Ісік (латынша-tumor,blastoma, грекше-neoplasma,орысша-опухоль)- тұтас ағзаның жүйкелік – эндокриндік реттеулеріне бағынбай,өз бетінше дербес өсетін,құрылымы мен қасиеттерінде шыққан тін жасушаларынан үлкен алшақ-тықтары бар, шексіз бөлініп көбейетін және жаңадан қабылдаған қасиеттерін туынды жасушаларына бере алатын, дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушалар-дың тым артық өсіп-өніп кетуін айтады.
Ісіктер тек адамдарға ғана емес хайуанаттар дүниесінде, тіпті өсімдіктерде кездеседі. Ісіктер қазіргі таңда ауру адамдар өлімінің негізгі себебі ретінде екінші орында тұр. Адамдардың әрбір бесінші немесе алтыншысы осы қатерлі ісіктен өледі екен. Сол үшін ісіктердің пайда болу себептерін, оның таралу жолдарын, морфологиялық өзгешеліктерін білу және үйрену медицина тәжірибесі үшін өте маңызды мәселе. Ісіктерді зерттеумен онкология ғылымы шұғылданады.
Ісіктің морфологиялық көріністері мен құрылысы. Өсу ерекшеліктері. Ісік қай тіннің негізінде өсуіне байланысты әр түрлі түзіліске ие. Ісік ағза қуысына қарай немесе терінің сыртында полип тәрізді жіңішке сабаққа ілініп тұрса, оны экзофитті өсу дейді. Егер ісік қуыс ағзаның қабырғасына немесе басқа ағзалардың ішіне қарай өссе,оны эндофитті өсу деп атайды. Ісік көбінесе үлкенді-кішілі түйін түрінде өседі, оның көлемі қай жерде өсуіне байланысты. Бас сүйегінің ішінде ісіктер көп үлкеймей-ақ ауыр клиникалық өзгерістерге соқтырса, қарын қуысындaғы ісіктер шексіз өсе беруі мүмкін. Мысалы, жатыр фибромио-масының 70 килограмға дейін жеткені белгілі, ал аналық безде 129,5 килограмдық кистома табылған. Рак негізінен ақшыл түсті болса, саркоманың түсі балық етіне ұқсас ақшыл-қызыл болады, ал май тінінің ісігі сары түске боялады.
Ісік құрамында паренхима (ұлпа) басым болса ол жұмсақ, ал стромасы көп болса қатты болады. Барлық ісіктерді гистологиялық құрылысына, клиникалық көріністеріне қарап қатерсіз, қатерлі ісіктер деп бөледі.
Қатерсіз ісіктер әдетте ұзақ уақыт өседі және ағзаны аса қатты өзгерістерге ұшыратпайды. Оларға негізінен тіндік атипизм тән. Тіндік атипизмге ісік құрамындағы паренхима мен строма арақатынастарының бұзылуы, строманы түзуші дәнекер талшықтарының, жүйке талшықтарының әр түрлі жуандықта болуы немесе олардың түрлі бағытта ретсіз орналасуы, қан тамырларының бір жерде көп, екінші жерде аз болуы және т.б. кіреді. Бірақ клеткалар түзілісінде өзгеріс болмайды. Қатерсіз ісіктер айналасындағы тінге бойламай, оларды ығыстыра (экспансивті) өседі, олардың құрылысы өзі дамыған ағзаның құрылы-сына сәйкес болады, яғни гомологиялық ісіктер қатарына жатады. Метастаз бермейді, хирургиялық жолмен алып тастағанда кейбір сирек жағдайда болмаса қайта өспейді. Қатерсіз ісіктер өте үлкейіп кеткенде ғана жанындағы ағзаларды басып механикалық тұрғыдан олардың қызметін бұзады.