Жалпы редакциясын басқарған: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр мүшесі, филол.ғ. д., проф. Е. Қажыбек


С. Исаев филол.ғ.д., профессор; Ө. Айтбаев



Pdf көрінісі
бет68/170
Дата15.04.2022
өлшемі6,86 Mb.
#31095
түріБағдарламасы
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   170
С. Исаев
филол.ғ.д., профессор;
Ө. Айтбаев
филол.ғ.к.
ƏДЕБИ ТІЛ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУ
Белгілі  тіл  маманы  Рəбиға  Сыздықованың  «Мектеп»  баспасынан 
таяуда  жарық  көрген «XVIIІ–ХIX  ғасырлардағы  қазақ  əдеби  тілінің 
тарихы»  атты  еңбегінің  қазақ  əдеби  тілін  зерттеудегі  мəні  ерекше 
деп  айтуға  болады.  Бұл – студенттер  мен  оларға  дəріс  беріп  жүрген 
ұстаздар  көптен  күткен  зəру  құралдың  бірі.  Еңбектің  тілі  жатық, 
ойы  тұжырымды,  дəлелдері  қисынды.  Ғылыми  пікірлер,  əсіресе 
талас  тудырып  жүрген  мəселелер,  олар  туралы  автор  көзқарасы 
ашық айтылып отырады. Əңгіме, ең алдымен, əдеби тілдің статусын 
анықтаудан  басталады.  Автор  əдеби  тілдің  анықтамасы,  оның  маз-
мұны  мен  сипаты  жөнінде  отандық  лингвистикада  айтылған  пікір -
лерге  сүйене  отырып,  əдеби  тіл  ұғымын  халықтың  қоғамдық 
тарихымен,  саяси-экономикалық  ерекшеліктерімен,  мəдениеті  мен 
əдебиетінің  қалыптасу,  даму  қарқынымен  байланысты  анықтау  ке-
ректігін жетекші фактор есебінде ұстанады.
Қазіргі  əдеби  тілді  анықтауда  екі  түрлі  көзқарас  бар.  Оның  бірі – 
«əдеби тіл – тек жазба тіл, демек, тек жазба əдебиет тілін ғана əдеби 
тіл деп тануымыз керек те ауыз əдебиеті, ауызша таралған шығармалар 
тілі əдеби тіл бола алмайды» деген пікір. Екіншісі – «əдеби тіл» деп 
жазба  əдебиет  тілін  ғана  емес,  ұрпақтан  ұрпаққа  ауызша  таралып 
кеткен  əртүрлі  əдебиет  нұсқаларын  (ауыз  əдебиеті,  ақын-жыраулар 
шығармалары  т.б.)  да  алу  керектігі».  Р.Сыздықова  екінші  пікірді 
қуаттайды. Қуаттап қана қоймайды, өз қисынын, дəлелдерін ұсынуға 
тырысады. «Ауызша  тараған  (дамыған)  əдеби  тіл»  деген  термин 
енгізеді. Расында да, сөйлеу тілі мен жазба тіл – жалпы тілдің, соның 
ішінде əдеби тілдің өмір сүру формалары болып табылады. Сондықтан 
əдеби  тілдің  жазбаша  жəне  ауызша  түрлері  өз  ішінде  бір  ыңғайда 
қарама-қайшы  болып  келгенмен,  бірін  бірі  толықтырып,  тұтасып 
кететін реттері бар.
Автор  қазақ  əдеби  тілін  ұлттық  кезеңге  дейінгі  жəне  ұлттық 
əдеби  тілі  деп  бөліп,  бұл  екі  кезеңнің  аралық  тұсы – өткен XIX ға-
сырдың  екінші  жартысы  деп  топтайды. XIX ғасырдың  екінші  жар-
тысына  дейін  халық  ауыз  əдебиетіне  едəуір  белгілерімен  ұқсас 
келетін, бірақ композициясы, мазмұны, тақырыбы, идеясы, көркемдік 
тəсілдері  жағынан  ерекшеленетін  «индивидуалдық  творчество  сипа-


152
Рəбиға Сыздық
ты  бар»,  кейінгі  ұрпаққа  «ауызша  таралып  жеткен»  профессионал 
əдебиет  өмір  сүріп  келгенін  өзінше  дəлелдеп  көрсетеді.  Ол  авторлы 
əдебиет, бір жағынан, ауыз əдебиетімен ұқсас болып (ауызша таралып, 
ауызша сақталуы, соның салдарынан біртіндеп «редакцияланып» там-
тұмдап  жаңғыртылып  отыруы),  екінші  жағынан,  өзіндік  ерекшелік -
тері  арқылы  (қайткен  күнде  де  иесінің  барлығы,  авторлығының  сақ-
талуы,  соған  сəйкес  сөз  саптау  мəнері,  қисынының  ерекшеліктері 
болуы  ауыз  əдебиетінен  ажыратылады.  Міне,  осынадай  əр  кез  мұра-
ларын  нақтылы-тілдік  жағынан  қисынды  талдаулардың  нəтижесінде 
жəне басқа да ғалымдардың бұрын-соңды зерттеулерінде көрсетілген 
дəуірлерді  еске  ала  отырып,  қазақ  əдеби  тілінің  тарихын  кезеңдерге 
бөлу  мəселесіне  байланысты  ғалым  мынадай  классификация  ұсы -
нады: «І кезең – XV–XVII ғасырлар; III кезең – XVIII ғасырдан XIX ға-
сырдың екінші жартысына дейін; ІІ кезең – XIX ғасырдың екінші жар-
тысынан Октябрь революциясына дейін; IV кезең – советтік дəуір».
Еңбекте  əр  кезең  сөз  шеберлерінің  (ақын-жыраулардың)  шығар-
малары,  олардың  тілдік  ерекшелігі,  əдеби  тілдің  нормалану  процесі, 
сол  кезеңге  тəн  лексикалық,  грамматикалық  сипаты  мен  белгілері, 
стильдік  қолданыстың  ерекшеліктері  нақтылы  материалдар  негізінде 
сипатталып  талданады  да  кейінгі  кезеңдерде  ол  процестің  əдеби  тіл 
дамуындағы  орны,  жалғасу  ерекшеліктері,  тақырыптық  шеңбері 
көрсетіліп  отырады.  Қазақ  əдеби  тілінің  жаңа  сипатта,  ұлттық 
дəрежеге  көтерілуінде  Абайдың,  Ыбырайдың  орны  ерекше.  Бұл  дау-
сыз.  Бірақ  осылай  деп  жалпылай  айту  бар  да  оны  нақтылы  фактілер 
арқылы дəлелдеп түсіндіру бар. Ал бұл мəселеге осы кітаптан нақты 
жауап  табамыз.  Абай  мен  Ыбырай  əдеби  тілдің,  əдебиеттік  қоғам -
дық-əлеуметтік  мəні  мен  қызметінің  жан-жақты  терең  сырын,  қол-
данылу  жүйесі  мен  шеңберін,  жеке  адам  өмірінде,  жалпы  қоғамдық 
дамуда  алатын  орнын  толық  түсіне  білді;  əр  тілдік  элементтің  жал-
пыға таныс ортақ мəндерімен бірге ішкі мүмкіндіктерін, мағыналық, 
стильдік  жүк  көтере  алуын  сезіне  білді.  Сондықтан  да  олардың 
шығармаларында  əдеби  көркемдеу  тəсілдерінің  жаңа  үлгілері,  түр-
лері пайда болып, жеке сөздердің əдеби айналымға түсу қабілеті мен 
аясы кеңіді, осы жаңалықтың бағыт жобасы жасалды. Тек бұл еңбекте 
емес,  бұрынғы  зерттеулерінде  де  Р.Сыздықова  көркем  туындыда 
Абай  ұстаған  принцип – жалпы  халықтық  сөйлеу  тілін  əрдайым 
негіз  еткен  жалғастылық  принцип  екенін  айтады.  Сонымен  бірге 
Р.Сыздықованың «XVIIІ–ХIX  ғасырлардағы  қазақ  əдеби  тілі»  атты 
кітабында  шешім  тілеп  тұрған  кейбір  сұрақтарға  жеткілікті  жауап 
берілмегенін  де  байқаймыз.  Біріншіден,  қазақ  əдеби  тілінің  тарихы-
на  қатысты  көптеген  мəселелер  тəптіштеліп  айтылғанмен,  сол  əдеби 


153
Тіл-ғұмыр
тіл  дегеніміздің  өзін  бұлталақсыз  айқындарлық  анықтама  жасалма -
ған (аксиомадай ақиқат тұжырымдалған анықтаманы айтып отырмыз). 
Екіншіден,  əдеби  тілге  не  жататыны,  оның  критерийлері,  белгілері, 
салалары,  тармақтары  туралы  біраз  мағлұмат  беріле  тұра  осының 
əрқайсысын таратуда да ескерілмеген жайлар бар. Үшіншіден, автор 
əдеби тіл жайын дұрыс түсіне отырып, бұл кітапта соның тек автор-
лы əдебиет, поэзия үлгілерін ғана керемет талдайды, түбегейлі түйін 
жасайды. Осыған қарағанда, əдеби тіл проблемасы əлі талай ғылыми 
талас-тартыс, айтыстарға объект болары хақ.
«Социалистік Қазақстан» газеті, 1985, 22 март.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   170




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет