Ізденіс бастаулары


Б. Аманшиннің шығармашылық ғұмырнамасы



бет3/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
1.1 Б. Аманшиннің шығармашылық ғұмырнамасы
Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші Аманшин Берқайыр Сәлімұлы: «1924 жылы 11 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Батпақкөл ауылында туған» [2, 27 б.]. Ол өзінің «Өлеңім – өмірім» естелігінде білімге құштарлығын оятқан балалық кезеңі туралы: «Мен ертеректің өзінде орысша-қазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, мәдениетті семьяда тәрбиелендім» [3, 5 б.], – деген дерек береді.
Болашақ қаламгердің мектептегі білім алу жолында белгілі бір ерекшеліктер белгі береді. Ол алғаш Астраханьдағы татар мектебіне барады, онда алтыншы сыныпқа дейін қазақша оқып, соғыстың алдындағы жылдары Орынборда орыс мектебінде оқиды. Белгілі революционер Николай Бауманмен гимназияда бірге оқыған Иван Рудольфович Матцкий деген тәжірибелі қарт мұғалімнің сыныбына алынады. Болашақ жазушының орыс тілін меңгеруге сол кісінің көп көмегі тиеді. Бала сезіміне әсер еткен алғаш әдеби шығарма «Игорь полкы туралы сөз» атты жырдағы әйел зары өзі өмірінде көрген ауыл әйелдерін елестетіп, қатты әсер қалдырады. Рухани дүниесін жаулап, жүрек түкпіріндегі бұйығы бір сырды оятқан жырды кейін түгел аударып, Алматыға, Ғылым академиясына жібереді. Жыр М. Әуезов қолына түсіп, оң баға алған. Бұл туралы қаламгер: «...сәті түсейін дегенде Мұхтар Әуезовтың қолына тиіпті. Ғылыми академиясының бір жиынында менің аудармамды ол кісі мақұлдап сөйлепті» [3, 7 б.], – деп жазады. Сол кітап 1951 жылы жеке кітапша болып басылып шығады. Сол бір көкейдегі тылсым сырды тербеткен жырдың әсері жайлы кейін қаламгер ерекше жылылықпен былай деп еске алады: «1940 жылы «Игорь полкы туралы сөзді» өттік, онда «Ярославаны жоқтау» деген тарау бар екен. Бұл Дон бойындағы қыпшақтармен соғыста қолға түскен күйеуі князь Игорь Святославичті әйелінің жоқтаған зары. Осыны мұғалимамыз алғаш дауыстап оқығанда, жесір арудың жарын сағынып жылаған әсерлі сөздеріне көңілім босағаны сонша, класта отырып жыларман халге келгенім есімде. Жасымызда ауылда жоқтау айтып, дауыс салған әйелдерді талай көргенбіз. Ярославаның зары тап сондай, сөздерінен бұрын ырғағы, әуені де қазақтың жылауына дәл келеді екен. Дереу сол жерде, сабақ үстінде Ярославаның жылауын қазақшаға аудара бастағаным, менің әдебиетке алғаш ұмтылысым еді» [3, 6 б.].
Қаламгер сол тұстан бастап аударып жүріп, 1951 жылы шыққан дүниесі «Игорь полкы туралы сөзді» әдебиеттегі тырнақалды дүнием осы деп бағалайды. Оның бұл шығарманы атап көрсететін себебі де бар. Бұл оның шығармасының туу тарихы болып табылады. Шәкірт бала Берқайырдың «алтын ұядан» қанат қағып ұшпай жатып-ақ, орыс әдебиетінің асыл мұрасы саналатын жәдігерді аударуы және оның Мұхтар Әуезов сияқты ғұлама жазушының көзіне түсуі кездейсоқ емес. Онда санадан тыс белгілі бір құдірет күші арқылы байланысқан тылсым сыр бар. Жазушының: «Мектеп қабырғасында орыс классикасын түпнұсқадан түгелге жақын, батыс классиктерін Шекспирден бастап, Дюмаға дейінгі біразын оқып үлгергенімді үлкен олжам деп білемін. Олардан мол білік алдым, көп нәрсеге ерте көзім ашылды» [3, 7 б.], – деуі өзіне ұнаған жырды аударуға деген талпынысын құрғақ қиялдан емес, көкірекпен ұғынған зерделілігінің нәтижесі екендігі даусыз. Талапты жас екі тілді жетік білгендіктен де, екі әдебиетті тел емген тарлан болып өскен. Өзінің қазақ әдебиетіндегі шығармаларды оқуы туралы ол былай дейді: «Өзіміздің қазақ жазушыларынан алғаш оқығаным Сәкен мен Бейімбет, сосын көбіне Сәбит Мұқанов. Сәбиттің «Сұлушашы», «Адасқандары» мен «Жұмбақ жалауы» оқиға байлығы, тілінің жеңілдігі, ұғымға оңайлығымен қызықтырып еді.
