттарынан бастау алып жатыр. Жер жүзінің өркениетті елдерінде білім – ең алдымен экономиканың негізгі өндіруші саласы болып есептеледі. Жаңа технология мен қаржы-экономиканың тілі болып есептелетін халықаралық тілдерді меңгерген адамның жұмысты да қиналмай, тез табуға мүмкіндігі болады.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны іске асыруды ұсынды. Қазақстандағы үштұғырлы тіл саясаты – бұл елімізді, оның әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үштұғырлылығы идеясы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің жеке дамуының міндетті шарты екендігін әрдайым естен ұстауды қалап отыр. Себебі қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған.
Жалпы адам неғұрлым көп тілдерді білген сайын, соғұрлым мүмкіндіктері де арта түседі. Өз ана тілінен басқа бір шет тілді меңгерген адамның келесі тілдерді меңгеруі әлдеқайда жеңіл болатынын психолог ғалымдар дәлелдеген. «Қандай да болмасын бір өзге тілді білетін адамға екінші тілді меңгеру біріншіге қарағанда айтарлықтай жеңіл және тез болады. Себебі, бірінші өзге тілді меңгергенде, адамда ана тіліне қосымша үйренуші тіл сезімі қалыптасады, сонымен қатар, жалпы тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды, осы қабілеттің арқасында адам тек қана үйренетін тілдің емес, жалпы тілдердің арасындағы ерекшеліктерді айыра алады».
Егемен еліміздің болашақ бағдарының “Тілдердің үштұғырлылығы” парадигмасы- Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Жалпы көптілді меңгеру деген ұғым қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік. Қазақ даналығында «жеті жұрттың тілін білу» деген нақыл сөздің астарында, жастардың бойынан қарым-қатынас шеберлігін, ел мәдениетін үйретіп қана қоймай, әлеуметтік тұрпатын қалыптастыруға, оны белгілі бір этникалық, мәдени топтың мүшесі ретінде тәрбиелеуге, ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға бағыттайды. Қазақстан халқының рухани дамуына ықпал етіп отырған осы бағыттың негізгі мәні мынада: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемелекет ретінде тануы. Ол үшін: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін –қарымқатынас тілі, ағылшын тілін – жаһандық экономикаға кірігу тілі ретінде игеру жас ұрпаққа жаңа жол ашады.