Ізденіс бастаулары


Әдеби-сыни зерттеулеріндегі әдебиеттің өзекті мәселелері



бет9/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
2.2 Әдеби-сыни зерттеулеріндегі әдебиеттің өзекті мәселелері
Берқайыр Аманшин сын жанрында айтарлықтай еңбек етіп, әдебиет әлеміне қатысты ой-пікірлерін білдіріп отырған. Бұған қаламгердің артына қалдырған мол мұрасының бір саласы болып табылатын сыни мақалалары дәлел. Оның сын тақырыбынан сыр шертетін ой-толғамдары баспасөз беттерінде көп жарияланған. Сыни мақалаларының көп бөлігін поэзияға, прозаға арнаған мақалалары құрайды. Ал драма, театр төңірегінде айтқан пікірлері де едәуір. Сыни мақалалар газет-журналдарда басылған, кейбірі қаламгер мұрасында қолжазба күйінде ғана қалған. Кітап болып басылмаған.
Б. Аманшин ойының алғырлығын оның алғашқылардың бірі болып Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романына өз көзқарасын білдіруінен байқаймыз. Мақаламен танысу барысында көзге түскен: «Біздің әдебиетімізде проза жанрының тууы да Сәбит есімінен байланысты. Революциядан бұрын шыққан С. Көбеевтің «Қалың мал» атты шығармасын роман дегенімізде шартты түрде айтамыз. Өйткені «Қалың малда» толық мағыналы көркем проза компоненттерінің бірсыпырасы (мәселен, кейіпкерлердің ішкі ой-дүниесін суреттеу арқылы кесек тұлғалар мүсіндеу, табиғатты суреттеу арқылы оқиға және характерлер шындығын күшейту) тиісті дәрежеде сақталмағаны мәлім. Ол шығарманың әдебиетіміздің тарихында алатын өз орнына еш шүбә келтірмесек те, қазақтың тұңғыш романын жазған Сәбит Мұқанов екеніне бүгін кім-кімде қуана қол қояды» [36], – деген нық сенімі өзіне еріксіз қызықтырады.
Романның көтерген жүгі, идеясына қатысты: «Мөлдір махаббат» –шынында да халықтық шығарма. Мұнда қазақ елінің тарихи дамуының ең бір қиян-кескі ұрыстарға бай, жұртшылықтың материалдық және рухани өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатқан белесті кезеңі суреттелген.
Мақалада тақырыптың қалай ашылғаны, яғни оқиғаның басталуы, өрбуі, шиеленісуіне қатысты сыншы пікірі кездеседі. Мазмұнды баяндау басымдау екендігі ескертіледі. Романдағы оқиға негізінен Бүркіт пен Бәтестің бір-біріне ғашықтық хикаясы төңірегінде өрбігенмен, бұл жай ғана бір ауыл немесе аудан, облыс шеңберіндегі әңгіме қалпында емес, автордың қозғайтыны бүкіл халқымыздың сол кездегі хал-ахуалы мен келешегіне қатысты мәселелер екендігі нақты мысалдар негізінде дәлелденеді. «Жастардың бір-біріне ғашық болуы құбылыс және тек шын сүйіп қосылған жастар ғана бақытты бола алады. Бірақ ол үшін адамның бар ақыл-ойына, ар-ожданына ерік берген әділ өкімет дәуірлеуі тиіс. Ондай өкімет – совет өкіметі, елімізде орнатып жатқан жаңа қоғам. Міне, автордың уағыздайтыны – осы» [36]. Кезеңді еске түсірер болсақ, бұл сөздерде тұрған еш жаттық жоқ. Қайта орынды ой бар, жанға жылылық берер емді сөз бар.
Сыншының шығармадағы оқиға өрісі, образ сомдауға қатысты өзіндік пікірлері көшелі ойға қозғау салғандай: «Оқушыны тоқсан толғандыратын тартымды суреттер, тартымды ой дүниесінде еркін жүзіп келе жатқан, кітаптың кейбір жерлерінде «әттеген-ай» дегізетін ақаулар кезіккеннің өкініші жаман-ақ. Бұл ретте ең бірінші айтарымыз – оқиға дамуына еш ықпал-себебі жоқ, адам образдарын толтыруға да пайдасы аз қосалқы суреттеме, оқиғалардың көптігі.
Берқайыр Аманшин ақын, жазушы, драматург ретіндегі қаламгерлігімен қоса, сын жанрында да қарымды қалам сілтеп, көп еңбектенгенін жоғарыда атап өттік. Оның шығармашылық жолында үздіксіз әм талмай іздену үстінде болғандығын түрлі басылымдар бетінде қалған мақалаларынан да көре аламыз.
Олардың салмақтылығын, дәлдігін байқаймыз. Мысалы, поэзияға қатысты «Өлеңге қояр талап» мақаласында өлеңге қояр Абайдың «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тисін» деген талабын: «Тілге жеңіл болса, түрі жақсы болғаны, жүрекке жылы тисе, мазмұнды болғаны» [37], – деп тарқатып түсіндіреді.
Б. Аманшин ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мазмұн мен түр тұтастығы» деген мақаласын талдай отырып, оның біраз пайдалы пікірлерін атап өтеді. Мысалы: «Ол өлеңге жаңа түрді жасанды жолмен зорлап енгізуге болмайтынын, жаңа түр поэзияның байырғы өрнегіне табиғи сіңісе алса, ғана қабылдау керек екенін жазды» [37], – дейді ол. Содан өзі көрген кемшіліктерді ашып айтады: «Алайда автордың түр деген ұғымды тым тар түсінетіндігі байқалады. Өлеңнің түрі тек ырғағынан, ұйқасынан танылады дегенді меңзейді. Мазмұн мен түр тұтастығы, өлеңнің архитектоникасы туралы мәселе бұдан гөрі кеңірек қарауды қалайды.
Б. Аманшин өмір шындығы мен көркемдік шындықтың сай келуі өмірді сол күйінде көшіріп алуы емес екенін нақты дәлелдеуге тырысады. Ол бұл тараптағы пікірін ашық білдіреді. «Р.Бердібаев жолдастың табиғилық дегені нанымдылық болса керек. Бірақ, біздіңше, өлеңнің нанымды болуы жеткіліксіз, мазмұны нанымды өлеңнің бәрі бірдей төрт аяғынан тік баса бермейді. Өлең нанымды болумен қатар, көркем болсын. Оқырманға алдымен керегі көркемдік шындық екені анық нәрсе» [37]. Сыншы өлең жанрының білгірі ретінде өзінің поэзияға қатысты пікірін көбіне ашық білдіреді. Мәселен: «Ақындық шеберлік жайын қозғағанда, кейбір сыншылар өлеңнің, ең алдымен, өлең болуы керек екенін, оқушыға эмоциялық әсер етуінің ең бір басты талап екенін ескермейді. Олар көбіне адам образы жасалуы керек деген ережені біржақты қолданып, әр өлеңде әр кейіпкердің бастан-аяқ өмірбаяны, кейде тіпті қызметтік мінездемесі болсын деп өзеурейді. Бұған А. Шамкеновтің «Махаббат лирикасы» деген мақаласы дәлел. «...Белгісіз біреулердің бойлары балқып, сүйісіп тұрғаны оқушыға қаншалықты әсер етпек? Қаншалықты тәрбиелік мәні бар?» – деп жазады ол. Белгілі болуы үшін, сыншының ойынша, өлеңде жігіттің аты-жөні, жасы, мамандығы, қызмет орны, тіпті үйінің мекен-жайына дейін көрсетілуі керек сияқты.
А. Шамкенов мақаласында М. Исаковский, С. Шипачев сияқты ақындардың шығармаларының бұл қасиетін «ешқандай әсірелеусіз, өмірдегі шынайы фактіге құрып жазғандықтан» деп түсіндіреді, сөйтіп көркем әдебиетте әсірелеудің қажеті жоқ деген тоқтамға келеді. Мұның терістігін теорияға бармай-ақ, өзі мысалға алған ақындардың өлеңдерімен де дәлелдеуге болады. М. Исаковскийде:
...Выходила, песню заводила,
Про степного сизого орла... –
деген жолдар бар. Ақын егер өлеңін, А. Шамкенов айтқандай, шынайы фактіге құрса, шекарашыны «сизый орел» демей-ақ «Ваня Петров» дей салар еді» [37].
Б. Аманшин поэзияға ғана емес көркем прозаға да сын жазған. Солардың ішінде оның Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романына жазған сыны айрықша ерекшеленеді. Өйткені онда Б. Аманшин тек сыншы ғана емес махамбеттанушы ретінде де көзге түседі. Өзінің Махамбет турасындағы біліктілігін сыншылдық көзқарасына қару да ете біледі.
«Жазушының тарихқа бет бұрғанда өткен-кеткенді құр бейтарап бақыламақ, я қайталамақ мақсаты жоқ. Тарихқа ол өткендегінің өнегелі, я өкінішті сабақтарын қазіргі заманның көкейкесті мәселелерімен байланыстырмақ ниетпен, жалпы адамзаттық, гуманистік мұраттар тұрғысынан қарайды. Осыған ыңғай ол көп ретте жазудың памфлеттік-публицистикалық мәнеріне ден қояды. Нәзік психологизмге тереңдемейді, өз кейіпкерлерінің алғыр ой, алымды қимылдарын ірі де анық сызықтармен суреттеуге бейім» [38].
Міне, осындай ойлармен Б. Аманшин Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» атты романын талдап, осыған орай жетістік, кемшіліктерін сынға алады.
Ә. Әлімжановтың оқиға сюжеттерін өрісті дамытуын: «Исатай-Махамбет көтерілісінің ең шиеленісті оқиғалары романның соңғы бөлімінде суреттелген. Бұл үшін жазушы ұтымды әдіс қолданған: тараудың бас жағында ханның қызметшілері мен құлдарының алдында жырлап отырған бір аты белгісіз ақынды көрсетеді. Ақын сол арада Исатай мен ханның егесінің тарихын о бастан бастап өрбітеді, көтерілісші сарбаздарды көкке көтере мақтайды. Автор оның жырына Махамбеттің жалынды жолдарын шебер сыналап, сезімге тиер әсерін одан сайын күшейте түседі» [38], – деп жазушының ақынның ішкі әлемін ашуға деген ұмтылысын айқын таниды. Бұл арада сыншы жазушының тарихи шығармаға өзіндік ұстанымын да нақтылап тұр. Тарихи шығарманың арқау етері тарихи құбылыстар, ал бас кейіпкерлері нақты тұлғалар. Олай болса мұнда тарихи дерек пен жазушы қиялының арақатынасы қандай болу керек. Сыншы бұған да өзіндік көзқарасын білдіреді.
«Өткен замандарда я, мейлі, осы өз тұсымызда нақты өмірде болған оқиғаларды өз шығармасының тақырыбы етіп алған жазушының тарихи шындықтан ауытқып кету қаупінен аман құтылуы қиын. Ал кейде соған өзі біле тұра барады. Өйткені, ол – суреткер, өнер заңдарын орындаушы, атқарушы. Ал, өнердің қатал заңы: болған оқиғаның бәрін мұрнынан тізе бер, қолымен көшіре бер демейді. Сан алуан оқиға мен құбылыстардың ішінен солардың о бастағы мазмұны мен түрін айқын ашатын жиынтық, типтік көріністердің қайтадан жанданған бейнелерін жаса дейді. Мына романда да автор сол бір қилы кезеңнің барлық оқиғаларын күн санаған (хронологиялық) дәйектілікпен, фотографиялық дәлдікпен суреттеуге міндетті емес. Ол керек жерінде оқиғалардың мерзімін өзгертеді, орнын алмастырады, кейде көп жылдар, тіпті ғасырдан аттап өтеді, адам аттарын өзгертеді, т.с.с.
Сыншы жазушының қате басқан қадамын осы тұстан табады. «Махамбеттің жебесі» романындағы «автор сол кездегі қазақтардың ру-тайпалық құрылымы және рулардың қоныстары төңірегінде біраз жаңылған. Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан рулардың ішінде, ол найман, шапырашты, қыпшақ, кете, шөмекейді атайды. Шындығында, о заман да бұ заман, Ішкі Орданы, яғни Еділ мен Жайық арасындағы қалың құм, маң даланы бұл рулар қоныстаған емес. Найман мен шапырашты Ұлы жүз, қыпшақтар Орта жүз, кете мен шөмекей Кіші жүзге жатады.
Көтерілістің себепкері әрі оны қанға тұншықтырушы жауыздың бірі, ханның қайын атасы Қарауылқожа шығармада басынан аяғына дейін «сұлтан» деп аталған. Шындығында, оның нәсілі қожа (атынан да көрініп тұр). «Сұлтан» деген атақ тек Шыңғыс әулетіндегі төрелерге ғана қолданылатын.
Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысушылар секілді халық жасақтары әскери сап тәртібін (строевой порядок) білмегені тарихтан белгілі. Олар бұл романдағыдай жүздіктерге бөлінбеген, қос-қосқа бөлінген (мұнысы Запорожье қазақтарының «куреніне» келіңкірейді). Әр қоста тек бір рудың жігіттері болған және олар жауға шапқанда өз руларының ұранымен шапқан. Романда сарбаздардың бәрі жауға «Адай! Адайлап!» шабады. Шындығында, «Адай» тек бір рудың аты, адайлардың ұраны – «Бекет!».
Романда тұтқынға түскен сарбаздардың «шаштары желмен желп-желп етеді». Ал ертеде мұсылман заңында еркектердің жалбыраған шаш қоюы үлкен күнә саналғаны белгілі. Сол сияқты, еш мұсылман баласы «аяғының астына аттың терлігін жайып салып» намаз оқымайды. Өйткені жайнамазға тек таза нәрсе қолданылатын ғой. Жазушының өлген адамға «жерлеген күннің кешінде» ас беруі де қате.
Махамбеттің әйелінің аты Мақпал емес Ұлтуған және ақынның Иса деген інісі болған емес. Қарауылқожа көтеріліс кезінде полковник емес, войсковой старшина деген шені болатын. Романда генерал-губернатор деп қате аталған, дұрысы – Орынбор әскери губернаторы Перовский де ол жылдар граф емес-ті. Граф атағы оған 1855 жылы Ақмешітті жаулап алғаннан кейін берілген» [37]. Осынау тізбеленген кемшіліктерден тарихи дерек пен көркем қиялдың өзара қатынасында мүлт кеткен жерлер жетерлік екені айқын білініп тұр емес пе? Мұнда сыншы тарихи шығармадағы жазушы қиялы тарихи шындықтан тым шығандап кетпеу керектігін аса қажетті нәрсе деп біледі. Ол тарихи дәлдік пен нақтылық көрініс таппаған тұста тарихи шығарманың құны кемірін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп беріп отыр.
«Махамбеттің жебесінде» ақынның қайғылы түрде қаза табуын суреттеуге арналған соңғы тарау үстірт жазылған. Әлі күнге анықталып болмаған жайлары бар, жүректің қанымен жазуға лайық, трагизмге толы осы оқиғаны баяндауда асығыстықтың ізі сайрап жатыр» [38], – дейді сыншы көркемдік ізденіс дамымай қалған тұстың тамырын дәл тауып.
«Автор жақсы шығармасының келесі басылымында және қазақшаға аударылуында осы жайларды ескергені мақұл» [37], – деп түйіндейді шығарма туралы ойын сыншы.
Егер бұл сыни талаптың орындалу сипатын Б. Аманшиннің жоғарыда талданған «Махамбеттің тағдырынан» іздер болсаңыз, сөз жоқ табасыз. Бұдан
Б. Аманшиннің махамбеттану тақырыбын терең меңгергендігі байқалады.
Б. Аманшиннің көлемді сыни мақаласының бірі «Жүріп жатады...» (яки ғылыми кітаптар мәдениеті жайынан) деп аталады. Онда ол «соңғы уақытта әдебиеттанудың, әдебиет сынының әр түрлі мәселелерін қарастырған қалың-қалың зерттеулер көбейе бастады. Біз осы кітаптардың кейбіреулерінің әдеби сапасын, талдау әдістеріндегі, баяндау мәнерлеріндегі, тіліндегі кейбір орашолақтық, асса – сауатсыздыққа ұласатын қарадүрсіндік, үстірттік жайлы әңгімелемекпіз», – деп бастап, ғылыми еңбектерде белең алып келе жатқан басты-басты кемшіліктерді «тайға таңба басқандай етіп» айқындап береді.
С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» атты кітабын да автор біршама ащы сынайды. Мәселен: «Қазақ драматургиясында трагедия жанрының тууын сөз етер алдында автор трагедияның көне заманнан бергі даму белестерін қысқаша шолып өтеді. Қысқаша шолуы әбден орынды, өйткені бұл бағытта тереңдеу автор зерттеуінің нысанасы емес. Алайда, осы қысқаша анықтамаларының өзінде С. Ордалиев оқығанда езу тартқызатын мынадай сөйлемдерді қолданады:
«Мұнда (әңгіме Шекспир трагедиялары туралы. Б.А.) белгілі кезеңдегі орын алған моральға қарсы тұру арқылы өзін-өзі өлімге байлайтын геройлар туды». Немесе: «көне грек трагедиясы мен ағылшын, француз трагедияларынан үлгі ала отырып, Шиллер жаңа үлгі жасады, онда/?/ көбінесе тарихи адамдардың мораль айтуымен аяқталады».
Енді бірде автор М. Әуезовтің «Қаракөзін» әңгімелей келіп: «Сырымның Қаракөзге деген махаббаты адал, кіршіксіз таза, шексіз мөлдір, сондықтан да ол Қаракөз үшін ежелгі салт, дәстүр атаулының бәріне қарсы тұрады», – деп жазады да іле-шала өз сөзін өзі жоққа шығарады. «Онда... әлеуметтік, қоғамдық құрылысқа, сол кездегі үстемдік етушілерге қарсы әрекет те пьесадан байқалмайды», – деп жазады ол [38, 42-43 бб.]. Сонда осы екеуінің қайсысы ғылыми тұжырым?». Қарап отырсақ сыншы пікірінде шындық бар. Ғылыми еңбекте бір-біріне қарама-қайшы пікір болмауға тиіс.
Ғылыми еңбектер туралы өз ойын түйіндей келе, Б. Аманшин ойын былайша қорытады:
«Жоғарыда айтылған М. Дүйсеновтің кітабында тағы да мынадай сөйлемдер ұшырасады:
«Орыс халқының әсері...».
«...әр түрлі көзқарастағы адамдардың көзқарастары бірдей болып келмейді» [38, 39 б.].
Бұндай көріксіз тізімді жалғастыра беруге болады. Мектеп оқушыларының шығармаларында емес, ғылыми еңбектерде бұл сияқты жаңсақ тұжырымдардың, жаңылтпаш сөйлемдердің шұбырып жүруі өкінішті-ақ. Біздің әдебиет сынымыз осыларды уақытында көрмейді, елемейді. Сол себепті де ғылыми кітаптарда бұл сияқты өрескелдіктер М. Дүйсенов айтқандай, «жүріп жатады».
Қашанғы жүре бермек сонда?».
Жалпы алғанда автор өз мақаласында ғылымды қадірлеу, оған жауапкершілікпен қарау туралы ой қозғаған. Оны ғалымдар мен сыншылар ортасына пікірталас ретінде тастаған.
Сыншы Б. Аманшин драмалық шығармаларға да сын жазыпты. Соның бірі – «Отансыздар трагедиясы» деген тақырыппен Қалтай Мұхамеджановтың үш бөлімді «Жат елде» атты драмасына жазған сыны.
«Жат елде» атты үш бөлімді драма – Қалтай Мұхамеджановтың бұрынғы пьесаларының табиғатынан мүлде бөлек дүние. Әуелі тарихи экскурсия жасауға тура келеді. Неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан Соғысында совет халқы аса зұлым да, қауіпті жаумен ұстасты. Осы күресте герман фашизмі ашық қарулы шайқастан басқа да түрлі зұлымдық іс-әрекет, айла-шарғының бәрін қолданды. Соның бірі совет Одағы халықтарының атын бүркенген түрлі ұлттық легиондар құрып, оларды Совет Армиясымен соғыстыру» , – деп тарих тереңіне шолу жасаудан бастапты мақаласын. Әрине, бүгінде «Түркістан легионының» өзіндік міндеттері болғаны. Олардың негізгі мақсаты «қызыл коммунизммен» күресу екендігі туралы пікірлер белең алып келеді. Алайда сыншының трагедия табиғатын тап басып танығаны, уақыт сұранысына орай тарих тереңінде сыр бүккен тақырыптың сан қатпар сұрағына жауап табуға тырысқаны айқын білінеді.
Б. Аманшин тек сыни мақалалар жазып қоймай, әдеби зерттеу мақалаларды жазды. Әсіресе, Б. Аманшин қазақ тарихнамасының қалтарысында жатқан тарихи тұлғалардың өмірбаяндық деректерін, шығармашылық мұраларын зерттеп, талдау, жариялау ісіне қомақты үлес қосқан. Батыс Қазақстан, Атырау аймағын аралап, көнекөз, көкірегі шежіре адамдардан сұрастыра жүріп, Ығылман Шөрекұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Исатай-Махамбет және олардың жорықтас жолдастары жөнінде тың деректердің көзін ашқан. Оларды архив папкелеріндегі ресми мәліметтермен салыстыра талдап, ғылыми ақпараттық айналымға қосты.
Қазақ қоғамдық санасы мен әдебиет тарихында азды-көпті еңбегі бар қаламгер өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуде Б. Аманшиннің сіңірген еңбегі аз емес. Ол тек қана архивтік деректерді табумен ғана шектелмей, қолына түскен әдеби шығармаларға талдау да жасап отырған. Зерттеуші 1976 жылы Ығылман Шөрековтің 100 жылдығына орай оның дастандары мен өлеңдерін құрастырып, «Исатай-Махамбет» деген атпен бастырып шығарғанын бірінші бөлімнің үшінші тараушасында айтып өткен едік. Ол жинаққа кіріспе мақала жазып, түсініктер берді. Б. Аманшин «Ер ерлігін жырлаған» деген Ы.Шөрековтің эпик ақын ретіндегі болмысын ашқан көлемді мақала да жазған. Онда «Исатай-Махамбет» дастанын терең де жан-жақты талдайды. Ол мақала 2004 жылы «Арыс» баспасы шығарған «Жыр-семсер» атты Б. Аманшиннің Махамбетке қатысты мақалар жинағына «Махамбеттің ізбасары» деген атпен енді. Зерттеуші өз мақаласында: «Ығылман Шөреков – соңғы екі ғасыр тоғысында қазақтың халық поэзиясының үлкен жүгін көтерген ақындардың бірі» [10, 183 б.], – деп, ақынның әдебиетімізден үлкен орын алатынын атап көрсетеді. Ал оның «Исатай-Махамбет» дастаны туралы: «Бұл кезеңдегі (ХХ ғасырдың басы – А. Е.) ұлттық поэзияда көлемінің қомақтылығымен, идеялық-көркемдік салмақтылығымен Ығылманның «Исатай-Махамбет» дастанымен тепе-тең түсетін шығарма әдебиетімізде кемде-кем» [10, 183 б.], – деген тұжырым жасайды. Сонымен бірге ол: «Ығылманның өмірінде тындырған ең үлкен азаматтық ісі – Махамбет өлеңдерін біздің ұрпаққа жеткізуі», – деп, оның Махамбет шығармашылығын ұрпаққа аманат еткен еңбегін де назардан тыс қалдырмайды. Зерттеуші 1976 жылғы жинақты даярлау кезінде Ығылман өлеңдерін ел аузынан жинастыруға еңбек сіңіргенін де осы мақаласында мақтанышпен атап өтеді [10, 198 б.].
Зерттеуші өзінің «Бір жоқты, бір жоқ табады» деген мақаласында ХХғасыр басындағы әдебиет үшін айтарлықтай құбылысқа айналған
А.С. Пушкиннің «Капитан қызы» атты шығармасын қазақ тіліне аударған Молданияз Бекімовтің өмірбаяндық мәліметтерін келтірумен қатар оның аудармашылық өнеріне де жан-жақты баға береді.
Зерттеуші М. Бекімовтің қазақ қолөнері мен аңшылық кәсібіне қатысты тарихи-этнография материалдарын жан-жақты талдаумен қатар, әсіресе, белгілі заттарды тек қана тамақ табу құралы ретінде қолданбай өнер, рухани күш философияға, ептілікке, табиғатпен үндестікке айналдыра білген халық шығармашылығына, шеберлігіне ден қоюын жақсы қасиет ретінде бағалайды.
«М. Бекімов бұл мақалаларына қазақтың қалың бұқарасының ауыр тірлігіне іш тарта жазып, ара-тұра оларды қорғап та үн көтереді. Отарлау саясатының мықты тірегіне айналған орыс армиясының офицері үшін мұндай ой пікір айту қауіпсіз де емес-тін. Осының өзі қаламгердің демократтық көзқараста болғандығын аңғартып қана қоймай, сонымен қатар батылдығынан да хабар береді», – деп атап көрсетеді зерттеуші.
«Аса көрнекті ғалым, академик, тарихшы Әлкей Хақанұлы Марғұланның «Күйді ерттеп, әнді мінген» деген еңбегінде бұрын көзге түспеген жаңалық көп. Алдымен, мұнда қазақта көне заманнан бері көп ғасыр бойында күні кешеге дейін болып келген САЛ, СЕРІ дегендер кімдер екеніне ғылыми жан-жақты негізделген анықтама беріледі. Сал мен сері өнерінің айырмашылықтары қарастырылады, олардың табиғи өзгешеліктері, сырт бейнелерінің ара-жіктері ашылады. Бұл тұжырымдаулар мейлінше дәл де, терең, бұны қазақ әдебиеттануындағы соңғы тұжырым, жаңа сөз деп ұққан жөн», – деп басталатын мақалада қазақ өнерінің жампоздарына айналған сал-серілер, жалпы өнерпаздық жайлы өрелі ойлар өрілген.
Мақалада Әлкей Марғұланның сал, серілер жөнінде қарастырылған бұрын белгісіз не қағаберіс қалып келген Шегегей, Қотан, Баян, Тайлақбай, Өтепбай туралы мол дерек келтіргені. Осы санатта автор өз бабасы Марғұлан туралы да қызықты материалдар бергені, сосын, әрине, салдықтың, серіліктің туын көтерген белгілі әнші, күйші композиторлар Әсет, Естай, Тәттімбет, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, т.б. майталмандарға жеке-жеке тоқталғаны, бұларды өздері өмір сүрген, өнер баптаған ортасына, өлкесіне қарай топтап әрқайсысының өнерпаздық мектебінің қыры мен сырын айқындай ала түскені сөз болады.
Зерттеуші үлкен ғалымдардың да кейде қателікке бой ұратындығын былай көрсетіп: «Осы ретпен Әлекең Қазақстанның күнбатыс өңірінің сал, серілері Дәулеткерей, Құрманғазы, Сарамалай, Мұхит, Сейтектерге де мейлінше дәл де толық творчестволық мінездеме берген.
Журналдың 178-ші бетінде былай делінген: «Жайық бойында атақты серілерден ХІХ ғасырда екі Мұхит болды. Біреуі атақты композитор Мұхит Мералиев (1806 жылы туған).
Екінші Мұхит Қаратаев (1843-1918) белгілі сері, әрі әнші, әрі күйші. Бұл Мұхиттың әнін, күйлерін таратушылар ел арасында өте көп, сондықтан
А. Затаевичтің бақылауынша ол өзінің көп шығармаларымен бүтіндей бір мектеп ашқан кісі дейді», – деп алып, «Мұхит Мералиев пен Мұхит Қаратаев екеуі бір кісі, әйгілі әнші композитор Мұхит Мералиев өзінің айтуындағы «Оралдан ән оздырған Мұхит төре». Екінші Мұхит еш уақытта болған емес», – деп, жазады. Мұны ол өңірдің еңбектеген баласынан бастап еңкеңдеген кәрісіне дейін білетіндігін тілге тиек етеді.
Қателіктің себеп-салдарын: «Бұл жаңсақтықтың төркіні белгілі
А.В. Затаевичтің «Қазақтың 1000 ән-күйі» деген кітабында (екінші басылуы – 1963 ж., 482 б.) Мұхит Қаратаев деп жазылған, ал кейінгі әдебиетте Мұхит өз әкесінің атымен Мералиев деп жазылып жүр (дұрысы да осы)», – деп түйіп,
Б. Аманшин одан ары ойын: «А.В. Затаевич әлгі кітабында Мұхит жөнінде былай деп жазған: «Происходил из султанского рода потомков владельного хана Абулхаира и был внуком мятежного султана Каратая». Расында да солай: Әбілқайырдан Нұралы, оның 30 ұлының бесеуі «бес қалмақ» атанғаны Ырыс деген қалмақ қызынан туған. Сол бесеудің біреуі Қаратай, одан Еркін, одан Мералы мен Құмаш туады. Мералыдан Мұхит (шын аты Мұхаметжан) туған. Оның бірде Қаратаев, бірде Мералиев болып жазылатыны содан. Мұхиттан Шоң мен Нәу туады (елде «Нәудің әні» деген әдемі ән де бар). Әлекеңнің мақаласында аталған атақты күйші Қазақ СССР-нің халық артисі Лұхпан Мұхитов – Шоңның баласы, Мұхиттың немересі еді», – деген деректерді алға тартып, Мұхит ата-бабасының тарихын таратып береді. Сонан соң журналистер қауымы жіберген кемшілікке: «Ақсақал ғалымның мақаласын даярлаған «Жұлдыз» журналындағы жолдастар Затаевичтің бір кітабын ашып қараса, мұндай жаңсақтықты жібермеген болар еді», – деп ескерту жасап алып, «Сонымен, әнші Мұхит екеу емес, біреу. Ол – Мұхит Мералиев. Кәдімгі «Айнамкөз», «Ақиіс», «Үлкен айдай» деген тамаша әндердің авторы, атақты әнші, күйші, сері», – деп қорытындылайды мақаланы.
Жоғарыда сөз болған әдеби-сыни мақалалар туралы ойымызды қорыта келе, Б. Аманшиннің сыншылық, зерттеушілік еңбектерінің үлгі тұтарлық, тағылымдық мәні зор деп білеміз. Олардың болашақ зерттеулерге жөн сілтеуге жарайтындығына күмән жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет