Балқаш көлі- планетамыздағы еі ірі көлдердің бірі. Оның аумағы-18.2 мың км2, жаға сызығының ұзындығы– 2380 км, ал су жиналу алабының аумағы 0.5 млн км2-дей. Ол Қазақстан аумағында Каспий мен Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орындағы ең ірі су айдыны. Көлдің ұзындығы- 614км, ені 3,ғ-тен 44 км-ге дейін жетеді, ең терең жері 26 м (қараша, 2000ж) Бірақ орташа тереңдігінің шамалылығы (небәрі 6 м ғана) көл экожүйесінің өте нәзік екндігін көрсетеді.
Қазақстан аумағының ұдайы көтерілуіне, табиғи және антропогендік жағдайлардың өзгеруіне байланысты Балқаш алабының экологиялық жай-күйі де өзгеріске ұшырауда. Балқаш туралы жазба мәліметтер XV ғ. белгілі. Мәселен, ұлы ғұлама қандасымыз Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) мынадай мәлімет жазып қалдырған: «Көкше теңіз» (Балқаш көлі)- Моғолстан (Жетісу) мен Өзбекстанды (Сарыарқаны) бөліп жатқан көл. Оның айнала ұзындығы сегіз айлық жол (шамамен 7200 км), ал ені кейбір жерінде- отыз фарсахқа (180 км) жуық, Қыс түскен кезде Көкше теңіздің бетіне мұз қатып, өзбектер (Сарыарқа қазақтары) мұздың үстімен Моғолстанға (Жетісудағы қазақ туыстарына) келеді. Мұздың үстімен өткенде олар екі күн және екі түн бойы өте жылдам жүріп отырады, ал қыстың соңында дәл сондай жылдамдықпен кері қайтады. Бірақ қыстың соңындағы өткел қауіпті, мұз жарылып, жүз-екі жүздей үйлі адамдардың мұздың астына кетіп қалатыны жиі ұшырасады. Көлдің суы тұщы. Көлден ағып шығатын судың мөлшері, оған келіп құятыннан аз- деген.
Балқашқа 1905 жылы келген академик Л.С. Берг көлдің суы тұщы, ал аумағының қазіргіден әлдеқайда үлкен екендігін жазып кеткен.
Балқаш көлі мен Іле өзені өте қолайлы табиғи экологиялық жағдай қалыптастырған. Іле мен Балқашқа дейін кеме жүрген, адамдар тасып балық аулаған. Қазіргі Қапшағай мен Балқашқа дейінгі аралықтағы қатынас көлігі кеме болған.
Балқашта 20-дан аса балық түрлері, ал жағалауларында әр түрлі аңдар көп болған. Іленің бойымен Балқаштың жағалауындағы қалың қамыс-қопа арасын қабандар мен жолбарыстар мекендеген. Қазір олар жойылып кетті. Ең соңғы рет жолбарыс ізі 1948 жылы байқалған, яғни бұл соңғы жолбарыстың ізі екенін өкінішпен айта аламыз. Оларды жойған. әрине, адамдар. 1980 жылдардың өзінде көлден жыл сайын 10 мың тоннадан астам балық ауланған, тіл үйіретін ерекше дәмді балық қалбырлары Кеңестер одағының көптеген аймақтарына таралған. Ал, екінші бір байлығы- ондатраның саны 1 млн-ға жеткен, қазір оларды жоқ деседе болады.
Қазір негізінен антропогендік факторлар ықпалынан экологиялық жағдай аянышты хәлге түсті. Іле мен Балқаштың жағалауындағы тоғайлар жойылып, су тартылды, бекіре мен сазанның мөлшері бірнеше есе азайса, Іленің ақ балығы жойылып кетті де Балқаштың судак балығы ауруға шалдықты. Ондатраның саны жүздеген есеге дейін азайып ,жойылып кетуге аз ғана қалды. Сонымен қатар жағалаудағы егіншілік жерлерде жарамсыз болып барады.
Айтылғандар Балқаш көлінің экологиялық ахуалын аралдағы апатты жағдайға жеткізбей, қорғап қалу шараларын іске асыруды тезірек қолға алуды міндеттейді. Осы мақсатта Алматыда 2000 жылы қарашада халықаралық «Балқаш-2000» экологиялық форумы өтіп, Іле- Балқаш алабын қорғаудың бағдарламасын қабылдады.