Ісіктің түрлері. Ісіктің қазіргі кездегі халықаралық түрлері ісік гистогенезі негізінде құрылған; яғни ісікті әртүрлі топтарға бөлгенде оның қайсы тіннен пайда болған-дығы, қатерсіз не қатерлі екендігі есепке алынады. Организмнің кез келген ағзасы немесе тіні ісік көзі бола алады. Қазіргі уақытта барлық ісіктерді 7 топқа бөледі:
1. Арнайы даму орны жоқ эпителийлі ісіктер (жеке ағзаға тән емес ісіктер).
2. Сыртқы және ішкі секреция бездері мен жамылғы эпителий ісіктері (жеке ағзаға тән ісіктер).
3. Мезенхималық ісіктер.
4. Меланин түзуші тін ісіктері.
5. Жүйке жүйесі мен ми қабықтарының ісіктері.
6. Қан жүйесінің ісіктері.
7. Тератомалар.
Арнайы даму орны жоқ (жеке ағзаға тән емес) эпителийлік ісіктер. Бұл ісіктер кез келген жалпақ не безді эпителийден дамиды. Олар қатерсіз және қатерлі болып екі топқа бөлінеді.
Қатерсіз ісіктер. Эпителийден пайда болатын арнайы даму орны жоқ қатерсіз ісіктерге папиллома мен аденома жатады.
Папиллома (латынша papilla - бүртік) жалпақ және өтпелі эпителийден өсіп шығатын ісік. Ол теріде, ауыз, мұрын қуысында, көмейде, бүйрек астауында, қуықта, сүт бездерінің өзектерінде, ми қарыншаларының ішінде өседі. Папиллома көлденеңі 1 сантиметрге дейін болған түінше түрінде кейде сабақшаға ілінген полип тәрізді терінің не шырышты қабықтарының үстінде жайғасатын ісік.
Аденома – безді ағзалар эпителиінен,олардың өзектерінен өсетін безді ісік. Ол айналасындағы тіндерден жақсы шекараланған,үлкендігі бірнеше миллиметр-ден, ондағы сантиметрге жететін, жұмсақ ісік. Аденомалар өсіп шыққан жеріндегі тіндерге ұқсас құрылымдар түзеді. Егер аденома құрамында эпителийден гөрі дәнекер тін өсуі басым болса, бұл ісікті фиброаденома деп атайды.
Қатерлі ісіктер. Эпителийден туындайтын қатерлі ісікті рак деп атайды. Рак адамдағы қатерлі ісіктің түрі. Рак түйін түрінде, не жайылма өскен, ақшыл реңдегі ісік, ол қатты, кейде жұмсақ болады. Рактың бірнеше түрлерін ажыратады:
1) орнықты рак - эпителий қабатының ішінде өсетін рак.
2) жалпақ клеткалы - терінің, шырышты қабаттардың жалпақ не өтпелі эпителийінен өсіп шығатын рак.
3) безді - безді ағзалардың шырышты қабықтарының призмалық немесе текше тәрізді эпителийінен өсіп шығатын рак.
4) шырышты - ісік клеткаларының көп мөлшерде сұйықтық бөліп шығару-мен сипатталады.
5) солидті - аса тез өсетін ісіктер қатарына жататын,эпителий клеткала-рынан түзілетін рак.
6) майда клеткалы - жетілмеген рактар қатарына жатып, көбінесе өкпеде кездеседі.
7) фиброзды - сүт бездерінде,асқазанда көбірек кездеседі, өте қатерлі, ерте метастаз беретін рак.
8) медулярлы рак - ми тәрізді ақшыл және жұмсақ ісік.