2. Б. АМАНШИН ПРОЗАСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ СИПАТ
Б. Аманшин – негізінен кеңестік дәуірде өмір сүріп, өзінің басты шығармаларын сол тұста жазған жазушы. Өзінің 70 жылдан астам уақыт-тарихын социализм дәуірінде өткерген Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі тұсқа сенімсіз көңілмен қарап, көп нәрсені жоққа шығарып жатырмыз. Бірақ өнер қай кезде де өзінің өнери болмысын сақтап қалатындығын әсте естен шығаруға болмайды.
Көркем әдебиет тек эстетикалық категория емес, оның қоғамдағы танымдық рөлі де үлкен. Егер бүгінді танып, болашақты болжай білу үшін өткенімізді мансұқтамай, тарих сыбағасынан тәжірибе алуға тиіспіз. Ал тарихты айқындайтын уақыт бедері сол тұста жазылған көркем дүниенің еншісінде.
Бұл тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырдың екінші жартысынан, атап айтқанда, 1960 жылдардан кейінгі әдебиет, оның ішінде қазақ прозасы тың серпінмен өркен жайғаны шындық. Сол алпысыншы жылдардан тоқсаныншы жылдарға дейінгі аралықта қазақ прозасының ең бір өркенді буынына, таланттар мен дарындар легіне айналған Т. Ахтанов, І. Есенберлин, Ә. Нұрпейісов,
Ә. Нұршайықов сынды алдыңғы толқынмен, солармен ілесе көркемдік әлемінің көркін ашқан Ә. Кекілбаев, С. Мұратбеков, Қ. Ысқақов, М. Мағауин, Т. Әбдіков, А. Сүлейменов, Ө. Бөкеев, т.б. қазақ көркемсөзінің көсегесін көгертіп, шаңырағын биікке көтеріп, керегесін кеңейтті. Олар қазақ прозасына тақырып, өміршең идеялар, жаңа типті характерлер ғана әкеліп қойған жоқ, сөз өнерін поэтикалық жақтан байытып, оның көркемдік кеңістігін түрлендірді. Сөйтіп, қазақ оқырмандарына кеңестік кезеңнің шындығын көркемдік шындық арқылы жеткізуге тырысты. Міне, осынау буынның алдыңғы қатарына сан қырлы саңлақ дарын иесі Берқайыр Аманшинді де қосуға болады. Ол өзінің әңгіме-повестерінде өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын ашса, «Махамбеттің тағдыры» атты романында тарихи тұлғаны әдеби кейіпкерге айналдыра отырып, ХІХ ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің мәні мен маңызын көрсетіп, ұлт рухының мұқалмас құрыш қуатын көркемдікпен жеткізе білді.
Бұл бөлімнің арқауы Б. Аманшиннің әдеби мұрасының үлкен бір саласы болып табылатын прозалық шығармаларына тоқтала отырып, көркем прозада өзіндік орны бар суреткердің заманауи мәселелерін көтерген өз уақытының шындығын ашқан шағын жанрдағы шығармалары мен тарихтың тереңіне жол тартқан тарихи романын талдап, сараптау болып табылады. Негізгі мақсат – жазушының қазіргі замандық әңгіме-повестері мен тарихи романдағы өмір шындығы мен көркемдік шындықтың арақатынасын таразылап, оның шығармашылық лабораториясында өмірге келген жаңашыл көркемдік ізденістердің табиғатын ашып көрсету. Сөйтіп, Берқайыр Аманшиннің прозалық мұрасының қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |