КҮМІСБАЕВ
Өтеген Күмісбайұлы
Филология ғылымдарының
докторы, профессор
1940 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауда-
нында дүниеге келген.
1963 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың филология
факультетін тәмамдап, 1974 жылы кандидаттық, ал 1989 жылы
докторлық диссертациясын қорғаған.
1994 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет істейді:
Иран-түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі; 1994-1995
жылдары шығыстану факультетінің деканы.
1970 ж. ҚР Журналистер Одағының О.Бөкей атындағы
сыйлығының лауреаты /2000 ж./, 1971 ж. ҚР Журналистер Одағы
сыйлығының лауреаты /2000 ж./, 1972 ж. Төс белгісі «За заслуги
в развитии науки Республики Казахстан», /04.03.2003 ж./, 1973 ж.
Медаль «Ахмет Байтұрсынов» /2008 ж./.
1974 ж. Озық ғылыми кітаптары үшін А.Байтұрсынов атын-
дағы тіл білімі институты «Саңлақ автор» атағын берді. /2007 ж./,
1975 ж. Республикалық Ш.Құдайбердиев атындағы сыйлықтың
лауреаты /2008 ж./, 1976 ж. ҚР Журналистер Одағы сыйлығының
лауреаты /2009 ж./, 1977 ж. ҚР Журналистер Одағы «За выдающе-
еся научные достижения в области востоковедения» сыйлығының
лауреаты /2009 ж. / «Еңбек ардагері» медалі 1990 ж.
1978 ж. «Ерен еңбегі үшін» күміс медалі. ҚазҰУ-дың 75 жыл-
дық мерейтойында. /2009 ж/, 1979 ж. Қызылорда облысы Қар-
мақшы және Жалағаш аудандарының «құрметті азаматы». 2010
ж., 1980 ж. «Жалаңтөс батыр» атындағы медаль 2010 ж.
1981 ж. «ҚазҰУ-дың 75 жылдығына арналған медаль 2010 ж.
Аманат
113
АРМАН АЛДАМАЙДЫ
А
лматыға арманды қуып келгенім әлі есім де
қалыпты. Бес-алты ауыл асып, Алатауды
бетке алып тартып бердік. Шындығын айт-
сақ, біз қашқын балалар едік, әке-шешеміздің айт-
қанын істемей, аспандағы айға қол созғандай Алма-
тыдай әсем қалаға бір жетіп алсақ деп қиялдадық.
Балауса кезде адам романтик келеді, не нәрсенің бәрі қолыңа
оңай түсетіндей, алтын сақаң алшысынан жататындай көрінетін
әдеті емес пе. Сонымен бір топ бала теміржол стансасының
басына жиналып, Алматыға апаратын жедел пойызды күттік.
Билет болмағасын кассіден де үмітімізді үзіп, қайтсек те
жолға шығуға бел байладық. Әрбіреуіміз бір бір үйдің еркесі
едік. Тіпті бізді алдымызда не күтіп тұрғанын білгеніміз жоқ.
Есіл дертіміз астанаға жетіп, қазақтың С.М.Киров атындағы
Мемлекеттік Университетіне түсіп кету еді. Ол кезде университет
С.М.Кировтың атымен аталушы еді.
Қолымызға аттестат тиісімен көзіміз жайнап, университеттің
студенті атанантындай лепіріп биіктеп шыға келуші едік. Көкем
(әкемді көке, анамды әже деп кеттім) оныншы класты бітірген
күні маған: «балам, ағаш тұрған жерінде көктейді, сен алысқа
ұзаймын деп, әуре болма, тракторға отыр да жер жырт, егін ек,
жанымызда бол» деген-ді. Әкем екі сөйлемейтін кісі еді, сөзін
қайталап айтқан жоқ, мен ләммиім деп аузымды ашқаным жоқ.
Әжем байғұс көп сөйлемейтін момын кісі еді, әкемнің аузына
қарап отырушы еді.
Енді не істеймін, бар ойым Алматыға кету еді, журналист бол-
сам деп армандадым. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жа-
зып жүрдім. «Қазақстан пионері» газетіне «Кітап» деген өлеңім
де шыққан. Газет мектеп қабырғасында ілулі тұрушы еді. Сол
өлеңім жарық көрген газеттің тұсынан сегіз рет өткенім бар. Әрі
өтіп, бері өтіп оқимын, ия менің тұңғыш өлеңім еді. Көзге тым
ыстық көрінетін. Жазушы болуды армандайтынмын, бірақ ол
арманымды тісжарып тірі пендеге айтпайтынмын. Естісе мазақ
ететін шығар деп қорқатынмын.
Аманат
114
Тоғызыншы класта оқып жүргенімде біздің мектепке оқушы-
лармен кездесуге екі жазушы Нәсіреддин Сералиев пен Саид Ба-
язитов келген еді. Екеуі де балалар жазушысы еді. Тірі қаламгерді
көргенім сол еді, қолдарын қысып, арқаларын сипағым келіп
кетті. Сол кездесу маған үлкен қанат берді. Ол бізге алғашқы жи-
нақтарын сыйлады. Жастығымның астына салып жатушы едім.
Бұл арманым тек Алматыда ғана орындалатын секілді еді.
Сөйтіп бесеуміз билет болмай вагонның төбесіне өрмеледік,
жабысып жата қалыстық. Қара арғымақ буы бұрқырап, ысқырып
алып тартып келеді. Баяғының ертегілеріне кіріп кеткендей
әсерде едік. Қорқыныш пен қуанышымыз бірдей,қайткен күнде
де ақбас Алатаудың бауырына томп етіп түсе қалу еді. Нанымыз,
құртымыз, бөтелкеге құйып алған Сырдың суы бар, ішсең бал
татиды. Әрине вагонның төбесі ішіндей емес қой, көрмегенді
көр дік, дорбамызды жастық қылып, ұйқыға да кірісіп кеттік. Бет-
жүзіміз кірқожалақ болып, бір-бірімізге қарап әбден күлдік. Қатты
күлгеніміз соншалық вагон дірілдеп кеткендей еді, бір сәтте қайда
отырғанымыз есімізге түсіп, тып тыныш бола қалдық. Кенедей
жабысып, еметіндей етпеттеп жатып алдық. Сол жатқаннан Ал-
матыдан бір-ақ шықтық.
Сонда бізді таңқалдырған Алатаудың ақбас шыңдары еді,
қадалып қарап қалыппыз. Біз өскен далада мынандай маңғаз та-
улар жоқ еді. Әсіресе, ақ мамықтай бұйраланып ерімей жатқан
ақшақарларға қарап аузымыз ашылып қалыпты. Күн болса
ыстық, ал қар неге еріп кетпеген дейміз. Сөйтсек, олар тым биікте
жатады екен ғой. Қағаз, құжаттарымызды ретке келтіріп алып,
Алматының ішіне кіріп кеттік. Сарқырап аққан бұлақтар құлақ
күйін шертеді. Шапқылап келе жатқан баладай алдыңнан шыға
келеді. Тап-таза мөлдір бұлақтар көздің жауын алады. Самал
желмен тербелген жасыл жапырақтар жамырасып, әлдеқандай
қуанышты хабарды жеткізетіндей желп- желп етеді. Шіркін-ай,
сол кездегі Алматының апорт алқызыл алмалары-ай десеңші.
Біреуін үзіп алып жесең тойып қаласын. Бұлақтың бойына оты-
ра қалып, газеттен дастарқан жайып жіберіп, жүрек жалғап ала-
мыз да КазГУ-ді іздейміз. Мұншалықты алып шаһарда болып
көрмегесін бе, біраз сандалдық, біреу олай, біре былай сілтейді.
Алматыда адасып жүргеніміздің өзін бақыт санадық.
Аманат
115
Бес бала бес жаққа бағыт алдық. КазГУ-ді қалаған мен ғана
екенмін. Ымырт үйіріліп, Алматы кеші де қоюлана бастады. Енді
бүгінше жатып шығатын жер іздедік.
Пастортымда аты жоқ
Проспекті көшеңнің
О, Алматы, сонда да
Үйіндейсің шешемнің, –
деп, ақын ағамыз Тоқаш Бердияров айтқандай астананың әрбір
бұрышы жайлы жастықтай елестейді. Бір ұйғырдың қорасына тап
болдық, әрқайсымыз бір сомнан төлеп түнеп шығатын болдық.
Ұйғыр үйіне кіргізбеді, қорасында жайылған жасыл шөпті сілтеді,
азын- аулақ мал ұстайтын болса керек. Пішенді жайып жіберіп,
әкеміздің үйінде жатқандай жайғасып алдық. Сонда да күлкіміз
жиылмайды. Қайран жастық-ай десеңші.
Таң ата Алматының жылы жаңбыры себеледі, бетімізге там-
шылап бізді оятты. Бетіміз ылғал шөпке ұйысып қалыпты. Тұра
сала ұйғырдан сұрап алған шай-пайымызды ішіп, университетті
іздей жөнелдік. Ақыры таптық-ау әйтеуір, жол айрығында бесеу-
міз бес оқу орнына бет алдық. Менің темірқазығым тек қана
КазГУ еді, тапқаныма қуандым. Мен секілді жүздеген бала до-
кумент тапсыруға кезекте тұр. Тапсырған соң жатақтан орын
берді. Бұрынғы Виноградов, ал қазіргі Қарасай көшесінде
университеттің жатағы бар, соған жіберді. Оның алдында бүкіл
абитуриенттерді моншаға салып алады екен, себебі ауылдан
қалаға келдік қой, тазару қажет дейді екен. Бір әйдік ескі ғима-
ратқа сүңгіп кеттік, арғы қабырғада қыздар, бер жағында ұлдар
түсіп жатырмыз. Азан-қазан, у-шу ешкімді ешкім естімейді. Су
шашысып ойнап жүрміз. Тазару біз үшін солай басталып еді.
Никольск шіркеуінің маңында сквер бар, қызыл гүлдерге то-
лып тұрады, ағаштарының көлеңкесі ше, жатақтың одеялын жай-
ып жіберіп емтиханға дайындаламыз. Бас алмай оқитындар да бар.
Ондайлар қыздарға күлкі болады. Оятып жіберіңдер қорылдап
мазамызды алды дейді. Ең болмаса бір көзі бізде, бір көзі кітапта
болсыншы дейді қыздар. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін қатты
оқимыз, негізгі тапсыратын пәндеріміз ғой, шығарма жазуға
әзірленеміз. Таныс-тамыр дегеннен жұрдаймыз, алдымен Аллаға,
сосын өзімізге сенеміз.
