Жалпы редакциясын басқарған: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корр мүшесі, филол.ғ. д., проф. Е. Қажыбек



Pdf көрінісі
бет80/170
Дата15.04.2022
өлшемі6,86 Mb.
#31095
түріБағдарламасы
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   170
Тіл-ғұмыр
бағалайды. Бұл – əділ баға. Өйткені бүкіл болмысымен «елім», «хал-
қым», «ұлтым»  деп  өмір  сүрген  Ахмет  Байтұрсынов  өз  тұстастары 
мен  кейінгі  ұрпақтарын  ағартушылыққа,  ғылымға  шақырып, «на-
дандық,  өнерсіздік  ата  жолдасымыз  болса,  олжалы  жерде  үлестен 
қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде 
жолдан қағылғанымыз», – деп ашық та, ашына да айтқан ұлтжанды адам.
Рəбиға Сыздықова – жаңа заманғы қазақ тіл білімін дамытуға зор 
үлес қосқан, филология саласындағы тұңғыш профессор Құдайберген 
Қуанұлы Жұбанов творчествосын жан-жақты зерттеген ғалым. Бұған 
оның  «Ғалым-азамат»  кітапшасы  мен  «Құдайберген  Жұбанов», 
«Құдайберген Жұбанов – қазақ тіл біліміндегі аса зор тұлға», «Қ.Жұ-
бановтың  лингвистикалық  мұрасын  танып-игеру  проблемалары»  т.б. 
көлемді мақалалары дəлел. Ғалым аталған еңбектерінде Құдайберген 
Жұбановтың тұтас болмысын сомдаған. Ол Қ.Жұбановтың өмірі мен 
қызметі туралы қысқаша ғылыми-танымдық очерк жазып, көпшілікті 
оның  азамат-ғалым  есебінде  есею,  қалыптасу  жолдарымен  таныс-
тырады, ғалым айналысқан проблемалар аясына шолу жасайды. Олар: 
қазақ  тілінің  фонетикасы,  грамматикасы,  ұлттық  əдеби  тіліміздің 
дамуы  мен  тарихы,  жалпы  тіл  білімі  мəселелері.  Сонымен  қатар 
Қ.Жұбанов  қазақ  əдебиеті,  мəдениеті,  өнері  жайындағы  мəселелерге 
де барған. Оның театр өнеріне де ықыласы, қабілеті болған суретші-
лік  пен  ою-өрнек  өнеріне  икемділігі,  тілдерді  үйренудегі  табиғи  да-
рыны  болғанына,  психология,  логика,  философия  ғылымдарымен 
айналысқанын, оны рефлексология қатты қызықтырғанын біз Рəбиға 
еңбегін оқу арқылы білеміз.
Қай  заманда  да  қатардағылар  бар  да,  сол  қатардан  үздік  шыққан 
бірегейлері  бар.  Рəбиға  Сыздықова  Құдайберген  Жұбановты  сол  үз-
діктерінің  қатарына  қосады.  Сондықтан  «оның  мұрасын  тек  өзінің 
ғалымдық  бет-бейнесін  тану  үшін  немесе  бүгінгі  білім-ғылымымыз -
ды  көтеру  үшін  ғана  оқып-біліп  қоймай,  сол  білім-ғылымымыздың 
оң табысы мен тарихын игеру үшін де оқуымыз қажет», – дейді.
Кезінде Мұхтар Əуезов: «Əдебиет шығармаларының тілін сөз ету 
ғылымдық  дəрежеге  жетпей  келеді», – деп  қынжылыс  білдірген  бо-
латын.  Кейін  бұл  мəселемен  көптеген  білікті  тіл  саласы  мамандары 
айналысты.  Солардың  алдыңғы  шебінде  де  Рəбиға  Сыздықова  бол-
ды.  Басқасын  айтпағанда,  оның  Абайдың  тілі,  Мұхтар  Əуезов  жəне 
қазақ  прозасы  тілінің  қалыптасуы  туралы  еңбектері  бұл  саланы  бел -
гілі деңгейге көтерді. Өйткені ол қазақ əдеби тарихы жолында, оның 
тілін  ұстартуда  Мұхтар  Əуезовтің  орны  ерекше  екендігін  терең 
түсінді.  Бұл  туралы  ол: «Абай  қазақтың  жазба  əдеби  тілінің  ұлттық 
кезеңінің  бастаушысы  болса,  Мұхтар  Əуезов – сол  тілдің  көркем 


176
Рəбиға Сыздық
проза,  драматургия,  публицистика,  ғылыми  əдебиет  деп  танылатын 
тарамдарының іргетасын қалаушылардың ірілерінің бірі, көш бастау-
шыларының зоры», – деп жазды.
Ғалым  Мұхтар  Əуезовтің  қазақ  көркем  прозасы  жанры  мен  оның 
тілін  қалыптастырудағы  орнын  айрықша  атайды.  Ол  М.Əуезовтің 
алғашқы  прозалық  туындыларының  тілдік-көркемдік  бітімін  бірқа-
лыпты  талдап,  зерделей  келіп,  ұлы  қаламгердің  оқырманды  өзіне 
тартып  əкететін,  бас  алмай  оқып  шығуға  бой  алдыратын,  қазақтың 
көркемсөзінің  құдіретін  білдіретін  əсем  де,  əсерлі  тілінің  көрінісі 
деп  бағалайды.  Ол  М.Əуезовтің  көркем  проза  жанрындағы  алғашқы 
əңгіме-повестерін  тілдік-стильдік  таным  тұрғысынан,  көркемдік 
қырынан  алғанда,  нағыз  жоғарғы  деңгейдегі  туындылардың  қазақ 
топырағындағы  бастаулары  болғанын  да  алғаш  атап  көрсеткен  ға-
лым. Бұларда жазушы көркемдік-стильдік мақсатпен сөз таңдауда, сөз 
қиыстыруда,  сондай-ақ  прозалық  шығарманың  құрылымдық  тілдік 
компоненттерін  беруде,  синтаксистік  амалдарды  стильдік  құрал  етіп 
жұмсауда өз қаламының шеберлігін ғана көрсетіп қоймай, көп ретте 
алғашқы  соқпағын  салып,  жол  сілтеген  тілге  келгенде  де  «М.Əуезов 
мектебі» ашылған деп түйеді өз ойын ғалым-зерттеуші. 
Жалпы  академик  Рəбиға  Сыздықованың  филология  ғылымына, 
оның  ішінде  тіл  ғылымы  саласына  сіңірген  еңбегі  мол  да  қомақты. 
Əуел  бастан  өзінің  адам,  жеке  тұлға,  ғалым-зерттеуші  болып  қалып-
тасуын тіл білімі мен сөз өнеріне арнаған Рəбиға Сəтіғалиқызы оны -
сын  əсіресе  еліміз  егемендік  алған  тұста  ерекше  көрсетті.  Егемен-
дігіміздің  алғашқы  жылдарынан  бастап,  ол  тіл  мəселесіне  қатысты 
барлық  шараларға  үн  қосып,  көптеген  республикалық,  халықаралық 
конференцияларда сөз сөйлеп, баспасөзде мақалалар жариялап, ғылы-
ми  еңбектер  жазды.  Оларда  ғалым  Республикамызда  сандаған  жыл-
дар бойы қордаланып қалған əлеуметтік-мəдени саласының бір үлкен 
бөлігі – тіл мəселесін, тіл мəдениеті мен мəртебесін көтерді. 
Ғалым  еліміздің  егемендікке  қол  жеткізген  алғашқы  жылдарда 
жазылған  «Мəдениетті  тіл  ғана  мəртебелі»  деген  мақаласында  тіл 
мəдениеті,  тіл  қолданысы,  мемлекеттік  тілдің  статусы,  тіл  жұмсау 
тəртібі, жүйесі, реті, яғни нормасы туралы кеңінен сөз етеді. 
Егер əлеуметтік қызмет өрісі кеңеймек тілдің сол өрістерде дұрыс 
қолданылу  тəртібі  (нормасы)  болмаса  немесе  ол  тəртіп  сақталмаса, 
ол  тілдің  функционалдық  мүмкіндігі  мен  қоғамға  қызмет  ету  қа -
білеті  мардымсыз,  немесе  жоқ  болады.  Осыған  байланысты  ғалым-
академик: «Бүгінгі  қазақ  тілінің  сөз  мəдениетін  мейлінше  көтеріп, 
барынша дұрыс сақтамасақ, ол « «мемлекеттік тіл» мəртебесін ақтай 
алмайды,  өзінің  əлеуметтік  жүгін  көтере  алмайды…  Қазақ  тілі – 
мемлекеттік  тіл  деген  тарихи,  саяси,  əлеуметтік  мəні  бар  үлкен 


177
Тіл-ғұмыр
əңгіме  қозғалып  отырған  бұл  күндерде  «қазақ  тілі  (сөзі)  мəдениеті» 
деген  проблема  міндетті  түрде  қойылуға  тиіс. «Аяғыңдағы  етігің 
тар  болса,  дүниенің  кеңдігінен  не  пайда»  дегендей,  қолданыстағы 
сындарлығы  мен  əсемдігі  болмаса,  ол  тілдің  ресми  мəртебеге  кө-
терілгенінен не пайда!», – деп өкініш білдіре толғанады. 
Бұдан əрі автор өзінің тіл мəдениетіне қатысты ой-пікірін ауызша 
сөйлеуге,  оның  ішінде  шаршы  топ  алдында  сөйлей  білуге  қатысты 
өрбітеді.  Ғалым-зерттеуші, «бір  кезде,  небары  бұдан  бір,  бір  жарым 
ғасыр  бұрын  қазақтардың  өзгелерді  таңғалдырған  шешендік  өнерін 
қалпына  келтіріп,  əрбір  қазақ  ойын  ана  тілінде  еркін,  əсем,  шешен 
түрде  айтып  бере  алатын  дəстүрлі  жандандыру – тіл  мəдениетін  кө-
терудегі басты міндеттеріміздің бірі», – деп есептейді. Бұл ой – бүгінгі 
жасалып  жатқан  игі  істердің  де  басында  Рəбиға  Сəтіғалиқызының 
болғанының куəсі. 
Елдің  елдігін,  халықтың  халықтығын  танытатын  белгілерінің 
бірі – маңдайына  біткен  талантты  перзенттерін  қадірлей,  қастерлей 
білуі.  Бағалай,  базарлай  алсақ,  көне  заманнан  бастап  қазақ  мəдение-
тінің  аспаны  да  жарқын  жұлдыздарға  кенде  болып  көрген  емес. 
Саналы  өмірінің  көпшілігін  қоғамдық-əлеуметтік,  гуманитарлық  ғы-
лымдар  дамуында  тоталитарлық  жүйе  үстем  етіп  тұрған  дəуірде 
өткізген,  соған  қарамастан  филологиядағы  ең  өзекті  мəселелердің 
бірі жəне бірегейі – тіл мəселесін жан-жақты зерттеген, өзінің мекте -
бін қалыптастырған қазақ қыздары сирек, дара. Рəбиға Сəтіғалиқызы 
осы  даралардың  ішінде.  Оның  ғылыми  еңбектері – ұлтымыздың 
рухани байлығын молайтар құнды қазына. Кезінде: 
Қалдырмаса даналар хатқа жазып, 
Кім айырар өткенді ақ, қара ғып, – 
деп  Жүсіп  Баласағұн  жазғандай,  Рəбиға  Сəтіғалиқызы  Сыздықова -
ның  еңбектері – біздің  бүгініміз  үшін  де,  болашақ  үшін  де,  келер 
ұрпақтың  рухани  тарихымыздың  ақ-қарасын  ажыратуы  үшін  де 
қажетті құнды дүниелер. 
«Ақтөбе» газеті, 2004, 10 қыргүйек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   170




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет