2008 жылы Елорданың 10 жылдық мерейтойы жалпыұлттық деңгейде аталып өтті. Әлемдегі ең жас астаналардың бірі болып саналатын еліміздің орталығының қалыптасуын шетелдік меймандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі деп бағалады. 2008 жылы Қазақстан демографиясы үлкен қарқынмен дамыды. 2 сәуірде Алматыда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Бейжің олимпиадасы алауының эстафетасы ашылды. 8-24 тамыз аралығында Бейжіңде өткен XXIX Жазғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы екі алтын, төрт күміс, жеті қола медаль алып, 204 мемлекеттің ішінен 29-орынды иеленді.
2009 жылы Бүкіл әлем қаржы дағдарысының шырмауында қалған шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Жол картасы» бағдарламасы әзірленіп, Үкімет дағдарысқа лайықты төтеп берді. Осындай қиын кезеңде қауіпсіздік пен тұрақтылықты ұмыт қалдырмаған Қазақстан Астана төрінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының үшінші съезін өткізді. 12 қаңтарда Астанада ҚР тұңғыш Президентінің алғашқы интеллектуалдық мектебі ашылды. 24-25 ақпанда халық санағы жүргізіліп, оның бір жылдан кейін жарияланған қорытындысы бойынша ел халқының саны 16 миллионнан асты. 21-23 наурыз күндері Наурыз мерекесі тұңғыш рет ресми түрде үш күн қатарынан тойланды. 3 тамызда «Жетіген-Қорғас» халықаралық теміржол құрылысы басталды. 12 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао «Түрікменстан – Қазақстан – Өзбекстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық бөлігін іске қосты.
2010 жылы Тарих беттерінде бұл жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығымен есте қалатыны сөзсіз. Халықаралық қауымдастық тарапынан Ванкуверден Владивостокқа дейінгі территорияда орналасқан 56 елдің басын қосатын ұйымның жұмысына жоғары баға берілді. Ұйымның 11 жыл бойы өткізілмеген саммиті елордада ұйымдастырылды. Президент Жолдауы бойынша Үкімет индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылдады. Білім мен ғылымға ерекше назар аударылып, жаңа заң мақұлданды. Елімізде халықаралық дәрежедегі тұңғыш білім ордасы – Назарбаев университеті ашылды. БҰҰ Семей полигоны жабылған күнді Халықаралық ядролық қарусыздану күні деп бекітті. 1 қаңтарда Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кедендік одақ жұмыс істей бастады. БҰҰ Наурыз мерекесін халықаралық халықтық мейрам деп таныды.