Байланысты: kur -mektepke-deyingi-balalarga-mektep-aldy-dajarlyq
1.2 Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиелелеу, білім беру жұмыстарын үйлесімді ұйымдастыру Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, мектепте жан-жақты педагогикалық өрісін табады. Әсіресе, балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы естен кетпестей із қалдырады.
Біздің қоғамымызда балабақшалардың тәрбиелік мәні, дүние танымдық орны жоғары бағаланады. Өйткені ата-анасы оқуда, немесе жұмыста болатын баланы тәрбиелеу, негізінен, балабақшаға, онда арнайы тәрбие бағдарламасы бойынша еңбек ететін кәсіби мамандарға жүктеледі.
Сондықтан да мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалардың отбасынан гөрі балабақшадан келгендерінің ой-өрісі, білімге құлшынысы, қабылдағыштығы арасында әжептәуір айырмашылығы айқын аңғарылып тұрады.
Әдетте бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне ауысқан өтпелі кезеңнің өзіне тән әртүрлі қиындықтары болатыны белгілі. Сол қиындықтар ең алдымен қарапайым халықтың мойнына түседі. Соның бір айқын көрініп ретінде айтсақ, мемлекеттік қаражат пен қамқорлық жұтаң тартқан жағдайда, әсіресе, көптеген балабақшалар жабылып, жас ата-аналарға қилы қиындықтар туды. Ардақты аналары көп кездесетін ауылдардағы балабақшалар мүлде жабылып қалды. Осы жабылған балабақша ғимараттарын сатып алушылар бұл қасиетті орындарды қоймаға, дүкенге айналдырды. Мысалы менің ауылымда мейірімсіз "байсымақ" ғимаратты сатып алып, бұзып, үй құрылыстарын салып, оны қайта сатып, ойына келгенін істеді. Ал, азда болса, қалалардағы орнында сақталып қалып, біразында бұрынғыша тәрбие ісін жалғастырып келе жатқан балабақшаларда маман кадр жетіспей,кейбірінде басшысы баянды болмай, немесе жыл асқан сайын төлемақы да өсіп, ата - аналардың жүйкесін жұқартып келеді. Төлемақының қымбаттығынан баласын бақшаға бере алмай, ала дорба көтеріп, базарға кеткенде үйге жауып қалдырған сәбилердің тағдырын, тәрбиесін ойлап жатқан жан жоқ. Ал бүгінгі сәби — Егеменді еліміздің болашағы екеніне бір сәт ой жіберсек, тәрбиенің негізі қаланатын мектепке дейінгі кезеңінде қараусыз қалған балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шыға қояр ма екен деген ой да көпшілігімізді мазалайтыны бекер емес.
Балабақшанын бар болмысын сақтап, оны сәбилердің сәнді де мәнді, баянды да бақытты жайына айналдырып келе жатқан ұлағатты ұстаздар да бар. Олардың арасында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балаларға жан-жақты тәрбие беріп, бақытын арттырып жүргендері де аз емес. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігін, іс-тәжірибелерін көпшілігіміз осы "Отбасы және балабақша" журналының бетінен оқып таныспыз. Мысалы Талдықорған қаласындағы № 45 "Арман", Оралдағы № 21 "Росинка", Оңтүстік Қазақстан, Төле би ауданындағы № 2 "Қарлығаш", Алматыдағы № 15 "Ақбота", №204-ші, № 163 "Арай", №341 "Қуаныш", №355 "Азамат", № 343 "Ақбота" атты бала-бақшадағы тәлім-тәрбиелік жұмыс өркениетті өмір талабына сай ұйымдастырылған. Әсіресе басым көріп-біліп тәнті болған №343 бала-бақшаны басқарушы Берниязова Нұрия Сейітханқызы және тәлімгер Жақсығүл Шәріпханқызы Қалжанова сәбилерді тәрбиелеу ісінде өздерінің педагогтық шеберліктерін көрсетіп жүр.
