Ізденіс бастаулары


Әңгіме-повестеріндегі көркемдік ізденістер



бет8/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
диплом Б.Аманшин

2.1 Әңгіме-повестеріндегі көркемдік ізденістер

Б. Аманшин – алдыңғы бөлімде көз жеткізгендей дарынды ақын болуымен бірге, өзінің сан қырлы талант иесі екенін таныта алған қара сөзді шығармашылықтың да хас шебері. Ол өзінің әңгімелерінде адамдардың ішкі жан-дүниесін көрсетуге баса назар аударады. Ел ортасындағы қарапайым адамдардың тіршіліктің түрлі болмысындағы адами құбылысын ашып, қоғам мен адам, адам мен орта қатынасындағы қиыны мол жайлардың шындығын шебер суреттейді. Жазушының «Ел ішінде», «Базар басында», «Айналайын», «Алтын сақина», «Тамшы», «Базарлық», «Майдандас дос», «Ақ үйрек», «Бұйырмаған алма», «Болашақ келін», «Шай ішу», «Бекжанның таныстары», «Ақтайдың хикаялары» топтамасы, т.б. әңгімелері сан қилы тақырыптарды қамтып, алуан тағдырдың жалт еткен бір сәттік өмір күйін көрсету арқылы адам атты құпия құбылыстың әлемін ашуға тырысады.


Сан алуан өмір құбылысын суреттеу де шеберліктің барлық мүмкіндіктерін ыждаһаттылықпен жұмсай біледі. Қысқа әңгіме шеңберіне көл-көсір мән-мазмұн сыйғызуға болатындығын Аманшиннің кез-келген шағын туындысы арқылы көз жеткізуге болады. Жазушы өзі суреттеп отырған ең ұсақ оқиғаның өзіне әлеуметтік мән беруге ұмтылады. Қаламгер өмірдің нұры мен сәулесін, шындығы мен сырын зерттейді. Өзін де, өзгені де толғандырған сұраққа жауап іздейді. Шығарманың көркемдік сапасы, идеялық мазмұнның қоғамдық әлеуметтік қыры күрделі шындықтарды көтерумен байланысты. Байыпты ойлар мен түйіндер осы мазмұннан туындайды. Аманшиннің бұл бағыттағы жетістігінің көрінісі ретінде «Майдандас дос» әңгімесін атауға болады.
Шығарманың басты кейіпкері төрінен көрі жақын қалған Мұқан қарт үшін бәрі де кеш. Туындыдағы басты авторлық ұстанымның бұлақ-бастауы да, арнасы да осыған саяды.
Алматыға майдандас достардың шақыруымен келген Мұқан қарт өз ұл-қызының тұрмыс тірлігін көріп қатты шошынады. Ұлы кет әрі болмағанымен, тұрмысы жүдеу, әке қамы түгілі өзін-өзі алып-жүруі қиын. Қызы күйеуі ғылым докторы, мансапқор, тоғышар Уәлиханның ырқынан шыға алмайды. Сөйтіп, елінде абыройы бар қарт бейшара күйге түсіп, екі бірдей ұрпағы тұрған Алматыда өзін-өзі таба алмай, майдандас досы Федька Малининнің үйінен жылылық табады.
Жазушы кейіпкер ой толғанысы арқылы оқиғаны өрістетіп, көркем тәсілдерді орынды қолдану барысында шығармаға эстетикалық, әлеуметтік-философиялық жүк артып қояды. Қарияның ұл-қызының әкесіне деген мейірімінің жоқтығы кейіпкердің жан күйзелісі, ішкі монологы арқылы шынайы жеткізілген. Қарттың жан дүниесі, ішкі ой толғамы авторлық баяндаулармен, ішкі монологтың орынды қабысуымен шешімін тапқан. Б.Аманшин аталмыш әңгімеде әрбір кейіпкерін кескіндеп, өрнектеумен қатар, оның аузына ой-санасының таразысы болар сөздерді салып береді. Сондықтан да оқырман олардың әрбір сөздерінен таным-талғамын, мақсат-мұратын, ең бастысы адамдық тұлғасын толық тани алады.
Әрбір жазушының адамның қартайған шағын суреттеуі арқылы өткен мен бүгіннің арасын, ұрпақтар арасындағы байланыс сипаттарын дәйектеуі әрқилы десек те, тәрбиелік мәні мен айтар ой астары үндесіп жатады. Бұл туралы академик З.Қабдолов былай деп ой түйеді: «Адам тағдыры жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірде көрген тірі адамдар туралы, олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген қоғам туралы көзқарасы қалыптасады, нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау мақсатында творчестволық әрекеті басталып кетеді» [17, 78 б.].
Берқайыр Аманшиннің осындай өмірдің тұңғиығына үңіліп, ішкі рухани әлемінің қатпарларына сүңгіп жазған шағын туындысы – «Ақ үйрек» деп аталады. Шығарма философиялық толғамдарға толы.
Әңгіменің мазмұны мен сюжеті жоғарыда біз сөз еткен шығармаға қарама-қарсы. Жесір әйел Жеміс өзі курортта достасқан жасы келген Өтегенді қатты сыйлайды. Бұл да, ол да жұбайлары қайтыс болып, басы бос қалған жандар. Жылда демалыста кездеседі. Біріне-бірі кет әрі емес. Алайда бір кедергі әйелде ұл, ерде қыз бар. Олардың ақыры бір шешімге келуіне, сөз салған ерге, әйел жауабын ақ үйрек шешеді. Әйелдің ақ армандай алыстан аялап жүрген жабайы ақ үйрегін Өтеген қызық үшін ұстап алып, бетіне қанаты тиіп кеткен үйректі ашу-ыза үстінде өлтіріп тастайды. Жазықсыз киелі құсты бекерден-бекерге өлтірген Өтегенді жек көріп кеткен жүректің соңғы жауабы «жоқ» болады. Әдемі сезімге құрылған, символдық мәнге ие, сыршыл әңгіме.
Әлеуметтік мәселелерді психологиялық талдаумен шебер қиюластыра білген жазушы тағдыр тауқыметін көп көрген әйелдің өмірге көзқарасын, көрген бейнеті мен кешкен қиыншылығын зерделей отырып, адамгершілік мәселесін көркем иіріммен бедерлейді. Кейіпкердің басындағы тауқыметін, кейіпкердің өз баяндауларымен жеткізе отырып, ішкі монологпен қабыстырады. Жалғызілікті әйелдің өз серігін іздеп, елжіреген жан дүниесі әрқилы детальдармен белгіленген.
Қарапайым қазақ әйелінің сана-сезімі, көзқарасы арқылы ұлттың жан дүниесін таразылай түседі. Әйел адамның жарына деген ерекше сүйіспеншілігі қарапайым кейіпкер бойына жинақтап баяндау арқылы жазушы қазақ әйелінің ұлттық сипаттағы типтік характерін сомдаған.
Аталған екі әңгімедегі замана шындығы мен замандас бейнесі шынайы түрде жымдасып, оқырманын баурап, шығарманың әсерін көтере түседі. Заман шындығын көркем шындыққа айналдыру үшін жазушы ауқымды мәселелерге мән берген. Сондықтан да материалдың мол қамтылуына көңіл бөледі. Терең ізденістерге барады. Бірақ уақыт тынысын көркем шындыққа айналдыруда бір тақырыптың өзі алуан түрлі сипатқа ие болатыны анық. Бұл қаламгердің сол шындықты өз көзқарасы тұрғысынан эстетикалық дәрежеде жеткізе білуінде. «Нағыз жазушы әлеуметке ортақ өз кезінің таза моральдық атмосферасын рухани бейнелеушісі болумен қатар, өмірдегі келеңсіздікті батыл айыптаушы, жалпы адамзатқа ортақ гуманистік моральдің насихатшысы, әрі берік қалыптастырушы қайраткер екенін ұмытпаған жөн. Сонда ғана заман мен замандастар алдындағы суреткер парызы өтелмек» [30, 76 б.], – деп
М. Әлімбаев тұжырымдағандай, Берқайыр Аманшин әңгімелеріндегі жасы келген адамдар образы мен ой-жүйесін таразылауы, ұлттық рухани болмысты дәйектеуі екені айқын.
Б. Аманшин әңгімелерінің ең бір көркемдік табысы – онда өмірдің қалт еткен әлдебір сәттерінен өмірлік мәні бар ой түйе алатындығы. Ол оқиғаны құрғақ баяндап қана қоймай, әлгі бір таңбаланып қалған сәттік көріністі мәңгілік мәнге айналдыра тереңдетіп жіберіп, одан көз алдыңнан кетпейтін образ жасай алатындығы. Мәселен, оның «Бұйырмаған алма» әңгімесі – осы шарттардан толық шыға алған әңгіме. Мұнда заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алмасының» әсері бар. «Қызыл алмада» – алма махаббат шиеленісінің шешімі болса, мұнда алма адамдық ардың айқындамасы.
Б. Аманшин «Болашақ келін», «Алтын сақина» атты әңгімелерінде адами күйбең тірліктің көп байқала бермейтін жайттарынан тәрбиелік мәселелер тауып, оларды қарапайым тірліктен аршып алып, алға шығарады.
«Болашақ келінде» ауылдағы адами тәрбиенің берік тұтқасындай Нәдия шешей жалғыз жиені Шұғайып үйленбегін айтып, Алматыға шақырған соң жолға шығады. Мақсат – келінді көріп, көңіл толып, жиеніне ақ батасын беріп қайту. Жиеннің де сұрауы осы. Жол үстінде бір купеде келген жас қыз сол келіннің өзі болып шығады. Жол бойы «қамырдан қыл суырғандай» қыз мінез көрсетпей шошытқан қызды Шұғайып жиеннің үйінде тап басып таниды.
Жазушы әңгіме қалай бітуін оқушылардың өз талғамына қалдырады.
Оқиға немен бітпек. Үлкенді қадірлей білмейтін, шайпау мінез, қызға лайық қылық көрсетпеген қыз келін болып оңдырар ма?! Шешімнің иесі – Нәдия шешей. Әйтсе де, оқушы көңілі тәлімсіз жанды Нәдия шешей келін етпесіне жығылары кәдік. Ал Шұғайып ше?.. Сұрақ көп, жауап әркімнің өз білігіне қатысты табылары хақ.
«Алтын сақина» әңгімесі нәзік сезімнің қылын шерткен лирикалық сипаты басым келетін шығарма. Онда өзінің адал, адамгершілік қасиетін жоғалтпаған әңгіменің баяндаушы кейіпкері курортта жүріп тауып алған сақинаның иесін таппақ болып жүріп, өзінің бала махаббатына жолығады. Өткен күндердің өзекті жарар өкініштері жаңғырады, бүгінгі күндегі бірсыдыра тіршіліктің мәні ұлғаяды. Кездейсоқ табылған «...қызғылт алтыннан соққан, үстінде құстаңдай қос жапсырмасы бар әдемі жүзік» кейіпкерге қайтару әлегін әкеледі. Ол сергелдеңнің шындығына біз сенеміз. Өйткені кейіпкер жаны бізді соған сендіреді.
Түйер ой – тағдырдың тартысына шыдау қиынның қиыны. Оған тек өз бақытын аялаған ғана жетеді. Ертеңгі жарқын болашақтан үміткер арудың үмітін үзген кім? Не? Жауабы қандай болмақ. Бірақ жазушы баяғы бақытты тұсты санасына мәңгілік сақтап қалғысы келеді. Оның құтқарушысы, арының арашасы бүгін емес, өткен күндер.
