Төртінші сөз «Жомарттықтың қайырымдылығы және сараңның қассыздығына» арналған. Онда: Уа дос, білімді кісінің жолын қу! Егер сөйлейтін болсаң, біліп сөйле. (Егер) мақтағың келсе жомарт ерді мақта. Сараңға бөрі сияқты оғыңды кезе.
Жомарт бол, саған сөз де, сөгіс те келмейді, Сөз келетін жолды жомарттық тияды, Жомартты зиялы да, қарапайым халық та мақтайды, сараң арам (жолмен) көп алтын, күміс жинады, обалын арқалап өлді, оның үстіне қарғыс алды, сараңның одан алған үлесі – өкініш. Жақсы адамның бойында кішіпейілдік, көнбістік қасиет болады, біреулер тәкаппарланып «Мен, мен» дейді, ондай адамды халық та құдай да сүймейтіндігін ақын халық назарына ұсынады. Төртінші сөзден кейін жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты Алланың елшісі пайғамбардың сөздерінен мысалдар келтірген: «Алла кішіпейілдінің абыройын асырады, тәкаппардың құтын қашырады», «Дүниеқор ақырында марқұм қалады», «Адам баласына екі уысы толы алтын болса, үшіншісі тағы болса дейді», «Қатты ашуды басу керек, адамдардың қатесін кешіру керек», «Қатты ашу келгенде оны тоқтата білген адамның жүрегін алла (нұрға), иманға, (қасиетке) толтырады», «Алла сабырлылықты сүйеді, өйткені әр қасіреттің соңы қуаныш», «Жақсылықтан үміт етсең, сабыр ет» т.б. Ахмед Йүгінеки: Алланың көмегімен кітапты жазып бітірдік. Қажет етсең қабыл ал, қажет етпесең сөк. Әрбір адам ақынның сөзін (терең) түсініп пайдаланса, Халық арасында құрметті болады, деп аяқтайды. Өз заманында асқан білімпаз, оқымысты болған Ахмед Йүгінеки өз шығармасы арқылы жас ұрпаққа адам бойындағы әдептілік, мейірімділік, жомарттық, қарапайымдылық секілді ізгі қасиеттерді мадақтап, соған жақын болу керектігін айта отырып, ал надандық, қатыгездік, сараңдық, тәкаппарлық тәрізді мінез-құлықтардан барынша сақтандырады. Ақын жас ұрпаққа меңің сөзімді терең түсініп өміріңе пайдаға асырсаң, халық арасында мерейін өсіп, құрметке ие боласын деп сендіреді.
Сонымен қатар «Ақиқат сыйы» секілді көне замандағы дидактикалық тексін оқып білу қазақ өлеңдерінің, оның ішінде Абай өлеңдерінің дидактикалық сыр-сипатын тусінуге мүмкіндік жасайды. Ахмед Йүгінекидің нақыл-өсиетке құрылған өлең жолдары мен Абай ойларындағы ішкі үйлесімділікті аңғару қиын емес. Мұның өзі – қазақ өлеңдерінің құрылымдық тарихын өте әріден бастау керек екендігінің айғағы», дейді көрнекі ғалым Алма Қыраубаева [2, 72 б.]. Ғалымның бұл пікірінен Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» кітабында айтылған ойлар кейінгі қазақ ақындарына дәстүр болғанын, қазақ әдебиетін қалыптастыруға жол салған Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Шәкәрім философиясының іргетасы болғандығын білеміз.
«Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Йүгінеки мұрасының XIV-XV ғасыр жасалған үш түрлі көшірмесі, үш түрлі үзіндісі бар. Бұлардың ішінде алғашқы үш нұсқаның ғылыми құндылығы жоғары. Олар: Стамбул қаласындағы Айа-София кітапханасында 4012 нөмірмен сақталған ұйғыр жазуымен көшірілген нұсқасы. Бұл ең ескі нұсқаларының бірі болып саналады. Екінші нұсқасы бұл да сол жерде 4757 нөмермен сақталған, ерекшелігі ұйғыр жазуы жолма-жол араб жазуымен транскрипцияланған. Үшінші нұсқасы да Стамбулдың Топ-Қапы сарайындағы кітапханада 35552 нөмермен сақталған, бірыңғай араб жазуымен көшірілген.
«Ақиқат сыйының» бірнеше нұсқасын тауып, зерттеп, жариялауда Н.Әсім, Р.Арат, В.Радлов, Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов, Э.Н.Наджип, Т.Ковальский, Дени, Х.Сүйіншәлиев, Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Б.Сағындықов, Н.Маллаев, Қ.Маһмудов, С.Мутталибов т.б. шығыстанушы ғалымдардың еңбегі зор.
Ахмед Йүгінеки «Ақиқат сыйының» XIV ғасырдағы түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне қара сөзбен жолма-жол және өлеңмен аударылып, 1985 жылы жарық көрді [3].
Достарыңызбен бөлісу: |