Вестфаль бітімі – 1648 ж. Германиядағы Вестфаль жеріндегі Мюнстер мен Оснабрюк қалаларында қол қойылған, 1618-1648 жж-ғы Отызжылдық соғыстың қорытындысын шығарған бейбіт келісімдер; бітімнің негізінде халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасты.
Отыз жылдық соғыстың қорытындылары. Габсбургтер жеңілді, антигабсбургтік коалиция жеңді. Швеция өзінің аумақтық талабына ең көп дәрежеде қол жеткізді, Балтикаға үстемдік ету мақсатына жетті, еуропалық державаға айналды. Францияның саяси күші нығайды, өз иеліктерін кеңейтті. Испания құлдырады. Голландия экономикалық өсу, отарлар үшін күресуге, еуропалық істерде өз саяси салмағын өзгертуге жағдайлар жасады. Католиктер мен протестантар құқығы жағынан теңестірілді; діни жағынан шыдамдылық принципі енгізілді, мемлекеттер арасындағы қатынастарда діни фактордың маңызы төмендеді. Габсбургтердің Батыс Еуропаны бағындыруға деген ұмтылысы жойылды. Германияның екі ғасырға саяси бытыраңқылығы бекітілді. Еуропа корольдері императормен құқығы жағынан теңестірілді. Голландия, Швейцариятәуелсіз мемлекеттер деп мойындалды. Орыс мемлекетінің халықаралық ықпалы өсті, оны еуропалық мемлекеттер өзіне тең құқықты әріптес ретінде мойындады. Күштердің тепе-теңдігі орнап, ол халықаралық қатынастарды тұрақтандырғыш рөлін атқара бастады.
3. ХVІІ ғасырдың ІІ-жартысындағы халықаралық қатынастар. ХVІІ ғ. ІІ-жарт-да Франция, Англия, Голландия, Швеция, Испания, Габсбургтер мемлекеті Батыс Еуропадағы ұлы державалар болды. Герман мемлекеттері: Бранденбург, Саксония, Бавария, Италия мемлекеттері: Венеция, Савойя, Папа облысы; Португалия, Дания саяси процестерде белгілі бір рөл атқарды; Шығыс Еуропада Ресей, оңтүстікте Осман империясы үстем болды. Отызжылдық соғыстан кейін алға жас капиталистік мемлекеттер: Англия мен Голландияның феодалдық-абсолюттік мемлекеттер: Франциямен, Испаниямен қарсы тұруы шықты. ХVІІ ғ. ІІ-жартысы – Англия, Франция, Голландияның отарлық империяларының үздіксіз өсу кезеңі болды. Англия, Франция, Голландия арасында отарлық иеліктерді қайта бөлісу үшін өткір күрес басталды. Отарлық фактордың маңызы жоғарлады.
ХVІІ ғ. ІІ-жартысы – ХVІІІ ғ. басында Батыс Еуропада Франция жетекші жағдайда болды. Ол аумағының көлемі, тұрғындарының саны, тұрақты армиясының мөлшері жөнінен басқа елдерді басып озды, әскері мен сауда флотын күшейтті. Францияның отарлары: Канада, Луизиана, Антиль аралдары, Үндістандағы Пондишери, Африкадағы Мадагаскар болды. Француз королі ХІV Людовик агрессиялық сыртқы саясат жүргізді. Францияның Еуропадағы саяси үстемдікке ұмтылысы оған қарсы еуропалық елдердің түрлі коалициясымен болған соғыстарға әкелді.
ХVІІ ғ. ІІ-жартысында Испанияның әскери күші, саяси беделі төмендеді, испан флотының күні өтті, Испания мен Португалия сауда және отарлық монополиясын жоғалтты. ХVІІ ғ. ІІ-жарт-да Голландия күшті теңіз державасына айналды. Оның қуатты сауда және әскери флоты болды, банк жүйесі дамыды, Солт., Оңт. Еуропа арасындағы халықаралық сауданы бақылады. Испанияның, Португалияның отарларын басып алуға тырысты. Индонезия, Үндістан, Цейлон, Австралия, Тасмания, Жаңа Зеландия, Бразилия, Солт. Америка, Кариб теңізі, Оңт. Африкада отарлары болды. Голландия Францияның Еуропадағы үстемдік саясатына қарсы шықты, оған қарсы коалициялар ұйымдастырды.
Англия ХVІІ ғ. ортасында буржуазиялық революция, Азамат соғысы, Стюарттар билігін қалпына келтіру оқиғаларын бастан кешірді. 1688 ж. Вильгельм Оранский ағылшын королі болғаннан кейін ағылшын-француз қайшылығы алға шықты. Голландиямен күресте Англияның басымдығы көрінді. Англияның Солт. Америкада, Үндістан, Антиль аралдары, Африкада отарлары болды. ХVІІ ғ. ІІ-жартысында Францияның 3 агрессиялық соғысы болды:
1) 1667-1668 жж. Француз-испан соғысы («деволюциялық соғыс»). Франция Испанияға қараған Франш-Конте мен Оңтүстік Нидерланды жерлерін, оның отарларын басып алуға ұмтылды. Соғыс бастау үшін әйелі, испан королінің қызы Мария Терезаның құқығын сылтау етті. 1667 ж. 24 мамырда ХІV Людовик әскери қимылдарды бастап, Фландрияның бір бөлігін, Франш-Контені тез оккупациялады, алайда француз әскерлері еуропалық елдердің қарсылығына кезікті. Голландия Франциямен шекаралас болғысы келмеді және Францияға әкелінген голланд тауарларына орнатылған жоғары кедендік тарифтерге наразы болды. Англияға Францияның Оңт. Нидерландыда күшеюі ұнамады. Голландия, Англия, Швеция 1668 ж. Францияға қарсы Үштік одақты құрып, Францияға соғысты тоқтату туралы ультиматум қойды. Соғыс 1668 ж. 25 сәуірдегі Сен-Жермен, 2 мамырдағы Аахен бейбіт келісімдерімен аяқталды. Франция жеңгенімен, Людовик оның нәтижелерімен қанағаттанбады, ол испандық Нидерландыны толық ала алмады.
2) 1672 – 1679 жж. француз-голланд соғысы. Соғыстың себебі: екі түрлі мәдениет, екі елдің өзара экономикалық бәсекелестігі. ХІV Людовик Голландияның деволюциялық соғыс кезінде Үштік одаққа қосылуын сатқындық деп санады. Француз әскерлері Фландрия мен Голландияға Кельн архиепископтығының иеліктері арқылы басып кірді. Голланд флоты біріккен ағылшын-француз флотын жеңіліске ұшыратты, ал француздар Пфальцты ойрандады. Францияға қарсы коалицияға Бранденбург курфюрстісі, герман императоры, Испания қосылды. Англия Франциямен одақтан бас тартып, соғыстан шықты. Швеция Франция жағында соғысты. Браденбург әскерлері 1675 ж. шведтерді талқандады. 1678-1679 ж. Нимвеген, 1684 ж. Регенсбург бейбіт келісімдері жасалды, олар Франция үшін тиімді болды, Еуропадағы француз үстемдігіне жасалған қадамды көрсетті. Францияның басып алған жерлері мойындалды.
3) 1688-1697 жж. Пфальц мұрасы үшін соғыс (Орлеан соғысы). Францияның агрессиялық саясатына қарсы 1686 ж. еуропалық мемлекеттер – Голландия, Империя, Испания, Савойя, Швеция, неміс князьдықтары, ұсақ италиялық монархтар құпия одақ – Аусбургтік лига құрды. Англия осы одаққа қосылды. ХІV Людовик Пфальц неміс мемлекетінің біраз бөлігін алуға дәмеленіп, 1688 ж. оның жеріне басып кірді. Ол өз ағасының әйелі герцогиня Орлеанская құқығын қорғауды сылтау етті. Людовиктің 3-соғысы 10 жылға созылып, құрлықта да, теңізде де жүрді. Соғыс Германия, Нидерланды, Италия, Испания жерлерінде жүрді. Құрлықта жеңіске жеткен француздар теңізде біріккен ағылшын-голланд флотынан жеңілді. Соғыс Франция үшін жағымсыз 1697 ж. Рисквик келісімімен аяқталды, ол соғысқа дейінгі аумақтық жағдайды қалпына келтірді.