Жалпы редакциясын басқарған Ғалымқайыр Мұтанов Жауапты редактор


МҰСАБЕКОВ  Қуанышбек Битуұлы



Pdf көрінісі
бет10/15
Дата21.01.2017
өлшемі6,98 Mb.
#2350
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

МҰСАБЕКОВ 
Қуанышбек Битуұлы
Химия ғылымдарының докторы,
профессор
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары Мектебі 
Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық жаратылыстану 
Ғылымдары  Академиясының  академигі,  химия  ғылымдарының 
докторы,  профессор,  білім  беру  ісінің  озаты,  коллоидтық 
химия  саласындағы  ғалымдардың  Халықаралық  (IACIS)  және 
Европалық  (ECIS)  Ассоциацияларының  мүшесі,  Англияның 
Корольдік  химиялық  қоғамының  мүшесі.  1972-2000  жылдар 
аралығында  коллоидтық  химия  және  химиялық  энзимология 
кафедрасының,  2000-2009  жылдары  катализ,  коллоидтық  химия 
және мұнайхимиясы кафедрасының меңгерушісі, 1987-1995 жыл-
дар аралығында химия факультетінің деканы. ТМД елдерінде және 
алыс шетелде танымал ғалым. Қазақстанның коллоидты-химиялық 
мектебінің  негізін  қалаушы.  Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық 
университетінің аналитикалық, коллоидтых химия және сирек эле-
менттер технологиясы кафедрасының профессоры.

Аманат
177
ҮМІТ ОТЫ ЖЕТЕЛЕП...
1
�58  жылдың  шілде  айында  Түркістан  ауда-
нына қарасты «Балтакөл» орта мектебін 
ойдағыдай  тамамдап,  болашақтың  есігін 
ашу үшін Шымкент қаласындағы мұғалімдер инсти-
тутын бетке ұстап аттандық. Институттың фи-
зика-математика  факультетіне  құжаттарымды 
тапсырып,  емтиханға  дайындала  бастадық. 
Бірсыпыра уақыттан кейін Шымкентке Қазақтың 
ауыл- шаруашылық институтының көшпелі емти-
хан комиссиясы әлгі мен құжаттарымды тапсырған 
институттың ғимаратында екі мамандық бойын-
ша (ауыл-шаруашылығын электрлендіру және ауыл 
шаруашылығын механикаландыру) талапкерлердің 
құжаттарын  қабылдай  бастады.  Келген  комис-
сия  мүшелерінің  үгітімен  құжаттарымды  мұға-
лімдік  институттан  алып  ауылшаруашылық 
институтына  тапсырдым.  Менің  бұл  шешімімді 
Мұғалімдік  Институттың  комиссия  мүшелері 
онша қолдай қойған жоқ. 
Бірақ  қабылдау  емтихандары  басталудан  2  күн  бұрын 
конкурстың  күшті  екенін  (бір  орынға  7-8  талапкер)  көріп, 
құжаттарымды  қайтып  алып,  ауылға  қайттым.  Мен  конкурсқа 
қатысудан бас тартқаннан кейін менімен еріп келген жолдастарым 
да құжаттарын алып елге қайтты.
Елге  келіп  мал  шаруашылығында  еңбек  ете  бастадым. 
Жасымнан қой шаруашылығандағы жұмыстың арасында қайнап 
өскендіктен бұл жұмыс маған ешқандай қиындық туғызған жоқ. 
Қараша  айында  газетте  Алматы  зоотехникалық-малдәрігерлік 
институтының  сырттан  оқытатын  бөліміне  студенттер 
қабылданатыны  туралы  хабарлама  жарияланды.  Біздің  өскен 
жеріміздің  негізгі  кәсібі  мал  шаруашылығы  болғандықтан 
аулымыздағы  ең  құрметті  қызметкерлер  –  зоотехник  пен  мал 
дәрігері  болатын.  Сондықтан  енді  бағымды  сынау  үшін  1958 
жылы желтоқсан айында Алматыға жол тарттым.

Аманат
178
Әлгі институттың сыртқы бөліміне «зоотехник» мамандығы 
бойынша барлық емтихан пәндерін «5»-ке тапсырып, оңай түсіп 
кеттім.  Институттың  студенті  болып,  қалтама  студенттік  билет 
пен  «Зачет  кітапшасын»  салып,  1-курстың  сабақтары  бойынша 
барлық  әдебиетті  арқалап,  қуанышым  қойныма  сыймай  елге 
келдім.
Елде өзімнің үйреншікті жұмысым – қой шаруашылығы күтіп 
тұрды. Таң саз бергеннен ымыртқа дейін қойдың соңындамын. Қазақ 
«үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» дейді ғой. Үйткені сырласың 
да, мұңдасың да қой болған соң, халықпен сұқбаттасудың кемшілігін 
кітап оқып толықтырмасаң ой өрісің дамымақ түгіл тіпті бұрынғы 
күйіңнен  де  айрылып  қаласың.  Сондықтан  менің  қойдан  басқа 
серіктерім, ақылшым кітап болды. Атап айтқанда, әдеби кітаптармен 
қоса,  «Зоотехния»  саласындағы  оқулықтар  мен  оқу  құралдары. 
Бірақ, өкінішке орай, мен орыс тіліне өте шорқақ болдым. Өйткені 
біздің  ауылымызда  тілдесіп,  орысша  біліміңді  дамытатын  орыс 
болған жоқ. Тек қана орыс тілі грамматикасы мен әдебиетінен ұққан 
орысша жұпыны сөздер. Орыс тілінен шорқақтығымды Алматыға 
Зоовет институтына түсуге барғанда байқадым. Сондықтан институт 
оқулықтарының  ішінде  тек  қана  «КПСС  тарихын»  жақсы  түсініп 
оқыдым. Ал орыс тіліндегі көп оқулықтарды меңгеру маған өте қиын 
болды. Сонымен, сырттай оқып нақты білім ала алмайтыныма көзім 
толық жеткен соң келесі, 1959 жылы, жазда Алматы зоотехникалық-
малдәрігерлік институтының күндізгі бөліміне түсуге бел байладым. 
Бірақ,  өкінішке  орай  менің  колхозда  бір  жыл  шопанға  көмекші 
болып  жұмыс  істегенімді  растайтын  анықтамада  мөр  анық 
басылмағандықтан  менің  құжаттарымды  қабылдау  комиссиясы 
қабылдамай  қойды.  Елге  барып  қайтадан  анықтама  алып  келуге 
уақыт өте тығыз болды – емтиханның басталуына небәрі үш-ақ күн 
уақыт қалды.
Дайындалған сабақтарыма тура келгендіктен құжаттарымды 
1959  жылы  Қазақтың  С.М.  Киров  атындағы  мемлекеттік 
университетінің  биология  факультетіне  тапсырдым.  Көп 
ұзамай  емтиханды  барлық  сабақтардан  «5»-ке  тапсырып,  әлгі 
факультетке  студент  болдым.  Университеттінің  ректоры  белгілі 
биохимик ғалым академик Т. Дарханбаевтың өзі қолымды қысып 
құттықтады.

Аманат
179
Ол  кезде  студенттер  ауыл-шаруашылық  жұмыстарына 
жіберілетін. Бізді «Мақтарал» ауданына мақта теруге жіберді.
Мақта теру мен үшін бейтаныс жұмыс емес: оқушы кезімізде 
6 сыныптан бастап табаны күректей бес жыл бойы (10 сыныпты 
бітіргенше)  Түркістан  ауданының  колхоздарына  барып,  әр 
жылы  кем  дегенде  2  ай  бойы  (қыркүйек,  қазан  айларында) 
мақта  теретінбіз.  Сондықтан  мақта  теруге  машықтанған  маған 
Мақтааралдағы жұмыс онша қиын болған жоқ. Бірақ Алматыдан 
және Қазақстанның басқа мақтасыз өңірінен келген студенттерге 
мақта  теру  азап  болды,  көбінесе  олардың  саусақтарының  ұшы 
мақтаның  қауызының  тікенегінен  қанталап,  жұмыс  істеуін 
қиындатушы  еді.  Бірақ,  соған  қарамастан  студенттер  тырысып 
мақта  жыйнаудың  жоспарын  толық  орындап,  абыроймен 
Алматыға  оралушы  еді.  Қазіргі  кезде,  нарықты  экономикаға 
өтуге  байланысты,  студенттерді  ауыл  шаруашылық  жұмысына 
жіберу тоқтатылды. Мұның жастарды еңбекке баулуда, өздігінен 
өмір сүруге бейімделуіне қаншалықты пайдасы бар екенін онша 
түсінбеймін.  Менің  байқауымша  ауыл  шаруашылық  жұмысына 
араласу студенттің шынайы өмірді дұрыс түсініп, ата – анасының 
қандай  қиыншылықпен  қаражат  тауып  ұл–қыздарын  оқытып 
жатқанын  байымдап,  студенттік  өмірді  тиімді  пайдалануына, 
сөйтіп  білікті,  мәдениетті  маман  болып  шығуына  көп  үлесін 
тигізетін тәрізді.
Мақтааралда  болғанымызда  біздер,  биология  факультетімен 
химия факультетінің студенттері, бірге колхоздың шаруашылық 
ғимаратының  сабан  төселген,  үстіне  матрас  жайылған  үлкен 
бір  бөлмесінде  жаттық.  Сол  кезде  химия  факультетінің 
студенттерінің жетекшісі доцент Болат Құрманғалиұлы Тойбаев 
бізді,  биология  факультетінің  студенттерін,  химия  факультетіне 
ауысуға  үгіттеді.  «Біздің  факультетті  бітірген  соң  инженер-
химик  болып  шығасыңдар,  оның  болашағы  өте  күшті»  –  деп 
үгіт-насихат жұмысын нығыздай түсті. Кейін Алматыға оралған 
соң,  Болат  Құрманғалиұлының  ықпалымен  химия  факультетіне 
бардым.  Ол  кезде  химия  факультеті  қазіргі  Абай  атындағы 
Қазақтың  Ұлттық  педагогикалық  университетімен  көршілес 
Совет  (қазіргі  Қазыбек  би)  көшесімен  Ленин  (қазіргі  Достық) 
даңғылының қиылысқан жерінде болатын. Химия факультетінің 

Аманат
180
деканы,  химия  ғылымдарының  докторы,  профессор,  Қазақ 
ССР  Ғылым  Академиясының  мүше–кореспонденті  Батырбек 
Ахметұлы Бірімжановқа кіріп, өзімнің осы факультетке ауысқым 
келетіндігімді айттым. Батырбек Ахметович орташа бойлы, сом 
денелі,  өте  байсалды,  жылы  шырайлы,  жүзінен  мейірім  оты 
шашырап  тұрған  кісі  екен.  Менің  тілегімді  асықпай,  саспай 
баянды  тыңдап  алған  соң  ректор  академик  Т.Б.  Дарханбаевтың 
атына арызымды жаздырып, бұрышына өзінің келісімін білдіріп, 
қолын қойып, «енді өз деканыңның келісімін» алып, арызыңды 
университеттің оқу бөліміне тапсыр да келіп сабаққа қатыса бер» 
деді.  Ол  кезде  биология  факультетінің  деканы  доцент  Халилов 
болатын.  Декан  демалысқа  шығып,  орнында  оның  орынбасары 
доцент Мазунин отыр екен. 
Мазуниннің  келісімін  алу  үшін  ол  кісінің  алдына  үш  рет 
баруыма  тура  келді.  Өйткені  алғашқы  екі  рет  «келешекте 
ғылыми  жаңалықтардың  көпшілігі  осы  биология  саласында 
ашылмақшы»  деп  биологияны  барынша  мақтап,  менің  басқа 
факультетке ауысуыма қарсылық білдірді.Тек үшінші рет алдына 
барғанымда  ғана  маған  ұрсып-ұрсып,  арызыма  қолын  қойып 
берді.  Сонымен  мен  университетке  түскеннен  кейін  бір  жарым 
айдың ішінде басқа мамандықтың студенті болып шықтым. Бұл 
ұлы  ұстазымыз  Батырбек  Ахметұлының  адал  еңбегі.  Батырбек 
Ахметовичтіңмаған деген жылы шешімі менің өміріме үлкен жол 
ашты. Ол кісіге ризашылығым шексіз.
Химия  факультетінде  орыс  тілінде  оқу  алғашқы  кезде 
оңай  болмады.  Бірақ  уақыт  өте  келе  ол  қиыншылықты  жеңе 
білдік. Химия факультетінде табанды білім алуға толық шешім 
қабылдауыма  бірінші  курстың  қысқы  сессиясын  ойдағыдай 
тамамдауым  себеп  болды.  Әсіресе  бейорганикалық  химияны 
доцент  Л.А.  Кадушкинаға  5-ке  тапсырғанымда  қуанышым 
қойныма сыймай кетті. Содан кейін басқа сабақтарды да жоғары 
бағаға  тапсыруға  тырысып,  2  курстан  бастап  университетті 
бітіргенше жоғары (повышенная) стипендияға оқыдым. 
Нәтижесінде  университетті  1964  жылы  үздік  дипломмен 
бітірдім.  Мемлекеттік  комиссия  мені  Қазақ  ССР  Ғылым 
Академиясының  «Химия  ғылымдары  институтына»  аға 
лаборанттық  қызметке  бөлді.  Институттың  «Ионалмастырғыш 

Аманат
181
шайырлар  лабораториясында»  қазіргі  белгілі  ғалым,  қоғам 
қайраткері,  химия  ғылымдарының  докторы,  профессор, 
Қазақстанның  Ұлттық  Ғылым  Академиясының  академигі  Еділ 
Ерғожаұлы Ерғожинмен бірге жұмыс істей бастадым. Көп ұзамай, 
1964 жылдың күзінде Институттың сол кездегі директоры Қазақ 
ССР Ғылым Академиясының академигі А.Б. Бектұров Қазақ ССР 
Ғылым  Академиясының  академигі  С.Р.  Рафиковтың  ұсынысы 
бойынша мені Мәскеудегі СССР ҒА-ның «Элементорганикалық 
қосылыстар  институтына»  аспирантураға  жіберді.  Бірақ, 
денсаулығыма байланысты мен аспирантураға бара алмадым.
1965  жылдың  күзінде  Химия  Ғылымдар  Институты  мені 
С.Р. Рафиковтың ұсынысымен енді Батыр қала – Ленинградтағы 
(қазіргі Санкт-Петербургтағы) СССР ҒА-ның Жоғары молекулалы 
қосылыстар институтына ион алмасу саласындағы белгілі ғалым 
профессор  Г.В.  Самсоновқа  аспирантураға  жіберді.  Барлық 
сабақтардан емтиханды ойдағыдай тапсырып, аспирантураға түсіп 
кеттім.  Ғылыми  жетекшілерім  болып  профессор  Г.В.  Самсонов 
пен х.ғ.к. В.А. Пасечник тағайындалды. Ленинградтың «Петро-
. Пасечник тағайындалды. Ленинградтың «Петро-
град  жағы»  (Петроградская  сторона)  деп  аталатын  ауданында 
аспиранттардың жатақханасында тұрдық. Менімен бірге ол кезде 
Ленинградта  қазақстандық  бірсыпыра  аспиранттар:  медицина 
саласынан Абдуллаев Қ., Нұрғалиев Қ., Урунбаев С.С., биология 
саласынан  Сыбанбеков  Қ.,  физика  саласынан  Қожамқұлов  Т.А, 
Бақтыбаев Қ., химия саласынан Әбішев М.Ә., Меңліғазиев Е.М, 
әдебиет,  тарих  саласынан  тағы  да  басқа  жігіттер  мен  қыздар 
болды. Кейін жаңа жатаққанаға көштік сәті түсіп қазақстандық 
аспиранттардың  көпшілігі  бір  орындық  бөлмелерге  жайғасты. 
Жатақхана  соңғы  талаптарға  сай,  өзі  қаланың  Гражданский 
проспект деп аталатын көшесінің бойында, атақты «Пискаревское 
мемориальное  кладбищеге»  жақын  орналасқан.  Жатақхана 
деген  аты  болмаса  нағыз  қонақжайдың  өзі:  бөлмесінде  жатын 
төсек,  жұмыс  істейтін  стөлі,  санитарлық  бұрышы,  кішігірім  ас 
бұрышы  бар,  жалпы  тұрмысқа,  жұмыс  істеуге  қажетті  барлық 
жағдай жасалған. Тек қана ерінбей, желектеп көше кезіп кетпей, 
уақытыңды дұрыс пайдаланып, табысты жұмыс істей біл. 
Ленинградтағы  өміріміз  өте  қызықты  өтті.  Романовтардың 
бірнеше жүз талай жылдар бойы бүкіл Россия империясына билік 

Аманат
182
жүргізген мұндай атақты қалада тұрып білім алу адам тек қана 
кәсіби жағынан өсіріп қоймай, сонымен қатар мәдени жағынан 
баюына да үлкен ықпалын тигізеді. Алғашқы кезде тіпті әр күні 
кешке бөлмеге жиналып көрген-білгенімізбен бөлісіп отырдық. 
Бірте-бірте  барлық  аспиранттар  негізінен  менің  бөлмеме 
жиналатын  болды.  Үйткені  менің  бөлмем  бірінші  қабатта, 
вахтадан кейінгі екінші (№202) бөлме болатын. Оның үстіне мен 
көп жағдайда тамақ дайындап қоятынмын (аспиранттарды акад. 
Қожамқұлов Т.А. «аш пираттар» дейтін). «Аш пираттар» кешке 
жиналып  әлгі  тамақты  ішіп,  рахаттанып,  көрген  білгендерін 
әңгімелеп,  бөлмелеріне  тарқаушы  еді.  Мұндай  кездесулер  апта 
сайын,  әдетте  сенбі-жексенбі  күндері,  кейде  тіпті  аптасына 
бірнеше  рет  те  болып  тұратын.  Ал  аптаның  жұмыс  күндері 
қажымай талмай еңбек етуші едік.
1965  жылдың  қысы  Ленинградта  өте  қатты  болды:  -42
0
С-
ға  дейін  аяз,  оған  қосымша  ылғалдылық,  бетіңді  қарып  өтетін 
өткір желі. Жел көбінесе Солтүстік жақтан, Финляндия жағынан 
тұрушы  еді.  Сондықтан  трамвайдан  немесе  автобустан  түскен 
соң  жатақханамызға  дейінгі  300-400  метр  жерді  артымызбен 
жүріп өтуші едік. 
Бірте-бірте Ленинградтың өткір желіне де, қақаған аязына да, 
ауасының ауыр ылғалдылығына да үйреніп кеттік. Ленинградтың 
көктемі,  жазы,  ерте  күзі  өте  тамаша.  Әсіресе,  маусым  айының 
соңында,  шілде  айының  ортасында  болатын  Ленинградтың 
атақты  «ақ  түндері»  («Белые  ночи»)  қандай  тамаша  еді!  Түні 
бойы ұйықтамай серуендегің келеді, әсіресе теплоходпен «Фин 
бұғазына» (Финский залив) сапар шеккенге не жетсін! 
Аспирантурадағы  менің  ғылыми  еңбегім  өтімділігі 
жоғары  «макроторлы»  деп  аталатын  иониттердің  жаңа  түрін  –
синтездеп  алып,  олардың  физика-химиялық  қасиеттерін,  атап 
айтқанда сумен әрекеттесу ерекшеліктерін, жоғары молекулалы 
органикалық  иондарды  (антибиотиктер,  витаминдер,  жалпы 
биопрепараттарды)  бойына  сіңіру  жылдамдығы  (кинетикасы) 
мен  максималды  сорбциялау  мүмкіншілігін  зерттеуге  арналған 
болатын.  Менің  жетекшілерімнің  негізгі  ғылыми  бағыты 
дәрілік заттарды бөліп алып жоғары дәрежеге дейін тазартумен 
байланысты  болғандықтан,  олар  менің  ғылыми  жұмысыма 