Бұл балабақшадағы тәрбие жұмысы сәбиді ертеңмен уақтысында қабылдаудан басталады: сәбимен оның ата-анасымен сәлемдесіп, тәрбиешілерге ізет көрсетіп, инабатпен пікірлеседі.
Балабақшаның музыкалық бөлмесінде дене шынықтыру қимылдары, би музыкамен өрнектеліп, сәбилердің көңілін сергітіп, қуанышын арттырады. Әрбір топта ертегілер бұрышы ұйымдастырылған, сол ертегілердің мазмұнына сәйкес музыкалық бөлмеде (залдесе де болады) түрлі қойылымдар көрсетіледі, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Балабақшадағы тәрбиелік жұмыстар халық педагогикасына сәйкес ұйымдастырылады. Мысалы: "Атамызға сәлем береміз", "Қонақ келді",
Қонаққа барамыз", "Әдептілік деген не?", "Иманды бала", "Әдемі қыз бен әсем бала" т.б. тақырыптар бойынша шағын қойылымдар қызықты ұйымдастырылып, сәбилерге ұлттық қасиеттердің рухын береді. "Тазша баламен кездесу» «Алдаркөсені қонаққа шақыру " тағы басқа қызықты қойылымдар ұлттық (халық) пеадгогикасының мақсатты идеяларын іске асырады.
Балабақшаның әрбір тобында көркем әдебиет бұрышы бар. Онда сирек кездесетін әдеби шығармалар мен бейнелеу өнер туындылары қойылған. Ал, ертегілер бұрышы қызықты безендірулермен көз тартады.
Балабақшада балдырғандарды мектепке даярлау жұмысы арнайы бағдарлама бойынша отбасыларымен байланыста жүргізіледі. Мысалы. сан үйрету, жаңылтпаштар, тақпақтар үйрету, сурет бойынша әңгімелесу т.б.
Балабақшада балдырғанларға пластилинмен, саз балшықпен, қайшымен жұмыс істеу үйретілген, олардың алғашқы қолөнерлік үлгілерінен көрме ұйымдастырылады. Тәрбиешілер балдырғандарды сейілдетіп, серуендетіп, табиғатпен таныстырып, табиғатты бақылау жұмыстары күн сайын ұйымдастырылады. Балалар "Табиғатым тамаша" тақырыбындағы әндерді, тақпақтарды жаттап, айтады.
Балабақшаның табиғат бұрышында әсем тоты құстар, балықтар т.б. жәндіктер өсіріледі, ондағы жәндіктерді, мүмкіндігінше балдырғандар күтеді.
Балабақшада арнаулы кездесулер мен мерекелерге даярлануға тәрбиеленушілердің бәрі қатысады. Өнерден озған балдырғандар әртүрлі тәсілдермен марапатталады.
Балабақшадағы ата-аналар бөлмесінде "Таныс болыңыздар", "Естеріңізде болсын", "Құлақ қағыс", "Сізге мың рахмет!" т.б айдарлар арқылы жұмыс жүргізіледі, әңгіме, пікірлесу, пікірталас ұйымдастырылады. "Отбасы және балабақша» журналын талдайды.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, балабақшада тәрбие қазіргі заманға сай, осылай толымды да шебер ұйыдастырылуы қажет. Ал кейбір балабақшада бұл игілікті жұмыстар өз дәрежесінен әлде қайда төмен екені де белгілі. Тәрбиеші-ұстаз өзінің ұлағатты жұмысын жауапкершілікпен орындай білмесе, ол ұстаз деген атаққа лайықты емес. Тәрбиеші тәлім-тәрбиелік шеберлікті үнемі ұштап отырғаны абзал. Сонда ғана заман талабына сай саналы жауап бере алады. болашақта ауылда да, қалада да жағдай түзеліп, сәбилердің сәнді ғимараттары бой көтеретіні — анық сол игілікті іске ұмтылыс, қоғамдық әрекет керек.