Кеңістікті қабылдау: заттардың формасын, көлемін, тереңдігін және алыстығын,бағытын қабылдау. Кеңістікті қабылдау адамның ортамен өзара әрекеттесуінде үлкен рөл атқарады және адамның сонда бағдарлауының қажетті шарты болып табылады. Кеңістікті қабылдау кеңістіктің объективті көрінісінің бейнеленуі болып табылады және объектердің формасын,көлемін және өзара орналасуын,олардың рельефін,қашықтығын және олардың бағытын қабылдаудан тұрады.
Заттардың көлемі мен түрін қабылдау. Заттардың көлемі мен түрін қабылдауда олардың көздің тор қабығында бейнеленуінің үлкен маңызы бар. Үлкен заттарға үлкен кескін,кіші заттарға кіші кескін сәйкес келеді. Адамның көз құрылысының ерекшелігіне байланысты алыста орналасқан зат көлемі жағынан бірдей болғанымен,жақын қашықтықтағы затқа қарағанда,кіші болып бейнеленеді. Заттардың көлемі мен түрін қабылдау көру,сипап сезу және бұлшық еттік-қимылдық түйсіктердің күрделі үйлесімі негізінде жүзеге асады.
Заттардың аумақтылығы мен қашықтығын қабылдау. Заттардың аумақтылығын немесе тереңдігін қабылдауда бинокулярлық көру(немесе екі көзбен көре қабылдау)негізгі рөл атқарады. Монокулярлық көру (бір көзбен қарау) қашықтықты белгілі бір шек маңында ғана дұрыс анықтай алады. Егер шамалы қашықтықта керулі тұрған жіңішке жіпке бір көзбен қарасақ,жоғарыдан тасталған кішкентай шардың оның алдынан немесе артынан өткенін айыру қиын. Тереңдікті қабылдауда көз бұлшық еттерінің жиырылуы мен жазылуынан пайда болатын бұлшық еттік –қозғалыстық түйсіктердің маңызы аз емес.
Уақытты қабылдау. Уақытты қабылдау –бұл құбылыстар мен оқиғалардың ұзақтығы мен тізбегін бейнелендіру. И.П.Павлов пен оның ізбасарлары тәжірибе жүзінде дәлелдеген адамдарда үнемі жасалынып отыратын уақытқа деген шартты рефлекстер уақытты қабылдау процесінің физиологиялық негізі болып табылады. Уақыттық аралықтар адам организмінде болатын ырғақты процестермен анықталады. Уақытты дәл ,тікелей қабылдауға көнетін тек қысқа мерзімді интервалдар ғана. Уақыттың қабылдану ұзақтығы адам іс-әрекетінің мазмұнына тәуелді. Қызықты ,маңызды істерге толы уақыт зымырап тез өтеді. Адам уақытты қабылдаудағы субъективтіліктен практикалық іс-әрекет пен тәжірибесі негізінде арыла алады.