2016 жылы 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды. Сондай-ақ, осы кезде ел астанасына Мемлекет басшысының есімін беру туралы ұсыныстар айтылды. Мереке қарсаңында көптеген қазақстандық мемлекеттік марапаттарды иеленіп, елде амнистия жарияланды.
2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. 26 қазанда Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлығы қабылданды.
2018 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Төрағалықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша құжат қабылдау болды. Кеңестің тұрақты емес мүшелері бұл қызметке кезекпен кіріседі. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланды. 12 тамызда Ақтауда 5-ші Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған болатын.
2019 жылы Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. 2 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа Жолдау жасады.
2020 жылы Елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы сынды мерейтойлар жалпыхалықтық деңгейде аталып өтті. Алайда COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты көптеген жоспарларға өзгерістер енгізілді. Абай мерейтойының ең жарқын көрінісі мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасы ашылды. Бұл жыл еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы күрес жолында жаңа тәжірибе жинады және сабақ алды. Елімізде COVID-19 қарсы күрес үшін 15 жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Дәрігерлердің орташа жалақысы 30%, орта медицина қызметкерінің жалақысы 20% өсті.