ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ЖӘНЕ СӨЗЖАСАМ МӘСЕЛЕЛЕРІ Жұмабек Б. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми жетекшісі: Салқынбай А., ф.ғ.д., проф. Жалпы сөзжасам туралы сөз қозғағанда, алдымен, Құдайберген Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов секілді ұлы ұлт тұлғалары ойға оралады. Құдайберген Жұбанов тіл білімі мәселелерімен шұғылданып, қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінің оқу бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазған. Сөздердің жасалу, пайда болу тарихына үңіле отырып, көптеген сөздердің этимологиясын жасаған. Қазақ музыкасына байланысты «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен» деген зерттеуінде «ән», «би», « күй», «бақсы» , «жыр» , « домбыра», «қобыз» , «сыбызғы» , « толғау» сөздерінің этимологиясын ашып көрсеткен. Ол грамматикаға байланысты көптеген зерттеулерінде сөзжасам мәселелеріне айрықша ден қойған. Сөзжасамға қатысты қолданылатын сөз тұлға, түп мүше,жамау мүше, түбір, жұрнақ, туынды түбір, кіріккен сөз, қосар сөз, қосымша, т.б. термин сөздердің мағыналарын анықтап, сөздің сыртқы тұлғасы мен ішкі мағыасына үлкен мән беріп, сөздің сыртқы тұлғасының өзгеруі өз кезегінде оның ішкі мағынасына да қатысты екенін, басқаша сипатта танылуына арқау болатынын атап айтқан. Зерттеуші сөздің сыртқы көрінісін сөз тұлға деп атаған. Оны іштей түп мүше және жамау мүше деп бөлген. Бұл жерде «түп мүше» деп отырғаны түбір де, « жамау мүше» дегені қосымша болып тұр.
Қ.Жұбанов сөз бөлшектері болатынын және әр бөлшектің өзінің ішкі бөлшектері бар екенін, әрқайсысы сол ішкі бөлшектерден қиындалып, құралып барып жасалатынын айтып кеткен. Бұл жерде зерттеушінің айтпақ болғаны сөздің әріптердің тізбегінен құралып, ұйқаса отырып пайда болатыны еді. Кез-келген әріптерді бір-бірімен қосқанда сөз пайда бола бермейді. Заман елегінен өтіп, өзара үйлескен кезінде ғана сөз пайда болады. Зерттеуші сөз бөлщектерінің құралуын үйдің салынуына ұқсатады. Үйді қиынын тауып қалап, байлауын тауып ұстатпасаң болмайтыны сықылды сөзді де діл солай жасамасаң бөлшектері сөгіліп кетеді. Жұбановтың бұл теңестіруі дәл тауып айтылған. Сөзді құрайтын бөлшектерінің бәрі, зерттеушінің айтуынша, бұйым.
Құдайберген Жұбанов көптеген сөздердің этимологиясын анықтап, пікірін қалдырған. «Еңбек дыбыстары болған қош (қойға), шек (ешкіге), көс (түйеге), өк (сиырға) дегендер бара-бара тіл дыбысына айналып, сол айтылған малдардың аттары болып кеткен. «Қош» дегеннен «қош-қар», «қоша-қан», «өк» дегеннен «өгіз», «көс» дегеннен «көшек» (түрікпенше «бота») сөздері пайда болған.» Міне, осындай қызықты бір айтып кеткені де бар екен. Қазіргі таңда көп ешкім оның түпкі мағынасына, қайдан шыққанына үңілмейтіні анық.
Құдайберген Жұбанов түбірлердің жасалу тарихына тоқталып кеткен. Түбірлер қазір бөлшектеуге келмейді, тіпті, бірнеше сөздердің бірігуі арқылы жасалып қазір бір түбір ретінде қолданылып жүргендері де бар. Зерттеушінің жазуы бойынша, көкірек, қайт, айт сөздерінің түбірі көкір, қай, ай. Ал, көкірек, қайт, айт сөздерін біз түбір ретінде қарастырып жүрміз. Бұдан Жұбанов түбірлердің тұтасты,ы туа біткен тұтастық емес екенін, бұрын құрама бола тұрып, келе-келе жігін жоғалтып барып тұтас сөз болып кеткендігі анықталатынын айтады.
Құдайберген Жұбановтың сөздердің жақындығы жайында соңғы жылдарда табылған еңбегіне де тоқталып кетейік. Осы тұста Жұбанов еріндік дауыссыздар дегенді айтып кетеді. Еріндік дауыссыздар бір-бірін ауыстыра береді. Оған мысал ретінде жап, жабыл, жамыл, жауып сөздерін келтіреді. Түркі тілдес халықтардың қолданысындағы және қазақ, яғни,қыпшақ тіліндегі сөздердің мағына жақындығы мен айырмашылықтарына мысал келтіре отырып, талдап көрсеткен. Бірер мысалдарын айта кететін болсақ:
«Жақтас» сөзі (ұйғыр тілінің нормасы бойынша) мен «жауластың» ( қыпшақ тілінің нормасы бойынша) мағынасы бір болған.
Грузин « мама» дегенді «әке» деп түсінеді.
«Қар» моңғолша қол деген сөз. Күш, бұз, қирату, кесетін, тесетін заттардың бәрі де қол сөзімен байланысты.
«Өлтір» сөзі бұрын өзгелік етіс болған.
Зерттеуші оқып деген сөздегі п әуел баста мен деген көмектес септіктен шыққан деп айтады. «Мен» жалғау болғандықтан, п-ны да жалғау ретінде қарастырған дұрыс деген пікір қалдырған.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Құдайберген Жұбанов кіріккен сөздердің жасалуына, кіріккен түбірлерге, кіріккен сөздердің белгілеріне тоқталп кеткен. Екі түбір, үш түбірден құралып тұрып, бір түбір боп кеткен сөздерді зерттеуші кіріккен түбір деп атаған. Екі түбірден құралған сөздерге мысал ретінде ашудас, белбеу және күндіз дегендерді алса, үш түбірліге қаралат (қара-ала-ат) деген сөзді келтіреді. Қазіргі тілімізде Жұбанов айтып өткендей кіріккен сөздер алғашқы қалпын жоғалтып, бір-бірімен қиындасып кеткен. Қиындасқанда не екеуінің бір дыбысын бірыңғайластырған, не оның үстіне , аралығындағы дыбыстардың бірсыпырасын ысырмалап, қуып шыққан. Оған мысал ретінде белбеу, кішкене, келсап сөздерін келтірген. Белбеу сөзі «бел» және «бау» деген екі сөзден құралған. Бірақ екеуін қосқан кезде а дыбысы е дыбысына ауысып кеткен. Ал « келсап» сөзіне келетін болсақ, « келі-сап» деген сөздерден құралп, і дыбысы кейіннен түсіп қалған.Екі сөзден құралып бір ғана мағынаны беріп, бір нәрсенің атын білдіріп тұратын сөздерді зерттеуші екіге бөледі. Бірін –жалғасулы кіріккен, екіншісін- қиюды кіріккен сөздеп атаған. Біздің жоғарыда келтірген мысалдарымыздың бәрі осы жалғасулы кіріккен сөзге жатады. Ал зерттеушінің қиюлы кіріккен сөз деп отырғаны, қазіргі тіліміздегі қысқарған сөздер. Оның өзін зерттеуші іштей буын қиюлылар, әріп қиюлылар, аралас қиюлылар деп бөліп көрсеткен. Буын қиюлыларға Казатком сияқты буындары қиылып алынған сөздерді, әріп қиюлыларға ХКС (Халық комиссарлар советі) секілді бас әріптері қысқартылып алынған сөздерді, ал аралас қиюлыларға ҚазПИ сияқты бірде буын, бірде әріп болып қысқарған сөздерді жатқызған.
Кіріккен сөздердің өзіндік белгілері ретінде олардың неше сөзден құралса да тек бір ғана нәрсені айтатынын,кіріккен сөздердің ішіндегі жеке сөздердің әрқайсысы сөйлемде өз алдына бір-бір мүше болмай, бәрі жиналып бір ғана мүше болы керектігін, барлық сөз бірігіп бір ғана мағына беру керектігін, кіріккен сөздердің құрамындағы бір сөз міндетті түрде өзгеріске ұшырайтынын,екпін кірігуші сөздердің ең соңғысына түсетіндігін айтып кеткен.
Міне, Құдайберген Жұбанов осындай сөзжасамға байланысты көптеген тақырыптарға тоқталып, түсінік беріп кеткен. Оның қазақ тілінің грамматикасына байланысты қалдырған еңбектері өте түсінікті және қарапайым тілмен жазылған құнды еңбектер. Сөзжасам бастапқыда морфологиямен бірге қарастылып келіп, кейіннен жеке бір сала болып бөлініп шыққан. Сөзжасамда Жұбановтың қалдырған пікірлері, еңбектері өте қымбат. Құдайберген Жұбановтың бұл салада жазған еңбектері әлі де терең ғылыми талдауды талап етеді.