Жалпы редакциясын басқарған: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр мүшесі, филол.ғ. д., проф. Е. Қажыбек



Pdf көрінісі
бет140/170
Дата15.04.2022
өлшемі6,86 Mb.
#31095
түріБағдарламасы
1   ...   136   137   138   139   140   141   142   143   ...   170
Рəбиға Сыздық
термен  жақын  екеніне  мəн  береді.  Қазақ  шешендерінің  сөйлеу  үрді-
сін жақсы білетін автор мұндай жерлерде бұлтартпас дəлелдер келтіре 
отырып, өзіндік тұжырымының берік бекінісін де жасай алған.
«Шежіренің»  грамматикалық  жəне  стилистикалық  ерешеліктерін 
талдап,  морфологиялық  құрылымдағы  қазақ  тілімен  арасындағы  жа-
қындықты салмақты дəлелдер келтіре отырып зерттеп шығады.
Біздіңше, зерттеудің ең басты маңызы кейінгі қазақ зерттеушілері 
«Шежіренің» тілін зерттеуге батыл бара алады. Қазақ əдеби тілі мен 
Қазақ  тілінің  тарихи  грамматикасын  оқыту  барысында  Қадырғали 
Жалайыридың «Жами-ат тауарихы» қазақ халқының төл мұрасы деп, 
Рəбиға  Ғалиқызы  келтіретін  тілдік  мəліметтерді  келтіреміз.  Мұның 
өзі  түптеп  келгенде,  жастардың  тек  білім-білігін  көтеріп  қана  қой-
майды, бастысы, ұлттық рухты асқақтата түседі. Тарихымызға деген, 
елдігімізге деген мақтаныш сезімімізді тұтандырады.
Р.Сыздықова  жазған  «Сөздер  сөйлейді»  атты  еңбектің  оқырманға 
берер  ғылыми  азығы  мол,  рухани  қуаты  кең.  Кешегі  кеңестік  заман 
тілші  ғалымдардың  қолын  байлап-матап,  сөздің  сыртқы  тұлғасын 
ғана  бағамдап,  ішкі  мағынаға  терең  бойлауға  дес  бермегенде,  сөз 
мағынасын  зерттеуге  ұмтылғандардың  еңбегі  «зиянды  кітап»  атан-
ған бір уақыттарында, Рəбиға апай басқалардан гөрі батылдық таны-
тып,  қазақ  сөзінің  арғы-бергі  астарын  ақтарып,  елде  сақталған  ескі 
сөздің  естілігі  мен  естелігін  жастардың  құлағына  сіңіруге  асықты, 
мектеп  мұғаліміне  көмекші  құрал  ретінде  ұсынып,  сөз  асылының 
балаң  жастардың  құлағына  сіңе  беруін  ойлады.  Автордың  өзі  бұл 
туралы  былай  деп  жазыпты: «Кітап,  ең  алдымен,  мұғалімдер  жəне 
мектеп  оқушыларына,  студенттер  мен  жас  қаламгерлерге  арнала-
ды. Одан қалды, бұл кітапты туған тілін мейлінше сүйіп, оның əрбір 
сөзіне зер салып отыратын, əр нəрсені білмекке құмартатын қауымға 
да  ұсынамын».  Еңбектегі  абжыландай  толғану,  азамат,  жолдас, 
шора,  көзайым,  ала,  қарындас,  алаш,  алдияр,  алқалау,  сана,  сауын, 
сыбай,  қара  орман  т.б.  сияқты  толып  жатқан  сөздердің  мəтіндегі 
мағынасын  талдап,  саралап,  оның  мағыналық  дамуын  тəптіштеп 
түсіндіріп  беруінің  маңызын  бағамдау  керек.  Кез  келген  оқулықта 
сөз  мағынасын  түсіндіретін,  əсіресе  осындай  ескілік  сөздің  жай-
жапсарын түсіндіретін түсініктемелерді табу мүмкін бола бермейді.
Тілдің  жұтаңдығымен  күресуді,  сірə,  осылайша,  Рəбиға  апайдай 
іс  істеп  бастау  керек  болар.  Алдымызда  осындай  үлгісі  бар  ел 
екендігімізге мақтаналық, тəуба келтірелік.
Рəбиға  Ғалиқызы – тəлімгер,  ұстаз.  Апайдың  алдынан  дəріс 
алмаған  ғалым  кемде-кем.  Тек  өзінің  дайындаған  ғалым-шəкірттерін 
айтпағанда, ғалымның кітабын оқыған кез келген филолог не журна-
лист Рəбиға апайдың шəкірті емес пе?


293
Тіл-ғұмыр
Рəбиға Ғалиқызы – қазақтың батыр қызы. Олай деуімнің бірнеше 
себебі  бар.  Ахмет  Байтұрсынұлы  туралы  алғаш  пікір  айтушылардың 
бірі  екенін  айтпағанда,  əдеби  тілдің  тарихы  туралы  пікірталастары 
кезіндегі  апайдың  парасатты  ойларындағы  батырлықты  айтпағанда, 
өзім куə болған мына жайдың өзі – Рəбиға Ғалиқызының ерлік ісінің 
бір парасы сияқты тəнті етеді.
2002  жылдың  қыргүйек  айында  Түркістан  қаласында  түрколог 
ғалымдардың  халықаралық  бірінші  конференциясы  өтті.  Конферен-
цияға  барлық  түркі  жұртының  ғалымдары,  Мəскеу  мен  Санкт-
Петербургтен  түркітанушы  ғалымдар  қатынасты.  Сəтімен  өткен  осы 
үлкен  басқосудың  қорытынды  мəжілісінде  мəжіліс  төрағасы  (атын 
айтпаса  да  болады  деп  есептедім)  барлық  мақалалар  мен  баянда-
малардағы  түркі  тілдері  деген  терминнің  орнына  ортақ  тіл  де-
ген  терминді  қолдануды  ұсынып,  соған  қолдап  дауыс  беруімізді 
өтінді.  Залда  өлі  тыныштық  орнады.  Тіл  ғылымының  ығайы  мен 
сығайы  отырған  залдан  селт  еткен  бір  дыбыс  шыққан  жоқ.  Бір  сəт 
тыныш тықты  Р.Сыздықованың  саңқ  еткен  даусы  бұзды.  Əрине,  мен 
апайдың  сол  кездегі  сөзін  дəлме-дел  жеткізіп  бере  алмаспын.  Бірақ 
айтқан  ойы  мынаған  саяды:  Ортақ  тіл  деген  не  деген  сөз?  Қайдан 
шыққан? Ол тіл қандай тіл болмақшы? Ортақ тілде кімдер сөйлейді. 
Мысалы, мен қазақпын, қазақ тілінде сөйлеймін. Бірақ қырғыз əдеби 
тілінде  сөйлей  де,  жаза  да  алмаймын.  Ал  түрік,  əзербайжан  тілін 
түсінгеніммен, сөйлей, жаза білмеймін. Сонда ортақ тіл кімге керек? 
Апайдың осы сөзі отырған қалың көпшіліктің де ойынан дөп түскен 
болуы  керек.  Ұзақ  қол  шапалақтаумен  ұласты.  Сонымен  ортақ  тіл 
идеясы  өтпеді.  Р.Сыздықова  өзі  де  бағамдап,  байыптай  қоймаған 
үлкен ерлік жасады деп ойладым. Талайлар айта алмай, ішіне сақтап 
отырған  ойды  ашық  айта  алды,  жай  айтпай,  ерлерше  айғайлап  айта 
алды.  Махамбеттің  семсер  жырымен  сусындап  өсіп,  Абайды  көп 
оқыған,  жырларын  жүрегіне  тоқыған,  Қасым  ақынды  ғашық  еткен 
қазақ  қызының  өткірлігі,  өрлігі,  ғылымға  берілген  таза  махаббаты 
бүкіл түркі жұртына тарап жатқандай көрінді маған.
Өзіңізге  арналған  ақын  М.Рəшевтің  «Рəбиға  Гималайдың  Эве -
ресі» деген өлеңі былай басталады екен: 
Мойылдай мақпал қолаң қара шашың, 
Құрбыңнан артығырақ парасатың. 
Рəбиға, есіңде ме, қыз кезіңде 
Өзіңе жігіт біткен таласатын.
Ия,  көркіне  ақылы  сай,  парасат-пайымын  телегей-теңіз  білімі 
одан  сайын  нұрландыра  түсетін  Рəбиға  апайға  ұқсағысы  келмейтін, 
шəкірт  болғысы  келмейтін  қазақ  қызы  жоқ,  қазір.  Қара  шашқа  бүгін 


294
Рəбиға Сыздық
ақ  кіргенмен,  қайраты  сақталған,  қатарлас  ғалымдардан  ғылымдағы 
иығы  биігірек  тұратын  Рəбиға  Ғалиқызының  еңбектері  əр  қазақтың 
жүрегіне жетіп жатыр.
Бүгінде  сексеннің  сеңгіріне  шығып  отырған  Рəбиға  апайды 
абыз  демей  не  дейміз,  халыққа  аты  аңыз  болған  демей  не  дейміз! 
Рухы  биік,  жаны  таза,  сөзі  мен  ісі  мəрт  азамат  анамызға  денсаулық 
тілейміз. Халықтың өр мінезді абыз анасы арамызда аман-есен жүре 
бергейсіз!
Қазақ ҰУ Хабаршысы. – Филология сериясы, 2014, №5.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   136   137   138   139   140   141   142   143   ...   170




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет