Б.Қалиев қарындас сөзінің жалпылықтан нақтылыққа қарай өту себебін былайша түсіндіреді: «Қарындас сөзінің әуелгі мағынасының өзгеруіне – тіліміздегі бауыр сөзі мағынасының өзгеруі түрткі болған сияқты. Олай дейтін себебіміз: бұрын ішкі ағзалардың ішіндегі – адам өміріне ең қажетті басты мүше ретінде – «адам мен жан-жануарлардың қан жасау, қан алмасу қызметін атқаратын мүшесі» мағынасында қолданылып келген бауыр сөзі кейіннен әркімнің жанына жақын, әрі ең жақын жанашыры – «бірге туған қандас, туыс адамы» деген мағынаны қосып алды да, бауыр сөзі осы мағынадағы қарындас сөзінің алғашқы мағынасын ығыстырып шығарған секілді. Қарындас сөзінің алғашқы мағынасы «бір қарыннан шыққан, бір туған» болса; екінші мағынасы «қыздың жасы үлкен ер ағайындарына туыстық қатынасы; үшінші мағынасы жасы үлкен ер адамдардың жасы кіші әйел балаға айтатын қаратпа сөз есебінде жұмсалуы. Бір жалпылаушы мағынаның орнына нақтылаушы екі мағына пайда болған.
2. Сөз мағынасының тарыла келе, көмекшіге айналуы. Қазақ тілінде алды, арты, асты, үсті, қасы, маңы, арасы, тұсы, іші, бойы сияқты көмекші есімдер бар. Бұлардың барлығы зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ілгері заманда толық мағыналы сөздер болған. Мағыналары бірте-бірте тарылып, көмекші элементке айналған.
3. Сөз мағынасының тарыла келе, шылауға айналуы. Тілімізде тағы, да, та, мен, болмаса, кейін, сайын, арқылы, туралы, соң, және, бірақ, өйткені, сөйткені, таман, сияқты шылау сөздер бар. Дербес мағыналы сөздердің шылауында тұрып қана, сол сөздерді грамматикалық мағынасын айқындай түседі. Көмекші есімдер сияқты о баста дербес мағыналы сөз болып, қолданыла келе мағынасын, қызметін тарылтып, шылау сөздерге айналған.
4. Мағынаның толық тарылу нәтижесінде сөздің қосымшаға айналуы. Жұрнақтар мен жалғаулар тарихи жағынан алып қарағанда, ертерек кезде дербес мағыналы сөздер болған. Кейбір қосымшалардың төркінін табу қиын, өйткені олардың алғашқы негізі туралы ешқандай із қалмаған. Дегенмен –мен (-бен, -пен) көмектес септігінің бирлан шылауынан, -тын (-тін) жұрнағының тұрған есімшесінен, -ша жұрнағының шақ сөзінен шыққандығын түркологтар дәлелдеп берді. Бұлар мағынаның толық тарылғанына мысал бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |