ИМПЕРИОЛОГИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Еркенбек Бибігүл (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Тасилова Н.А., т.ғ.к., доцент
Жалпы империялогия ғылымының басты мақсаты мен міндеттерін, маңызы мен ерекшеліктерін айқындай отырып, бұл ғылым саласының шет елдердегі даму тенденциялары мен біздің елдегі даму үрдісін салыстыра отырып, ғылымның дамуына үлес қосу мақаламыздың негізгі мақсаты болып табылады.
Қазіргі кезеңде отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерде империя тарихы, империология мәселесі өзекті әрі үлкен сұранысқа ие болып отырған күрделі проблемалардың қатарында. Империя терминінің өзін зерттеп, анықтама бергендері қаншама. «Империя» сөзі естіген адамға түрпідей тиетін қуатты күшке ие алпауыт мемлекеттердің баламасын білдіреді. Ал «Империялогия» тарих ғылымының империялардың тарихын, олардың түрлері мен типтерін айшықтайтын, сонымен қатар империялардың өзара қарым-қатынастарын саралайтын ғылым саласы болып табылады.
Империялогия ғылым ретінде алғаш АҚШ-та 1990 жылдары дами бастады. Империялогия ғылымының дамуы, негізінен мемлекеттердің ішкі әрі сыртқы саясаттарымен де байланысты болып келеді.
Бұл ғылым саласы-әмбебап сала болып келеді. Себебі тек тарихи процестерді зерттеу мен қатар, әдетте зерттеу обьектісінен тыс қалатын психологиялық, мәдени, демографиялық факторларды саралайды.
Мәселен, зерттеуші С. Тянь-Шанский мемлекеттерді былайша типке бөлген:
1. Жұмылдырылған империя. Бұл империяның бейнесі – Ұлыбритания империясы.
2. Сақина тәріздес, яғни Рим империясы.
3. «Теңізден теңізге дейін» империялар, бұл империяларға Тянь-Шанский Ресей империясын жатқызады.
С. Тянь-Шанскийдің бұл топтастыруы тікелей географиялық орналасуына байланысты болған.
Империялық төңкеріс, өзгерісті зерттеулер Роджерс Брубейкердің ұлтшылдықты зерттеуінен туындаған. Бұл мақалада Рональд Суни енгізген «динструализация» термині негізге алынады. Яғни, отарға басым үстемділік, немесе ең қатал үстемділік озбырлық ұлттық қазыналарына байланысты тұжырымдаған еді. Ұлт – империяның бірлігі, ал ол халықтың жиынтығы іспетті болып саналады. Империя өз саясатын ұстана отырып, бірдей идеология, бірдей ұлттық сананы қалыптастырады.
Әрі бодан болған елдердің ұлттық құндылықтарынан айырады. Мәңгүрт – ол да бұл қияңқы саясаттың құрбаны, отандық тарихи үрдістерден мысал келтірсек болады. Әрине, империядағы саясат «ең аз зұлымдық» («наименьшее») немесе «ең көп зұлымдық» («наибольшое зло») ішкі саясаттағы қандай мәселені қарастырсақ та тікелей метрополияға периферияның бағыныштылығын көрсетеді.
Американдықтардың империялық саясатына келсек, Америка материгінің автохтонды халқына – үндістерге қолданған саясаты, «ең көп зұлымдық» деп тұжырымдасақ болады. Ал патшалық Ресей саясатының және де КСРО саясатының біздің халыққа ұстанған саясатын – «наименьшее зло» деп көрсетсек болады, алайда сәл ақ болмағанда, бүкіл ұлттық болмысымызды құртып, жоғалтып ала жаздадық. Дегенмен, ұлттық құндылықтардың империялық державалардың шырмауында қалуының басты себебі, өз тарихын, өз тілін, өз мәдениетін қадірлеуге шек қою, рухани байлықтарын дәріптеуден айыру, перифериялық мемлекеттердің еш тарихы болмағандай етіп, қолдан тарих жазу, бұрмалау сынды оғаш саясат жүргізді. Соның арқасында 70 жылдан астам уақыт бойы бағыныштылық функциясына бейім болып, төселіп қалған қазақ халқы өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін бас көтерулер, көтерілістер бастап тұрғанмен, олардың ешқайсысы жеңіске жете алмай, орыс-казак мұжықтарының әскерлерінің тарапынан жанышталып, басылған еді.
Қазақстанды отарлау мәселесіне қатысты шетелдік тарихнаманың қазіргі даму кезеңінде К.Л. Есмағамбетов, Қ.Р. Несіпбаева, М.Т. Лаумулин, Т.К.Бейсембаев секілді ғалымдардың жұмыстары ерекше орын алады. Мысалы, К.Л. Есмағамбетов өзінің зерттеу еңбегінде американдық және ағылшындық зерттеушілердің орыс басқыншылығы мен отарлау саясатын әр түрлі тарихнамалық кезеңде сипатталғанын қарастырады. Қазақстан зерттеушілері АҚШ, Канада, Франция және т.б. елдердің кітап қоймаларында шоғырланған шетелдік тарихнаманың бірнеше аспектілерден тұратын деректік негізіне жан-жақты тоқталады. К.Л. Есмағамбетовтың ғылыми зерттеулерінің басты қорытындысы бірқатар маңызды жұмыстарда көрініс тапты. Мысалы, «Біз туралы Батыста не жазды?», «Қазақтар шетел әдебиетінде», «Д. Кэстльдің 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы» және т.б.
Қазақстандық зерттеушінің айтуынша, XVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихын қарастырған шетелдік зерттеушілердің мүддесі халықаралық қатынастардың Орталық Азия аймағындағы саяси мәселелерімен тығыз байланысты болды. Оларға Ресейдің қазақ жүздерін жаулап алуы, патша үкіметінің Қазақстанда жүргізген отарлық саясаты, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарын бағалау, т.б. жағдайлар кіреді. К.Л. Есмағамбетовтің көрсетуінше, «Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайының шиеленісе бастауы XVI ғасырдың ортасы мен XVII ғасырдың соңында орыстардың Сібірді отарлау кезеңімен сәйкес келеді». Американдық тарихшылар Дэвид Коллинз бен А.Вудтың ойынша «Ноғай ордасы мен Сібірдің, Қазан және Астрахан хандықтарын жаулап алуына байланысты түрік тілдес мемлекеттер арасындағы қатынастар бұзылып, нәтижесінде Қазақ хандығына үлкен қауіп төнді» деп есептейді. Қазақстандық зерттеуші Э. Кинам, Д. Сокол және Р. Пирстің еңбектерін егжей-тегжейлі талдап, ондағы Ресейдің XVI ғасырдан 1905 жылға дейінгі хронологиялық жағынан жалғасқан ұлы Моңғол империясының «мұрагер-мемлекеттеріне» қазан хандықтарын жаулап алуға қатысты жүргізген агрессивті саясатын сипаттаған [1]. Ресейдің Қазақстанды жаулап алуына байланысты шетелдік тарихнамада келтірілген негізгі себептерді К.Л.Есмағамбетов былайша бөліп көрсетеді: «Орыс патшаларының шығыс саясатындағы басты мақсаттарының бірі «Азияға бағытталған кілт пен қақпа» атанған қазақ жерін басып алу болды» деген пікірдің отандық және шетелдік тарихнамада кең таралғанын автор ерекше атап өтті [2].
Қазақстан туралы жазылған шетелдік басылымдардың библиографиялық көрсеткішінен құралған М.Т. Лаумулин мен Т.К. Бейсембиевтің еңбектері Қазақстанға қатысты шетелдік тарихнамада өзіндік ерекшеліктерге ие [ 3]. Орыс-қазақ қатынастары мәселесіне байланысты ағылшындық және американдық тарихнама негізінде талдау әдісі К.Р. Несіпбаеваның зерттеу жұмысында кеңінен қолданылған. Оның көрсетуіне сәйкес, шетелдік еңбектердің жоғары әдістемелік деңгейіне қарамастан екі негізгі теория басымдық етеді. Олар: Ресейдің отарлау саясатын мадақтау немесе патша империясының іс-әрекетін әшкерелеу. Біздің көзқарасымыз бойынша, еуропалық өркениетті асыра мақтау ұстанымы батыстық авторларға тән қасиет [4].
Демек, империя тарихын зерттеуде – ұлт мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сонымен қатар, империяларды жалпыға бірдей топтау үлгісі бар: Экономикалық империя, колониялық империя, неоколониялды империя, федеративті империя, унитарлы империя, әскери басқарудағы империя немесе тирания болып табылады.
Қазіргі кезде отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерде империя соның ішінде империя типологиясы мәселесі бойынша көптеген зерттеу еңбектері ұсынылуда. Ал енді империя типологиясына келетін болсақ, лар: континентальды (құрлықтық), колониальды, (отарлық), және неформальды (бейресми) империя деп бөліп қарастырылады.
Континентальды (құрлықтық) империяға келетін болсақ, ол өзіне территориялық үлкен аумақты алады. Мұндай империялар тек жаңа иеліктеріне басқа елдерді қосып алып, сосын сол жерде жаңа провинциялардың пайда болуына жағда жасайды, және де онда тиісті саяси құқықтық көрініс табады. Колониальды (отарлық) аумағы орасан зор кең жерде болады, алайда «мұхит», «теңіздерден» шетте болады, мүмкін бұлар жеткіліксіз болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда «Континентальды» және «колониальды» империяларды бөлумен қатар «неформальды империя» деп бөлу осы екі типологияны толықтырғандай болады. Негізінен алғанда «неформальды империя» (бейресми) концепциясы 1970 жылы КСРО мен Шығыс Еуропа елдерінің арасындағы АҚШ, Азия елдері мен Латын Америкасы елдері одақтастары арасындағы қарым-қатынастарын сипаттау үшін қолданылған болатын. Периферия неформальды (бейресми) империя және де ол ресми тәуелсіз мемлекет.
Ғылыми әдебиеттерде колониальды империя мәселесі туралы жеткілікті түрде мағлұматтар сақталынған, оны әр түрге бөліп тастаған болатын. Мысалы: «көшіп-қону», «жергілікті», «отарлық-бекініс». Ал «колониальды» және «неформальды» түрлерін классификациялау әлі толық қарастырылмаған. Яғни, империя мәселесін қарастыруда көптеген проблемалардың басы ашық екені анық. Болашақта осы мәселелер терең зерттелініп, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет. Империя мәселесі өте күрделі, себебі оның сипатын тек бір жақты, яғни, экономикасын яки саясатымен ғана шектелуге болмайды, тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Қорыта келгенде, қазақ халқы тарихта көп азап шеккен халықтардың бірі, мәдени, саяси, экономикалық барлық отарлау түрлерінен өтсе де, өзіндік болмысын сақтап қалды.
«Халық – өзінің тарихымен сусындамаса, ол халықтың болашағы да бұлыңғыр», – емес пе. Империялогия ғылымы толықтай саясаттағы бағыттарды айқындап көрсететін маңызды бағыттардың бірі екені даусыз. Өйткені, осы бағытты терең зерттеу, бізге отарлау үрдісін толық ашып беру үшін қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |