4. Бау-бақша және суармалы егіс шаруашыдығына қатысты кәсіби сөздер: алқор, нәк, шабдалы, әнжір, күләбі, болбол, қарық, оман, атыз, мәркі, шөнек, ауыздама, бал, жап, жарма жоя, ақаба, кесе, т. б.
5. Балық шаруашылығына қатысты кәсіби сөздер: жылым, сүзекі тоспай, ықпа, сере, қаяз, абақ, торта, қорытпа, сүйрік, тыран, қоқан, жорамал, азна, жақса, қарма, жұтпа, итерқұл көтергі, құрсақ, шөктірме, сүре, бүнек, т.б. [1-26].
Үкі – қыста мұзды ойып су алатын, ау салатын жер. Аққылтық – шортан балық, бояқ – қалтқы, бекіре – бекіре, қақпыш балық – кептірілген балық, жылын – ау, теңізге ғана салынатын аудың түрі.
Қарақалпақстан қазақтарының тілінде торта – қаракөз балық – вобло, таутан – сазан, Балқаш, Каспийде – көксерке, Аралда – тісті. Сүзекі – сөкі-жылым, Балқаш. Итерқұл – балықты араластыратын құрал. Әттік – қармақтың тілі. Бөкпен – балықтың майлы сорпасына пияз, бұрыш қосып, нан турап, бөктіріп істейтін тамақ.
Сонымен бірге қазақ тілінде саятшылыққа, қолөнеріне, тігіншілікке, дәрі-дәрмек өсімдіктерін өсірушілікке, бұғы-марал, құс шаруашылығына тән көптеген кәсіби сөздер бар.
Қазақ тілінде кәсіби сөздерді кәсіби-өндірістік мәніне қарай үлкен екі салаға бөлуге болады:
1. Шағын кәсіпке (балташылық, ұсталық, өрімшілік, тоқымашылық, зергерлік, ою-өрнек т.б.) байланысты сөздер. Мысалы: темір ұстасының құрал атаулары: тарақ балта (жүзі кедір-бұдыр балта); керме ара, пышқы, шербек, аталғы (ойық жүзді шот), ыңғуыр (ағаш оятын құрал), үскі (кереге көгін тесуге арналған біз) т.б.
2. Ірі кәсіпке байланысты сөздер. Оған мал, астық, балық, аңшылық, бау-бақша, күріш, темекі, мақта, қызылша шаруашылығына байланысты сөздер жатады. Мысалы. қоза, шиіт, ақ шиіт, терімші, арам шақа (мақта бермейтін бұтақ), балдақ (мақтаның сабағы), көсек (мақтаның қабығы), құлақ (мақта қауашағының бір бөлігі), өсім су, ызғар су, шиіт майы т.б.
Кәсіби сөздер таралу сипатына қарай да екіге бөлінеді:
1. Жалпыхалықтық сипаттағы кәсіби сөздер: жүгері, қарбыз, қауын, арпа, бидай, сұлы, мақта, шортан, жайын, ау, қайық, сүзгі, тор т.б.
2. Диалектілік сипаттағы кәсіби сөздер: үлкен арық атаулары: айғыр жап, әнер, жан арық, желке арық, қазына арық, оман арық, өстен арық т.б.; кішкене арық атаулары: бал арық, бау арық, жап, жандарма, желі, жоя, жүйек, қарық, қол арық, қол жап, қолшық, құлақ арық т.б.
Кейде бұларды прогрессивті және регрессивті кәсіби сөздер деп те атайды. Прогрессивті кәсіби сөздердің әдеби тілде баламасы жоқ, жалпыхалықтық сипат алмаған сөздер. Бұған балық, егін, мақта т.б. шаруашылығына байланысты сөздер жатады. Прогрессивті кәсіби сөздер әдеби тілден орын ала алатын, оны толықтыратын сөздер. Мысалы: сақман, сақманшы, пісте, көшет т. б. Ал регрессивті кәсіби сөздердің әдеби тілде баламасы бар, сол себепті әдеби тілге ене алмайтын, әдеби тілді керісінше, шұбарлайтын сөздер. Мысалы: қияр (бәдірен, бадыран, огурцы, огурец, әгүршік), асқабақ (аскелді), жүгері (дүмбіл, борми), шелек (бақыр, бедре), қызылша (ләблеме) т.б.
Тілде жергілікті диалектілер мен кәсіби сөздерден басқа жаргондық сипаты бар сөздер де болады. Жаргондар мен арголар – тілдің пассив лексикасының бір тобы. Жаргон, арго (француз тілінен алынған термин) – шағын ғана әлеуметтік топтарға қызмет ететін, сол топтардың ұнатуына сай алынған арнаулы сөздер мен сөйлемшелер. Кейде бұларды таптық диалектілер дейді. Жаргон – үстем таптың жоғарғы топтарына тән болса, арго – төменгі әлеуметтік топтарға тән құбылыс. Арго да, жаргон да жалпыхалықтық сипаттағы сөзді өз қажетіне қарай бейімдеуден барып пайда болады. Қазақ тілінде шын мәнінде «жасанды» тіл дәрежесіне көтерілген арго, жаргондар жоқ деуге болады.
Жаргонның түрі көп. Мысалы: буржуазия жаргоны, дворяндар жаргоны, әскери жаргон, кеңсе жаргоны, аралас жаргондар т.б. мысалы: орысша басты «голова» – котел, котелок, черепок, корзина, тыква, арбуз, глобус, кастрюля, коробочка т.б. дейді. «Жақсы» дегенді «отлично», «прекрасно» – законно, шикарно, шик-модерн, клево, кайф, лафа т. б. Оқушылар арасында – тикай – қаш, делц – аз-аздан, канай отсюда – кет осы жерден т.б. Студенттер тілінде – хвост – қарыз, кент – жақын таныс, сачок – жалқау, препат – оқытушы, антика – шетел әдебиеті мұғалімі, стипуха – студентақы т. б.
Жаргондарды «тұздық» (былапыт, боғауыз) сөздер немесе «соленная речь», ал ағылшын тілінде слэнг деп атайды.
Қазақ тіліндегі сөз тудыру заңдарының негізінде жасала отырып, бұл да лексиканың басқа салалары сияқты ұлттық әдеби тілден нәр алатын негізгі арналардың бірі болып табылады. Әдетте кәсіби сөзде жергілікті халық тілінде болғандықтан көп жағдайларды жергілікті говарлық диалектілік ерекшеліктермен, әсіресе, әлеуметтік диалектілермен тығыз байланыста ұштасып жатады. Белгілі бір говорлардың лексикалық өзгешеліктердің қалыптасу себептерінің бірі жергілікті жердегі шаруашылық, кәсіп түрімен байланысты. Сөйтіп, олардан да белгілі жерге тән ерекшелік көрінеді. Арнаулы бір кәсіппен шұғылдану әр жерде кездеседі, бірақ осыған орай осының өзі де сол кәсіптен туған сөздер бірыңғай болып келе бермейді. Себебі жергілікті диалектизмдер сияқты, олар да нақты қоғамдық әлеуметтік ортада белгілі жағдайда қалыптасады. Мәселен, Арал, Каспий, Балқаш, Қорғалжын, Алакөл, Зайсан, Сыр бойы маңында балықты кәсіп ету кең тараған. Бұл қазіргі кезде ірі шаруашылыққа айналып отыр. Бірақ сол жердегі балық кәсібіне байланысты сөздерде кейбір айырмашылықтар бар екені анық.
Қоғамдағы әр түрлі топтың тіліндегі арнаулы сөздер – кәсіби сөздердің ұлттық тіліміздің сөздік құрамында өзіндік орны бар, сондай-ақ басқа салалар сияқты әдеби тілді байытып, әдеби тілден нәр алатын негізгі арналардың бірі болып табылады [1-48].
Әбдіжәміл Нұрпейісов – ұлт руханияты үшін өлшеусіз еңбек еткен кемеңгер қаламгер. Оның «Қан мен тер» атты трилогиясында Сыр елі Қызылордв облысы, Арал өңірі балықшыларының кәсібіне қатысты кәсіби сөздерді асқан шеберлікпен пайдаланған. Өз сезімін, кейіпкерлер бейнесін кескіндегенде тәжірибелі жазушының талғампаздығына көз жеткіземіз. Жазушы кәсіби сөздерді өте орынды қолданған. Романда көнеленіп кеткен сөздер көп кездескенімен, басқа сөздермен байланысып, сөйлемнің мәнін көркем түрде айқын аша білген. Жазушының көркем шығармасының әрбір сөздердің түпкі мағынасынан Арал өңірінің аптабы, теңіз сарыны, балықшылардың кәсіби сөздері есіп тұр.
Осы орайда 1960-жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бір аумақ, аудан не облыс көлемінде ғана қолданылатын, көпішілікке беймәлім, бірақ әдеби тіл терминологиясын байытуға қажетті сөздер арнайы зерттелмей келді. Осы кезде Ғылым академиясының Тіл білімі институты тұрақты түрде жыл сайын Қазақстанның облыс аудандарына диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырып, жергілікті халық тілінен балық, мақта, бау-бақша, зергерлік, тағы да басқа мамандықтарға қатысты атауларды жиып-теріп, оларды зерттеуді қолға алды. Кәсіби сөздерді алғашқы зерттеушілер профессор Жұмат Досқараев пен Қазтай Айтазин болды. Қ.Айтазиннің ғылыми шығармашылық жолы қазақ диалектологиясының негізін қалаушылардың бірі оның ұстазы Ж.Досқараевтың есімімен байланысты.
Ж.Досқараев пен Қ.Айтқазин еңбектерінің басқа зерттеушілерден артықшылығы – балықпен байланысты атаулардың мағыналарын сөзбен сипаттап түсіндірумен ғана шектелмей, объектіні алып отырған заттарды және олардың ұсақ бөлшектерінің суреттерін де келтіріп отыруында. Мұндай иллюстративтік материалдар атауларының мағынасын аша түсетіні сөзсіз. Мәселен, Іле өзенінің бойындағы балықшылар мен Балқаш көлінің балықшылар тілінің арасындағы кейбір айырмашылықтар бар. Мәселен, Іле балықшыларының тіліндегі шош (тайыз суда қайық жүргізуге қажетті ағаш), бөтеге (уылдырық), балбер (қалтқы), бөйек (ау басына қойылатын белгі), ақ балық, ақ қайран (қара балықтың түрлері) сөздері Балқаш балықшылары тілінде таяу, тары, қалқан, қарауыл, ақ балық, ақ қайран (теңіз алабұғасының түрлері) түрінде қолданылады. [2-39]
Таутан Іле бойының балықшылары таутан деп сазанды атайды. Таутанды тасты, сазды, шұңқыр жерлерден көп аулайды. Балқаш көлінің балықшылары таутан деп алабұғыны атайды. Бұл жыртқыш балықтар тобына жататын, түсі әртүрлі: ақшыл қоңыр, қызғылт қоңыр, жолақты, қыр арқасы көкшіл қызылдау, ауыры ақ сары, т. б. болып түрленіп келеді. Түрінің өзгеріп тұруы, оның жүрген өрісіне байланысты. Теңіз алабұғасын Балқаш балықтары ақ балық, ақ қайран, ақ таутан, таутан деп түрліше атайды. Балалар көл жағасынан қармақ салып, балық аулағанда: «Ақ қайран, қармағыма қап қайран» дейді. Балқаш балығының ең бағалысы осы – таутан. Бұның бағалы саналу себебі, біріншіден, Кеңес Одағы бойынша көлдердің ішіндегі алабұғының ең мол және ірілерінің Қазақстан жерінде ұшырайтындығында болса, екіншіден, етінің дәмділігінде. [3-118]
Тек қана балық шаруашылығы ғана емес, жалпы кәсіби сөздер келешекте әдеби тілдің дамуының бір арнасы екендігіне көзіміз жетті. Ескеретін бір жағдай – қай кәсіптік сөз болмасын (төл не кірме болсын) уақыт өте келе қолданыла жүре жалпыхалыққа түсінікті болып, соңынан әдеби тілдік нормаға енеді. Мәселен, қазіргі жалпыхалыққа танымал, бүкіл жұртшылық қолданылатын әрі сөз төркіні жағынан балық шаруашылығына қатысты екені белгілі: ау, тор, сазан, табан, қармақ, т.б. сөздер қазіргі таңда кәсіби сөз шеңберінен шығып, әдеби тіл нормасына енген тұлғалар екеніне ешкімнің де дауы жоқ. Әр адам өз ісіне өзі шебер дегендей, белгілі бір кәсіппен айналыспайтын адам сол кәсіпті жетік танып білмейді.