Жалпы редакциясын басқарған: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр мүшесі, филол.ғ. д., проф. Е. Қажыбек



Pdf көрінісі
бет74/170
Дата15.04.2022
өлшемі6,86 Mb.
#31095
түріБағдарламасы
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   170
аян,  баян,  байсал,  қарыз,  кедергі,  келеке,  тұлға,  соны,  сонырқау  т.б. 
сөздерді  моңғол  тілінен  алынған  деп  қазіргі  қазақ  баласы  ойламай-
ды  (əрине,  этимологиялық  талдаулар  жасай  алатын  мамандар  өз  ал-
дына),  сондықтан  автордың  бұндай  сөздерді  Абай  тіліндегі  варва-
ризмдер  қатарынан  шығарып  тастауы – мейлінше  дұрыс  шешім. 
Бұның  теориялық  та  үлкен  мəні  бар.  Егер  біз  этимология  қуалап, 
əр  сөздің  түбін  тексере  берсек,  келімсек  емес  сөз  кемде-кем  шығар. 
Олардың бірін «мағруптан», екіншісін «мəшраптан» іздеп, бар сөздік 
қорымызды тарата беру – жаңсақ жол, қате принцип. Белгілі бір жа-
зушы  тіліндегі  варваризмдердің  мөлшерін  білдіретін  маңдай  тірер 
қазығы халық тілі болмақ. Сол тілде, яғни халық тілінде кездеспей, тек 
қолтума шығармада ғана бой көрсетіп қалатын сөздерді бөгде тілдер-
дің  элементі  деп  тануға  тиіспіз.  Бұрын  басы  ашылмай  жүрген  бұл 
қисын Р.Ғ. Сыздықованың еңбегінде өз байламын дұрыс тауып отыр.
Қазақ  филологиясында  бұрын  жеке  бір  жазушының  тілін  зерттеу 
барысында  объекті  дəл  осылай  жан-жақты  түгел  алып  қамтылмай -
тын,  яғни  ол  лексикалық,  грамматикалық  жəне  синтаксистік  тұрғы-
дан  түгел  қаралмайтын.  Оның  үстіне  жазушының  творчествосы  да 
түгел  алынып,  мəселе  түбегейлі  шешілмейтін.  Көбінесе-ақ,  жанр 
бойынша немесе тіпті бір-ақ шығарманың тілін зерттеумен тынатын. 
Р.Ғ. Сыздықова өз еңбегін ондай зерттеулерден принциптік жағынан 
өзгеше құрған. 
Еңбектің тілі мен жазу стилі ширақ, дəл. Бұл екінің бірінің қолы -
нан  келе  бермейді.  Қазақ  стилистикасының  нəзік  мəнерін  жете 
меңгерген  автордың  өз  басына  ғана  тəн  ғылыми  тілі  бар.  Ол  олпы-
солпы  сөздерден  аулақ,  оқушы  назарын  тек  ең  негізгі  мəселелерге 
ғана дəл аударып отырады. Зерттеу материалдары тиімді орналасып, 


163
Тіл-ғұмыр
рет-ретімен  тəртіппен  беріледі.  Еңбектің  жетістік  жақтарын  былай-
ша топтауға болады. Тақырып актуальдылығы еңбектің тиімді құры-
лысы,  өзіне  сай  ғылыми  дəрежесі;  тілі  мен  стилінің  шеберлігі;  зерт-
теу əдісінің ерекшелігі; еңбектің ерекшелігі; еңбектің жаңалығы жəне 
ғылымға қосатын үлесі.
Əрине,  пікір  алысып,  əлі  де  болса  ойласа  түсетін  мəселелер  бола 
береді.  Абай  шығармаларының  тілі  қазақ  тіл  білімінің  алуан  түрлі 
мəселелерінен  бөліп  қарайтын  ерекше  бір  нəрсе  емес.  Басқасын  бы-
лай  қойғанда,  ол  қазақ  əдеби  тілінің  даму  тарихымен,  қазақ  тілінің 
диалектілік ерекшеліктерімен, жалпы халық тілінің жанрлық стильдік 
айырмашылықтарымен  сөз  қолдану  тəсілі  жəне  семантикалық  ерек-
шеліктерімен  т.б.  толып  жатқан  жайттармен  де  тығыз  байланысты. 
Осы  тұрғыдан  қарап,  бағалайтын  болсақ,  автордың  «кітаби  тіл»  ту-
ралы  ойлары,  біздіңше,  нақты  жетер  жеріне  əлі  де  болса  жетіп  бол -
маған. Олай дейтін себебіміз – мəселенің тарихи мəні «кітапшылық-
тың» пайда болып, өрістеу жолы дəл суреттеліп, дəйекті шешілмеген. 
Оның себебі де бар. Біріншіден, «кітаби тілді» сөз еткенде оны əйгілі 
«шағатай  тілімен»  тұтастыра  алып,  сол  дəуір  тұрғысынан  қарастыру 
керек,  екіншіден,  бұл  мəселенің  ғылыми  шешімін  тауып  беру  автор-
дың  негізгі  мақсаты  да  емес.  Соның  өзінде  де,  Р.Ғ.  Сыздықова 
«кітаби  тіл»  туралы  көптеген  деректер  келтіріп,  мəселенің  зерттеу 
тарихын бірқыдыру өрістеткен.
Сол  сияқты  автордың  диалектология  мəселелеріне  қатысты  жаз -
ған  ойлары  да,  келтірген  мысалдары  да  ала-құла,  əр  ізді.  Мыса-
лы,  қазақ  тілінің  шығыс  говорына  тəн  деп  керден,  далаң,  қораздану, 
ақшом  (ақшомы),  күсу,  жалаңқая,  шөлмек,  бұлдау  сияқты  сөздерді 
келтіреді.  Шын  мəнінде,  мұндай  сөздерді  қазіргі  Қазақстанның  қай 
бұрышынан  да  кездестіруге  болады.  Тіпті,  шығыс  говоры  деп  ат 
қойып, айдар тағылған осы сөздер батыс өлкеде қолданылмайтынына 
кім кепіл?
Кейбір сөздердің анықтамасы да дəл емес. Мысалы: 
Боламын деп жүргенде болат қайтып
Жалын сөніп, жас жүзіп басады əжім, – 
деген  үзіндідегі  болат,  автор  айтқандай,  Шығыс  Қазақстан  айма-
ғындағы  «көздің  нұры,  қарашығы»деген  ұғым  беретін  жергілікті 
сөз  емес,  кəдімгі  қарапайым  болат  сөзінің  ауыспалы  мағынада 
қолданылған  түрі.  О  баста  белгілі  бір  металдың  атауы  болған  бо-
лат  сөзі  əдеби  тілде  беріктік  пен  қажырлылықтың,  өткірлік  пен 
ерліктің  теңеуі  есебінде  жұмсалады.  Бұл  жерде  де  Абай:  Боламын 
деп жүргенде қажыр (қайрат) қайтып... – деп отыр. Р.Ғ. Сыздықова-
ның  «шығыс  говоры»  деген  жаңсақ  ізбен  кеткені  қазақ  тіліндегі 


164
Рəбиға Сыздық
диалектілік ерекшеліктердің жете зерттелмеуінен деп білеміз. Əрине, 
бұл  мəселеге  қатысты  сын-ескертпелерімізді  біз  ең  алдымен  диалек-
тология  мамандарына  бағыштай  айтамыз.  Бірақ  соның  өзінде  автор 
диалект жайлы тұжырымдарға сын көзімен қарап, өзіндік беталыстан 
тая  баспауы  тиісті  еді.  Олай  болмай,  таңдаусыз  алынған  біреулердің 
ойы  таңданарлық  жəйттерге  апарып  соқтырған.  Бұны  автор  дұрыс 
түсінер деп білеміз.
«Қазақстан мұғалімі» газеті, 1971, 15 июль.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   170




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет