Жалпы редакциясын басқарған: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр мүшесі, филол.ғ. д., проф. Е. Қажыбек



Pdf көрінісі
бет52/170
Дата15.04.2022
өлшемі6,86 Mb.
#31095
түріБағдарламасы
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   170
Тіл-ғұмыр
Рəбиға  Сыздықова  мерзімді  баспасөз  беттерінде  тіл  мəдениетінің 
көкейтесті мəселелерін көтерген, қоғамдық ойға қозғау салған көлем-
ді-көлемді  мақалалар  жариялаумен  қатар,  театр,  телидидар,  баспа 
ұйымдарында, газет-журнал редакцияларында, жоғары оқу орындары 
мен  мектептерде  əдеби  тіл  норма ларын  насихаттау,  қалың  көпшілік-
тің  тіл  мəдениетін  көтеретін  шараларды  (ғылыми-практи калық  кон-
ференциялар,  əңгіме-дəрістер,  дөңгелек  үстелдер  т.б.)  өткізу  тəрізді 
игі  істерге  ұйытқы  болып,  басшылық  жасап,  оларға  өзі  белсене  қа-
тысып келеді.
Ғалымның  лексикография  саласындағы  жұмысы – бір  төбе.  Ол 
«Абай  тілі  сөздігінің»,  қазақ  тілінің  он  томдық  түсіндірме  сөздігінін 
редакция  алқасының  мүшесі  болса, 2001 жылы  жарық  көрген  «Қа-
зақша-орысша  үлкен  сөздіктің»  жауапты  редакторларының  бірі, 
көптеген  монографиялары  мен  жинақтардың  жауапты  редакторы. 
Рəкең – кейбіреулердей  тек  құрметті  редактор  емес,  сол  еңбектің 
ұңғыл-шұңғылына дейін оқып, келелі пікір айтатын ғалым.
Р.Сыздықова  өзінің  ғылыми  конференци яларда  жасаған  баянда-
маларында,  сөйлеген  сөздерінде  əрдайым  ғылыми  жұртшылыққа  со-
ны  ой  тастап,  келелі  мəселелер  көтереді.  Рəбиға  Ғалиқызының  бұл 
ерекшелігін  ака демик  жазушыларымыз – Мұхаң  (Əуезов)  мен  Ғабең 
(Мүсірепов)  ерекше  атап,  өз  кезінде  əділ  бағаларын  да  берген  бола-
тын.  Мəселен,  əдеби  мұра  жəне  оны  зерттеуге  арналған 1960 жыл -
ғы ғылыми-теориялық конференциядағы қорытынды сөзінде Мұхтар 
Омарханұлы  былай  деген  еді: «Рəбиға  Сыздықованың  сөзіне  кон-
ференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймын. Оның 
сөзіндегі  бір  ерекшелік:  тіл  мамандары  мен  əдебиетшілерге  қатар 
ай тар  орынды,  кенеулі  ой  бар  жəне  сол  ойды  та ратып  айта  аларлық 
тіл  құдіреті  мейлінше  жеткілікті  екендігін  аңғартты».  Ғабең  қазақ 
көркем  шығармаларының  тіліне  арналған 1985 жылғы  шығарма -
шылық  конференциядағы  ба яндамасында  конференция  алдындағы 
орынды  ұсыныстар  көтерген  мақала  авторларының  ішінен  бөле-
жара «көптен бері тіл мəселесіне күйіп-жанып араласып келе жатқан 
нағыз  ғалым  адам  Рəбиға  қарындас  Сыздықова»  деп  айрықша 
атаған еді.
Рəбиға  апамызға  тəн  бір  ерекшелік – ғылымға,  ғылым  иелеріне, 
ұстазға  деген  адалдық,  азаматтық  позиция.  Мəселен,  жазықсыз  реп -
рессияға  ұшы раған  аса  көрнекті  қоғам  қайраткерлерінің  еңбектерін 
зерттеп,  оларды  бағалау  үшін  құрылған  комиссиялардың  жұмысына 
белсене  қатысып,  ол  А.Байтұрсынұлы,  М.Жұмабаев,  Ж.Аймауытов-
тардың  ақталуына  зор  күш  жұмсады.  Кезінде  көрнекті  тілші-ғалым 
Құдай берген  Жұбановтың  еңбегін  жарыққа  шығаруға  да  соншалық 


120
Рəбиға Сыздық
еңбек  сіңірген  еді.  Қ.Жұбановтың  өмірбаяндық  деректері  мен  ғы-
лыми  еңбектерін  саралап, «Ғалым-азамат»  деген  кітап  жазса,  қазақ 
тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы туралы да кітап жазып, 
оның еңбектерін жинақтап, «Тіл тағылымы» деген ат пен мақалалары 
мен оқулықтарының жинағын жарыққа шығаруға мұрындық болды.
Осы  арада  Рəбиға  Сəтіғалиқызының  ерлікке  балауға  тұратын  бір 
ісі  туралы  айта  кету  орынды  болмақ.  Бұл – 1977 жыл  болатын.  Ол 
кез Ахмет Байтұрсынұлының ақталмаған, оның еңбегі бы лай тұрсын, 
атын  атауға  тыйым  салынған  шақ  еді.  Академияның  кіші  залында 
Кеңестер  Одағының 60 жылдығына  арналған  ғылыми-практикалық 
конференцияда «Қазақ тіл білімі – 60 жылда» деген тақырыпта баян-
дама  жасау  үстінде.  Рəбиға  апамыз: «Барлық  жауап кершілікті  өз 
мойныма ала отырып, қазақ тіл білімінің тарихын сөз еткенде. Ахмет 
Байтұрсынұлын, оның еңбегін атамай кетуді өз адамгершілік, комму-
нистік, ғалымдық арым ал дында кешірілмес күнə деп есептеймін», – 
деп, алғаш рет Ахаң еңбегіне қысқаша тоқтап кет кені бар. Зал мұны 
үн-түнсіз  қабылдады,  ешкім  тіс  жарған  жоқ,  бірақ  бəрінің  көкейінде 
«бұның  арты  не  болар  екен?»  болған  сияқты.  Шынын да  да,  артын-
ша  үш  тəртіп  сақшысы  келіп,  Рекеңнен: «Бұл  деректерді  қайдан 
алдыңыз?» – деп сұрапты. Соның алдында ғана жарық көрген акаде-
мик  А.Н.  Кононовтың  «Биобиблиографический  словарь  отечествен-
ных  тюркологов»  деген  еңбегінен  алғанын  айтып,  əрең  құтылып ты. 
Міне, бұны шын мəнінде ерлік емес деп ай тып көріңіз.
Рəбиға  Сыздықова  ғылыми  кадрлар  да ярлау  ісіне  де  мəн  береді. 
Ол  кісінің  же текшілігімен 9 ғылым  докторы, 20 ғылым  кан дидаты 
диссертация  қорғады.  Тіл  білімі  инсти туты  жанындағы  докторлық 
диссертация  қорғайтын  диссертациялық  кеңестің  мүшесі  ретінде, 
ресми оппонент болып қанша жастың диссертация қорғауына ағалық 
қамқорлық жасағаны – өз алдына бір мəселе.
Рəкең – ғылыми  ізденістерін  жоғары  оқу  орындарындағы  ұстаз-
дық  жұмыспен  шебер  ұштастырып  келе  жатқан  ғалым.  Бірнеше 
жыл дан  бері  ол  Абай  атындағы  Қазақ  педагоги калық  университе -
тінде,  Əл-Фараби  атындағы  Қазақтың  Мемлекеттік  университетінде 
«Абай тілі» деген тақырыпта арнайы курс оқиды. Қарағанды, Семей, 
Ақтөбе  университеттерінің  шақыруымен  дүркін-дүркін  дəріс  оқып 
тұрады. 
Ғалымның  ғылымдағы  көпжылдық  еңбегі  мен  кадр  даярлаудағы 
қызметі  еленіп, «Құрмет  белгісі»  орденімен,  республика  Жоғарғы 
Кеңесі  Президиумының  грамоталарымен  марапатталды. 1980 жылы 
оның  есімі  республиканың  «Алтын  кітабына»  жазылып, «Қазақстан 
Республикасына  еңбегі  сіңген  ғылым  қайраткері»  құрметті  атағы 
берілді.


121
Тіл-ғұмыр
Рəбиға  апамыз – ер  мінезді,  кемшілік  көрсе  бетке  айтатын  тура -
шыл,  барынша  əділ,  сонымен  қатар  жайсаң  жанды,  кішіпейіл  де 
қарапайым  жан.  Институттағы  əріптестерінің  үлкені  де,  кішісі  да 
Рекеңді  осы  мінездері  үшін  қатты  сыйлайды,  сыйлау  былай  тұрсын, 
жасы апамызға еліктейді, жасамысы айрықша қадір тұтады. 
Рəкең  апамыз  туралы  талай  ақын  қалам  тербеп,  өлең  арнаған. 
Атақты ақиық ақынымыз Қасым Аманжолов: 
Тіліңіз тəтті, ойыңыз қандай! 
Тыңдадым, ұқтым жан сырыңызды. 
Болар ем күнде бір жасағандай, 
Көп туса қазақ дəл сіздей қызды, ... – 
деп  сүйсінсе,  екінші  бір  азамат – белгілі  ақын,  Қазақстан  Респуб-
ликасының  Халық  əртісі,  Рəкеңнің  жан  жолдасы  Шахан  Мусин 
ағамыз мынадай жыр жолдарын арнаған екен: 
Қалықтап қыранша 
Жайықтан іліп ем. 
Жаныңда тамаша 
Сыр барын біліп ем. 
Аққулар көп еді, 
Көз салдым көпке де. 
Өзіңдей жоқ еді 
Көп түгіл, көкте де! 
Сол  Шахаң: «Дүниеде  жасаған  екі  ерлігім  бар», – депті: «Бірі – 
18  жыл  қиямет-қайымда  өлмей,  кісілігімді  жоғалтпай  келуім,  екін -
шісі – жүрегім дауалап, Рəбиғаға сөз айтуым», – деп əзілдейтін.
Тек  институт,  академия  ғалымдары  ғана  емес,  Рəбиға  апамыз 
республиканың  зиялы  қауымы  мен  мəдени  ортада  айрықша  қадірлі. 
Сондықтан да ол күн сайын өтіп жататын жиындар мен мəжілістерге 
шақырылып, еліміздің мəдени өмірінде, ақпарат құралдарына белсене 
араласып жүреді, соның бəріне уақыт табады. 
Рəбиға  апа  туралы  мақаланы  Қасым  Аманжоловтың  жоғарыдағы 
өлеңіндегі: 
Жүрегіңізге тимесін салқын, 
Ұрынба, жаным, ертелей күзге, – 
деген  тілегімен  аяқтап, «Күзге  ұрынбай  əрі  жалындаған  көктем 
шағындай  шаршамай-шалдықпай  ұзақ  ғұмыр  жасап,  творчестволық 
шабытқа бөлеңе беріңіз» – дегім келеді.
Түркітану мен қазақ филологиясының дамуы: 
ғылыми мұра жəне ғалым феномені. – Алматы, 2014.


122
Рəбиға Сыздық


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   170




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет