Таудан мұнартып, ұшқан тарланға теңеген Исатайы өлгесін Махамбетті қолдаушы азайып, Қызғыш құсқа мұң шақтырған батыр жанына тисе де, оның алдына қойған мақсатын айныта алмаған-ды:
... Ойға алғаным болмады,
Қара өткелде қол қалды.
Алғаным мен балаларым –
Дендерде жылап ол қалды.
Қайтесің мені сөйлетіп,
Жеңілген күні қол кетіп?
Еркімде жүрсем сөйлеуші ем,
Сөз асылын селдетіп,
Сөзіме жұртты шөлдетіп,
Сазбен көңіл тербетіп,
Ей, досым-ау, ей досым,
Кете ме сол күн енді өтіп?! [4, 238 б.]
Өзін танып, сөзін танып өткен ақында арман бар ма? Қара қазан, сары бала қамы үшін от басын, ошақ қасын тастап, түн қатып жүріп, түс қашқан жорықтардан жанын аямаған Махамбет келеді көз алдыңызға. Кеңестік кездегі таптық біржақты көзқарастар кемшілігін академик Р. Нұрғали: «Тұрпайы социализмнің кемшілігінің бірі – әрбір тұлға бойынан тек таптық белгіні іздеу еді» [28, 325 б.], – деп ащы сынайды. Автор өз поэмасында Махамбетті тап үшін күрестің емес, ел азаттығы жолындағы, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күрескер ретінде сомдайды. Бұл ой-идея шығарманың шырайын ашып, оны таптық талап деңгейіне түсірмей өркештендіріп тұр. Поэманың негізгі түп қазығы да, идеясы да осы. Мұнда назар аударар бір жайт, поэма тарихи тақырыпқа жазылып, тарихи тұлғалар өмірін арқау еткендіктен, туындыда ұлттық сыр-сипатқа үңілу басым және автордың таным-түсінігінде де ұлттық ұстаным басым келеді.
Қазақ поэзиясына өзіндік үн, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, жаңалық ала келмегенімен, Б. Аманшин дәстүрлі поэзияны жалғастырушылардың бірінен саналады. Алайда Б. Аманшиннің өзіне ғана тән бейне, көркем тіркестердің бар екендігін де байқауға болады.
Әрине, Берқайыр Аманшиннің «Даладағы дауыл» поэмасы – дәуір сипатын аша алған, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи шындығын суреттей алған толыққанды туынды. Алайда поэманың басты кейіпкері Махамбет тұлғасының қыр-сыры түгелдей, толымды шыға қоймаған. Сондай-ақ, Исатай-Махамбет көтерілісінің шығу кезеңіндегі саяси-экономикалық жағдай толығынан көрініс таппаған. Сонымен қатар Махамбетпен тізерлесе жүрген серіктестері, оған деген қастандықтан аянбаған жаулары іспетті тарихи кейбір тұлғалар ақын назарынан тыс қалып қойған. Поэманың тілі жатық болғанымен, кейбір кедір-бұдыр жерлер кездесіп қалады. Мысалы:
Қараша үйлер домалақ...
Көгенде ақсақ ақ лақ.
Төр алдында ондалап,
Кәрия жатыр аһлап [4, 248 б.], –
деген жолдардан қандай көркемдік танып, не түсінуге болады.
«Жазушы ағамыздың әдебиет саласында қай жолды қаламасын, бірақ соның бәрінің түп атасы ақындыққа барып тірелетіні анық. Өйткені, ақындық әрқашан да азаматтық көкірегінің күмбірлеген күмбезі, сезімінің селкеусіз самалы, зердесінің құйып алар зереңі екендігі әмбеге аян. Сондықтан да біз, Берқайыр ақынның бүкіл шығармашылығының жұмбақ құпиясы осы поэзияға байлаулы екендігін ұмытпағанымыз жөн» [29], – дейді ғалым С. Оспанов.
Берқайыр Аманшин поэзиясы туралы ойымызды қорыта келе айтарымыз, оның өлең-жырларының негізгі тақырыбы сүйікті Отан, туған өлке табиғаты, бейбіт өмір мұраттары, қарапайым еңбеккер адамдардың іс-әрекеттері мен ой-сезімдері, белгілі бір қоғам талаптары негізінде өмір сүріп жатқан адамдар арасындағы қарым-қатынастардың тазалығы, азаматтық адамгершілік, махаббат шынайылығы болып табылады. Бұл оның шағын лирикаларына ғана емес, ірі жанрдағы поэмаларына да тән. Ақын эпикалық жанрдағы дастандарында қандай саяси-әлеуметтік мәні жоғары мәселені көтермесін, ол ең алдымен өзінің сезімталдығын, лиризмін танытады. Сонан соң, өмірдің реалистік шындығын еш кемітпестен көркемдік шындыққа айналдырады. Бұған біз поэмаларын талдай отыра көз жеткіздік. Түйіндей айтқанда, Б. Аманшин – шыншыл ақын, шын ақын.