«Ұлытау», Қ.Ахметов, «Фолиант» баспасы, Астана 2006 жыл
ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫ
Ергентай Данияр (Қазақстан) Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Ғылыми жетекшісі: Илесова Қ.Ә., аға оқытушы
Киелі Түркістан қаласындағы Әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені.Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы Әмір Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи дүниеден өткен соң екі жүз жыл кейін кішкене мазардың орнына дүниежүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші салынды.Ескерткіштің салынуын оның Ахмет Ясауидің қабырына зиярат етіп қайтқан 1397 жылдың аяғындағы оқиғалармен байланыстырады.
«Жеңістер кітабында» Темір, сол жылы Яссыда болған кезінде, мұнда өзіне қарайтын елдердің тегінде Ахмет Ясауидің атына лайық зәулім ғимарат салу жайлы жарлық берген еді делінеді.ХІV ғасырдың аяғында бұл күмбез біткен соң Әмір Темір көреген Әзірет Сұлтан қорын ұйымдастырып, өзі арнайы қол қойып бекіткен. Дегенмен, Қазандықтың ішкі есіктерінің біріндегі халькаға жазылған «1394-1395 жылдар» Темірдің өзі белгілеп берген.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы. Қорық – мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі 90 га. Қорық – мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті т.б. археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.
Ахмет Яссауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Көлденең – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлмелер сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әр түрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады.