14. «Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларына шағым жасауға, наразылық білдіруге құқығы бар адамдар» - заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға істерді қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкілетті сотқа тікелей апелляциялық шағым беруге құқығы бар процеске қатысушылардың шағым жасауы. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры – облыстық және оған теңестірілген соттық қадағалау алқасына және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы мен қадағалау алқасына, облыстық және оған теңестірілген соттық қадағалау алқасына наразылық келтіруге құқылы.
15. «Адвокат» –кәсіптік заң көмегін көрсететін, айыпталушыны сотта қорғайтын заңгер.
Қазақстан Республикасы заңдары бойынша міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы. Жоғары заң білімі бар,заңгер мамандығы бойынша жұмыс стажы екі жылдан кем емес және адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған адам адвокат бола алады. Қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған, белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған, адвокаттар алқасынан шығарылған, сондай-ақ
босатылған күнінен бастап бір жыл бойы тәртіптік жағымсыз әрекет жасағаны үшін құқық қорғау органынан босатылған адам адвокат бола алмайды.
16. «Адвокат кеңсесі» –мекеме нысанындағы коммерциялық емес ұйым. Адвокат кеңсесі адвокаттардың заң көмегін көрсетуінің материалдық, ұйымдастырушылық – құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады. Адвокат кеңсесі адвокаттар алқасының мүшесі (мүшелері) құрады. Адвокат тек бір ғана Адвокат кеңсесі құрылтайшысы бола алады.
17. «Адвокатура» –заңгер адвокаттардың заңды тұлға мәртебесі бар қоғамдық ұйымы. Бұл ұйымның алдына қойған мақсаты – заңдылықты сақтай отырып, азаматтар мен ұйымдарға заң көмегін көрсету, ал жұмыс істеу принципі – заң көмегін көрсетуде ол істерді дербес түрде атқаруға негізделген. Аталған заң көмектерін көрсетуде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен олардың заңды мүдделерінің сақталуы, сот әділдігінің жүзеге асырылуы, оның бұлжытылмауы және әрі қарай дамуы іс барысында нығайтылуы тиіс. Ал азаматтар тарапынан заңдардың дәл және бұлжымай сақталуы, еңбек тәртібінің әрдайым орындалуы адам құқықтары мен қадір – қасиеттерінің құрметтелуі рухына негізделуі тиіс.