2004 жылы Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Үш жылға жоспарланған үлкен жоба қазақ мәдениетінің өткені мен бүгінін сабақтастырды.
16-19 мамырда Қазақстан мен Қытай арасында Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын салу туралы келісімге қол қойылды. 28 мамырда Шығыс Қазақстан облысында еліміздің 15 миллионыншы тұрғыны – Перизат Өскенбаева өмірге келді. 10 қарашада «ҚР «Электронды үкіметті» қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасы» туралы Президент Жарлығы шықты. 13-29 тамыз аралығында Афиныда өткен XXVIIІ Жазғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль алып, 201 елдің арасынан 40-орынды иеленді. Осы жылы Президенттің «Ақорда» жаңа резиденциясы ашылды.
2005 жылы Қазақстан халқы президент сайлауы науқанын өткізді. Саяси көзқарастары әртүрлі үміткерлер бақ сынаған сайлауда Тұңғыш Президент 91,15% дауыспен халықтың сеніміне ие болды. 5 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитінде АҚШ-ты Орталық Азиядағы әскери базаларды шығарудың мерзімін нақтылауға шақыру туралы декларация қабылданды. Ақпан айында тұрғын үй құрылысын дамытудың үш жылға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастады. Жыл Ұлы Жеңістің 60 жылдығы ұранымен өтті.
2006 жылы Қазақстан үшін экономикалық серпіліс жылы болды. ЖІӨ бұрын-соңды болмаған 10,6 пайыз көрсеткішке жетсе, Ұлттық қордың активтері 14 млрд долларға дейін жетті. Бұл халықтың болашаққа деген сенімділігін нығайта түсті. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салып жүрген Қазақ елі осы жылы әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезін шақырды.
11 қаңтарда ҚР Президенті Н.Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтіп, онда еліміздің жаңа Әнұраны жария болды. 20 қаңтарда Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламентіне 10 жыл толды. 3 шілдеде елімізде мүлікті заңдастыру науқаны басталды. 3 қазанда Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастығына арналған форум тұңғыш рет елімізде, Орал қаласында өтті.
2007 жылы Бұл жыл Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғалармен есте қалады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекет президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне өтті. Осыдан кейін Парламент өзін-өзі таратып, жаздың соңғы айында заң шығарушы органдағы мандаттар үшін саяси партиялар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бақ сынады. Осы жылы ЕҚЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесі 2010 жылы аталған ұйымға Қазақстанның төрағалық ететінін жария етті. 19 қаңтарда «Астана» кәсіби велошабандоздар үйірмесінің тұсауы кесілді. 1 сәуірден бастап елімізде ойын бизнесіне тыйым салынды. 3 шілдеде «30 корпоративтік көшбасшы» жалпыұлттық бағдарламасы іске қосылды.