Аманат
183
үлкен  мән  берді.  Алған  тәжірибелік  мәліметтерімді  жиі 
жиналып талқылап, дер кезінде келесі бағытты нақты айқындап 
отырдық.  Менің  эксперименттерім  негізінен  ұзақ  жүретін, 
үзуге  болмайтын  болғандықтан  көбінесе  маған  институт 
басшыларының  рұқсатымен  лабораторияда  түнеп  қалуға  тура 
келді.  Белгілі  ғалым  профессор  А.  Ваншейдтен  қалған  оның 
кабинетіндегі  көнмен  қапталған  үлкен  диванда  жатып,  талай 
түндерімді  өткізгенмін.  Осындай  қажырлы  еңбегім  зая  кеткен 
жоқ  –  көп  ұзамай  жетекшілеріммен  бірге  дайындаған  ғылыми 
еңбектерім  «Коллоидный  журнал»,  «Журнал  физической 
химии»,  «Журнал  прикладной  химии»  т.б.  беделді  баспалардан 
жарық көре бастады. СССР көлеміндегі, Қазақстандағы ғылыми 
конференцияларға  қатысып  еңбегімді  ионалмасу  саласындағы 
майталман  ғалымдармен  егжей-тегжейлі  талқыладым.  Соның 
нәтижесінде кандидаттық диссертациямды өте жоғары дәрежеде 
қорғап  шықтым.  Пікір  таластыратын  (оппоненттерім)  –  белгілі 
ғалымдар  профессор  С.Я.  Френкель  мен  ҚР  ҰҒА  академигі  
Е.А. Бектұров – ғылыми жұмысымды жоғары бағалады. 
1968-1970  жылдары  Химия  ғылымдары  институтында  кіші 
ғылыми  қызметкер  болып  істедім.  Ол  жылдары  иониттердің 
физика-химиялық  қасиеттерін  «сынаппен  кеуектілікті  зерттеу» 
әдісімен зерттедім. 
1970  жылдың  соңында  Қазақтың  С.М.  Киров  атындағы 
мемлекеттік университетінің химия факультетінің деканы бүкіл 
Қазақстан химиктерінің ұлы ұстазы, жанашыры Қазақ ССР ҒА 
корреспондент  –  мүшесі,  х.ғ.д.  профессор  Б.А.  Бірімжановтың 
шақыруымен физикалық химия және электрохимия кафедрасына 
аға оқытушы болып орналастым. Көп кешікпей, көктемге жақын 
Батырбек  Ахметович  мені  өзіне  шақырып  алып,  «Қуанышбек, 
келешекте  коллоидтық  химия  кафедрасын  ашқандай  ойымыз 
бар. Сол кафедраны сен басқарсаң деймін. Егер қарсы болмасаң 
сені қазірден бастап сол жұмысқа дайындасақ дейміз. Сондықтан 
сені еліміздегі белгілі коллоидтық химиялық ғылыми орталыққа 
көктемгі семестрде үш-төрт айлық стажировкаға (машықтануға) 
жібереміз.  Қай  ғылыми  мектепке  баратыныңды  Михаил  Ильич 
Усановичпен  көп  созбай  ақылдасып  шешерсің»  деді.  Баташ 
ағаның  бұл  сөзіне  мен  ерекше  қуандым.  Заманымыздың  аса 

Аманат
184
көрнекті  ғалымдарының  бірі,  дүние  жүзі  ғалымдары  мойындаған 
қышқылдар  мен  негіздердің  жалпы  теориясын  жасаған,  менің 
алғашқы  ұстаздарымның  бірі  –  Қазақ  ССР  ҒА-ның  академигі 
Михаил Ильич Усанович ойланып тұрып мені Москва мемлекеттік 
университетінің (ММУ) коллоидтық химия кафедрасына атақты 
ғалым  академик  Петр  Александрович  Ребиндерге  жібергенді 
дұрыс  деп  тапты.  Өзі  Петр  Александровичке  тікелей  қоңырау 
шалып  менің  жолымды  ашып  берді.  Көп  ұзамай,  көктемгі 
семестрде Мәскеуге қарай жол тарттым. Қонақжайға орналасып, 
ертеңіне  ММУ-дің  коллоидтық  химия  кафедрасына  бардым. 
Кафедраның  ең  үлкен  лабораториясында  («үлкен  практикум 
лабораториясында») Петр Александровичті шәкірттерімен бірге 
киноға  түсіріп  жатыр  екен.  Менің  есіктен  қылтиып  қарап  аты 
жөнімді, қайдан келгенімді айтуым сол екен Петр Александрович 
менімен  қоян-қолтық  жүрген  адам  тәрізді  маған  «Қуанышбек! 
Кел,  киноға  түсеміз»  деп,  қасына  шақырып  алып  отырғызды. 
Содан  соң  киноға  түсіру  әрі  қарай  жалғасып  кетті.  Петр 
Александрович өзінің атақты «Ребиндер эффекті» туралы ағылып 
сөйлеп кетті. Өкінішке орай 15-20 минуттан кейін киноаппарат 
бұзылып қалды. Инженерлер оны жөндеумен айналысып жатқан 
кезде Петр Александрович мені коридорға алып шығып менімен 
тамамдаған  университетім  туралы,  қандай  ғылыми  бағытта 
жұмыс істегенім, немен қызығатыным туралы сөйлесті. Арасында 
Михаил Ильичті жақсы білетіндігі және оны белгілі ғалым ретінде 
қатты  сыйлайтындығы  туралы  да  айтып  үлгерді.  Ол  кездегі 
менің  ғылыми  зерттеу  бағытым  кандидаттық  диссертациямның 
жалғасы  еді.  Енді  иониттердің  механикалық  беріктігін  арттыру 
саласында жұмыс істеуге тура келді. Оған түрткі болған атақты 
үш академиктің – академик П.А. Ребиндер, академик Б.Н. Лас-
корин,  академик  Е.Д.  Щукиннің  –  Мәскеудегі  Ғалымдар  үйіне 
жыйналып, менің болашақ докторлық диссертациямның бағыты 
мен  жоспарын  талқылауы  еді.  Атақты  үш  академик  Қазақстан-
ның  түсті  металдар  гидрометаллургиясында  иониттер  кеңінен 
қолданылатын  болғандықтан  иониттің  механикалық  беріктігін 
арттыру  өте  өзекті  мәселе  деп  шешті.  Сонымен,  мен  өзімнің 
алғашқы  шәкіртім,  қазіргі  Қазақстанның  жоғарғы  мектебінің 
Ұлттық Академиясының мүше - корреспонденті академигі, химия 

Аманат
185
ғылымдарының докторы, профессор, Жарылқасын Абдуахитұлы 
Әбілевпен  бірге  бірнеше  жыл  бойы  осы  салада  жемісті  жұмыс 
істедік. Тіпті Ж.А. Әбілевтің кандидаттық диссертациясын бітіріп, 
жазып  та  үлгердік.  Дегенмен,  маған  бұл  тақырып  соншалықты 
қомақты болып көрінбеді. Сондықтан академик В.А. Кабановпен, 
профессор  А.Б.  Зезинмен  және  профессор  Е.А.  Бектұровпен 
ақылдасып, ғылыми бағытты өзгерттім.
Енді  синтетикалық  полиэлектролиттердің  (СПЭ)  беттік-
активті  заттармен  (БАЗ)  әрекеттесуінің  коллоидтық-химиялық 
ерекшеліктерін зерттей бастадық. БАЗ-дар табиғаттағы, өндірістегі, 
тұрмыстағы  процестерде  кеңінен  пайдаланылатындықтан 
бұл  жаңа  тың  ғылыми  бастаманың  болашағы  өте  зор  екеніне 
күмәнім болмады. Сөйтіп атақты академиктер ұсынған бағытты 
тастап,  өзімнің  таңдауыммен  тапқан  жаңа  ғылыми  жолмен 
жүруге тура келді. Бұл бағыт менің шәкірттеріме: профессорлар  
Ж.А. Әбілевке және С.Б. Айдароваға да ұнады. Жаңа тың бағытты 
көп  ұзамай  үйіріп  алып  кеттік.  Менің  шәкірттерім  алғашқы 
ғылым  кандитаты  дәрежесін  алды.  Ж.Ә.  Әбілев  Алматыда 
(Химия ғылымдары институтында), ал С.Б. Айдарова Мәскеуде  
(М.В. Ломоносов атындағы Мәскеудің нәзік химиялық технология 
Институтында) диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты.
1972  жылдың  күзінде  Батырбек  Ахметович  «Коллоидтық 
химия»  кафедрасын  ашып,  оның  тізгінін  маған  ұстатты. 
Кафедраның алғашқы педагогтары – ардақты ұстазымыз, химия 
ғылымдарының кандидаты, доцент Е.С. Аманжолова; Д.И. Мен-
; Д.И. Мен-
делеев  атындығы  Мәскеу  химиялық  технология  институтының 
аспирантурасын  бітіріп  келген  х.ғ.к,  Т.И.  Юй  Цун  Синь  
(Т.И.  Юй);  Ленинград  университетінің  аспирантурасын  бітіріп 
келген х.ғ.к, К.И. Омарова және Ж.А. Әбілев болды.
Т.И.  Юй  коллоидтық  химияның  маңызды  бір  саласы  – 
коллоидтық  жүйелердің  тұрақтылығы  бойынша  жоғары  дәрежелі 
маман  болса,  К.И.  Омарова  коллоидтық  химияның  тағы  бір 
маңызды  саласы  –  коллоидтық  жүйелердің  электро-химиялық 
қасиеттері бойынша білгір маман. Осылайша коллоидтық химияның 
әр саласындағы мамандарды жұмылдырып бір ортақ болашағы зор 
ғылыми бағытты ойластыру керек болды. Ол бағыт – синтетикалық 
полиэлектролиттердің коллоидтық химиясы болып шықты.

Аманат
186
Студенттер  жаңа  кафедраға  ағылып  келе  бастады.  Ол  кезде 
факультет  деканының  орынбасары  белгілі  ғалым,  оқу  ісінің 
майталманы,  бәріміздің  сүйікті  ұстазымыз  х.ғ.к.,  доцент  И.Қ. 
Тойбаев болатын-ды. Ол кісі өте әділ, өз ісін жетік білетін адам 
еді. Студенттерді әр кафедраға бөлгенде олардың ішіндегі үздік 
оқитындарын  тең  бөлетін.  Ол  да  өзінше  дұрыс  шешім  тәрізді. 
Өйткені  біздің  химия  факультететінің  барлық  кафедраларын 
атақты ғалымдар басқаратын.  Дегенмен, 
орташа 
оқитын 
студенттердің  өзі  кейін  ғылыми  жұмыстарын  өте  жоғары 
дәрежеде қорғап жататын.
Кафедрадағы ғылыми жұмысты бірнеше топқа бөлдім:
1. Синтетикалық полиэлектролиттердің БАЗ- дармен судағы 
және  сулы  органикалық  ортада  әрекеттесуі  (бұл  бағытты 
жүргізуді  Ж.Ә.Әбілев  пен  оның  айналасындағы  аспиранттарға, 
ғылыми қызметкерлерге, студенттерге тапсырдым);
2. СПЭ-дің БАЗ- дармен комплекстерінің сұйықтық пен газдың 
арасында адсорбциялану заңдылықтарын зерттеуді С.Б.Айдарова 
мен  оның  аспиранттарына,  ғылыми  қызметкерлеріне,  студент-
теріне тапсырдым;
3. СПЭ мен олардың БАЗ-дармен комплекстерінің қатты дене 
мен сұйықтық шекарасындағы адсорбциясын зерттеуді басқаруды 
К.И.Омароваға, аспиранттарына, студенттеріне тапсырдым;
4. СПЭ мен олардың БАЗ-дармен комплекстерінің коллоидтық 
жүйелердің  тұрақтылығына  әсерін  зерттеуді  кафедраның  жас 
түлегі ғылымға талабы зор Н.Қ.Түсіпбаевқа тапсырдым;
5.  СПЭ  мен  олардың  БАЗ-дардың  судағы  ерітіндісінде 
майлардың еруін (солюбилизация құбылысы) зерттеуді Т.И. Юй 
бастаған топқа тапсырдым.
Менің шәкірттерімнің бәрі идеямды қолдап, «бір жағадан мой-
ын, бір жеңнен қол шығарып», өте жемісті жұмыс істедік. Соның 
нәтижесінде  менің  жетекшілігіммен  40-қа  жуық  кандидаттық 
диссертациялар,  7  докторлық  (С.Б.  Айдарова,  Ж.А.  Әбілов,  
К.И. Омарова, Қ.Д. Әбубәкірова, С.М. Тәжібаева, Қ.Ж. Әбдиев, 
Х.Н. Жанбеков), 5 философия докторы (PhD) (Н.Ш. Стамкулов, 
Д.К. Болатова, Д.Ж. Рахимбаева, Қ.Б. Қоржынбаева, Р.С. Таубаева) дис-
сертациялары қорғалды. Қазақстанның бұрын - соңды болмаған 
коллоидтық химиялық ғылыми мектебі құрылды. Бұл мектептің 

Аманат
187
ғылыми  жұмыстары  алыс-жақын  шетелдерде  кеңінен  танымал. 
Шет  елдердің  (Англия,  АҚШ,  Франция,  Швейцария,  Швеция 
Венгрия,  Болгария,  Голландия,  Норвегия,  Германия,  Түркия, 
Югославия,  Финляндия,  Қытай,  Тайвань,  Ресей,  Өзбекстан, 
Беларусь,  Украина,  Португалия  т.б.)  көрнекті  ғалымдарымен 
тығыз байланыс орнатылды.
Менің  бүкіл  ғылыми  және  ұстаздық  қызметім  коллоидтық 
химия кафедрасымен байланысты болды. Мен ұзақ жылдар бойы 
– 1972 жылдан 2009 жылға дейін – кафедраға жетекшілік еттім. 
Менің  көренкті  ғалымдар  Б.А.  Жұбанов,  Е.А.  Бектұров,  
Е.Е. Ерғожин, Е.М. Шайхұтдинов, Қ.А. Жұбанов, Өзбекстанның 
көренкті ғалымы, академик К.С. Ахмедов сияқты академиктермен, 
И.А.  Грицкова,  И.А.  Туторский,  И.М.  Паписов  тәрізді  профес-
сорлармен  ынтымақтасуым  Қазақстандағы  коллоидтық  химия 
саласындағы  ғылыми  зерттеулердің  жаңа  бағытының,  яғни  суда 
еритін полимерлердің беттік-активтік заттармен (БАЗ) сұйық ортада 
және  фазалар  арасында  әрекеттесуін  зерттеудің  қалыптасуына 
үлкен  ықпалын  тигізді.  1984  жылы  М.В.  Ломоносов  атындағы 
Мәскеу  нәзік  химиялық  технология  институтының  арнайы 
кеңесінде  «Полиэлектролиттер  мен  беттік  активті  заттардың 
ассоциаттарын  фазааралық  беттерде  пайдаланудың  коллоидты-
химиялық  негіздері»  атты  тақырыпта  докторлық  диссертацияны 
қорғап, 1986 жылы профессор деген ғылыми атаққа ие болдым. 
Жеткен  табыстар  жоғары  молекулалық  беттік-активтік 
заттардың  коллоидтық  химиясы  бойынша  ғылыми  бағытты 
дамытуға мүмкіндік берді. Осы бағыттың шеңберінде синтетикалық 
полиэлектролиттердің  (СПЭ)  макромолекулаларының  гидро-
фильдік  –  липофильдік  балансын  (ГЛБ),  электрлік  зарядын 
және  конформациясын,  олардың  ерітінділер  мен  адсорбциялық 
қабаттардағы қасиеттерін беттік-активтік заттардың (БАЗ) әсері 
арқылы реттейтін жаңа тәсіл жасалды.
Зерттеулер нәтижесінде СПЭ мен БАЗ-дан ассоциаттар түзілу 
нәтижесінде макромолекулалардың гидрофильдік - липофильдік 
балансының, зарядының және конформациясының өзгеретіндігі 
көрсетілді.  Бұл  нәтижелер  СЕП-БАЗ  композициялары  негізінде 
жаңа  флокулянттар,  эмулгаторлар,  көбік  түзгіштер  алудың 
теориялық негізі болып қалыптасты. 

Аманат
188
БАЗ-полимер  комплекстерінің  түзілуі  нәтижесінде  олардың 
судағы  ерітінділерінде  солюбилизациялық  сыйымдылығы  жо-
ғары гидрофобтық аймақтардың түзілетіндігі көрсетілді. 
СЕП-тердің  БАЗ-дармен  комплекстерінің  сұйық/газ,  сұйық/
сұйық  сияқты  жылжымалы  фазалар  арасындағы  адсорбциясын 
зерттеу  нәтижесінде  ассоциаттардың  беттік-активтілігінің  еселеп 
(синергетикалық)  өсуі  және  олардың  көбік  пен  эмульсиялар 
түзуге  қабілеттілігінің  жоғарылауы  байқалды.  Фазалар  шек-
арасында  қалыптасатын  адсорбциялық  қабаттар  дисперсті 
жүйелердің  тұрақтылығының  құрылымдық-механикалық  және 
термодинамикалық факторларын қамтамасыз ететіндігі көр-сетілді. 
СЕП-тердің  БАЗ-дармен  түзген  ассоциаттарының  қатты 
беттерге  адсорбциясы  мұндай  беттердің  гидрофильді-липо-
фильдік  қасиеттерін  едәуір  өзгертетіндігі  көрсетілді.  СПЭ 
адсорбциялық  қабатының  күйлері  сарапталып,  қос  электрлік 
қабаттың (ҚЭҚ) диффузиялық және адсорбциялық бөліктеріндегі 
макромолекулалардың  электрпотенциалының  үлестері  есеп-
телді.  Бұл  нәтижелер  әсіресе  кен  байыту  және  тұнбалардың 
фильтрациялық  сипаттамаларын  қажетті  бағытта  өзгерту  үшін, 
сонымен қатар мұнайды жерасты қойнауындағы капиллярлардан 
ығыстырып шығару үшін аса маңызды. 
Суда еритін полимерлердің БАЗ-дармен ассоциациаттарының 
флокуляциялық  және  коллоидтық  жүйені  тұрақтандырғыш 
әсерлерінің  күшеюі  анықталды.  Дисперсті  жүйелердің  тұрақ- 
тылығын  БАЗ-дардың  полимерлік  ассоциаттарымен  реттеу-
дің  негізі  болатын  Дерягиннің  сыналық  қысымының  электро-
статикалық және молекулалық құрамдастары есептелді. 
Жүнді  жуудың  физика-химиялық  заңдылықтары  зерттеліп, 
оны алғашқы өңдеудің шығынын БАЗ -дардың көмегімен азайту 
технологиясы  негізделді.  Оны  енгізу  жүннің  сапасын  сақтай 
отырып,  химиялық  материалдар  шығынын  азайтып,  тиімділікті 
арттырды.  Мысалы,  «Тұлпар»  акционерлік  қоғамында  эконо- 
микалық эффект 3,180 млн. теңге болса, «Қуат LTD» фабрикасында 
шамамен  1,6  млн.  теңгедей  құрайды.  (Бұлар  бұдан  20  жыл 
бұрынғы мәліметтер)
Менің  жетекшілігіммен  отандық  амфолиттер-тасымал-
дағыштар – «Алмалиттер» жасалды. Олар Ресей, Беларусь және 

Аманат
189
Қазақстанның бірқатар ғылыми мекемелерінде кең сынақтардан 
өтіп,  аса  жоғары  тазалықтағы  белоктың  молекулаларын  алу 
үшін  ғарыштық  сынаулардан  да  өтті.  1988  жылы  ҚазССР 
Халық  Шаруашылығы  жетістіктерінің  көрмесінде  Алмалиттер 
1-дәрежелі дипломға иеленді.
Ғылыми  жұмыстардың  үлкен  бір  бағыты  созылмалы 
(ұзақ  уақыт  әсер  ететін)  бактерицидтік  препараттарды 
алуға  арналған.  Дәрі-дәрмектікің  әсер  ету  мерзімін  суда 
еритін  полимерлердің  көмегімен  және  өсімдіктен  алынатын 
сферосома везикулаларына иммобилизациялау арқылы ұзарту 
мүмкіндігі табылды.
Менің  жетекшілігіммен  жүргізілген  ғылыми  жұмыстардың 
маңызды бір саласы – экологиялық мәселелерді шешу. Қоршаған 
ортаны жел және су эрозиялары жағдайында радионуклидтермен 
ластанудан  қорғау  мақсатында  эрозияға  бейім  топырақтарды 
синтетикалық  полиэлектролиттермен  құрылымдандыру  заңды-
лықтары  анықталды.  Таған  кенінің  бентонит  топырағын  қыш- 
қылдық  және  термиялық  активтеу  арқылы,  сондай-ақ  оны 
полимерлермен  және  полимерлік  ассоциаттармен  модифика-
циялау  жолымен  бактерицидтік  препараттар  мен  суды  зиянды 
микроорганизмдерден  және  ауыр  металдардардан  тазарту  үшін 
сүзгілер жасалды. 
Біздің  ғылыми  бағытымыздың  тағы  бір  қызық  саласы  – 
биологиялық  дисперсті  жүйелердің  коллоидтық  химиясы. 
Ашытқы  жасушалары  негізінде  қатализаторлардың  жаңа 
түрі  –  иммобилизацияланған  биокатализаторлар,  эффективті 
биосорбенттер  алу  жағдайлары  анықталды.  Металл/биосор-
бенттің оптималдық қатынастарында қалдық суларды толығымен 
тазарту мүмкіндігі көрсетілді. 
Биодисперсиялар  саласындағы  тағы  бір  жаңа  ғылыми 
бағыт  –  тамақ  жүйелерінің  құрылымтүзілуі  –  табысты  дамуда. 
Бұл саладағы зерттеулер тамақтық сірнелерді алу жағдайларын 
оңтайландыруға, тағам өнімдерінің құрамындағы синтетикалық 
қоспалардың үлесін азайтуға және оларды табиғи компоненттермен 
алмастыруға  бағытталған.  Қазіргі  кезде  желатин,  агар-агар 
және қауын езбесі негізінде құрылымданған жүйелер түзілуінің 
заңдылықтары анықталды. 

Аманат
190
Соңғы жылдары біз коллоидты-химиялық зерттеудің тағы бір 
жаңа саласын – қой жүні негізінде кератинді көбік түзгіштер алуды 
– бастап кеттік. Алынған көбіктүзгіштер жылу сақтаушы қасиеті 
жақсы көбікті бетон дайындауда, және де басқа жаңа техникалық 
көбіктер мен өртке қарсы көбіктерді алуда пайдаланылады.
Ғылыми  зертеулердің  нәтижелері  шәкірттеріммен  бірге 
жариаланған  1000-нан  астам  еңбекте  көрсетіліп,  халықаралық 
және  республикалық  симпозиумдар  мен  конференцияларда 
баяндалды.  Олардың  кейбіреулері  Б.А.  Жұбанов,  В.Н.  Измай-
лова  және  Б.Д.  Суммен  бірге  жазған  «Полиэлектролиттердің 
фазааралық  қабаттары»  (Алматы:  «Ғылым»,  1988)  және  Н.Е. 
Бектурғанова,  С.Б.  Айдаровалармен  дайындаған  «Полимер-
минералды  дисперсиялардың  коллоидтық-химиялық  қасиеттері» 
(Алматы, «LEM», 2010)  атты  монографияларда  тұжырымдалды. 
Практикалық  маңыздылығы  КСРО  және  ҚР  50-ден  астам 
авторлық куәліктерімен және патенттерімен расталған.
Ғылыми мамандар даярлау ісіне айтарлықтай үлес қосудамын. 
Көптеген  шәкірттерім  өздерінің  диссертацияларын  Мәскеу, 
Санкт-Петербург  университеттері,  Мәскеудің  нәзік  химиялық 
технология  институты  сияқты  коллоидты  химиялық  ғылымның 
ірі  орталықтарының  ғылыми  кеңестерінде  абыроймен  қорғады. 
Қазіргі  таңда  олар  республикамыздың  жетекші  ЖОО-нда,  ҚР 
ҰҒА ғылыми орталықтарында, сондай-ақ шет елдерде табысты 
еңбек етуде. 
1995  жылдан  1998  жылға  дейін  ТМД  коллоидшы-ғалым-
дарының  орталық  басылымы  –  Ресей  Ғылым  Академиясының 
«Коллоидтық журналының» редколлегия мүшесі, КСРО Ғылым 
Академиясының коллоидтық химия және физика-химиялық ме-
ханика бойынша Ғылыми Кеңесінің мүшесі және ҚазССР Ғылым 
Академиясының Полимер Кеңесінің мүшесі болдым. 
Қазақстанның  коллоидты-химиялық  мектебін  жоғары 
дәрежеде  көрсете  білдік.  Шәкірттерім  Ph-докторларын  даяр-
.  Шәкірттерім  Ph-докторларын  даяр-
лау бағдарламасының шеңберінде ғылыми зерттеу жұмыстарын 
Лондонның  Империал-колледжінде  (Ұлыбритания),  Сегед 
университетінде (Венгрия), «Демокритос» ғылыми орталығында 
(Греция) жасайды, ал олардың шетелдік жетекшіліктері ҚазҰУ-
дің студенттері мен аспиранттарына дәрістер оқиды.

Аманат
191
Жас мамандар даярлауға да көп көңіл бөлдім. Қазақ, орыс және 
ағылшын  тілдерінде  «Коллоидтық  химия»  курсы  бойынша  және 
алғаш рет «Нанотехнологияның коллоидты-химиялық негіздері», 
«Коллоидтық  химияның  қазіргі  мәселелері»,  «Флокулянттарды 
алу  және  қолдану  технологиясы»,  «Ион  алмасуының  физика-
химиясы»,  «Физика-химиялық  механика»,  «Табиғи  және  ағын 
суларды  тазартудың  коллоидтық-химиялық  негіздері»,  «Беттік 
құбылыстардың термодинамикасы», «Наноқұрылымданған жүйе- 
лердің  химиясы»  және  т.б.  пәндер  бойынша  жоғары  ғылыми-
әдістемелік  деңгейде  дәрістер  оқимын.  Профессор  Ә.Қ.  Қоқан-
баевпен бірге химияны мектепте, ал коллоидты-химиялық пәндерді 
республиканың ЖОО-да оқыту әдстемесі және қазақша химиялық 
терминологияны жасау бойынша зерттеулер жүргізуде. Профессор 
Ә.Қ.Қоқанбаевпен бірге қазақ тілінде бірқатар оқу және әдістемелік 
құралдарын,  терминологиялық  және  түсіндірме  сөздіктерін 
шығардым: «Коллоидтық химия терминдерінің қысқаша орысша-
қазақша сөздігі» (2001); «Коллоидтық химияның демонстрациялық 
тәжірибелері»  (2002);  «Коллоидтық  химияның  есептері  мен 
жаттығулары»  (2006);  «Мұнай  химиясы  терминдері  мен  сөз 
тіркестерінің  орысша-қазақша  және  қазақша-орысша  сөздіктері» 
(2007)  және  Қ.Ж.  Әбдиевпен  бірге  жазған  «Коллоидтық  химия 
негіздері» атты оқу құралы республика жоғары оқу орындарында 
сұраныс туғызып, 2011 жылы Қазақстан Республикасының БҒМ-
нің бекітуімен оқулық ретінде басылып шығарылды. 
1987-1995 жылдары ғылыми - педагогикалық жұмыстарымен 
қатар химия факультетінің деканы қызметін атқардым. Бұл кез-
де факультетте оқу-әдістемелік жұмысы қайта құрылып, тәрбие 
жұмысының  тиімділігі,  іргелі  және  қолданбалы  зерттеулердің 
нәтижелігі  арттырылды.  Осы  кезеңде  химия  бойынша  Рес-
публикалық  оқу-әдістемелік  орталық,  коллоидтық  химиядан 
кандидаттық  дисссертациялар  қорғау  үшін  арнайы  кеңес 
ұйымдастырдым.
ҚазМУ-дың  коллоидтық  химия  кафедрасының  негізінде 
Коллоидтық  химия  және  физика-химиялық  механика  бойынша 
КСРО  ҒА  Ғылыми  Кеңесінің  БАЗ-дардың  физика-химиясы 
секциясының көшпелі сессиясы (1988) және «Коллоидтар және 
беттер» микросимпозиумы (1998) өткізілді. Бұл симпозиум қазір 

Аманат
192
«Colloids and Surfaces» атты ҚазҰУ-де өткізілетін халықаралық 
конференцияға айналды.
Менің көп жылдар бойы еткен адал еңбегім елеусіз қалған жоқ. 
Ғылыми мамандарды даярлаудағы үлкен үлесім және коллоидтық 
химия саласындағы маңызды зерттеулерім үшін мені Халықаралық 
Жоғары Мектеп Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалы 
–  Қазақстан  Ұлттық  Жоғары  Мектеп  Ғылым  Академиясы  және 
Қазақстанның Ұлттық жаралыстану Ғылым Академиясы өздерінің 
толық мүшесі (академигі) етіп сайлады. 
Ғылыми-педагогикалық  және  қоғамдық  қызметімде  жеткен 
жетістіктерім  үшін  «Социалистік  жарыстың  жүлдегері» 
(1975)  белгісімен,  жоғары  мектеп  және  ғылыми  мекемелер 
қызметкерлерінің  кәсіподақ  комитетінің  Құрмет  грамотасымен, 
«Білім беру озаты» (1998) атағымен және «ЖОО үздік ұстазы – 
2007, 2013» ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің гранттарымен 
марапатталдым.  Қазақстан  Республикасы  үшін  маңызы  зор 
ғылыми-техникалық  мәселелерді  шешудегі  жетістіктерім  үшін 
маған  ҚР  Білім  және  Ғылым  Министірлігі  үздік  ғалымдарға 
арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясын тағайындады. 
Жоғарымолекулалық  БАЗ-ды  коллоидты-химиялық  зерттеуде 
жеткен  табыстарым  үшін  коллоидтар  мен  беттік  құбылыстар 
мамандарының  Халықаралық  Ассоциациясының  (IACIS)  және 
оның  Еуропалық  қоғамының  (ЕCIS),  Нью-Йорк  Ғылым  Акаде- 
миясының мүшесі болдым. Халықаралық Ғылыми ынтымақ-тастықты 
дамытқаным  үшін  Англияның  Корольдік  химиялық  қоғамының 
мүшесі (2008) болып сайландым. 2010 жылы Ғылым мен білім беру 
ісіне қосқан үлесім үшін маған тұңғыш президентіміздің шешімімен 
«ҚР еңбегін сіңірген қайраткер» деген құрметті атақ берілді. 
Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  университетінің 
дамуына  қосқан  айрықша  үлесім  үшін  Университетіміздің  75 
және  80-жылдығы  қарсаңында  Университеттің  Үлкен  Алтын 
медальімен екі рет марапатталдым.
Қазіргі таңда өзім ірге тасын қалаған Қазақстанның коллоидтық 
химия саласындағы мектебінің одан әрі өсіп дамуына талантты 
шәкірттеріммен  бірге  ат  барынша  салысудамын.  Бұл  мектептің 
ғылыми  жеттістіктері  тәуелсіз  мемлекетіміздің  иновациялық 
тұрғыдан дамуына өз үлесін қосады деген үміттемін.

Аманат
193
Қазақстан халқына бағыштаған кезекті Жолдауында Елбасы 
дамыған елдердің бәрінде өздеріне сай ғылым мен білім жүйесі 
бар  екенін  атап  өтті.  Жоғары  оқу  орындарының  қазіргі  кездегі 
міндеті  еліміз  үшін  білікті  маман  даярлау  екенін  баса  айтты. 
Соған байланысты студенттерге айтарым:
1.  Студент  болғаннан  бастап  қандай  маман  болатыныңды 
дұрыс таңдай білу керек. Бұл сенің келешегің үшін өте маңызды.
2. Студент үшін ең маңыздысы жақсы оқып, терең білім алу-
ды мақсат ету, ол үшін сабақтарға күнделікті дайындалуды әдетке 
айналдыру  тек  қана  компьютермен  инттернеттен  мәлімет  алып 
қоймай, кітапты оқып, онымен жұмыс істей білу керек. Кішіпейіл, 
қайырымды болу ол да сенің білімділігінің бір белгісі.
3. Студент үшін маңыздысы, дәрстерді мұқият тыңдап, өзіңе 
керек  жерін  сызып  қою.  Лабораториялық  жұмыстарды  мұқият 
жасап, қорытындылай білу.
4.  Қазіргі  заман  талабына  сай  үш  тілді  (қазақша,  орысша, 
ағылшынша) жақсы меңгеру. 
Университет,  факультет,  кафедра  -  шеңберінде  қоғамдық 
жұмыстарға  белсене  қатысып,  өзіңнен  кіші  студенттерді 
тәрбиелеп,  алдыңғы  қатарда  болуды  мақсат  ете  білу.  Өз 
отаныңның патриоты болу. 
5. Таңдаған мамаңдығың бойынша ғылыми жұмыстармен ай-
налысып  конференцияларға,  олимпиядаларға  қатысу.  Ол  сенің 
ой-өрісіңнің дамуына үлкен жол ашып, келешекте инновациялық 
технологияны  игеріп,  шет  мемлекеттердің  студенттері  мен 
ғалымдарымен араласуыңа мүмкіндік береді.
Дамыған ел - білімді ел, оның болашағы жастар дей отырып 
сөзімді былай аяқтағым келеді. Қазақстанның тұңғыш президенті 
Н.Ә.Назарбаев өзінің жолдауында жастарға ерекше көңіл бөлді 
«Қазақстан -2050» стратегиясы - барлық саланы қамтитын және 
үздіксіз  дамуды,  өсуді  қамтамассыз  ететін  жаңғыру  жолы.  Ол 
елдігіміз бен бірлігіміз, еңбегіміз сыналатын, шыңдалатын үлкен 
сын. Стратегияны мүлтіксіз орындап, сыннан мүдірмей өту, ортақ 
парыз,  абыройлы  міндет!»  деген  болатын.  Ендеше  жоғары  оқу 
орындарына жаңа заман талабына сай жүктелетін міндеттер өте 
көп. Сондықтан да жастарға, әсіресе студенттерге, жас мамандарға 
артар ұмітіміз мол. Жастар соны ақтайды деп сенемін.

Аманат
194
Джон Грегоридің зертханасында (Лондон университеті, Ұлыбритания, 1999 ж.)
Ежелгі Парфенонда (Греция, 2006 ж).

Аманат
195
Нобель сыйлығының лауреаты Арье Варшельмен (Израиль) және  
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры  
академик Ғ.М. Мұтановпен (2014 ж.)
Профессор Берн Линдманмен (Швеция) Президент саябағында (2014 ж.)

Аманат
196

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет