Ізденіс бастаулары


Б. Аманшин лирикасының тақырыптық арналары



бет4/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
диплом Б.Аманшин

1.2 Б. Аманшин лирикасының тақырыптық арналары
Поэзияны өмірдің бүлкілдеген тамыр соғысы десек, соны тап басып таныған – қазақ ақындары. Өйткені қазақ ақындарының өлең туындылары өмірмен өзектес шығып жатады. Міне, сондай ақынның бірі – әдеби мұрасы зерттеуімізге арқау болып отырған Берқайыр Аманшин.
Қай ақын болмасын өз болмысын өзінің лирикалық кейіпкері арқылы береді. Сол арқылы сездіреді. Лирикалық тұлға көзқарасының дәуір шындығымен астасып жатуының бір сыры сонда. Яғни, лирикалық тұлға дегеніміз ақынның бүкіл шығармашылық ғұмырында айқындалатын бейне болса, лирикалық кейіпкер жеке кез келген мәтіндік бөлшекте және лирикалық өлеңде көрініс тапқан авторлық дербес сананың көркемдік тұрпаты.
Бұл тұрғыдан алғанда Б. Аманшин поэзиясынан оның халқына деген тап-таза сүйіспеншілігіне толы, адамдық, адамгершілікті жоғары бағалаған өзіне тән қолтаңбасын танимыз.
50-жылдардың басында «Игорь полкы туралы сөз» атты аудармасымен әдебиет есігін қаққан Берқайыр Аманшиннің тұңғыш баспа бетін көрген өлеңі 1942 жылы Гурьев облыстық газетінің Бірінші Майға арналған санында жарияланған. Өлеңнің мазмұны, жазылу себебін ақын өзі туралы жазылған мақаласында келтірілгенін біз жоғарыда атап өткен едік. Онда былай делінген:
«... Оны «Бірінші Май» емес, «Биылғы май» деп атауымның мәні бар еді. Жылдағы бейбіт кездегідей емес, бұл соғыс басталғаннан кейін бірінші рет тойланып отырған Май ғой. Көктем қанша гүлденгенмен, жылдағыдай сәні жоқ, көңілдер солық, мереке өңсіздеу. Өйткені батыста майдан қызған, фашист жауыздар Еділге тақап қалған кез. Мерекелік өлеңімде мен биылғы Майдан осы ерекшелігін жырласам керек». Отанға деген сенімнің, жастықтың отты сезімімен өрілген бұл өлең уақытпен үндескен туынды.
Жалпы, Берқайыр Аманшин – ұлттықтан бөлектенбей, өзіндік болмысын тапқан ақын. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1954 жылы «Өлеңдер» деген атпен жарық көрген. «Өлеңдер» жинағының екі бөлімінде ақынның өз өлеңдері берілген де, үшінші бөлімі аудармаларына арналған.
Ақынның алғашқы кітабы жөнінде ақын Х. Ерғалиев: «Жұртшылыққа талантымен танылған көркем қалам иесі қашанда өз тұсындағы әдебиеттің бір орталау жерін толтырып, өзіндік бойын көрсетеді. Таланттың таланттығы әдетте бірінші кітабынан-ақ байқалады. Ал, өз басым, Б. Аманшинді бірінші кітабынан ақын ретінде танығым келмеді» [13], – дейді. Арқалы ақынның Берқайыр – алғашқы жинағын қаламауының екі түрлі себебі бар секілді. Біріншісі, бұрын поэзия әлеміне еркін араласа қоймағандығы болса, екіншісі өлеңдерінде «ой әуендері» болғандығымен, сыршылдық «сынық» тұрғаны себеп болса керек.
Тегінде, әдебиет дүниесін кім қалай сынаймын десе де, қандай пікір айтам десе де ерікті. Оған жауап беретін ақынның жеке басы емес, шығармасы екені тағы түсінікті. «Жақсы авторды жазғаны билейді» деп ақын Жұмекен айтқандай, оның уақыт тезіне төтеп беру, бермеуі де өз жауапкершілігінде. Ақынның шаң басқан архивімен танысу барысында осындай ойға келіп, оның «Өлеңдер» жинағы жөнінде беделді пікірлерге құлай жығылмай, өзіндік ой білдірсек. Оны көрнекті білімпаздар ойларымен бекітсек деген ойдамыз.
Жас теректер гүл төккен,
Жайқалады ақырын.
Мені де сондай көркейткен,
Ажарым – менің ақ гүлім.

Қолыма алып көтерсем,


Талпынасың күнге сен.
Сағынасың көрмесең,
«Папа» дейсің үндесең.

Маңдайыңнан әр мезгіл,


Сүйемін мейірім бір қанбай.
Бақытым сонда бейне бір,
Құшағымда тұрғандай [14, 15 б.].
Бұл ақынның «Өлеңдер» жинағынан алынып отырған «Ажарға» деп аталатын өлеңі. Өлең қарапайым ғана, әйтсе де онда тұнық сыр жатыр. Әрине, ақын болсын, басқа болсын өз баласын «бауыр еті» санайды. Өз қанынан жаралған ұрпағын сүюге кім кім де хақылы. Ол – заңдылық.
«Папа дейсің үндесең!» Осы бір жол бала мен әке арасындағы жылылықты, сезімнің сырын ашып тұрғандай. Шындығында, әке мен бала арасында тілмен айтып жеткізгісіз нәзік сезім бар. Мейірімділік. Ақын осыны аша білген. Ақын әкенің балаға деген ыстық ықыласының сырын ұғынып, періште сәбидің тілінің тәттілігін ғана емес, жанарынан жарып ұшқан сезімнің суретін сала алғандай.
Берқайыр Аманшиннің Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы шығарған «Бұтақтағы бұлбұлдар» атты екінші өлеңдер жинағы оның ақындық талантын едәуір тереңірек таныта түсті. Жинаққа алғашқы кітаптан кейінгі төрт жыл ішіндегі өлеңдері, поэмалардан үзінділері және сол кездегі сөз қолданысқа орай социалистік туысқан елдердің, кеңестік республикалар ақындарының аудармалары кірген. Осыған сәйкес, жинақ «Өлеңдер», «Даладағы дауыл» және «Ұстаз достар» деген үш бөлімнен тұрады. Жинақтың бірінші бетінде оқушыға таныстық ретінде жазылған «Беташар» дейтін өлеңін:
Оқушым, күн озыпты күйбеңменен
Өзіңмен көп жүздесіп, үйренбеп ем,
Мархабат айта отырдым сапарымды.
Тағы сол өлең деген үйден келем [15, 3 б.],
– деген сырлас сезімге құрылған шумақпен бастап.
Онда көп әр алуан дыбыс пен үн.
Алтын, мыс, көрдім жырдың күмістерін.
Ол үйде не бір шебер зергерлер бар,
Мен сонда жәй әншейін жұмыскермін
Ол үйде не бір шебер зергерлер бар,
Мен сонда жәй әншейін жұмыскермін [15, 4 б.], –
дейтін қарапайым, кішіпейіл түйінмен аяқтайды. Өлеңнің құндылығының, ұтымдылығының өзі де соңғы жолында, ондағы сыпайы пікірінде. Бас-аяғы осы екі шумақтан тұрған бұл өлеңнің оқушысына ақын сезімін жеткізіп бере алғаны сезіледі.
Берқайыр Аманшин шағын өлеңдерін сюжетке шебер құрады. Тың ерекшелігі осы жинақта айқын танылады. Сондықтан, оның өлеңдері көбіне жатық болып келеді. В.И. Лениннің бейнесін көркем тұрғыдан көрсету үшін «Алаңда» деген өлеңін әдемі, әрі жинақы сюжетке құрған. В.И. Лениннің жалынды сөзін Оралдың бір қазағы да тыңдайды. Көсемнің қырағы көзі шет жақта елеусіз тұрған сол қазақты да шалып қалады. Ақын бұл өлеңде «сол қазақ мен болсамшы» деп көсемге жалынды сүйіспеншілігін білдіреді.
«Бұл жүрісің – қай жүрісің?», «Қызғаншаққа» деген өлеңдерінде орынсыз қылықтары үшін кейбір құрбыларын қатты сынға алып, семья, мораль тақырыбын сөз етеді. Жинақта «Арзы аңызы» және «Аманды сөз» деген ұзақ өлеңдер де бар.
«Арзы аңызы» ертеден ел аузында келе жатқан Арзы қыз туралы халық аңызының негізінде жазылған. Ал «Аманды сөзде» кешегі мал баққан қазақ кедейі азамат соғысына қатысып, саналы большевик дәрежесіне дейін көтеріледі, майданда ерлік көрсетіп, ақ бандалармен күресте қаза табады» [33], – дейді Ә. Шәріпов бұл өлеңдер туралы.
Жоғарыда айтқандай, Берқайырдың бұл жинағы үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде әр түрлі тақырыптарға арналған өлеңдері, екіншісінде, «Даладағы дауыл» поэмасының фрагменттері, соңғысына аудармалары енген.
Жинақта шынайы сезіммен, толғанудан туған тәуір өлеңдер бір сыпыра бар. «Бір кезде балғын едік», «Трамвай күткен жерде», «Су жағасы», «Қызғаншаққа» деген жырлар оқушыға ой салып, жүрегін селт еткізіп, әсер ететіні ақиқат. Соңғы өлеңде күйеуіне орынсыз қызғаншақтық көрсетіп, киімін сыртқа лақтырып, семья ішіне лаң салған ойсыз әйелдің қылығын әшкере етеді.
Жараспады тұзымыз.
Мен емес бірақ табалар –
Осынау түндер ызғарын
Ұмытар ма екен балалар?! [15, 16 б.]
Рас, әке-шеше арасындағы кикілжің, ұрыс-керіс жас балалардың жүрегіне дақ салып, кері әсерін тигізеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсыңның» керін келтіреді.
Б. Аманшиннің алғашқы жинағындағы өлеңдерінде қарадүрсіндік, тіл қатқылдығы басым болса, ал сөз болып отырған соңғы кітапта автор сол кемшіліктерден едәуір арылған. «Берқайырдың «Бұтақтағы бұлбұлдар» атты жинағы ақынның творчестволық жолында бір адым ілгері басқандығы болып табылады» [16, 25 б.], – дейді І. Тілеулин осы кітап туралы.
Әрбір кітап оқушысының қайбір шығарма туралы болмасын өз түсінігі, өз қорытындысы, өз сыны бары сияқты, әрбір қалам иесінің өзіндік өмір өлшемі, өзіндік ой өрісі, өзіндік қиял қанаты болатыны ақиқат. Ендеше, Берқайыр Аманшиннің «Бұтақтағы бұлбұлдар» атты өлеңдер жинағы оқушылар алдына құлағына жағымды, тілге жеңіл үнін тарта келеді. Мұндағы өлеңдердің денінен ақын жанының тың лебі еседі, ақын қаламының жатық ырғақ жорғасы байқалады. Тегінде, оның қай өлеңін алсаң да таптанды, ұқсас, жаттанды трафареттің құлы болмай, ұтымды шешім, соны пікір, образды сөз қолданысқа орайлас келетінін көресің. Осы тұста бір ескерте кететін жай бар. Берқайыр Аманшиннің жинағындағы өлеңдері тақырып байлығы жағынан көзге алдымен түседі. Ол әрбір жаңалыққа кезінде үн қосып отырған, ақын өз міндетін айқын түсінген.
Жинақтың негізгі ұйтқылы, сүбелі бөлімі – «Қырым жырлары». Мұндағы азамат лирикалары да, Қырымның әдемі пейзаждары да, ондағы тарихи ескерткіштер де оқушы көз алдына тартымды түрде келеді, оқушы жүрегіне жылы сезіммен жетеді. «Қара теңіз жағасы», «Гурзуф», «Түн», «Кипарис», «Байдар қақпасы», «Малахов қорғанында», «Тракторис досымның хаттары», «Алаңда», «Көкшетау», т.б. өлеңдер жылы жазылған, өлеңдік күйі, нәрі бойында бар жақсы жырлар.
