2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы Осы Заңның күші:
1) ғылыми, ғылыми-әдістемелік, оқу, оқу-әдістемелік, статистикалық ақпаратты қамтитын;
2) Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасына сәйкес мәдени құндылықтарға жатқызылатын ақпараттық өнімді таратуға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. БАЛАЛАРДЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ДАМУЫНА ЗАРДАБЫН ТИГІЗЕТІН АҚПАРАТТАН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ, МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАТЫСУ
4-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттары Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясат:
1) психологиялық жас ерекшеліктерін, ақпараттық ортаның теріс ықпалына осалдығын ескере отырып, мемлекеттің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі;
2) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралардың жүйелілігі мен кешенділігі;
3) балаларды тиісінше тәрбиелеу және толыққанды дамыту мақсатында тарихи және өзге де дәстүрлерді, қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарын ескеру;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты еркін алу және тарату құқықтарын шектеуге жол беру қағидаттарына негізделеді.