8-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы қоғамдық бақылау мен қатысу 1. Осы Заң талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар:
1) ақпараттық өнімнің таратылуына және балалардың ақпаратқа қол жеткізуіне мониторингті жүзеге асыруға, оның ішінде "қызу желілерді" құру және ұстау, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты, ақпараттық өнімді және тұлғалардың әрекеттерін мониторингтеу мен анықтаудың техникалық, аппараттық және өзге де нысандарын қолдану арқылы жүзеге асыруға;
2) осы Заңның бұзушылықтары туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға;
3) таратылатын ақпараттың мүмкіндіктері, әлеуеті, тәуекелі мен қатерлері туралы балалардың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған, сондай-ақ ата-аналарды кәмелетке толмаған адам ақпаратты алған және пайдаланған кезде оны бақылау дағдыларына үйрету жөніндегі іс-шаралар жүргізуге;
4) балалар мен ата-аналар арасында ақпараттық сауаттылыққа талдау жүргізуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
3-тарау. ЖАС СЫНЫПТАМАСЫ, ЖАС САНАТЫ ЖӘНЕ ЖАС САНАТЫ БЕЛГІСІ
9-бап. Жас сыныптамасы 1. Жас сыныптамасын:
1) Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған ақпараттық өнімге – меншік иесі;
2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімге меншік иесі немесе таратушы Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық өнімнің таратылуы басталғанға дейін жүзеге асырады.
Осы тармақтың нормалары фильмдердің жас сыныптамасын жүзеге асыруға қолданылмайды.
2. Жас сыныптамасын жүзеге асыру кезінде:
1) ақпараттық өнімнің тақырыбы, жанры, мазмұны және көркемдік безендірілуі;
2) белгілі бір жас санатындағы балалардың ақпараттық өнімде қамтылған ақпаратты қабылдау ерекшеліктері;
3) баланың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізу ықтималдығы бағалауға жатады.
3. Жас сыныптамасы ақпараттық өнімге мынадай жас санаттары беріле отырып жүзеге асырылады:
1) "6 жасқа дейін" – алты жасқа толмаған балаларға арналған ақпараттық өнім;
2) "6 жастан бастап" – алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
3) "12 жастан бастап" – он екі жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
4) "14 жастан бастап" – он төрт жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
5) "16 жастан бастап" – он алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
6) "18 жастан бастап" – балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім.
4. Фильмдердің жас сыныптамасы осы Заңның және "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.12.2019 № 289-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.