Оқыту үдерісінің маңызды компоненттерінің бірі – оқушылардың білімін бағалау және есепке алу. Олар оқу үдерісін мұғалімнің дұрыс ұйымдастыру басшылығына байланысты. Бағалау деп оқушы жұмысындағы дербестікті, тапсырманы дұрыс орындау нәтижені, білімнің, біліктің және дағдының сапасын анықтауды айтады. Ал есепке алу – бұл оқытудың белгілі бір кезеңінде оқушылар мен оқытушының жұмысын жинақтап қорыту.
Үлгерімді бағалаудың білімділік және тәрбиелік маңызы бар. Білім беру мағынасы - оқушылар объекті білім алады, ой-өрісі кеңиді, ғылыми көзқарасы қалыптасады, іскерлікті, дағдыны игереді.Тәрбиелік мағынасы - объективті бағалау жеке адамның қасиеттерін қалыптастыратын құрал.
Білімді, білікті және дағдыны тексеру мен бағалау танымдық іс-әрекет кезеңдерінің бірі болады. Бұл жерде негізгі мақсат – оқушылардың оқу жұмысын бақылау, олардың үлгерімін және оқытудың кері байланысын есепке алу. Оқушылардың білімін бағалау үшін мынандай жағдайларды ескеру қажет:
- оқушы білімінің жақсы жақтарын және кемшіліктерін дәлелдеу;
әрбір баға –бұл тек қана білімді есепке алу емес, ол шын тәрбиелік құрал;
бағаны жазалау құралы есебінде қарастыруға болмайды;
оқушылар білімін тексеруді және бағалауды сабақтың әрбір кезеңінде іске асыру керек.
Шағын жинақты бастауыш мектепте оқушылардың білімін тексеру мен бағалау - өте күрделі мәселе. Сабақ барысында уақытты үнемдеу үшін арнайы тексеруге уақыт қалдырмаса да болады, бірақ үй тапсырмасын тексеруді алдын-ала қоңырауда көмекші-лаборанттың көмегімен іске асыруға болады. Сонымен бірге, оқушылар жұмысының барысын өзі бағалай және дұрыс бағалай білуге үйрету абзал. Өз жұмысын бағалай білген оқушы өз сыныптастарының, өзінен кіші сынып оқушыларының еңбегін тексеріп, бағалауға үйренеді. Оқушы өз жұмысын мұғалімге тапсырмас бұрын тексеріп, өзгенің жұмысын тексеріп, бағалап, мұғалімнің бағасымен салыстырады. Сонымен бірге, берілген өзіндік жұмысты да міндетті түрде тексеру қажет. Ол жұмысты тексеру кезінде тек қана оның қорытындысы тексерілмей, сол қорытындыны шығару үшін қалай жоспарлағаны, қандай тәсілдер қолданып орындағаны, өзінің қалай тексеріп отырғандығын – осының бәрін ескеріп, бағалаған жөн.
ШЖБМ мұғалімдері оқушылардың білімдерін тексеру мен бағалауда өз тәжірибелерінде әр түрлі әдістерді және құралдарды қолданады. Көпшілік жағдайда тапсырмалар әр оқушыға жеке-дара түрде беріледі де, мұғалім тапсырма орындала салып, өз қолындағы жауаптармен іле-шала тексереді. Сондай-ақ тапсырма жауаптары перфокарта түрінде дайындалып, оқушының жауабы соның ішіне салынады. Кейбір мұғалімдер оқушылардың білімдерін бағалау үшін алдын-ала дайындалған геометриялық фигураларды, суреттерді (ұшақ – «5», жеңіл машина – «4», ат –«3», тасбақа – «2» суреттері), жетондарды пайдаланады.
ШЖБМ оқушыларының білім, білік және дағдылар деңгейін бағалау кезінде тест әдісін қолданудығ да ролі өте зор. Тест әдісін қолданғанда оқушының жасын ескеріп, оларды жаңалыққа үйрету, ізденіске талпындыру, жинақылыққа, шапшаңдыққа, өзін-өзі тексеруге, қатесіне көзін жеткізуге, уақытты үнемдеу, салыстыру және тексеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндіктер мол. Тесттің тақырыптық, тараулық, тоқсандық, жарты жылдық, бір жылдық, қорытынды түрлері болады.
Тақырыптық тест белгілі бір тақырыпты меңгергеннен кейін жүргізіледі. Бұл тесте баланы ойландырып, оның іздену қабілетін дамытатын, аз уақыт жұмсап, нәтижелі қорытынды шығаратынын, логикалық ойлау қабілетін дамытатын, есептеу нәтижелерін салыстыру процестеріне арналған және арнайы жетілдіруге іріктеп алынған тапсырмалар болуы мүмкін.
Педагогика ғылымында тестік тапсырмаларды зерттеумен айналысқан ғалымдар В.И.Огорелков, В.С.Аванесов, т.б тестің бірнеше түрлері бар екендігі тағайындаған. Ал кейбір әдіскерлер және практик мұғалімдер мектептің бастауыш буынында қолдануға болатын тесттің төмендегідей түрлерін ұсынады.
Біріншісі - білімді қарапайым түрде еске түсіруді жүзеге асыруға арналған “ашық” немесе “конструктивті” тест. Мұнда жауап беруші тестің талабына сай тапсырманы әрі қарай не сөзбен, не санмен, не болмаса графикпен жалғастырады: Мысалы: математикадан тест тапсырмаларын келтірейік.