Берқайыр ақынның айналадағы құбылысты тез аңғарғыш жайы бар. Бұл ақынға тән сезімталдық қасиет. Жинақтағы сезім сергектігі оқырманды сүйсіндірері шындық.
Жағада өндір жас құрақ,
Айдыннан өзін көреді.
Өзен де жүзі жарқырап,
Жағаға шырай береді.

Білемін сыршы жаратпай,


Мұны бір аулақ өмір – дер
Айдынменен құрақтай
Жарасса шіркін көңілдер [15, 23 б.].
Сегіз ғана жолмен біткен осы өлеңде ақынның көңіл пікірі айқын көрініп жатыр десе болар еді. Осы сияқты оның әр өлеңінде де пікір ұтымдылығы, сөз көркемдігі, тіл жатықтығы жымдаса келіп, сыршыл әуен-сазын алға тартады.
Әрине «Бұтақтағы бұлбұлдар» жинағы түгелдей жақсы өлеңдерден тұрады деуге болмас, тұщына оқып отырғанда, ара-тұра «әттеген-айға» бой ұрып қаласыз. Жап-жақсы өлеңдер арасынан әлсіз, сүреңсіз жолдар, шумақтар, кейде тіпті жеке өлеңдер ұшырасып қалуы, әрине, көңіл қынжылтады. Бірақ кезінде кеңестік танымға қайшы келген мына өлең ондайдың сортынан емес:
Жанымның жарасы бар жұрт білмеген
Ауыртты кей ақымақ түртуменен.
Күнәм не – шеккен осы азабымнан
Көктесе жыр бақшамда бір түп өлең.
Айттым ғой, тырнап әркім сол жарамды.
Талай шат минутымды олжалады.
Содан ба, кейде оқтай қадалады,
Еш зілсіз досымның да қылжалаңы [15, 28 б.], –
дейтін күңгірт көңіл күйін баяндайтын өлең оқырман көңілін көтермейді, әрине, бірақ ой салады. Ал, ой салған өлең – ойлы өлең екеніне ешкімнің таласы болмауға тиіс. Бұл өлең кезінде Қазақстан жазушылар IV съезінде жасалған баяндамада қатты сынға іліккен-ді. Өйткені мұнда көңілдің қыжылы бар-ды, ол кеңестік идеологияның ыңғайына келе бермейтін. Жалпы «Бұтақтағы бұлбұлдар» ақынның жақсы қадамын, өсіп келе жатқанын бір байқатып тастаған жинақ болды.
Жоғарыда талданған екі жинаққа кемшіліктеріне қарамай, поэзиялық дүние ретінде көрінетін қасиеті – Берқайыр ақын өзі жете танып білетін, өзі көрген, өз жүрегімен сезінген жайларды ғана жазатындығы. Өмірде ақынға тақырып болмайтын құбылыс жоқ. Әңгіме сол құбылыстың ішіне үңіле қарап, сырын ашу керек қой. Міне, ақында осыған деген ұмтылыс бар. Берқайыр Аманшиннің лирикасы өмір шындығын сол бір табиғи қалпында бейнелейтін өмірдің өзінен көше қалған көркем шежіре деуге болады. Ол өзі көрген, өзі жақсы білетін жайларды ғана тереңнен толғайды. Өзін толғандыратын тақырыбының ішіне бойлай еніп, оны ұтымды жаңа бейнелер арқылы әсерлі етіп беру – оның басты ақындық шеберлік қасиеттерінің бірі. Оның «Жасыма» деген жырындағы өлең жолдары осының дәлеліндей:
Айтамын ақ жарыла көңілімді,
Бұлдаман өмір түгіл өмірімді.
Елімнің дауылпазы болмасам да,
Мен де бір қоңыраумын қоңыр үнді [15, 14 б.].
Мұнда тағы табиғи шындық бар. Осынау қоңыр үнмен ол қай тақырыпты жырласа да, жан тәнімен ақтарыла айтты. Кішігірім дүниенің өзінен үлкен-үлкен ойлар түюге ұмтылды. Оны жалаң айтпай, ақындық тілмен өрнектеуге талпынды.
«Лириканы тақырыбына қарай топтап толғау оны жазған ақынның творчестволық бітімін пайымдау үшін айрықша мәні бар нәрсе. Әр түрлі ақынның әр қырын тануға болады» [17, 146 б.], – дейді академик З. Қабдолов.
Осы тұрғыдан алғанда, Б. Аманшиннің оның алғашқы жинағындағы лирикасының басты тақырыптары – өз заманының әуендері, халқымыздың ерлік істері мен еңбек адамдарының, өз замандастарының сыр сипаты. Олар әр алуан – бейбітшілік үшін күрес, халықтар достығы тақырыбы, туған жер, оның табиғаты мен жасампаз еңбек ерлері – балықшылар мен мұнайшылар, адамгершілік толғаулары. Ақынның өз өлеңіне арқау еткен тақырыптарын игеру жайлы замандасы, қазақтың дүлдүл ақыны Сырбай Мәуленов былайша нақты бағасын береді: «Аманшин өлеңдерінде уақыт тынысы, ұрпақтар байланысы өз тұрғыластарымен бірге тарихты жасаушы халық бейнесі де кең өріс, мол көрініс тауып жатады» [18]. Бұл жолдарды ақынға берілген айқын баға деп есептейміз.
Дүниеге келген шығарманың өзі адамға бірдемені үйретуі, танытуы керек дейтін талап, сол шығарманың оқушы жанына жетер-жетпесінің басты шарты емес пе?
Берқайыр Аманшиннің «Жетісу-Жайық» атты 1961 жылы шыққан жаңа жинағы ақын табысы деуге тұрарлық. Қаламгердің бар арманы – оқырманға жеткізер уақыт сыры ғой. Б. Аманшиннің осы жинағындағы өткен жинақтан кейінгі екі-үш жылдағы бергені – өзінің көргені, сезгені, білгені, көңіл күйі туралы жырлары. Жинақ бетін ашатын «Қызыл алаңда» атты өлеңі:
Адам – толқын қанша мың,
Ағылды кең алаңмен.
Бір кішкентай тамшымын,
Бірге толқып барам мен [19, 3 б.] ,–
деген жолдармен басталады.
«Ленинді бір көру, барлығының арманы» боп тұрған неше түрлі халықтың «мүддесі осы арада тоғысқандай» деуі әркімнің көңілі екеніне иланамыз. Сол кезеңнің бұлтартпас өмір шындығы екенінде дау болмаса керек. Жинақтағы өлеңдердің басым көпшілігі ойшылдығымен, тапқырлығымен, шебер өрнегімен көзге түседі.
«Көңілді көше» де жолаушының адамға жақындығы, адамға ыстық көрінер бауырмал қасиеті жарқ ете қалады:
Келген жоқпын жатқа мен,
Қалай сынар ел мейлі –
Қонақ үйде жатқанмен,
Қонақ болғым келмейді [19, 14 б.], –
дейді ақын. Сондай-ақ:
Көп еді бұл Мақатта жолдастарым,
Бірі жоқ енді келсем сол достардың.
Сағынып орындарын сипаласам,
Сарғайған суреті тек қолға ұстарым [19, 19 б.], –
деп келетін «Достар суреті» атты өлеңінде ақынның жан сырының дәлме-дәл көшірмесі жатыр.
«Военком өзін алмай, шашын алып, әр жолы ауылға қайтарған» азаматтың ар-намысы әп-әдемі берілген. Ақын табиғат суретін салуда да біраз шеберлігін танытады. «Жар басында» атты өлеңінің осы түрлес өлеңдерден айрықшылығы бар.
Өмірдің маужыраған май айында,
Ақ қаздар жүзе берші кең айдында.
... Отырам қыбыр етпей, жазғы таңның,
Бұзуға тыныштығын аяймын да, –
деген жолдар сезгіш көңілдің ғана сала алатын суреті [19, 24 б.].
Өз алдына бір оқшау туынды «Жігіт болсаң» деп аталатын өлең.
Көлгірсіп құр бықсымай, іштен бұқпай,
Азамат, ашық келші жігіт болсаң [19, 26 б.], –
деу, азаматтыққа үндеу орынды айтылған нәрсе. Ақынның «Есімде», «Дала қандай, ауа қандай», «Келіншек сыры», «16 январь», «Кентауда», «Жүрегіме ең ыстық», «Бұрыштағы үй» сияқты өлеңдері де ұтымды, ұнамды дер едік.
Б. Аманшиннің бір ерекшелігі – табан асты тұтанғыш, көргенін түйе салуға, оқушыға жеткізе қоятын шеберлігі. Ақыннан байқалатын екінші бір қасиет – өлеңнен көрінетін автордың жігерлілік, оттылық мінезі мен байсалды да сыпайы келетін, аптығып, асықпай жететін ой ағысы. Ақындағы осындай мүмкіндіктер жақсы поэзия жасаудың кепіліндей сендіреді.
«Жетісу-Жайық». Қаншама асқар тау, биік белес, шалқар теңіз, айдын көл, ұзақ жол жатыр екі арада. Асқар Алатаудың ұшар басында ақұлпа қар ұяласа, Каспий төсі, Жайық жағасында шаңқылдап шағалалар ұшады. Ата-балаларымыз үшін бұл ұзақ, қиялға сыймас қашықтық еді. Сондықтан да екі өлке бір-бірінен сырын бүгіп, тұйық жатпады ма?! Ал бүгінде жол ғана қысқарып қойған жоқ, сонымен бірге туған жер, өскен өлке ұғымының да өрісі кеңіді. Байтақ Қазақстанның қай түкпірі де әр адамға өз еліндей ыстық болып алды. Сондықтан да ақын қаламы кең көсіліп, қиялы алыста шарлайтын болды. Ақын Берқайыр Аманшиннің «Жетісу-Жайық» осындай ойға жетелейді.
Жинақтың өн-бойында жібі үзілмейтін бір ұзын желі, тұтас идея бар. Ол ақынның туған отанына сүйіспеншілігі. Мейлі, ол қай қала, қай жерді жырламасын «қайда да өз бесігім, өз үйімдей, жақсы екен жаны жайсаң халық бары» деген тұжырымға тоқтайды. Ақынды со тұстағы өзгерген жаңа қала сипаты, дала келбеті ғана тебірентіп қоймайды, ол сол қалалардың көңілді көше, қарапайым үйін, ескі қорған, көне зиратын, жар жағасы, орман-көлін көріп, әрқайсысынан ғибрат алады, парасатты ойлы өлең туғызады. Табиғат көріністері туралы топ өлеңдер бірін-бірі толықтырып, ақын идеясын айқындай түседі. Әрбір өлеңде өзіндік нақыш бар. Әр өлкенің сұлу табиғаты өз кестесімен көрінеді. Ақын өлеңдерінде өмір туғызған ұлы өзгерістер саналуан суреттер арқылы ашылады. Кешегі мен бүгінгі өмір көз алдыңда кезек тұрады. Кейбір әдебиетшілер суреттеудің мұндай әдісін жарата бермейді. Бұл өлең құрылысында ертеден келе жатқан әдіс екеніне талас жоқ. Бірақ әңгіме суреттеу әдісінің ескі не жаңалығында ғана емес, оны шебер қолдана білуде ғой. Берқайыр бұл суреттемелерді әдеттегіше «кеше жаман еді, бүгін жақсы» деген сияқты жеңіл түйінмен шешпейді. Ұсақ та болса сезімге әсер ететін штрихтарды таба біледі. Сондықтан да ақын жазған өлең оқырманды тез баурап, көңілге қона қалады. Осындай өлеңдердің қатарына «Гурьев», «Есболым», «Аңыздар», «Бұрыштағы үй», тағы да басқа бір топ өлеңдерді жатқызуға болады.
Ақын табиғат суреттерін беруге де шебер. Сезінуі мол, түюі күшті. Автор әркім күнде көріп жүрсе де, әрдайым аңғара бермейтін нәрселерді алдымызға тартып, эстетикалық сезімімізді байыта түседі. Ал өлеңнің басты қасиетінің бірі – оның эстетикалық әсерінде екені даусыз. Осы орайда «Түнде құдық басында» өлеңіне назар аударып көрелік.
Құдықтан атын суғаруға келген жас жігіт төмендегідей көрініске тап болады:
Ай жап-жарық тамаша,
Аспан бейне мөлдір мұз.
Шелегіне қараса,
Шапырлаған көп жұлдыз.

Қалай қиып төгерсің?!


Жігіт бұған шат қандай!
Көктің алтын шегесін,
Күреп алып жатқандай [19, 22 б.].
Осы кішкене көріністің өзінен ашық аспанды ғажайып түн суреті көз алдыңа келіп тұр.
Немесе «ақ үйдің туырлығын тарсылдатып, ақ шеге буын-буын жүзік салған» жауған жаңбырмен сол кезде шалшық суда балақ түріп, қағаз қайық лақтырысып ойнап жүрген балаларды көз алдыңызға келтіріңізші. Жаның жадырап, өз балалығың да ойыңа түскендей болады.
Кейде табиғаттың сұлу суреті мен өмір тынысы тоғысып, ауыл көркі барлық қырымен алдыңда тұрады. Көлден бұзауын айдап келе жатқан кемпір, қыстан қалған шөп үстінде шақшасын көбесіне сүйеп қойып, «Мөлдір махаббатты» оқып отырған шал, парткомдегі келелі мәселе қозғаған кеңес, көшемен көк «Москвич» тайпалтып өткенде, шеткі үйден сұқтана қарап қалған қыз жанары – осының бәрі «Көктемгі ауыл» өлеңінде жинақталған көріністер. Ал табиғат сұлулығы сол көріністің понорамасы секілді.
«Қорғандар» деген өлеңінде ақын:
... Шөкті қорған, көш жоғалды,
Құйын одан қалды адасып...
Дөңгелентіп сол даланы,
Заулап поезд барады асып [19, 58 б.], –
деп түйеді. Контрасты көріністен тарихпен астасқан өмір шындығы анық сезіледі.
Берқайырдың кейбір өлеңдері ұйқас, үндестік жағынан ән тілеп тұрғандай сезіледі. Ондай өлеңдердің қатарына «Түркістан қыздары», «Қайықшы әні», «Суға барам» өлеңдерін жатқызуға болады. Бұл өлеңдегі ішкі ұқсастықтардың өзі музыкалық саз туғызып тұр. Бұл өлеңнің сыршылдығын танытса керек.
Кітап «Жетісу-Жайық» аталған республикамыздың осы екі шұрайлы аймағының өзіндік әсем суреттері, ондағы адамдардың кескін-кейпі, жан дүниесінің жаңа құбылыстары бейнеленген болар деп үміттену әбден орынды ғой. Осы үмітті Б. Аманшин ақтаған.
Жалпы, Берқайыр Аманшин лирикасы – эстетикалық талғамы жоғары, белгілі ойдан шашау шықпас әдеміліктің жаратылысы. Оның сүйіспеншілігі қанша нақты болса, сонша нәзік. Ақындық бай азаматтық парасат пен биік адамгершілік жұртшылықты игі істерге тәрбиелейді. Қатпарлы иірімдер болмысы тіл құдіретімен көркемдеп жеткізу арқылы ақын өз шеберлігін танытып жатады. Сондықтан да Берқайыр лирикасы – шеберлік шыңдала келіп, шындықты шымырлата жеткізетін эстетикалық қуаты мол құнарлы шығармашылық. Ақынның лирикалық кейіпкері де өзінің жоғарғы парасаттылығымен, салмақты болмысымен үлгі боларлық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет