1. Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. – Алматы: Атамұра, 1993 – 128 б.
2. Обзоры Тургайской области за 1914 год.Оренбург. – 1915 – 250 с.
3. Оренбургские епархиальные ведомости. – 1911. №1. – 280 с.
4. Обзоры Тургайской области за 1913 год. Оренбург. – 1914. – 374 с.
ЖЕЛТОҚСАН ШЕЖІРЕСІ
Дүйсенғазыев Диас (Қазақстан) Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Ғылыми жетекшісі: Илесова Қ.Ә., аға оқытушы
Желтоқсан көтерілісі – 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Осы аралықта көптеген деректердің көздері ашылып, бұл оқиға түрліше айтылды. КСРО кезінде көтерілісті қаладағы бұзақылардың әрекеті ретінде көрсетуге тырысты, кейінірек көтеріліс «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде танылды. Ресми деректер бойынша желтоқсан толқулары СОКП ОК-нің бас хатшысы С.Горбачевтың ұлт басшысы – Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтің орына, бұрындары Қазақстанда жұмыс істемеген Ульяновск обком партиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинмен алмастыру шешімінен кейін басталған. Жергілікті халықты Қазақстанға басшылық етіп басқа ұлт өкілін тағайындау наразылық тудырды. Бұны олардың алаңға шыққандағы «Өзін-өзі басқаруды талап етеміз!», «Әр халыққа – өз көшбасшысы!», «37-сі болмайды!», «Ұлыдержавалық алаңғасарлыққа тоқтау салу!» деген жазуы бар плакаттарынан байқауға болады. Оқиға 16 желтоқсан күні бейбіт шеру ретінде Жаңа (Брежнев) алаңында басталған. 17-желтоқсан күні шерушілердің саны 20 мыңға дейін көбейіп, кейінен көтерілісшілер мен тәртіп сақшылары арасындағы қанды қақтығысқа айналды. Ресми деректер бойынша оқиға барысында екі адам қайтыс болған, бейресми деректер бойынша – 174 адам қайтыс болған. Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП ОК қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді. 17-желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын – 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілері Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
Ұлтаралық шиеленістің негізгі белгісі – шиеленіскен топтар этникалық белгісіне қарай бөлінеді. Желтоқсан оқиғасын елдегі екі негізгі этностардың – қазақтар мен орыстардың қақтығысы ретінде қарастырылады. Алайда, кеңестік кезеңде құпия болған деректердің ашылуымен, желтоқсан оқиғасына қазақтардан басқа да ұлт өкілдерінің қатысқандары анықталды. Ішкі істер министрлігінің анықтамасында алаңда ұсталғандардың арасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және бірнеше (қарақалпақ, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт) ұлтының өкілдері болғандығы анықталды. Алайда Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олардың басым көпшілігі сол күні-ақ қамаудан шұғыл босатылып жіберілді. Осыдан кейін-ақ көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді. Сондықтан бұл оқиғада саяси себептер басым болған деп тұжырымдауға болады. Осы жылы 16-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысқан Қайрат Рысқұлбеков. Бірақ көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, көпшілікке мәлім болғанындай, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Рысқұлбековке неше түрлі айла-шарғылар қолдана отырып, оны С.Савицкийдің өліміне кінәлі етеді. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды. Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар. Сондай-ақ онда Рысқұлбековке ескерткіш қойылған. Желтоқсан көтерілісі – Қазақ халқының тәуелсіздік жолында алғашқы қадам. Сол адамдар нағыз батылдықты көрсетіп, қазіргі жастарға үлгі. Биыл бұл көтеріліске 30 жыл болады.