Дәрістің мақсаты: аймақтанудың негізгі теориялары мен тұжырымдамаларына сипаттама беру.
Терминдер мен анықтамалар. Әлемдік көпполярлы тәртіп. Үлкен кеңістіктер. Геоэкономикалық моноцентризм. Әлеуметтік стратификация. Қуып жетуші ел. Полюстардың өсуі.
Дәрістің топтама-тәсімі. Геосаяси теориялар: әлемдік көпполярлы тәртіп теориясы, К.Шмиттің Үлкен кеңістіктер теориясы. Геоэкономикалық теориялар: И.Валерстайнның әлемдік жүйелер теориясы. П.Дж. Тейлердің геоэкономикалық моноцентризм ілімі. Әлеуметтік теориялар: П.Сорокиннің әлеуметтік стратификация теориясы. Экономикалық және географиялық теориялар: К.Акамацудың қуып жетуші ел теориясы. Й.Шумпетердің полюстардың (нүктелердің) өсу теориясы.
Қазіргі саяси проблемаларды зерттеудің салыстырмалы түрдегі өз алдына жеке бағыттарының бірі – геосаясат. Геосаясатты талдаудың өзіндік ерекшелігі саясаттың кеңістік - географиялық факторларын қарастырумен, макросаяси үрдістерді зерттеумен, тұрақты және ұзақ мерзімді сипаттағы құбылыстарды ашатын ұғымдар мен категорияларды кеңінен қолданумен байланысты. Мұндай ғылыми амал әсіресе геосаяси проблемаларын қарастыру кезінде аса маңызды. Соңғы уақыттары геосаясаттың, геосаяси білімнің маңыздылығы айтарлықтай артты. Қазіргі кезде Қазақстанның геосаясаты туралы, геосаяси факторлары, геосаяси жағдайы жөнінде және т.б. туралы жиі естіледі. Алайда, осы тақырыпта сөйлейтін адамдардың бәрі бірдей геосаясат дегеннің не екенін және оның мәнінің неде екенін, пәніне не жататынын жете айыра алмайды. Соған қарамастан геосаясат дүние жүзі тарихын пайымдаудың ерекше амалы ретінде қазіргі Қазақстанның шынайы саясаты тұрғысынан өте үлкен пайдасы бар. Геосаясат ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында дүниеге келді. Оны негіздеушілердің қатарына Фридрих Ратцел, Рудольф Челлен және Хэлфорд Джордж Маккиндер жатады.
Геосаясаттық негізгі қағидаттарын ағылшын географы – саясаттанушысы Х. Маккиндер қалыптастырды. Оның зерттеулері одан кейінгі әлем тарихының геосаяси моделдерінің негізіне алынды. ХХ ғасырда Германияда, Англияда және АҚШ – та геосаяси ойдың әлемдік орталықтары қалыптасты. Геосаяси ой – пікірлердің дамуына және Германияның геосаяси тұжырымдамасын негіздеуде айтарлықтай үлес қосқан генерал К. Хаусхофер болды. Ағылшын – америка геосаяси мектебінде, Х. Маккиндермен қатар, А.Т. Мэхэн және Н. Спикмен белсенді еңбек етті. Орыс геосаясаткерлерінің арасынан Еуразия теориясын жақтаушыларды айтуға болады, солардың ірісі- П.А.. Савицкий, сонымен қатар көрнекті ғалым Л.Н. Гумилев.
Геосаясаттың өзгермелі факторлары – бұл халық ( демографиялық фактор), ресурстар ( қаржы – экономикалық, материалдық және т.б.), саяси мәдениет, қоғамның әлеуметтік- таптық құрылымы және т.б. Мұндай өзгермелі өлшемдер ( әсіресе ел-жұрт-халық) мемлекеттің даму үрдісіне айтарлықтай ықпал етеді, бірақ олар өздерінің ықпалы мен маңыздылығы жағынан тұрақты факторларға жол береді. Соңғы кезде тұрақты факторлар жүйесі туралы теориялық түсініктерге кейбір өзгерістер енгізілді. Мысалы, қазіргі геосаясатта ұзақ мерзімді тұрақтылық факторы ретінде өркениеттік фактордың роліне аса көп көңіл аударылуда. Америка ғалымы С. Хантингтонның пікірі бойынша, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан өркениеттік өзгешеліктер, көз жетерлік болашақта жоғалмайды, өйткені олар саяси идеологиялар мен саяси өлшемдер арасындағы өзгешеліктерге қарағанда әлдеқайда іргелі.
Елдің географиялық жағдайы әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысқан маңызды орталықтардың құрылуына айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді, қорғаныс өнеркәсібін орналастыру қағидатын басшылыққа алуға мәжбүрлейді. Геосаяси ғылымдарының қорытындыларына сәйкес, геосаяси фактор мемлекеттің саяси жүйесінің қалыптасу ерекшелігіне принципиалды ықпал етеді. Ш. Монтескье бірінші болып мемлекеттердің саяси құрылысын бағалаудың, «геосаяси» критериін қолданған. Ол «Заңдар рухы туралы» трактатында, республиканың шағын полистерге, монархияны орташа көлемдегі мемлекеттерге, ал деспотияны «аса үлкен мемлекеттерге» сөзсіз тән болатындығын атап көрсетті.
Қазіргі геосаясат құрлықтағы мемлекеттер үшін әдетте биліктің орталықтануы, авторитарлы болуы тән десе, ал теңіздегі мемлекеттер үшін биліктің орталықсыздануы мен демократия болуы тән деп есептейді. Сонымен бірге геосаяси тұрақты шамалар, саяси курс түрінде мүмкін болатын белгілі бір шеңберді орнатады. Сонымен қатар құрылықтағы елге әскери салада ең алдымен жердегі әскерге, ал теңіздегі елге – әскери – теңіз флотына арқа сүйеу тән, мысалға бұл КСРО (Ресей) және АҚШ қарулы күштерін құру қағидаттарынан толықтай көрінген және көрініп те отыр.
ХХ ғасырдың ІІ жартысында Ұлыбританияның геосаяси мұрагеріне айналған АҚШ, құрылықтағы қуатты держава ретінде көрінген КСРО мен «суық соғыс» жағдайында болды. «Ортаңғы аумақ» деп аталатын, құрлықтың өзегін құрайтын кеңістікті иелену Еуразия құрылығына басымдық кілті болып табылатындығы геосаяси ғылымдардың маңызды да мазмұнды қорытындылары екенін айтуымыз керек. «Әлем жүрегі» («Хартленд») деп аталған «Тарихтың географиялық өсі» болған Еуразия құрылығының және оның орталығының ерекше маңыздылығы туралы қорытынды Х.Маккиндерге тиесілі. Осы тезиске орай, «ортаңғы аумақтағы» әскери- саяси тұрақтылық, географиясы Ресей аумағына сәйкес келетін, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық тұрақтылықты айқындайды, осылайша ол әлемдік тәртіптің тұрақтылығын да белгілейді. Сонымен бірге планетааралық көзқарас тұрғысынан алғанда кім Шығыс Еуропаға бақылау орнатса, ол «Хартлендтен» басым болады, ал кімде-кім «Хартлендтен» басым болса, ол әлемде басым болады.
ХХ ғасырдың 80-90 жылдарында әлемде болған мәнді өзгерістер геосаяси жағдайды шұғыл өзгерткенін атап өту қажет. КСРО–ның ыдырауы және посткеңестік кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, Варшава келісім-шарты сияқты қуатты әскери- саяси блоктың жойылуы, НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеюі соғыстан кейінгі халықаралық қауіпсіздіктің бүкіл жүйесін толықтай қиратты, бұл деген әлемдегі барлық геосаяси жағдайдың түбегейлі өзгергендігін білдіреді. «Теңіз» және «құрғақта» қарама қарсы тұрудың геосаяси дуализмін білдіретін, екі «ұлы держава» - АҚШ пен КСРО және екі аса ірі әскери-соғыс блоктардың классикалық текетірестігінде құрылған бұрынғы тұрақты геосаяси конструкцияның қирауының жүзеге асуы басты өзгеріс болып саналды. Теорияда күштер орталықтары арасындағы ара салмақтың күрделі динамикалық тепе-теңдік жүйесінен көрінетіндігі, ал олардың арасындағы баланс, өзара әрекет жүйесінің жалпы қағидаты ретінде жүретін, өзгеріске түсуді иеленетіндігі дәлелденген.
Американың саяси элитасының көрнекті өкілі З.Бжезинскийдің пікірі бойынша, ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы Ресейдегі оқиға «Хартлендті» кім иеленеді және осы стратегиялық маңызды аумақты кім бақылауға алады деген сұрақтарды жаңаша қойған. Америка саясаттанушысының, сараптаушысының есептеуінше, Кеңес Одағының ыдырауы « Еуразия өзегін геосаяси вакуумға айналдырған», сондықтан осы бос орынды толтыруға тырысу әлемдік саясаттағы тенденцияны көбірек анықтайтын болады. З.Бзежинскийдің берген бағасында суық соғыста Кеңес Одағының жеңілісі және оның ыдырауы Құрама Штаттарға алғаш рет Қытай шекарасына дейін созылып жатқан жаңа посткеңестік мемлекеттер ісіне араласуына, сондай-ақ Парсы шығанағы ауданында және Еуразияның оңтүстік шеткі аймақтарында үстемдік етуге мүмкіндік берген. Аталмыш тенденция, менің көзқарасым бойынша, бүкіл Еуразия құрылығының тұрақтылығына қауіп-қатер туғызады, ал оның одан әрі дамуы Ресейдің жаңа жағдайда Еуразия орталығында өзінің геосаяси позияциясын қалпына келтіру қабілетіне көп байланысты. Еуропадағы бірігу үрдісі геосаяси өзгерістердің тағы да бір мәнді факторы болып табылғанын айтуымыз қажет. Дүниежүзі картасында біріккен қуатты Германияның пайда болуы, ықпалдасқан Еуропа одағының құрылуы, Орталық Еуропаның бірқатар елдерінің жалпы Еуропа құрылымына қосылуы, көптеген қарама-қайшылықтардың түйіні болған Еуропа құрлығындағы жағдайды көп өзгертті. Ықпалдасу негізінде Батыс пен Орталық Еуропа бейнесінде жаңа күштер орталығының қалыптасуы қазіргі геосаясат үшін мәнді құндылығы бар аса маңызды тенденцияны көрсетіп берді.