Түркі тілдерінде сөз құрылымдық тұрғыдан екі морфемадан тұрады. Олар – түбір морфема және қосымша морфема. Сондықтан қазіргі тілімізде түбірдің құрылымын анықтау – түркітанудағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі, түркі тілдеріндегі сөзбен астасып жатқан түбірдің қызметін, дамуын, өзгерістерін зерттеп, айқындау өте күрделі жұмыс. Оның басты себебі – морфологиялық құрылымы жағынан жалғамалы (агглютинативті) типке және негізгі сөз тұлғасы жағынан бірбуынды (моносиллабикалы) тілдер қатарына жататын түркі тілдері үшін түбір мәселесі – көп мәселенің түйінін шешуші өзекті проблема.