Әдебиеттер
1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.
2. Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы,Атамұра, 2008.
3. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Гымыңжан Арай (ҚХР)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Мажиқызы Н.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың тарихына қатысты жан-жақты мәдени, әдеби мұраларды тарихи, тілдік, әдеби және этнографиялық зерттеу өте маңызды. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан бұл мәдени және әдеби мұралар біздің бүгінгі тарихымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміздің түп негізі болып табылады.
Осы салаға өзінің бір кісілік үлесін қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ұлы ақын, прозашы, аудармашы, тарихшы және философ. Туған жері – қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктері. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған [1].
Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені – жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.
Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына айырықша әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.
Шәкәрім поэзиямен қатар тарихи, философиялық шығармалар жазып, әдебиет пен ғылымға мол үлес қосты. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жеттік меңгерген ғалым сол халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан қазыналарына еркін бойлап, озық үлгілерін қазақшаға аударып, халқының игілігіне айналдырды. Аудармамен бірге өзі де сүбелі еңбектер жазып, бар өмірін ғылым мен білімге сарп етті.
Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 жылыСемей қаласындағы «Жәрдем»баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үшанық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана»деген жинақта бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды.Үлкен жинағы 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Шәкәрім даланың ауызша тарих айту дәстүрінде көптеген мәліметтер жинақтап, нәтижесінде «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегін жазды. Еңбекте келтірілген мағұлыматтардың құндылығы сонда оларды күні бүгінге дейін тарихшы, шежірешілер пайдаланып, сілтеме беріп, өздерінің зерттеулеріне арқау етеді [1, 258 б.].
Шәкәрім шежіресіне арқау болған ой-желісі – халқымыздың ғасырлар бойы ауызша айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелері, батыс, шығыс ойшылдарының , тарихшыларының еңбектері. Ш.Құдайбердіұлы бұл еңбегінде түркі елдерінің ата-тегін әңгімелей отырып, қазақ халқының шежіресіне кеңінен тоқталып, тарих түпкірінен ой екшейді. Шәкәрімнің бұл еңбегінің ерекшелігі сол – шығарма өзіне дейін халқымыздың ата-тегі жайлы ауызша айтылып келген шежірелерді бір жүйеге түсіріп, хронологиялық тәртіппен арнайы түрде баяндап берген.
Осы аталмыш еңбегінде:
«Адамның тұқымынан Нұқ пайғамбар,
Үш ұлы: Хам, Сам, Яфас міне осылар.
Яфастың бір баласы түрік деген,
Өрбіген сонан өсіп талай жандар» [2], - деген жолдар арқылы қазақтың түп атасы түркілер болғандығын ашып көрсеткен.
Өмірінің соңына қарай ұлғайған шағында заманға жағынған, күндік тірлігінің құлы болған, ойы таяз белсенділер түртпектеп мазасын лағандықтан ақын, философ, тарихшы «елу бес жыл жинаған қазынамды оңашадақорытам, ойға салып» деп, жалғыз өзі Шыңғыс тауына кеткен. Алайда мұның өзі Шәкәрімнің өмірдің қуаныш-рахатынан аулақ болуды уағыздаған тақуа, бәрін жоққа шығаратын адам болмағанын көрсетсе керек. Ақын тек табиғат тыныштығында өмір сүріп, ғұмыр бойы жиған-терген рухани байлығын қорытуға бел буған. Алайда онда да тыныштық болмаған. Ешқандай жазығы жоқ, тауда жалғыз жүрген 73 жастағы қарт ойшылды большевиктердің шаш ал десе бас алатын жендеттері атып өлтіріп, денесін құдыққа тастаған. Өмірінің соң осылай қайғылы аяқталғанымен Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі, оның шығармалары, зерттеулері ел есінде қалды. 1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның «Жазушы» және «Жалын» баспасынан өлеңдер, ал «Өнер» баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді. Бүгінде осындағы екі бірдей жоғары оқу орнында – Семей педагогика институты мен Шәкәрім атындағы Семей университетінде шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықтардың күшімен «Шәкәрім» және «Шәкәрім әлемі» атты екі бірдей журнал жарық көруде.
Достарыңызбен бөлісу: |