Абайды есейе келе оқыдым, Махамбетті де бертінде білдім. Жаңа поэзиядан әсер еткені Қасым Аманжоловтың «Советтік менің өз елім». Төрт аяғын тең басқан, мүше мүшесі түгел мінсіз, нағыз мәдениетті өлең деп әуелі сол өлеңді танып едім» [3, 7 б.].
Ақын Берқайыр кейінірек өзінің «Менің өмірбаяным» атты өлеңінде осы сәтті әдемі жеткізген екен:
Біргемін көппен қашанда,
Не көрсем бірге жадымда...
Өмірге қадам басарда
Ағалар болды алдымда. [4, 13 б.]
Мұндағы «алдымда болды ағалар», «соларша сөйлеп үйреніп, сырластым жұмбақ әлеммен» деген ақын «жұмбағының» астында тек айналасындағы ағаларды ғана емес, «көңілін көкке өрлеткен» қаламгер ағаларының да шарапаты жатқандығы еш күмәнсіз. Ақын бейнелі сурет арқылы соларды меңзеп отыр. Сонымен қатар Берқайыр Аманшиннің әдебиет дүниесіне «кірпіш боп қалануына» әлем әдебиетінің ғибраты, ықпалы тигені даусыз шындық.
Берқайыр Аманшиннің 60 жылдығына орай «Вечерняя Алма-Ата» газетінде жарияланған Хамит Ерғалиевтің «Грани творчества» мақаласында да қаламгердің әдебиетке келуі жайлы сөз етілген: «Берхаир Аманшин пришел в казахскую литературу с переводом на родной язык «Слова о полку Игорове». Это было в 1951 году. Поражала творческая энергия и эрудиция совсем еще молодого человека. Тем более что до него этот выдающийся памятник древнерусской поэзии был переведен таким авторитетом, как Сабит Муканов.
И спустя тридцать с лишним лет с той поры, в год своего 60-летия писатель-переводчик всецело занят «Словом». В следующем 1985 году исполняется 800 лет этому выдающемуся памятнику мировой культуры, решением ЮНЕСКО намечается широко отметить эту дату. В связи с этим Берхаир Аманшин заново переработал «Слово»» [5].
Ендеше, әдебиетке Берқайыр Аманшинді жетелеп әкеп қосқан «Игорь полкы туралы сөз» атты құдіретті жыр үлгісі. Мұны қаламгердің өзі де мойындайды. «Әдебиетке келу қашанда құмартудан басталатыны белгілі, мен де бұл жолдан аттап өте алмадым» [4, 6 б.], – дейді өзін табындырған жырға құштарлығы туралы ол. Бұл шындық. Құмарту мен қызығудан еліктеу, ал еліктеуден өзіндік бет-перде айқындауға деген ұмтылыс тұтанады. Себебі, осынау жорық жырын аудара жүріп, болашақ ақын өлең жазуға ден қояды. Олар алғашқы талпыныстар болғанмен, сол алғашқы жырлардан-ақ ақындық мұраны мирас етуге мықтап бекінген жас талаптың талабын танимыз. Оның қашанда әр өлеңге өзіндік салмағын артуға талпынғаны байқалады. Мысалы өзінің тұңғыш өлеңінің жарық көргені туралы естігенде: «Тұңғыш баспа бетін көрген өлеңім «Биылғы май» 1942 жылы Гурьев облысының газетінің Бірінші майға арналған санында жарияланды. Оны «Бірінші май» демей «Биылғы май» деуімнің мәні бар еді. Жылдағы кейбір кездегідей емес, бұл соғыс басталғаннан бері бірінші рет тойланып отырған Май ғой. Көктем қанша гүлденгенмен жылдағыдай сәні жоқ, көңілдер солық, мереке өңсіздеу. Өйткені, батыста майдан қызған, фашист жауыздар Еділге тақап қалған кез. Мерекелік өлеңімде мен биылғы майдың осы ерекшелігін жырласам керек» [3, 8 б.], – деп еске алады. Қарап отырсақ, осы алғаш жарық көрген өлең туралы естеліктен ақын болмақ талапты жастың өлең өнеріне жауапкершілігін танимыз. Ол жырламақ тақырыбының табиғатын жақсы түсінеді. Сондықтан да, өлеңге арқау болған тақырыпты ашуды өлең атауына мән беруден бастайды. Өлең шіркіннің іші мен сыртының үндесуін қалаған көңілдің мына мұқияттылығы іш жылытпай қоймайды. Бұл ақынға керек қасиет. Мақсат жазуда, жариялауда, шығаруда емес, жазған сөзің жұрт жүрегіне жете алуында. Берқайыр ақын осыны терең ұғынған сынды. Тіпті, оның балалық дәуренінің қызығынан арыла алмай жүргенде жазған өлеңінде сыршылдыққа бой ұратындығы байқалып қалады. Соның бір мысалы мына бір үзінді:
Таң шапағы арайланып,
Шолпан жұлдыз туды анық.
Өзен суы майланып,
Мұнар тартты буланып.
Қараймында күрсінемін,
Неге ойым бүркенді?
Таң шапақтан бір тілегім,
Тез жарқырат өлкемді [4, 26 б.]...
Бұл бала Берқайырдың он үш жасында жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Өлең жолдарынан табиғаттың сұлу суретімен астасқан балаң көңілдің әлдебір алаңдаушылығы сезіледі. Бірақ, мұнда күрсіністен гөрі тілек пен сенім бірлігінен байқалатын үміт басым. Балаң көңіл неге алаң десеңіз, мезгілге назар аударыңыз. Бұл әйгілі 37-нің тұсы ғой. Отбасындағы әлдебір қауіпті балаң көңіл осындай бір сыршылдықпен жырлайды. Алаш пен қызыл ұстасқан тұста екі оттың арасында қалған әке тағдыры оңай болды дейсіз бе?! Кейін, талай қудаланып, тағдыры талқыға түскен сәттер аз болмаған-ды. Сол бір аумалы-төкпелі заманның кінәмшіл келбетінен белгі бермей ме, бұл өлең. Қолымызда толық нұсқасы болмағанмен, үзіндіден оны аңғару қиын емес.
Б. Аманшиннің назар салған бір ақыны – Салауат Юлаев. Башқұрт әдебиетінің рухына айналған Салауат жырлары Берқайыр аудармасымен 1983 жылы «Жорық жырлары» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Салауат Юлаев жыр толғауларын екі ақын аударған. Оның бірі – Бүркіт Ысқақов. Ол жаңадан табылған өлеңдері деген бес өлеңін аударған. Ал жинақтың алғы сөзін жазып, оның көпшілік бөлігін қазақша сөйлеткен негізгі тәржімашысы Б. Аманшин.
Салауат Юлаевтың есімі башқұрт халқы үшін қаншалықты қадірлі екенін кезінде КСРО-дағы ұлт әдебиеті өкілдерінің айбындысының бірі, башқұрттың дарынды жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Мұстай Кәрімнің мына сөзінен пайымдауға болады: «Башқұрт көтерілісінің көсемі Салауат Юлаев 1774 жылғы ноябрьде тұтқынға түскенде не бары жиырма бірден жиырма екіге қараған кезі екен. Өзінің ұлы ерлігімен тым ерте мәңгі өлместік даңққа бөленгенімен, ол халық жадында жалынды өршіл жастығымен бірге, сұрғыл Балтық теңізі жағасындағы қамалда тұтқында ол тағы да ондаған жылдар өмір кешті. Бірақ, кейінгі ұрпақтардың көңілінде оның бейнесі әдіре қалғыр сол ноябрь күніне дейінгі қалпында сақталуы» [6, 40 б.].
Көк лашынның баласы
Талпынып, талпынып торда өлер.
Жақсы атаның баласы
Жорықты күні жауда өлер.
Қаршыға өтпес орманнан
Лашын өтер әрі ұшып.
Қор боп, тірі жүргенше
Жауда өлейік алысып [7, 22 б.], –
деп жырлаған Салауат жырларын аударуға Берқайыр ақынның неге қызыққанының мәні белгілі. Башқұрт жұртының қол бастаған батыры, сөз бастаған ақыны Салауат рухы оның өмірінің мәніне айналған Махамбет жыраумен үндес болатын. Махамбет ақынды ерте зерттей бастаған Берқайыр Аманшин Ресей империясының отаршылдық езгісінің қасіретін тартқан қос халықтың айбынды ұлдарының істері мен тағдырынан тамырластық тауып, екеуін өте жақындықпен зерттей бастаған-ды. Міне, соның нәтижесі Салауаттай сардар ақын-жырларын өз оқырманына отты рухын бәсеңдетпей жеткізуге ұмтылдырды. Ұмтылдырып қана қойған жоқ қол жеткіздірді.
Біз аударманың көркемдігін, дәлдігін, шеберлігін сөз етуден аулақпыз. Ол бұл тараушаның мақсатына да кірмейді. Бізді қызықтыратыны қаламгердің шығармашылық ғұмырнамасы. Ал, оның алғашқы баспалдағы осы аудармашы шығармашылық. Б. Аманшин Салауат жырларын башқұртшадан тікелей аударған екен. Бұл да оның аударма саласындағы құп аларлық көрінісі болып табылады. Көбіне біз орысшадан аударуға құмармыз. Түркі тілдес туыстас халықтардың өзінен осылай жасаймыз. Берқайыр ақын осы қалыптасқан дәстүрді бұзушылардың бірі десек те болады. Өйткені, «... Салауаттың жырлары өзінің көркемдік сазы мен әсем әуені қазақ жырына өте жақын»... [7], – деп, кітап аннотациясында көрсетілгендей, рухы да, сөз саптауы да, екпін ырғағы да, түр өрнегі де Махаң жырымен төл туындысындай табысып кететін өміршең өлеңдерді басқа тілден аудару обал-ды.
Берқайыр Аманшин Махамбетті қалай терең түсінсе, Салауатты да солай қабылдаған. Оған жауынгер ақын туралы айтқан мына ойлары: «Салауат Юлаев башқұрт халқының ардагер ұлы, ұлттық қаһарманы. Ол Россиядағы феодалдық басы байлылық өкіметке қарсы... көтерілістің батыр сардары, жауынгер жыршысы. Бүгінде, әлемнің қай қиырына барсаң да башқұрт дегенде, алдымен Салауаттың аты аталады. Ерді ел туғызады, елдің атын ер шығарады деген осы» [8, 3 б.], нақты дәлел.
Жинаққа енген жырлардан Б. Аманшин аудармасымен басылғандары «Туған елім», «Оралым», «Соғыс», «От», «Жігітке», «Сандуғаш», «Киіз үйім», «Зылиха» өлеңдері мен «Бугәшәумен (Пугачевпен – А.Е.) қос болып, батыр ермен дос болып» толғауы және «Салауат батыр» атты тарихи дастан. Олардың бәрі де өте көркем, өзіндік әсем әуезі сақтала аударылған. Бұл жырлардан дауылпаз ақын, жалынды жырау Салауаттың майдан даласында жеңіс дабылы жаңғырған жырларының даусын естігендей боламыз. Шерулес серіктерінің намысын көкке көтеріп, ұлы айқасқа үндеген ақынның өткір толғауларын, жалыны лапылдаған құрыш қуаты бір мысқылдан кемімей жеткені күмәнсіз. Жинақтағы жыр жолдары соның айғағы.
Өлеңді түгелдей келтіруіміз шағындығынан емес, Берқайыр тәржімасы арқылы жеткен өлеңдегі рухты сезіндіру. Әрине, сіз Салауат жырларының башқұртшасына аудармашыдай терең бойлай алмаймыз, сондықтан да түпнұсқаны тәржімамен салыстыра қарай алмаймыз. Әйтсе де, жоғарыдағы өлең жолдарынан жорық жырының лебі есіп-ақ тұр.
Берқайыр Аманшиннің мектептен соңғы өмірі мен қызметі «Қазақстан жазушылары анықтамалығында»: «1942-1953 жж. партия-кеңес қызметінде» болғандығы жұтаң ғана аталады.
Ақын, драматург, жазушы, батыс өңірі әдеби тұлғаларының танымал зерттеушісі Берік Қорқытов өз естелігінде Б. Аманшиннің балалық шағын былай деп еске алып, шығармашылығының бастау кезеңіне де жарық түсіре кетеді: «1937 жыл. Бұрынғы Есбол ауданының орталығы бүгінгі Индер ауданының «Правда» совхозы орналасқан Кулагино поселкесінде көрші тұрдық та, балалық шағымызды бірге өткіздік. Кластас болмағанмен оқитын мектебіміз бір болды. Сол кездің өзінде ойынымыз да, ойымыз да бірге болатын. Ол қиялшыл да, арманшыл да, ойшыл да болатын.
1943 жыл. Облыстық «Социалистік құрылыс» (Осы күнгі «Коммунистік еңбек») газеті босағасын аттаған алғашқы айларым. Бір күні редакцияға «Мұнайшы қыз» атты өлең келіп түсті. Адресі – Мақаттан, авторы Б. Аманшин. Көзіме оттай басылды, қол таңбасын бірден тани кеттім.
Албырт көңілің жаудан жеріп,
Кеудеңе ыза ұялап.
Қалың құрыш қатарға еніп,
Болдың сен де азамат... –
деп басталатын осы шағын өлең газетке басылды» [10].
Берқайыр Аманшиннің жастық шағының кезеңдерін көзге елестететін тағы бір естелік. Бұл естелік иесі өткен ғасырдың сексенінші жылдары Атырау облысы Қызылқоға аудандық партия комитетінің хатшысы болған Төлеп Тілегенов деген азамат. Ол былай деп жазады: «Қазіргі Мұқыр акционерлік қоғамы 1930 жылы Махамбет ауданының «Бақсай» қаракөл қой совхозынан бөлінген. Бас мал мамандары кіл орыс жігіттері болған. Берағаң сол кезде Доссордан осында келіп, малшылармен екі ортада аудармашылық қызмет атқарыпты. Біз бұрын талай кездесіп жүрсек те, соғыс жылдары осы кісінің осындай да қызметке барғанын естімеп ек» [11]. Бұл естеліктен ұғарымыз екі нәрсе. Алдымен, аудармашылыққа ауызекі болса да, ертеден етене төселе бастағандығы. Екіншіден, ел басына қиындық түскен тұстағы қаһарлы күндерде ел-жұрт қайғысын бірге бөлісіп, ел шаруасына жастайынан араласып, ерте есейіп, ерте азамат болып қалыптасқандығы. Оны да осы естеліктен аңғаруға болады. Жас кезінде Б. Аманшин елде түрлі деңгейде жауапты қызметтер атқарған. Соның бір дерегі осы естелікте бар. «Ол кезде ағамыз (1944-1946 жылдар – А.Е.) аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы.
Шаршадым қаулы жағып исполкомде,
Исполком қырық мәселе қарап күнде.
Сартылдап уәкіл боп мен де жүрдім,
Баққаным карта ойыны мен арақ күнде, –
деп еске алатын...» [11]. Сол кездегі әкім-қараның сандалбай тіршілігі мен мәнсіз міндетінен хабар бермей ме, бұл жолдар. Оның кейін осынау қызметкерлік жолдан бұрылып, шығармашылыққа күштеуіне, осы мәнсіз тірліктің мезі етер міндеттері себеп болса керек. Ол – сол жылдарда ұйымдастырушылық қабілеті мен қалам қарымын қатар таныта білген азамат. Бұл жайында Б. Қорқытов естелігінде нақты деректер берілген. «Осы жылы (1943 жыл – А.Е.), – деп жазады ол өз естелігінде, – облыстық комсомол комитеті жабық әдеби конкурс өткізді. Сонда Берқайырдың екі актылы «Мұнайшылар» пьесасы бәйгі алды» [10].
Тағы да естелікке көңіл бұрайық. Өйткені, бұл шығармашылық тұлғаның алғашқы адымдарынан көп хабардар етеді. «Соғыстың қаһарлы жылдарында елдегі халықты жеңіс жолындағы жігерлі де екпінді еңбекке жұмылдыруға үгіттің ең бір үлкен құралы – ақындар айтысы болды. Берқайыр осы айтыстарға құлшына араласып, ақындық талантын шыңдай түсті. Міне, Берқайырдың әдебиетке келу жолы осылай басталды» [10], – дейді Б. Қорқытов замандасының алғашқы талап талпыныстарын еске ала отырып. Ал енді, сол кезде Берқайыр Аманшин айтысқан ақынның бірі кешегі әдебиеттің абызы, әйгілі академик-жазушы Зейнолла Қабдолов болатын.
Берқайыр Аманшин – жергілікті жердегі әдеби шығармашылықтың өркендеуіне, талантты жастарды тәрбиелеу ісіне, әдебиеттің ел ішіне кеңінен қанат жаюына елеулі еңбек сіңірген азамат. Ол 1959-1965 жылдары Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде жауапты хатшы қызметін атқарды. Туған жеріне ұзақ жылдардан кейін оралған ақын, бойындағы күш-қайратын сарқа еңбек етті.
Қаламгер Батыс Қазақстан өңіріндегі әдебиетті өркендету ісінің ұйымдастырушысы ретінде ірі қайраткерлік келбетін танытты. Атырау –Жайықтың талантты жас талапкерлеріне ағалық қамқорлығын жасап, ақыл кеңесін беріп отырды. «Талай жастың әдебиет босағасын аттап, белгілі қаламгер қатарына қосылуына көмегін тигізді. Олар Берқайыр есімін асқан сүйіспеншілікпен атап отырды. Бұл оған көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз» [10], – дейді сол кездегі істерін көзі көрген замандасы Берік Қорқытов.
Өзінің саналы ғұмырында шығармашылық тазалыққа, «ардың ісіне» деген адалдығын сақтап өткен қаламгер «Өлеңім – өмірім» атты жазбасында өзінің тұңғыш кітаптары жайында мынадай ойлар айтыпты: «Тұңғыш өлеңдер жинағым 1954 жылы шықты, кейінгі «Жайық желі» атты таңдамалы өлеңдеріме одан тек бір-ақ өлең енді. Екінші кітабым, «Бұтақтағы бұлбұлдар» одан едәуір әрлілеу, нәрлілеу шықты, мені әдебиет әлеміне танытқан осы кітабым ғой деймін. Бірақ онда да, одан кейінгі өлең кітаптарымда да осы күнгі көзімен қарағанымда, өзім көңілім толмайтын біраз дүниеліктер жүр» [3, 8 б.]. Адамға қарапайымдылық жарасады, дегенмен өз туындылары туралы шындықты айту және оны шын айту екінің бірінің ісі емес. 1954 жылы «Өлеңдер» жинағынан бастау алған шығармашылық шабыт қазақ әдебиетіне жиырма кітаптан астам олжа салыпты. Олардың биігіндегі көңіл жылытар жыр жинақтар мыналар: «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу-Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Маңғыстауым менің» (1972), «Жайық желі» (1978), «Құттыхана» (1983).
Сондай-ақ, жайсаң жазушы қаламынан шыққан «Жар мұңы» (1968), «Көкжар» (1971), «Ақ жүректер» (1975), «Гүл көтерген» (1982) повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрсе, қаламгердің ғұмырлық дүниесі болған Махамбет жайлы «Махамбеттің тағдыры» романы өзі дүниеден өткен соң 1987 жылы басылып шықты.
Кезінде қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиев: «Біз әрбір салада берекелі еңбегімен көрінген, талант танытқан төрт Аманшинді көрдік. Ақын Аманшин, прозаик Аманшин, драматург Аманшин, аудармашы Аманшин. Ал бұлардың сыртында Берқайыр Аманшин бар ма?» – деп сұрап алып, – «Бар!» [13], – деп жауап беріпті өзінің талантты інісінің 60 жылдық мерейтойына орай жазған мақаласында. Берқайыр өлеңнен бастап, прозаға ауысып, оны тастай салып, драматургияны қуып кетіп, шашылып қалған жан емес. Оның өлеңінде, қарасөзінде, драматургиясында, зерттеуінде «жазбауға болмайтын» (З. Қабдолов) тынымсыз творчестволық ізденіс жемісінен туған жеңісі деп қараған жөн.
Берқайыр Аманшиннің өзі дүниеден өткеннен кейін «Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» деген атпен топтастырылып басылған (1991 ж.) әдеби зерттеу еңбегі ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда байсалды, байыпты талдап таразылауымен өте құнды еңбек ретінде бағаланады. Ол кейіннен, 2004 жылы «Арыс» баспасынан Махамбет жайлы «Жыр-Семсер» атты жеке жинақтың шығуына негіз қалады.
Берқайыр Аманшиннің Махамбетке қатысты еңбектері махамбеттану саласына қосылған іргелі ізденістер арнасына айналып, Махамбеттің тарихи тұлғалық, ақын ретінде шығармашылық қасиет-қадірін тануға алдыңғы толқын зерттеушілер Х. Досмұхамедов, Қ. Жұмалиев сынды ғалымдар еңбектерін толтырып қана қоймай, кейінгі зерттеулерге жолбасшы болып, әдебиетші ғалымдардың тарихи ізденістеріне жөн сілтеуші сенімді таным көзі ретінде әдеби ғылыми ортада толығынан мойындалды. Уақыт өткен сайын Махамбет жайлы терең зерттеулер жүргізген Б. Аманшин еңбегінің құндылығы арта түсері сөзсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет