Әдебиеттер
Имя и история: Об именах арабов, персов, таджиков и тюрков: Сөздік. Гафуров А. – М., 1987. – 222 б.
Система личных имён у народов мира. Я. П. Сикстулис, В. В. Матвеев, О. Б. Фролова, И. А. Амирьянц, М. А. Родионов (ред.) – 1986.
«99 имен всевышнего Аллаха и его вспоминание», Казбек Хаджи Пазылбек Улы Ахметов. –Алматы, 2005. – 79 б.
Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы. Досмұхамбетұлы Х. – Алматы, 1992. – 81 б.
Антропонимика: сборник статьей. Ред. Никонов В.А. – Москва: Наука, 1970. – 360 б.
МАМЫТБЕК ҚАЛДЫБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ БЕЙНЕСІ
Сапарова Ақлима Исмаилқызы, магистрант (Қазақстан)
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыпта жазылған шығармалар, халықтың рухын көтеруге, отаншылдыққа тәрбиелейді. Отаншылдық тақырыбының өзегі - әскери тақырыптан басталады.
Әскери тақырып сонау VII-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштері арқылы белгiлi болған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларынан бастау алады. Қазіргі кезде құнды мұра болып қалған осы ескерткіштердегі батырлардың өз елін, жерін жаудан қорғау кезіндегі батырлық, ерлік әрекеттері жырланады. Мысалы «Күлтегін» жырында:
« Бүкіл түркі халқы үшін
Түн ұйқымды төрт бөлдім,
Жанып күйдім, өрт болдым»
«Әскері үш мың екен,
Біз екі мың екенбіз.
Соғыстық.
Тәңірі жарылқады, жеңдік.» делінген.
Әскери тақырып - ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақтың Қара қыпшақ Қобыланды, Қара қасқа атты Қамбар батыр, Ер Тарғын, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет, Исатай, Сырым, Кеңесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, Шора батыр, Жанғожа, Бекет, Олжабай т.б. есімі елге белгілі, қол бастаған, батырларымызбен жалғасады.
Отаншылдықты дәріптейтін әскери – патриоттық әдебиеттің XX ғасырдағы ең жарқын бейнесі Бауыржан Момышұлы – қазақтың кешегі от тілді, орақ ауызды, әрі ақын, әрі батыр тұлғалардың жалғасы. Бауыржан Момышұлы әдебиет майданында өз орны бар қаламгер. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери тәлім-тәрбие болып табылады. Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған ұлы тұлға – Бауыржан Момышұлы жаужүрек батыр, даңқты қолбасшы, қарымды қаламгер.
Бауыржан Момышұлыны оқырман қауым алдымен шығармалардың авторы ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды. Дәлірек айтар болсақ, Александр Кривитскийдің «Москва түбіндегі қарауыл», Александр Бектың «Волоколамск тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесті арқылы танылған болатын. Біртуар қолбасшы туралы оқырман қауымға Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», З.Ахметова «Шуақты күндер», Бақытжан Момышұлы «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет» атты шығармаларын ұсынды. Оның соғыстағы ерлігін бейнелеген белгілі орыс жазушысы Александр Бектің «Арпалыс» повесі әлемді шарлап кетті.
Бірақ Бауыржан Момышұлы жайында жазылған дүниелер мұнымен шектелмейді. Бауыржан батырдың өзі, өмірі жайлы жан – жақты зерттеп жазған белгілі қаламгер – Мамытбек Қалдыбай. Бауыржан Момышұлымен 21 жыл араласып, рухани перзенті атанған Мамытбек Қалдыбай Баукең өмірінен 4 том жазды. Оның «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», «Мен – халқымның Бауыржанымын» атты томдары оқырмандардың қолына тиіп, жылы ықыласына ие болды.
Александр Бектің шығармасында оқиға әдеби кейіпкер арқылы бірінші жақта баяндалады. Ол кезінде Бауыржан батырдың өзінің баяндуымен жазылған. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы сұрақ – жауап арқылы жазылған. Жалпы қазақ әдебиетінде Әзілхан Нұршайықов роман диалог формасын қолданып жазған алғаш жазушы. Бақытжан Момышұлы өз шығармаларын баланың әкеге деген көзқарасымен берген. Зейнеп Ахметова келіннің атаға деген көзқарасымен жазған. Осылай қазақ әдебиетінде Бауыржан Момышұлының бейнесі әр қырынан ашылып, оқырман қауымға жақындай түсті.
Жоғарыда аталған әр шығарманың алар өз орны бар. Олардың әрқайсысы әр стильде, жанрда жазылған. Мамытбек Қалдыбай Бауыржанның өмір жолын жазуда интервью стилін қолданған. Әр оқиғаға қатысты тақырып қойып қысқа бөлімдерге ажыратып жазған. Оқығанда әр оқиға бөлек болып есте сақталады және жеңіл оқылып, жүрекке тез жетеді. Шығармадағы басты кейіпкер ешқашан оқиғадан немесе жазушының назарынан тыс қалмайды. Басқа оқиға баяндалып жатса да сол арқылы жазушы Бауыржанның бейнесін одан сайын ашып отырады. Мысалы «Ер Қараман» деген бөлімінде Бауыржан Момышұлы Қараман деген аты шулы қарақшымен араласқан екен. Оны бәрінен жасырған көрінеді. Бірақ, Бауыржан өмірін зерттеп жүрген жазушы Мамытбек батырдың жасырып жүрген құпиясын біліп сұрақ қойғанда Бауыржан былай дейді: «Қарекең өмірдің барлық тауқіметтеріне төзе білді. Ол кісі жаратылысынан ер, күрескер еді. Қартайып, белі бүгілсе де, рухы бүгілген, ортайған жоқ. Ең маңыздысы, Қарекең өмірі «Атыңнан айырылсаң да, ер тоқымыңнан айырылма, қатыныңнан айырылсаң да, қазан – ошағыңнан айырылма, қазан – ошағыңнан айырылсаң да халқыңнан айырылма деген ұстанымы бар. Ол алып тұлға. Ол ұстамды адам. Ал ұстамдылық – ұлы қасиет» - дейді. Осы сөздер арқылы жазушы Бауыржанның адам психологиясын тани білетін қасиетін ашып отыр.
Мамытбек Қалдыбай Бауыржан Момышұлына ерлік, Отанды сүю, еңбек, адамгершілік, азаматтық көзқарас, сүйіспеншілік, отбасы, заман, қоғам, ұлттық рухани құндылықтар, адамның өзін - өзі ұстау мәдениеті жайында философиялық бағыттағы сұрақтар қояды. Бауыржан Момышұлының сұрақ қойылған кездегі бет – бейнесін үздіксіз суреттеп отырады. Мысалы: «Ойлы, өткір жанарын өңменіме тік қадап», «Тіл қатпастан, қабақ шыта ойға енді. Әлден соң басын көтеріп отты жанарымен маған қадала қарап» немесе «Қатты дауыстап, жанарынан от шашып». Оқырманға Бауыржанның көңіл – күйінен хабар беріп отырады. Сол арқылы батырдың мінезі ашыла түседі. Жазушы портрет жасауда да шеберлігін танытады: «Жазық маңдайы, сәл етжеңділеу келген жоталы қыр мұрыны, жалт – жұлт еткен дөңгелек отты жанары, кейін қайырылмай жалдана тікірейген қысқалау қара шашы әскери киіміне керемет жарасады екен» деп Баукеңді алғашқы көрген сәтін суреттейді.
Баукең - ұлтының жоғын түгендеп, барын бүтіндеген бірегей тұлға. Ол қағынан жерінген құландай өз тілі мен дәстүрінен, ата салтынан қол үзіп, мәңгүрттене бастаған өз ұлтына қабырғасы қайысқан.
Өзінің бітім-болмысымен ерекшеленген Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы тек ел басына күн туғанда «етігімен су кешкен» батыр ғана емес, кең тынысты суреткер де болды. Батырдың аузынан шыққан нақыл сөздері бүгінде ел аузында жатталып та қалды. Оның қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын сөз еткенде, елді надандық пен қатыгездік, ұсақтық пен қанағатсыздық, маскүнемдік пен әділетсіздік, опасыздық пен өсек-өтірік қара түнектей қаптап алған заманда оның адамгершілік, әділет, қанағат, мейірімділік, оқу-білім, ақыл-парасат, салт-дәстүр сынды асыл дүниелер жөнінде сөз қозғауының өзі програссивті құбылыс.
Ол мұраларында оқырманды дұшпанмен аянбай шайқасуға үндейді. Ол үшін қайратыңа ептілікті, ептілікке қырағылықты, қырағылыққа әдісті, әдіске ақылыңды жолдас ет дейді. Сонымен қатар, ол кісінің оймен өрнектеп, сөзбен кестелеген отанды сүюге, ізеттілікке, батылдыққа, адамгершілікке, өнегелілікке тәрбиелейтін өмірлік мәні зор нақыл сөздері келер ұрпақты қазақ мемлекетінің өр тұлғалы, ер мінезді қайсар азаматтары болуға насихаттайды. Бауыржан қазақтың ауыз әдебиетіне қанық болып өскендіктен, өзінің өмірден түйгендерін мақал – мәтел, нақыл сөздеріне сыйғызып кеткен. Момышұлының мірдің оғындай нысанаға дәл тигізер сөздері бүгінде халық арасында кең тарап, қанатты сөзге айналып кетті.
Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас
Ел болам десең бесігінді түзе.
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі.
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!.
Отан үшін отқа түс – күймейсің.
Опасызда Отан жоқ.
Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды
Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!.
Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
Қырағының өзі де, көзі де батыр.
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет.
Сабырлық алдында дұшпан сасады, сабырсыздан береке қашады.
Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды.
Маған деген атақты міндет етсең, өзің ал. Әділдікке бас ұрып,
У берсең де маған бал.
Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Қорқақ қаққа шөгіп өледі.
Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық.
Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды.
Намысты нанға сатпа.
Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рақаты.
Өмір үшін өлгенше күрес.
Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек.
Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз – ер болмайды.
Елсіз ер бола ма? Жұртсыз жігіт бола ма? Ерлік – елдің қасиеті.
Жүректілік – жігіттің қасиеті.
Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы.
Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық.
Именіп жүріп көрген игіліктен, қарсыласып жүріп көрген қорлық артық.
Ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң.
Ерлік елдің қасиеті, жүректілік жігіттің қасиеті.
Ерлік елеусіз қалмасын.
Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады.
Әділдік пен адалдық – адамның ең қымбат қасиеті.
Шегініп серке болғанша, секіріп теке болғын.
Жанын аяған тәніне жау.
Өлтірсең өлімнен құтыласың, өлтірмесең өлімге тұтыласың.
Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең, жеңдім дей бер.
Айқаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен алғын.
Намысты адам намысы барды қадірлейді және намысы жоқты
сыйламайтыны – заңдылық.
Елдікті, ұлттық намысты бәрінен жоғары қою –
отансүйгіштіктің ең басты белгісі.
Әдіссіздік – әлсіздік, ептілік те – ерлік.
Бауыржан Момышұлы жайлы жазылған естеліктер, романдардағы батырдың мінезі қыстың қаһарлы аязындай қатал, жалғандыққа жаны қас, өте сезімтал, адамды тану психологиясы өте жоғары, тәкәппар мінез көрсететін адамдардың мысын басып тастайтын, табиғаттың ерекше жаратқан дарабозы. Ал, көңілі жарасып, мейірімі түскен пендеге сыпайы, ақкөңіл, ақжарқын мінез танытып, ең қиқар деген адамның өзін жөнге салып жіберетін ақылшы, дастарханын жайып, ақ батасын беретін өте жомарт кісі.
Мамытбек Қалдыбай «Мен – халқымның Бауыржанымын» еңбегінде «Бауыржан батыр қандай қиын жағдай кездеспесін өзін сабырлы, еркін ұстайтын, асығып – аптығу, абыржып, жасу деген ол кісінің табиғатына жат еді. Айтар ойын ешкімнен именбей, не көңілі қалып қояды –ау демей, еркін, батыл, түсінікті, дәлді етіп айтатын. Барлық уақытта санасы тәуелсіз еді. Санасы тәуелсіз адам ғана шындықты ешкімнен тайсалмай айта алады.
Тағы бір ерекшелігі - тілдескен адамына ұмытылмас әсер қалдыратын, көрген – білгендері, көңіліне түйгендері өмірі таусылмастай сезілетін. Үйіне келген кісілермен, мейлі жас, жасамыс, не мосқал болсын, бар ықыласымен бүкпесіз, ашық сөйлесетін, қоштасарында «ата – бабамыз қуыс үйден құр шықпа деген» деп ешқайсысын дастарханнан дәм таттырмай жібермейтін. Алғыр, өжет, намысшыл, әділ жандарды ерекше құрмет тұтып, олармен сырласқанды ұнататын.» – деп батырдың адамгершілік асыл қасиеттерін айта отырып, болмыс – бітімін шеберлікпен толық ашып береді.
Мамытбек аға: «Баукең мені еркін ойлауға, өзімді барлық уақытта еркін сезінуіме, қандай қиын жағдай кездеспесін қайғы – мұңға берілмеуге, ар жолында аласармауға үйретті. Адами асыл сезім сыйлады» деп ұстаздығын да аса жоғары бағалайды.
Іждағатты, ізденімпаз Мамытбектің батырға қойылған сауалдары бір толастамапты. Баукең де жас серігіне: «Сенің байқаусызда қойған сұрақтарыңның арасында данышпан сұрақтар да бар. Ой тереңіне сүңгімейін десем де сүңгітесің», – деп алара бір қарап қойып, сөзін жалғастырады.
Баукеңдей сарқылмас кенішке кезігіп, оның жұрт білмейтін асыл сырларын әңгімелеп, тамсантумен келе жатқан Мамытбек Қалдыбайдың Бауыржан әлемін әсерлі етіп жазған дүниелері кейінгі ұрпаққа мәңгілік естелік, өнеге беретін өшпес мұра!
Достарыңызбен бөлісу: |