Өткеннің елес болып қалуына не себеп? Мүмкін бұған аяулы махаббатын алдыңғы күндердің бақытына бөлей алмаған бас кейіпкер өзі кінәлі шығар. Иә, солай, ол сондықтан да өткен күндер елесіне жылынады. «Алтын сақинада» тысқары дүние мен ішкі сезім, бір-бірімен үйлесіп жатады. Шығарма кейіпкерінің жан дүниесінің құбылыс сәттерін жеткізуде жазушы лирикалық сарынмен қатар психологиялық тереңдікке де барады. Бұл бас кейіпкер – Мәриям, Ғаббас кездесуіндегі қатынастар сәтінде анық байқалады.
Б. Аманшиннің «Ел ішінде», «Базар басында» әңгімелерінде өзінің көзі көрген, қанына сіңген өмір көріністері арқау болып тартылады. Ел өмірінің өткені мен бүгінін желілес ала отырып, ол шағын көріністер арқылы күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесетін, адам бойында байқала бермейтін кейбір сәттер мен иірімдерді бейнелейді. Өмірдің өз ортасынан ойып алған тәрбиелік мәні зор ойлы әңгімелер Берқайыр Аманшин шығармашылығының бір қыры болғаны даусыз.
Осынау бір-бірімен жалғасын тауып жатқан екі әңгіме де жазушының сүйікті кейіпкеріне айналған «Жар мұңы» повесіндегі Мейірманның атынан баяндалады. Әңгіменің басты арнасы бүгіннен өткенге тартып, кейіпкерлердің жастық шағын қамтып отырады. Өткенге қызыға ой жіберіп, бүгінгі азаматтық биік асқарынан сабырлы да салмақты ой сарабына салады.
«Әке балаға сыншы» дейді қазақ. «Бала әкеге де сыншы» дер едім мен. Неге дейсіз ғой? Басына сана орнап, сәуле түскен күннен бала әуелі әке-шешесіне еліктейді. Солардан естігенін жаттайды, көргенін істейді. Бірақ, осы үйген-түйгеннің біразы кейін есейе келе пайдаға аспай қалады. Көбі ылайықсыз, әйтпесе ұят көрінеді. Өйткені, кешегінің өлшемі, машығы бүгінгіге я тар, я кең. Замана ағымы, уақыт репеті өзгермей бір орынды тұра ма?
Амал не. Аласапыран уақытта отбасы қамы үшін аласұрған әкенің отты жігері қызу күш-жігер қадір білмес заманда сарп болды. Аталған әңгімелер ел тіршілігінің шыншыл суретімен қызықты.
Б. Аманшиннің жоғарыда талданған әңгімелерінде өмір мәселелері салмақты байыпталған. Ендігі бір шағын туындыларында адам болмысындағы жағымсыз жайлар күлкі-әжуа тезіне алынады. Б. Аманшин әңгімелеріндегі ізденісінің бір қыры жеңіл юмор табиғаты мен сатиралық мінездеулерінде жатқанына көз жеткіземіз. Жазушы мұндай туындыларында күлкі мен сатираны көркемдік әдіс ретінде ұстанады.
Б. Аманшиннің бұл бағыттағы жетістігінің көрінісі ретінде «Ақтайдың хикаялары» әңгімелер циклін атауға болады. Шығарманың басты кейіпкері – Ақтай. Аталмыш туындыда жазушы күнделікті өмірдегі адамдар қарым-қатынасындағы көрінетін кейбір жағымсыз мінездерді, жаман әдеттер мен бейбіт сөзге дағдыланып кеткен қылықтарды сөз қылады. Адам баласының ішкі дүниесінде болатын сезім шарпуларды сатиралық тәсілмен шебер көркемдейді. Адам баласы мен оның тағдырын, характерін жан-жақты зерттейді. Әңгімеде басты қаһарман Ақтай образын әр қырынан аша түсіп, мінездерін әр түрлі оқиға барысындағы әрекет үстінде көрсетіп, ішкі жан дүниесін шым-шымдап ашып, нақты характерге айналдырады. Кейіпкерлер келбетін және олардың жан дүниесін ашып-көрсетуде негізгі оқиғалармен қатар майда детальдар да көмекші құрал қызметін атқарады. «Ақтайдың хикаялары» әңгімесі күлдіре отырып, көңілге ой ұялатады.
Жинақтай келгенде, Б. Аманшиннің шағын әңгімелеріндегі замандас бейнесі сан түрлі тұрғыдан бейнеленген. Әңгіме жанрының көркемдік шарттарын еркін меңгерген жазушы әрбір шығармасында өмірдің келелі мәселелері жөнінде сөз қозғап, заман тынысын дәл бағамдап, замандас келбетін айқын бейнелейді.
«Әдетте, эстетикалық мұрат, өмірге деген көзқарас ашық бояуын тауып, озық идеяға жол салса, ондай шығарманың білімділік, тәрбиелік мәні де арта түспек», [31, 26 б.] – дейді М. Хасенов. Адам болмысының балғын балалығы мен қартайған шағындағы көңіл күй психологиясын дәл көрсететін ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт мінезіндегі ең асыл қасиеттер мейірім, қамқорлық, жанашырлық сезімдерінің жұтаңдауы мен рухани азғындау көріністері Б.Аманшиннің басты назарында деуге болады.
Қорыта келгенде, Б. Аманшиннің шағын жанр өрісіндегі өзіне ғана тән ерекшеліктері мен шығармашылық жолындағы идеялық-көркемдік ізденістерін саралай келе, мынандай тұжырымдар жасауға болады:
Жазушы Берқайыр Аманшиннің проза саласындағы еңбегінің тың ізденістер көрінісі екенін танытатын оның повестері болып табылады. Осынау қара сөздің, А. Байтұрсыновша айтқанда, «ұзақ әңгіме» [32, 283 б.], қазіргіде хикаят деп аталатын орта жанрында ол елеулі еңбек етті.
Б. Аманшин – мұнайшылар өмірінен алып жазған, студенттер өмірінен де сыр шертетін «Жар мұңы», тарихи тақырыпқа барып, Бақытжан Қаратаевтай ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ірі қайраткерін тұлғалаған «Көкжар», т.б. повестердің авторы.
Оның «Жар мұңы» повесі – көркем прозаның іргелі жанрындағы алғашқы туындысы. Шығарманы қалың оқырман, әсіресе жастар жылы қабылдады. Себебі, мұндағы 1950-1960 жылдардағы жастар өмірі суреттеліп, адамгершілік мәселелері биік образдылыққа арқау болған-ды. Мұнайшы инженер Меңдеш Махмұдовтың адамдық, азаматтық тұлғасы кімді де болса бей-жай қалдыра қоймайды. Өзіне тартып елітеді, еліктіреді. Ол жастардың өнегелік істерінде көшбасшылыққа жөн сілтегендей. Әсіресе, оның адамгершілік қасиеті, асқақ та биік. Кір талмас жан тазалығы оның адами қасиетін айқындай түседі.
Жазушының өнімді, байсалды прозалары ерекше бағалы өрнекке ие десек, оның қаламынан сомдалған кейіпкер тұлғалар екенін айтқан болар едік. Олар уақыт бедеріне өзіндік өрнегі, қарапайым адами қасиеттерін сала білген. Ерен істерімен ерекшеленбесе де, өзіндік келбеті бар, берік, байламды азамат, азаматшалар. Олар жаңаша ойлайды. Ал жаңаша ойлайтын қаһарман қашан да шығарманың идеялық-көркемдік қызметіне, құрылысына, бейнелеу жүйесіне тиісті өзгеріс енгізіп отыратыны табиғи нәрсе. Міне, Б. Аманшин повестерінің басты кейіпкерлері осы заңдылықтар мен шарттылықтарға толығымен сай деп білеміз.
«Жар мұңының» басты жетістігі – осындағы басты қаһармандардың: Меңдеш, Үміт, Ольга уақыт шындығынан артық-кем түспей орнықты сомдалуы. Повестегі осы кейіпкерлер бейнесінен сол заман жастары өздерін айқын тани алады. Өйткені, бұлардың әрқайсысына тән дара мінездері бар. Осы тұлғалардың шындығына көз жеткізу үшін автор мінез диалектикасын тапқан. Повестің бірнеше бөліктен тұратын жеке-жеке атауларға бөлінуі және сол бөліктердің белгілі бір кейіпкердің атынан баяндалуы әлгі баяншы кейіпкердің өзгелер көзіне түсе бермейтін, жалпыға байқала бермейтін мінез даралығын, характер бітімін жасау үшін алынған әдіс деп білеміз.
Жалпы «Жар мұңы» повесі ар-иман тазалығына, арамдық пен адалдық, парасаттылық пен тоғышарлық, жамандық пен жақсылық, таза сезім мен опасыздық арасындағы тайталасқа құрылған. Шығармаға таза адамгершілік тақырыбы арқау болған. Мұнда адам басында кездесер тағдыр-тауқыметі мен машақаты, яғни адам тағдыры, оның сан соқпақты өмір жолы сөз болады. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Р. Бердібай: «Көркем шығармалар өмір шындығынан туады, бірақ тіршілік бетінде шашырай жатқан құбылыс өздігінен тізіліп бас құрамайды. Әдебиеттің қадірлі мүлкі саналатын туындылар өмір байланыстарын жан-жақты зерттеудің, жеке адамдар тағдырын үлкен қоғамның даму заңдылықтарымен ұштастыра қараудың нәтижесінен пайда болмақ. Бұл мәселенің сыртқы объективтік жағы болса, болмыстың фактілерін біріктіріп, оларға жан кіргізетін, ерекше қуат дарытатын нәрсе – суреткердің өз басын толқытқан аңсар, идея» [33, 357 б.], – деп ой қорытқандай.

Б. Аманшиннің «Жар мұңы» повесінде жазушының көздеген мақсаты, құнды ойлары, мәнді де мағыналы сөздері өмірлік танымы барынша айқын көрініс тапқан.


Қоғамның дамуына орай әдебиеттің тақырыптық ауқымы да кеңейеді. Соған байланысты қоғам әдебиетінің алған шептері мен шыққан биіктері аз емес. Соның бір көрінісі – 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басынан бастап тарихи тақырыптардың игеріле бастауы. Әдебиеттегі осы үрдістен Берқайыр Аманшин да тыс қалған жоқ. Оның «Көкжар» повесі осы тарихи тақырыпты игерудегі алғашқы қадам болатын.
«Көкжар» повесі туған өлкенің өткен тарихына бойлап, тарихтың терең қатпарында қалып қойған, ел зердесін елең еткізер жайттарды жарыққа алып шығады. Шығарма ғасыр басындағы қазақ жұртының тіршілігін бейнелі суреттеуден басталады.
«Жәрмеңкешілердің биыл еңселері көтеріңкі. Осы жолы қолдары күрп еткелі тұрған тиімді сауданың елірткіш буына бәрі де әлден семіріп алғандай. Жолшыбай қонған-түстенген жерлерінде – оты, суы мол көл-көлмек, терең шыңырау, тайыз оппа бастарында жан-жақтан құйыла кеп тоғысқан жақын жекжат, алыс жұрағат бір-бірімен биыл аса риялы шыраймен көрісті. Бары бүрулі ет, бітеу қазысын бір-ақ көтере асып, жоғы қап түбіндегі қақпышқа дейін бөлісіп жеп, жол бойы шақырысумен болды. Мұндайда былтыр күзекке кеткеннен бері бір-бірімен хабар қатынассыз ауылдардың адамдары алты ай қыс бойында өз тарапында болған ірілі-ұсақты жаңалықтарды ортаға салып, әңгіме-дүкен қыза түседі. Мұндай әңгімеде, әсіресе, алдында ғана жат жерге қыз ұзатқан я алыстан келін түсірген ауылдардың адамдары жаңа туысқандарының амандығын қайта-қайта сұрағыштап, бауырмалдық, ізетшілдік жағынан бір-бірінен қалыспауға тырысып бағады» [34, 7-8 бб.].
Осы «Көкжар» жәрмеңкесіне келуден басталған оқиға бірте-бірте іріленіп, қазақ даласына келе жатқан өзгерістерден елес бергендей. Сөйтіп, ел ішіне дендей ене бастаған өзгеріс Қазақстанның батысындағы әйгілі «Көкжар» жәрмеңкесіне қатысты оқиғалар арқылы өріледі.
«Көкжар» – повесіндегі оқиға уақыты 1912-1913 жылдарды қамтиды. Маңғыстаудың адайлары көктемгі жәрмеңкеге Көкжарға мал айдап бара жатыр. Іштерінде елге белгілі әрі етікші, әрі әнші Қайып және Алшын, Уәйіс іспетті ел ұғымында алғыр жігіттер бар. Сонымен бірге момын етікші Махмұд та көзге еріксіз шалына береді. Оның өзіндік сыры бар. Жазушының кейінгі шығармаларында осы Махмұдтың өзі және оның ұрпақтары басты тұлғаға айналады.
Повесте аты халыққа белгілі адамдардың да бейнесі сомдалған. Солардың бірі – Бақытжан Қаратаев. Ол шығармада негізгі тұлға болып көрінеді. Кезінде кадет партиясының белді мүшесі, Мемлекеттік думаның депутаты болған
Б. Қаратаевтың отаршылдыққа қарсы күресінің бір сипаты осы повесте белгі береді.
Жазушы бұл екі шығармасында өзге жазушыларда бола бермейтін әдісті қолданған. Әдетте мұндай көп жоспарлы шығармаларда оқиға әріден (хронологиялық) беріге қарай өрбісе, мұнда керісінше беріден әріге қарай тереңдейді. «Жар мұңында» Меңдеш Махмұдовтың мұнай заводында инженер болып жүрген кезі бейнеленсе, енді мына «Көкжарда» одан әрідегі кезең – Меңдештің атасы Махмұдтың өмірі бейнеленген.
«Көкжардың» бас кейіпкері Бақытжан Қаратаев болғанымен, шығармада сол кездегі ел өмірі кең қамтылған. Махмұд – қарапайым еңбек адамы. Бұларға қарсы күш – болыс, би Нармағамбет, Ақшолақ құсаған дала жыртқыштары. Бұл соңғыларда жақсы даралаған. Ақшолақ тікелей күштің, зорлықтың адамы болса, Нармағамбет сұм, айлакер.
Елдің ендігі көз тіккені, сөзіне ұйыры да Бақытжан Қаратаев. Жазушының Бақытжанды «Көкжарға» әкелерге дейін мал айдаушылар арқылы ел жайымен кеңінен таныстыруы осыдан деп білеміз. Ел жайынан базардағы жұрт арқылы қаныққан Бақытжан елді ұлы күреске ұйымдастыру уақыты жеткенін түсінеді. Ертеңге деген бір сеніммен аттанады ол жәрмеңкеден. Повесть осындай үмітті сеніммен аяқталады.
Профессор Ж. Дәдебаев: «Шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын» [35, 12 б.], – десе, осы үдеден шығу мақсатында Б.Аманшин өз шығармаларында өзі куә болған дәуірдің шындығын сыншыл тұрғыдан да аша біліп, өткен кезеңдерін тереңдегі дүниелерін тарихи дерек пен жазушы қиялын астастыра отырып бүгінгі күнге үндестіре алған.
Жалпы алғанда, Берқайыр Аманшиннің әңгіме-повестері – уақыттың шындығын ашып, тарихтың тереңіне бойлап, замана алға тартқан сұрақтарға жауап іздестірген шынайы көркем туындылар. Бұдан жазушының әдебиетке жүктелетін жауапты әрі абыройлы міндетті үлкен жауапкершілікпен түсініп, «ардың ісіне» адал қызмет еткенін байқаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет