Функциялық атипия - Ісік орналасқан ағзаның немесе тіннің атқаратын қызметін:
- жоғалтады немесе төмендетеді; мәселен, асқазан обыры оның сөл шығаруын азайтады, лейкоз кезінде лейкоциттер фагоцитоздық қызмет атқармайды;
- арттырады; мәселен, аденома кездерінде эндокриндік бездердің гормон шығару қызметі артып, гиперфункция дамиды;
- орналасқан тін жасушаларына тән емес қызмет атқарады; мәселен, бронхогендік обыр аденогипофиздің гормондарын, сүт безінің обыры тиреоидтық гормондарды өндіре бастайды.
Физикалық-химиялық атипия - Ісік жасушаларында судың калий иондарының мөлшері жоғарылайды да, кальций, магний иондары азаяды.
Ісіктердің этиологиясы. Ісіктердің пайда болу себептері өте көп, олар әлі де болса ақырына дейін зерттелмеген. Ракты тексеруші Халықаралық қоғамның анықтауы бойынша адам рагының 80-90 пайызы қоршаған ортада таралған әртүрлі (химиялық, физикалық және биологиялық) ықпалдардың әсеріне байланысты.
Химиялық канцерогенез. 1775 жылы Англияда Персивал Потт мұржа тазалайтындардың обырын хабарлады: бала күнінен көп жылдар түтін шығатын мұржаларды тазалайтын адамдардың ұма терісінде, санының және құрсақ терілерінде обыр ісігі пайда болатыны байқалған. Бұл обырдың себебі пештің күйесі болады деген пікір айтылды. Осыдан кейін көп зерттеушілер обыр ісігін жануарлардың терісіне тас көмір қара майын жағу арқылы тәжірибеде алуға кірісті. Тек 1918 жылы жапон зерттеушілері Ямагива мен Ишикава осы жолмен қоянның құлағында тері обырын алды. Осыдан бастап химиялық канцерогенезді жүйелі түрде зерттеу басталды. Артынан әртүрлі химиялық заттардың әсерлерінен ісіктің басқа түрлері де дамитыны белгілі болды.Көптеген кәсіптік рактар да әртүрлі химиялық заттардың әсерінен дамиды. Мысалы, хош иісті аминдерге жататын анилин,бензидин, 2-нафтиламинмен жұмыс істейтін адамдардың көпшілігінде 5 жылдан кейін қуық рагы пайда болады. Ренгенологтарда, басқа дәрігерлерге қарағанда тері рагы 8 есе жиі ұшырайды. Этилнитроздық аминдер бүйрктің, жүйке жүйесінің рагына, диэтилнитроздық аминдер - бауыр рагына соқтырады.
Шеккен шылымның түтінінде, арақ-шарап құрамында канцерогендік заттар бар. Шылым шегетін адамдарда шылым шекпейтіндерге қарағанда өкпе рагы 10 есе жиі ұшырайды. Сонымен қатар ауыз қуысы,жұтқыншақ, көмей рактары да 3-9 есе көбейеді. Маскүнемдерде сау адамдарға қарағанда қылтамақ 170есе, көмей рагы 10 есе көп кездеседі.
Ана ағзасындағы химиялық заттар бала жолдасы арқылы өтіп өсіп келе жатқан ұрыққа канцерогендік әсер ету мүмкін. Трансплаценталық канцерогенез 30-шы жылдары Америкада жүктілікті сақтау үшін кеңінен қолданылған диэтилстильбестрол гормоны кейінірек жас қыздар мен әйелдер қанының қатерлі ісігінің дамуына себеп болғандығы анықталған. Жалпы 5 жасқа дейінгі балаларда кездесетін ісіктердің (нефробластома, гепатобластома, лейкоз, остеогендік саркома және т.б.) көбі осы жолмен туындайды. Эндокрин бездерінің көптеген ауруларында ағзадағы гормондар тепе-теңдігі бұзылып олар әсіресе стероидтар мен эстерогендер, нысана – ағзаларға канцерогендік әсер етеді.
Осы аталған химиялық заттардан басқа, әртүрлі физикалық факторлар да ісіктің туындауына себеп болады. Бұларға әртүрлі иондағыш сәулелердің түрлері және ультракүлгін сәулелер жатады. Иондағыш сәулелердің барлық түрлері канцерогендік әсер ете алады. 1895 жылы рентген сәулелері ашылғаннан кейін 1909 жылы ең алғаш радиацияның ісік туындату мүмкіншіліктері туралы пікір айтылды. Ренгенологтарда тері обыры мен сүйек саркомасы дамуының мүмкінші-ліктері байқалды. Адамдарда рентген сәулелерімен жалпы сәулелендірудің нәтижесінде ісік пен лейкоздардың дамуы жиілейді. Хиросима, Нагасаки қалаларында 1945 жылы АҚШ атом бомбасын жарғаннан кейін, Семей полиго-нында 1949 жылдан бастап атом бомбасын сынаулардан соң бұл аймақтардың тұрғындарының арасында лейкоз дерті мен ісіктер жиі кездесетін болды. Ультра-күлгін сәулелер әсерінде тері рагы мен меланома дамиды.