«Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі №169- VІ Заңы 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық өнім – бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына арналған өзге де аудио-бейне және (немесе) баспа өнімі;
2) ақпараттық өнімді тарату – ақпараттық өнімді сату, оған жазылу, жеткізу, үлестіру, көрсету, прокаттау және (немесе) жалға беру жөніндегі қызмет;
3) ақпараттық өнімді таратушы (бұдан әрі – таратушы) – ақпараттық өнімді оның меншік иесімен, ақпараттық өнімді шығарушымен жасалған шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) ақпараттық өнімді шығарушы – ақпараттық өнім жасауды және (немесе) дайындауды материалдық-техникалық және (немесе) ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) балаларға арналған ақпараттық өнім – бағыты, тақырыбы, мазмұны және безендірілуі бойынша жас санатына сәйкес келетін ақпараттық өнім;
6) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау – балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатында жүргізілетін құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық және басқа да шаралар жиынтығы;
7) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) балалардың ақпаратқа қол жеткізуі – балаларға арналған ақпараттық өнімді балалардың еркін алу және тарату құқығы;
9) балалардың ақпараттық қауiпсiздiгі – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету;
10) жас санаты – осы Заңда айқындалған тәртіппен ақпараттық өнімге берілетін санат;
11) жас санаты белгісі – жас санатын графикалық және (немесе) мәтіндік белгілеу;
12) жас сыныптамасы – ақпараттық өнімге жас санатын беру процесі;
13) натуралистік сипаттау және (немесе) бейнелеу – адамның назарын бейнелеу (сипаттау) объектісінің бөлшектеріне, анатомиялық ерекшеліктеріне және (немесе) физиологиялық не техникалық процестеріне аударатын, адамды, жануарды, затты, оқиғаны, құбылысты, әрекетті (әрекетсіздікті) және олардың салдарын сипаттау және (немесе) бейнелеу;
14) нормативтік емес лексика бар ақпарат – былапыт, тұрпайы, бейәдеп сөздер, сөз орамдары мен тіркестер бар ақпарат.