Аманат
116
Күндер өтті. Сынақтан да сырғып аман-есен өттік. Ол уақытта
емтиханды мұғалімдер алатын, билеттерді бүгінгідей жайып та-
стайды, қалағаныңды аласын. Жазбашасы бар, ауызшасы бар төрт
емтихан тапсырып, жиырма екі балл алдым. Соңғы өткел де жетті.
Ректор, академик Т. Дарқанбаевтың өзі төрағалық етіп қабылдады.
Ұмытпасам журналистика бөліміне жиырма бес, ал қазақ тілі мен
әдебиетіне елу бала алды. Сонда менің екі балым жетпей қалды.
Ректордың өзіне кіріп бардым, « бала, келесі жылы келерсің, балың
жетпей қалды» деді. Япыр-ай, дүниедегі ең жаман адам ректор бо-
лып көрінді, жылап жібердім. Сол жылағаннан Алматының шетіне
бір-ақ шығыппын. Тұлабытым тоңазып, басым көтертпей қалыпты.
Өмір сүргім келмей қалды. КазГУ-ге сол жылы түсе алмадым.
Ауылға қайтайын десем бет жоқ, не бетіммен қайтамын, елден
ұят қой, қайтсем де осында қалуым керек. Әзер дегенде сүйретіліп
жатақханаға келдім. Түскендер той жасап жатыр, қуаныштарында
шек жоқ, ең бақытсыз жан мен екенмін. Етпетімнен түсіп жатып
алдым. Жұбатқандардың сөздері құлағыма кірмейді. Ертеңіне оқуға
ілікпей қалған бір-екі бала Құрманғазы консерваториясына бардық,
дауысы барларды қабылдайды десті. Бірақ ән айтуың керек. Мен
тұрғылас кезекте тұрған мұңдастарымның артынан мен де оншақты
ағай, апайлар отырған бөлмеге ендім. «Бала, қандай ән айтасың?»
деді. «Маржан қызды» айтайын деппін. «Шығасың ба алдымнан,
шықпайсың ба. Москвадан жұлдыз ап келген күні» деп, бар дау-
сыммен тарта жөнелейін баяғы. Комиссия мүшелері аң-таң боп бір-
біріне қарасты, онан сайын дырылдатып барамын. Бір сәтте мұртты
жігіт қолын көтеріп, мені әзер тоқтатты. Бала, сыртқа шыға бер деді.
Бір пәленің болғанын сездім де, шегініп шыға бердім. Содан кейін
консерваторияны көргенім жоқ. Қайдан біле йін, консерваторияның
студенті боп кетем бе деп, дәмеленіп барғаным ғой.
Алматыдан шыққым келмей әр жерге бір соғамын, жұмыс
іздеймін. Қайткен күнде де табан тіреп қалуға тиіспін. Ал, қалай,
қайтіп ол жағын ойламаппын. Алматы машина жасау заводына
барғым келді. Өйткені, елде жүргенде Жосалы механикалық заво-
дында токардың шәкірті боп істегенім бар еді. Ол завод Ұлы Отан
соғысы тұсында Россиядан көшіп келген-ді. Десемде газеттерді
маңайласам дедім. Оқуға келгенге дейін аудандық газетте әдеби
қызметкер боп бір жылдай істегенім бар-тын. «Лениншіл жас»
газетіне барып едім, орын болмады. Ақырында «Социалистік
Аманат
117
Қазақстан» газетіне корректор болып орналастым. Газет редак-
торы Кеңес Үсебаев ағайға жағдайымды айтып едім, аяушылық
білдірді ме, әйтеуір, жұмысқа қалдырды.
Солай бір жағынан елге оралуға бет жоқ, екінші жағынан
ару Алматыны қимай қипақтап жарты жылдай жүріп алдым.
Жаман хабар жата ма, балаң оқуға түсе алмай астанада қаңғып
жүр екен деген хабар әке-шешемнің құлағына тиеді. Есі барда
елге қайтсын, мұнда да екі қолға бір жұмыс табылады деп, әкем
біреуден сәлем айтып жіберіпті. Мегников көшесінде бір орыс
кемпірдің пәтерінде едім, ай сайын ақшасын сұрап, дікілдейді де
тұрады. Әрі ойланып, бері ойланып елге оралуға тоқтадым. Бір
жағынан сағыныш та маза бермеді. Сөйтсем, оқуға түсе алмай
қалған жалғыз мен емес екенмін, пәленшенің ұлы, түгеншенің
қызы да жолдары болмай үйлеріне қайтып кетіпті.
Бір күні Алматыны қимай-қимай мен де пойызға отырдым.
Бір сөтке жүріп, ертеңіне кешкісін Жосалы стансасына тоқтайды,
бізде басын Жосалы, ал аудан орталығын Қармақшы деп атайды.
Қармақшы Қызылорда облысына қарайды. Амангелді деп атай-
тын көшеде менің үйім бар. Пойыз қасқарайып қалғанда келіп
тоқтады. Әрине келе жатырмын деп, ешкімге хабар бермегенмін.
Сүйінші сұраймын ба?! Дорбамды арқалап Аманкелді көшесімен
тартып келемін. Тірі пенденің көзіне ілінбесем екен деймін.
Әншиінде тайраңдап ән салып жүретін басым жанарыма жас
тіреліп көмекейім тұтығып, даусым дірілдеп, берекем қашып
келеді. Біруақта бұған сенейін бе, сенбейін бе алдымнан Құтжол
құйғытып келеді. Құтжол біздің үйдің иті, менің келе жатқанымды
қайдан біледі сайтан дегенімше болмай, арсалаңдап мойныма
орала кетпесі бар ма. Итекем ит те сағынып қалыпты.
Алматы бір көргенде-ақ қимайтын қала екен, айналшақтап
бір жылдай шыға алмай қалып едім. Енді елге оралуға бел
байлағаным осы еді. Құтжолым еркелеп соңымнан қалар емес,
анда-санда қаңқ етіп үріп қояды. Үйге жақындағанымда жүрегім
жиі ұрды, не бетімді көрсетемін деймін. Әжем сыртта табаға нан
пісіріп жүр екен, асыл анам көзінен жас алып, айналып-толғанып
жатыр. Мен де балаша босап қоя бердім. Абырой болғанда көкем
үйде жоқ екен, бір шаруамен сыртқа шығып кетіпті. Келгесін
көкемді танытты ғой.
Содан бір-екі ай күйеуден қайтып келген қыздай далаға
Аманат
118
шықпай, үйді паналап жатып алдым. Киноға, кешкі бақтың биіне
барғым келеді, бірақ болмайды. Кейін білгенім мен секілді оқуға
түсе алмай қалғандар да бар болып шықты. Солармен оқта-текте
ұрланып бас қосып, ішкі мұңды ақтарып аламын. Тұла бойым
жеңілденіп қалады. Ең соңында мұңдастарыммен бірігіп, киноға
барып, бірте-бірте бетімді аштым. Қармақшы ауданының газеті
«Коммунизм шамшырағына» әдеби қызметкер боп орналастым.
Әбен Сатыбалдиев атты кісі мәдениетті, білімді кісі еді. Жол-
дас балам Рашид Жарылқасынов екеумізді жұмысқа тәрбиелеп,
жазуға үйретті. Рашид кейін КазГУ-дің журфагін сырттай тамам-
дады, қазір белгілі журналист, зейнеткер елде тұрады.
Бір жылды алға салдым да келесі жылы документтерімді рет-
теп, Алматыға тарта жөнелдім. Бұ жолы жиырма төрт балл алып
түсіп кеттім. Қуанышымда шек болмады. Арманым – журналист
болу еді, бірақ оған орын болмай тіл-әдебиет бөліміне ауыстырды,
соған да шүкір дедім, әйтеуір мақсатыма жеттім ғой дедім. Елден
келген елу бала едік. Бір атаның балаларындай бір дәрісханада бас
қосып жарасып жүрдік. Ұмытылмас жылдар-ай, қалайша кірпік
қаққанша тез өтіп кеткенсің бе?! Бұрынғы Виноградов, қазіргі
Қарасай көшесіндегі университеттің жатағына орналастық, Ни-
кольск базарынан керек азық-түлігімізді алып, кешкісін думан-
датып жатушы ек. Жарты әлемді билеп алғандай биіктеп жүруші
едік, өйткені, біздер Қазақтың Мемлекеттік Университетінің Фи-
лология факультетінің студенттері едік. Шетінен романтиктерміз,
ақын, жазушы болды армандаймыз. Көшеге шықсақ аяқты алшаң
ба самыз. Басқа вуздардың студенттерінің төбесінен қараймыз. Қай-
ран қамсыз, уайымсыз жастық-ай десеңізші. Бір бөлмеде бес- алты
баладанбыз. Орын жетпесе қос орынға мінгесеміз. Төменде тұ рып
жоғарыда тұратын қыздармен әзілдесеміз. Әзіліміз асып кет кен де
олар төбемізден су құйып шашыратып жібереді. Шаршауды біл-
мейміз, алаңсыз аңсау ғана бар. Не деген таусылмайтын арман еді.
Таңертең оқимыз, сабақтан қалмауға тырысамыз, аудиторияда
алдыңғы қатарға таласамыз, жазамыз, тыңдаймыз, тынбаймыз.
Сол заманда бізге алыптар дәріс беріпті ғой. Әрбіреуі Алатаудың
бір-бір шыңындай еді. Бір Мұхтар Әуезовтің өзі тұтас бір
академик еді-ау. Пушкиннің «Евгений Онегиннің» жатқа айта-
тын әдебиеттен оқыған Темірғали Нұртазин ше, қазақ тіл
білімінің королі. Ісмет Кеңесбаев ше, қазақ әдебиеті тарихына
Аманат
119
төңкеріс енгізген, Алаштың аяулы ақындарын егіліп отырып
айтатын профессор Бейсенбай Кенжебаев ше, кешегі өткен
кемеңгер Зейнолла Қабдолов ше қазақ тілін жырдай жырлайтын
Төлеген ағай ше, тарихты толғай жөнелетін, қарасудай ағызатын
Қарағұсов ағамыз ше, Есмағанбет Смайыловтың өзі ше тілден
сабақ бергенде майын тамызатын профессор М. Балақаев ше,
анда-санда мұрынды бір тартып қойын құйқылжыта жөнелетін
тілші Кәкен Ақанов ше, Пушкинді, Лермонтовті, Есенинді көз
алдыңа жілт тізіп сайратып қоятын Александр Жовтис ше, ХІХ
ғасыр орыс әдебиетінен берген, шешен тілді Ш. Қанафиева ше,
Х. Сүйіншалиев ағай ше, қазақ тілінің арғы тарихынан тартатын
түркітанушы талантты М. Томанов ше, шет ел әдебиетінен
берген мейірімді Ж. Фролова ше, араб тілін аузымызға салған
М. Мәженова апай ше, өлең оқығанда тыңдаушысын тереңге
батырып жіберетін ұстаз Т. Мадзигон ше, тентектігі, қырсық
турашылдығынан қайтпас Т. Кәкішев ше, қайсыбір айтайын сон-
шалықты сырбаз білімпаздардың берекелі ғұламалардың кемел
кісілердің алдын көріппіз. Ұмытқандарың болса, аруақтары ке-
шіргей, қара жер хабар бермесін. Бәрінің алдында басымды
иемін. Бір-бір асқар, бір-бір төбе еді ғой. Орыстың белгілі ақыны
Илья Селвинскийдің маған «сенің Әуезовің нағыз Будданың өзі
ғой» деген сөзі есмде. Әсіресе, біз үшін Мұхтар Әуезовтің орны
бөлек еді. Абайды, «Абай жолын» мектептен жаттап келгеннен
соң, тірі Мұқаңды көру бір арман еді, көрдік ендеше... Абайтану
сабағы болады дегенде елең ете қалғанбыз, Мұқаңның өзі оқиды
деді. Алғашқы сабағын асыға тостық. Елу студент едік, алайда
дәрісханаға ел симай барады. Басқа оқу орындарынан келген
оқушылар, ұстаздар, интеллигенция өкілдері болса керек. Кере-
қарыс маңдайы, қоңыр жүзді, ерекше еріндеріне әнтек жылы
жымиыс бар, ақ киімді, бұйра шашты, ажарлы жүзі, алып денелі,
жанарынан ұшқын атқан кесек кісі жарқын сәлем беріп кіріп
келгенде у-ду боп отырған көпшілік сілтідей тынды. Әуезов емес,
тап бір Абай атаның өзі сөйлей жөнелгендей еді. Қоңыр үнінде
баяу шертілген домбыра күйіндей тербеліс бар. Үлкен қоңырау
сылдыр қаққанда ғана есімізді жидық. Абайдың бір өлеңін сағатқа
созылған сырлы, әсем әңгімеге сиғызып жіберді. Мәссаған, біз
Абайды әлі білмейді екенбіз. Мұқаң суреттеген әспеттеген Абай
мүлдем басқаша кейіпте көрінді. Абай қазақ халқының рухани
Аманат
120
паспорты екенін есейе келе түсіндік. Ұлы ұстаздың әр сабағы
бізге сүйікті ақынымыздың ішін ашып берді.
Мұқаң үзіліске шыққанда столдың үстіне қызыл-қоңыр был-
ғары пәпкісін және жуан қызыл түсті қаламын қойып кетуші еді.
Жүгі ріп барып папкіні, қаламды қолымызға ұстап, сипап орнына
қоя тынбыз. Сөйтсек, пәпкіні француздың атақты жазушысы, қай-
рат кері Луи Арагон сыйлаған екен. Кейін Мұқаңның өзі айтты.
Абай дың бір жол өлеңін ұстаз бір сағат әңгімелеп беруші еді, үнін-
де, күлкісінде, қимылында сондай бір керемет сүйкімділік бар-тын.
Бір күні Алматының аппақ қары жауды. Сол күні Мұқаңның
лекциясы болды. Сабақ аяқталғаннан кейін ол кісі қазақ әдебиеті
кафедрасына кіріп киінді де далаға беттеді. Қызық көрдім бе, әлде
балалық па білмеймін, басқан ізін басып, Мұқаңның соңынан баяу
жүріп отырдым. Ол кісі артынан бұрылып қараған жоқ. Мұқан
Төлебаев көшесіне түсіп, жоғары көтерілді. Мен де ақша қарға
анық түскен Мұқаңның ізімен жүріп келемін. Сол сәтте өзімді
бақытты сезініп, бойымды шаттық кернеді, тек ұстазым біліп
қоймаса екен деймін. Бүгінгі М.О. Әуезовтің әдеби-мемиоралды
үйі сол кезде М.Әуезовтің тұрған үйі болатын. Ол қақпасын ашты
да үйіне енді. Мен болсам Мұқаңның жаңа жазған аппақ қарда
қалған іздерімен кері қайттым. Өзімше бір жаңалық ашқандай
едім. Және сол қылығымды тірі жанға тіс жарып айтқаным жоқ.
Енді Мұқан Төлебаев көшесімен жүрсем қарсы алдымда кемеңгер
қаламгердің іздері сайрап жатады.
КазГУ-де әдеби бірлестік бар еді. Ұмытпасам оны Сұлтанғали
Садырбаев ағамыз басқаратын. Поэзия кешіне Мұқаңды шақы-
ратын болдық. Әбіш Кекілбаев екеуміз Мұқаңа жас ақындардың
жаңа жинақтарын тапсыруға тапсырма алғанбыз. Сабақ соңында
Мұқаңды аңдып тұрып, бірнеше өлең жинақтарын қолына бер-
дік. Сол бір үшінші поэзия кешінде Мұқаңның жастар алдын-
дағы сөйлеген сөзі тарихи сөз боп қалған еді. Сол жиында Мұқаң
Қадырдың, Тұманбайдың, Сағидың, Ізтайдың, Тілегенннің, Әбіш-
тің есімдерін атап, осылардан үлкен үміт күтуге болатынын ес-
керткен еді. Жылдар өтті, данышпан сөзі шындыққа айналды,
үміт ақталды. Сонда Мұқаңның: «Толыспаған Толстойлар мен
шала Шекспирлерден сақтаныңдар» деген сөзі осы күнге дейін
құлағымызда қалып қойды. Абайтанудан сынақ тапсырамыз
деп жүргенімізде Мұқаң Москваға кетіпті, келеді» деп естідік.
Аманат
121
Сынақ кітапшамызға Әуезовтің қолы түседі деп, қуанышымыз
қойнымызға сыймай жүрген күндер еді-ау. 1963 жылы радиодан
суық хабар саңқ ете қалды. Москва ауруханасында операция сто-
лында советтің белгілі жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов
дүние салды деді диктор. Таңертеңгі кезі еді, жылап ояндық. Туған
әкемізді жоғалтқандай едік. Өзі келмеске кетіп, мұрасы мәңгілік
атанған қайран Мұқаң.
Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың өзі бір мектеп еді.
Ақырын сөйлейтін барынша сабырлы адам еді, ішкі әлемінде
қаншама қайсарлықты жатқанын кім білген. Жанартауы ішінде
жатыпты. Қазақтың ежелгі әдебиетінің тарихын бергі ғасырларға
алып келген және сол үшін аянбай алысқан ғұлама ғалымның бірі
болғанын беріде білдік. « Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес
далаға» деген сөз осы Бейсекеңе арналған тәрізді. Абайлап жүріп
алысты ойлаған ойшыл дананың бірі екен. Кейде Кенжебаевтан
қашып кетіп жүретінбіз. Қайдан білейік таулардың етегінде
жүрген толағай іспеттес тұлғаның қадіріне жетпеппіз. Ашушаң,
кекшіл емес еді, текшіл, көпшіл еді. Әңгімесінің арасына аракідік
Алаштың атышулы тұлғаларының есімдерін сыналатып енгізіп
жібергенде кейде тыңдап, кейде ұстай алмай қалатынбыз. Ал енді
бар ғой, аттарынан ат үркетін шәкірттерін атап жіберсем, хал-
қының нағыз асыл перзенті, жақтаушысы, жанашыры, жоқтау-
шысы болған ұлы әдебиетінің алысты болжай білгенін айнытпай
танимыз. Олар кімдер десеңізші. Мұхтар Мағауин, Мырзатай
Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, туған баласындай боп кеткен
Құлбек Ергөбеков тағысын тағылар. Түркістанда Құлбек ашқан
Бейсекеңнің музейін, кітапханасын көргенімде төбем көкке
сәл тимей қалды. Түркі тілдес әдебиеттердің кітапханасын
құрасытырып тізіп, жан жақтан жинап жүрген. Құлбек еңбегінің
болашағы зор дер едім. Жақында мен де кітап ханамды Түркістанға
жөнелттім. Мағжан жырлаған Түркістан жерінде Қожа Ахмет
Яссауи жатыр, қазақтың қанша қадірлі сұлтандары, хандары
жатыр. Солардың бүгінгі қасиетті ұрпағына тарту еттім.
Темірлан Нұртазин қызық кісі еді. Ол ешкімге ұқсамайтын.
Өз қолтаңбасы, мінезі бар адам еді. Қазақ, орыс ақындарының
өлеңдерін жатқа айтқанда аузыңды ашып қалатынсын. Классик-
терді айрықша жақсы көретін. Қанша дегенмен Ленинград
мектебінен өтіп келген ғой, зейінді мәдениеті көрініп тұратын.
Аманат
122
Дәрісі әзілмен басталып ажарлы әңгімеге ұласатын. Жалпы ал-
ғанда Темкең советтік қалыпқа симаған ғалым еді. Барынша бір-
сарындылықтан қашып отыратын. Сабағы қызық өтетін болған
соң сабағынан қалмауға тырысатынбыз. Кейде кешігіп қалып,
кіруге бола ма ағай десек, «өзің біл шырағым» деп күліп қоятын.
Сол сөзі бізге құрысқаннан бетер болатын. Оқта текте дәрісін
табиғат аясында, жасыл бақтардың ішінде өткізетін. Сұлулыққа
ғашық эстет әдебиетші еді.
Бір күні бізді баспоштаның қасына алып шықты. Филфак
баяғы ескі үкімет үйінде болатын. Кейін ол жерге Жүргенов өнер
институты келді. Тамаша жаз айларының бірі еді.
Т. Нұртазин пәнінен сынақ тапсыруымыз керек еді. Анау Әлия
мен Мәншүк ескерткішінің бұрынғы орнында Ленин ескерткіші
тұратын. Бәріміз сол маңайдағы орындықтарға орналастық,
бір бірлеп сынақ тапсырдық. Бану, Мәкен, Күләш есімді әдемі
қыздарымыз бар еді. Соларды жанына шақырды. Өлең, өнер
жайлы шалқып сөйлеп берді, білмейтіні некен саяқ кісі еді,
энциклопедист ғалым еді, ұйып тыңдайтынбыз. Алдында ересек
адамдар отырғандай анда санда шерін тарқатып алатын қыздарға
ән салдыратын. Абай әндерін жақсы көруші еді. Өте білімдар ағай
еді, қағаз бетіне қарамай көсіле жөнелетін. Аудиторияны өзіне
бірден тартып алатын. Эрудициясы бізді қатты қызықтыратын.
Сосын орыс тіліне өте мөте жүйрік еді, Пушкинді, Лермонтовты,
Некрасовты, Фетті ұнататын. Екі тілде бірдей жазатын. Аты атал-
май қалды марқұмның, артында жоқтаушысы жоқ па білмеймін.
Тарихтан берген Ж.Қарағұсов қатаң еді, айтқанын айтқанша
жазып үлгіретінбіз, талапты күшті қоятын. Қыбыр етпей оты-
ратынбыз. Сөйлеп тұрып, үнемі бірдеңе шайнап тұрушы еді не
екенін білмейміз. Бір күні бізге қандай сұрақтарың бар деді.
Өтежан Нұрғалиев артта отырушы еді. Сұрағым бар деді де, жай
қасына барды. Айта ғой деді ағай: «осы сіз не шайнап тұрасыз?»
деп қойып қалды. «Онда сенің не шаруаң бар, шық кластан!» деді
ағай. Өтежан шығып кетті. Күлкі мен қорқудың арасында қалдық.
Арамыздағы мұртты студент сол еді, көрінер-көрінбес мұрты бар
еді. Аты жөні есімде жоқ, журналистика бөлімінің бір мұғаліміне
«осы мұртты менен көріп қойып жүрсіз-ау» депті. Ақтөбе жақтан
ақын боп келген Өтежанның мінезі қисықтау еді. Бетің-жүзің
демей айтып салатын. Бірінші курста жүргенде оның өлеңдері
Аманат
123
газеттері жарияланды. «Дружба народов» деп аталатын Мәскеуде
шығатын әдеби журнал оған сәт сапар берді.
Өтежан аузынан қағынып жүретін жігіт еді. Бір күні бұрынғы
Калинин көшесімен келе жатса алдынан екі адам шығады. Біреуін
тани кетеді. Ол белгілі ақын Хамит Ерғалиев екен. Екіншісін таны-
майды. Өтежан сәл-пәл қызулау болса керек. «Хам-ау, мына қасың-
дағы әкесінің аузын пәленше етейін ақсағың кім?» дейді ғой. Ақсағы
журфактің деканы, атақты Тауман Амандосов болып шықпай ма.
Содан арада екі үш күн өтпей Өтекең стипендиядан қағылып,
жатақтан шығарылады. Өтежан екеуміз жақсы едік. Кешкісін
маған келді «Құдай ұрды мені, қызумен деканымызды боқтап
жіберіппін. Жатақтан шығарды, стипендиядан алып тастапты»
деді. «Енді не істейміз Өтежан?» дедім. Екеуміз Тастақтан пәтер
іздейік, ақшасын мен төлеймін, жатақтан шық» демесі бар ма.
Өтежанның көңілін қимай екеуміз бір орыс кемпірдің құстың
ұясындай бөлмесін тауып алдық. Бағасына келісіп тұра бастадық.
Жолдасымды жалғыз қалдырғым келмеді. Қанша дегенмен кіші
жүздің баласымыз. Өтежанның өлеңдері маған ұнайды. Кем-
піріміздің «Верный» атты қабаған иті бар, қорасының орта сына
байлап тастайды. Тірі жанды қасынан өткізбейді. Әсіресе түнде
қиын, әжетхана қораның түкпірінде. Өтежан мені түн ортасында
оятады. Далаға шығып келейік дейді. Иттен жаман қорқады.
Бұтында бауы ұзын қазақы ақ дамбал, кеудесінде жағасыз кең
кенеп көйлек, тентек шашы тараққа көнбей жан-жаққа қашып
тұр. Ал, Верный мұндай кескінді жақтырмайды. Есіктің алдында
екеуміз дірілдеп тұрмыз, түн салқын. Екі көзіміз Верныйдың
аржағындағы әжетханада. Бұтын қысыңқырап алып Өтежан итке
жалынышты көзбен қарайды. Байлаулы Верный өжеттене атылып
үрген кезде зып беріп үйге кіріп кеттік. Қайта бас көрсеттік. Азу
тістері ақсиған Верный сәл десе жібін үзіп жіберетіндей бізге
қарай жұлқынады. Өтежан шыдамай ашу шақырды: «Әтеңе
нәлет Верный-ай, кемпірге төлейтін пәтерпұлымызды алдын ала
төлеп қойдық. Енді не ақың бар бізде, жіберсеңші анау жерге»
дейді. Верный онан сайын үре түседі. Бұрқылдап кемпір оянады,
бізді орысшалап боқтап алды да, Верныйға ұрысты. Ит ағаштан
жасаған ұясына сүңгіді. Біз баратын жерге жылдам барып алып,
бөлмеге күмп бердік. Әй, бес-алты ай көресіні көрдім-ау. Артынан
біреулер араласты ма білмеймін, Өтежан жатаққа қайта оралды,
Аманат
124
стипендиясын алды. Белгібай Шалабаев деген ұстаз ағайымыз
«Өмірде не болмайды» деген кітап жазды және осы тіркесті үнемі
қайталап отыратын. Кейін мәтелге айналды. Бірдеңе болса өмірде
не болмайды дейтінбіз.
Студенттік өмірде не болмайды десеңізші. Қарауылбек
Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Ерғали Ахметов (кейін үшеуі де жа-
зушы боп кетті) М. Горький паркінен кештетіп келдік, қыдырып
барғанбыз. Асхана, дүкендер жабылып қалған. Бөлмемізде ең
болмаса нан да жоқ. Енді бірдеңе іздеп табыңдар, аштан өлеміз
бе деді Қауқаң, ішіміздегі басшымыз сол еді. Сенің ұятың аздау
ғой, барып қыздардан нан сұра деді Қарауылбек Әлдиханға.
Ерғалиға да бір тапсырма берді. Мен төменгі этаждан бағана
жоғары көтерілгенде сорпаның кісін сезгендей едім. Тезірек
төменге түстім. Монғолиядан келген екі қазақ жігіт Қаһар мен
Дайын журфакта оқитын. Дайын бытовойда газдың қасында бір
үлкен кастрюлді қайнатып отыр екен. Қастролден қойдың басы
қылтиып көрініп тұр, иісі мұрын жазады. Келіп Қарауылбекке
баяндадым. Дайынды кухнядан қозғау керек деді. Бірақ қалай
екенін білмейміз ғой. Мен білемін деді Қауқаң ойына бірдеңе
түсіп кетіп. ЖенПИ жақта Дайынның жүрейін деп жүрген қызы
бар екен, оны Қарауылбек білетін боп шықты. Автоматқа екі тиын
алды да, ол сыртқа жүгірді. Қарауылбек қыздың даусын керемет
салатын. Дайынның қызы болып, жатаққа телефон шалады, Да-
йын ды шақырады. Кезекші Таня тәтей: «Дайын, к телефону тебя
зовет девушка» деп айқайлайды. Дайын есі шығып, оқып отырған
КПСС тарихын да, қойдың басын да тастап, телефонға жүгіреді.
Жоспар бойынша Дайын шығып кеткенде мен дереу қойдың
басын шанышқыға түйреп алып, жоғары жөнелуге тиіспін. Көз
ілеспес жылдамдықпен сорпасын сорғалатып қойдың басын ала
жөнелдім кастролмен. Қызымен сөйлесіп келген Дайын кухняға
кірсе «КПСС тарихы» жатыр, ал қой басы ылдым-жылдым жоқ.
Дайын жүгіріп Таня тәтейге барады, орысшасы нашар еді. «Кде
парани калава» дейді. Мен қайдан білейін, өз басың аман ба деп
айқайлайды. Шамалы жүйкесі шаршаған әйел еді.
Ол уақытта біз төртеуміз төртінші қабатта басты ортаға алып
турап, сорпасын ішіп рахатқа батқанбыз. Дүниеде қойбасының сор-
па сынан тәтті нәрсе бар ма. Төменде Дайынның үні дабырлап көші-
ріп барады, оған Қаһар келіп қосылды. Ішіп-жеп болғасын кас тролді
Аманат
125
жуып жып еткізіп орнына қоя салдық. Монғол доста рымызға кейін
айтып, әбден күлгеніміз бар. Студенттік өмірде не болмайды.
Қайсыбірін айтайын, қызық оқиғалар көп болды. Қабыш
Жаркенов деген Қытайдан келген жігіт бар еді, орысшасы мүлдем
жоқ-тын. Фролованың сабағында араб харпімен әңгіме жазып
оты ратын. Лекция жазып отыр деп, мұғалім мәз болатын. Шет ел
әде биетінен емтихан тапсырғанда мен Қабышқа аудармашы бол-
дым, оған «Шекспирдің Отеллосы» келді. Қытайдан бері қарап
қалай қашқаныңды айта бер, тек арасына Отелло, Яго, Дезде мона,
Шекспир деп қосып қой дедім. Қабыш қызып кетіп, өз әңгімесіне
кірісіп кетіп, Шекспир кейіпкерлерін сыртқа шыға рып жібереді. Онда
мен тізесінен түртіп қалып, есін жиғызам. Арасында Фролованың
итіне пирожкі тастаймын. «Ия, әлгі Әтел ме, Яқа ма, Шекспир ме
кім еді деп, тақырыптың арнасына түседі. Фролова басын шайқап
таңқалады, Жаркенов қандай тыңғылықты дайындалған дейді. Риза
боп бес қойды. Қабекеңе жудырғанымыз бар.
Осынау ғұмырнамалық хикаямды студенттер үшін жаздым.
Бұл менің өмір жолым. Соншалықты жетістіктерге жету маған
оңайға түспеді. Абайша айтқанда соқтықпалы, соқпақты жолдан
өттім. Бүкіл өмірім университетпен байланысты еді. СССР
Ғылым Академиясының Шығыстану инстутында Москвада
стажер, аспирант болдым. Кандидаттық диссертация қорғадым.
Араб, парсы, түрік, ағылшын тілдерін оқыдым. СССР Жазушылар
Одағында қазақ әдебиеті бойынша кеңесшілік қызмет атқардым.
Алматыға қайта оралып, Қазақ ССР Ғылым Академиясының
М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтінде ширек
ғасыр істеп, кіші ғылыми қызметкерден директордың орын-
басарына дейін көтерілдім.
1994 жылдан бастап университетке келдім. Декан және иран-
тану кафедрасын он бес жылдай басқардым. Жиырмадан астам по-
эзия, проза, ғылыми, аударма кітаптарым жарияланды. Көпшілігі,
Қазақ Университеті баспасынан шықты. Қазақстан Жазушылар
журналистер одағының мүшесімін, академикпін. Соның бәрі
үшін туған университетіме борыштымын. Бүгіндері Шығыстану
факультеті арабтану және ирантану кафедрасының профессоры-
мын. Бір кезде студент едім, енді ақынмын, шығыстанушымын,
профессормын. Университеттің Ақсақалдар кеңесінің мүшесімін.
Студенттерге, магистрлерге осындай жемісті жолды тілеймін.
Аманат
126
Достарыңызбен бөлісу: |