Жалпы редакциясын басқарған Ғалымқайыр Мұтанов Жауапты редактор



Pdf көрінісі
бет5/15
Дата01.01.2017
өлшемі3,93 Mb.
#908
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ҒҰМЫРЛЫҚ ҚАҒИДА
Ж
асым  ұлғайып,  жүздің  төбесі  көрінген 
шағымда,  қолыма  қалам  алып,  өзім 
және  өскен  ортам,  сирек  кездесетін 
мәліметтерді,  кейбір  ақиқат  шындықтарды 
жинақтап жас ұрпаққа із қалдырып кету. Менің 
өмірім  тұтас  ел  тағдырымен  сабақтас.  Кешегі 
ашаршылық  заман,  соғыстан  кейінгі  ауырт па-
лық  кезең  бүкіл  қазақ  халқын  қамтыса,  соның 
бір  бөлшегіндей  менің  отбасыма  да  аз  қиыншы-
лықтар әкелмеген болатын. Бірақ біз бір адамдай 
тік  тұрып,  қиыншылықты  қарсы  алдық,  қадері 
халімізше  мойымауға  тырыстық.  Осы  үлгіні 
болашақ ұрпаққа өнеге етуді жөн көремін. 
ХХ  ғасырдың  басында  қазақтарда  азаматтық  ахуал  туралы 
жазба деректер болмаған. Дүниеге жаңа келген баланың алғашқы 
өмір  анықтамасы  сол  кездегі  ерекше  оқиғаға  байланысты  есте 
қалатын.  Осындай  жағдайда  әкемнің  айтуынша  мен  1918-1920 
жылдары болған жұт кезінде туыппын. Ол жылдары малды сақтап 
қалу  өте  қиын  болған,  кейбір  жанұяда  аша  тұяқ  та  қалмаған. 
Қазақтың  әрбір  үйіне  аштық,  ауру  ене  бастаған,  осындай  ауыр 
жағдайды  халық  есінде  ұзақ  сақтады.  Сөйтіп  біздің  үлкен 
жанұямыз менің дүниеге келген кезімді 1918 жылдың қыркүйек 
айы деп есептейді.
Мен  Қазақстан  Республикасының  орталық  өңіріндегі  Пав-
ло дар  облысының  сұлу  да,  өте  көрікті  жері  Баянауыл  ауда-
нында  туып  өстім.  Павлодардың  қатқыл  даласының  бір  пұш-
пағында  орналасқан  бұл  ғажайып  көгалды  алқап  өзінің 
жұм  сақ  климаты  жұртшылықты  қызықтырып,  оларды  қиял  дү-
ниесіне  шомылдырады.  Табиғаттың  өзі  тастан  қашап  жасаған 
таңданарлық  биік  құз  жартастар,  тау  қуыстары  мен  үңгірлер 
сирек  кездесетін  қатпар-қатпар  болып  өте  әдемі  көрінетін  тау 
жыныстары  табиғаттың  қайталанбас  сұлулығын  суреттейді. 
Көпте ген көлдер, қайнар көздер мен мөлдір бұлақтар, ғажайып 

Аманат
74
кең байтақ жасыл алқап, сай-сала міне осының бәрі адамның жан 
дүние сіне әсер етіп эстетикалық талғамды дамытып, нағыз адами 
қасиет терді қалыптастырады.
Міне  осындай  әдемі  де  әсем  жерде  менің  балалығым  мен 
жасөспірім  кездерім  өтті.  Менің  аға-іңілерім  және  әпке-қа рын-
дастарыммен  бірге  әке-шешеме  өзара  көмек  көрсетіп,  достық, 
жолдастықтың  заңдылықтарын  түсіндім.  Жылқыны  күту  және 
меңгеруді үйрендім, мал бақтым, доп ойнадым, Жасыбай көлін-
де  мұзда  сырғанақ  тептім.  Біздің  елден  арыда  атақты  Шоң  би 
шық қан.  Кейін  Жаяу  Мұса,  Сұлтанмахмұт  Торайғыров,  Қаныш  
Сәтбаев,  Әлкей  Марғұлан,  Шапық  Шөкин,  Шәкен  Айманов 
сияқты  тағы  басқа  асыл  азаматтар  туған.  Олардың  бәрі  де 
Қазақстан ғылымы мен өнерінің жарық жұлдыздарына айналған.
Әкеміз  –  Жұмат  Досқараев  та  білімге  құштар,  жастайынын 
қазақ  тілінің  диалектология  саласын  зерттеумен  шұғылданды. 
Осы жолда керемет табандылық танытты. Заман ағымын аңғара 
білетін, өзі тұстас тіл мамандарының ешқайсынан да кем түспей, 
туған  тіліміздің  қыруар  проблемаларының  түйінді  қырларын 
түбегейлі  шешкен,  айтқаны  дәл  келіп  жататын  тіл  маманы  ре-
тінде ол өзінің алған бетінен қайтқан жоқ. Өмірінің соңына де йін 
қаламын қолынан тастамады. Мен әкеме қарап өстім, тә лім-тәр-
бие алдым. Әкемнің жеке басының өнегесі арқылы табан ды лық-
ты, шыншылдық пен адалдықты бойыма сіңірдім деп ойлаймын. 
Үлкен  ағам  –  Әубәкір  Жұматов  соғыс  алдында  Москваның 
Тимирязев  атындағы  ауылшаруашылық  академиясын  бітіріп, 
Қазақстанның  Халық  комиссариатында  жұмыс  істеді.  1943 
жылдан 1959 жылдар аралығында Қазақтың ауыл шаруашылығы 
институтының  директоры  болды.  Әбубәкір  ағай  Қазақстанның 
ауыл  шаруашалығына  білікті  мамандар  дайындауда  орасан  зор 
үлес  қосқан  ғалым,  ұйымдастырушы  болумен  қатар  соғыстан 
кейінгі  қиыншылық  кезде  халқына  қол  созған  жанашыр  адам 
ретінде де жұртшылыққа танымал болды. Өкінішке орай, ол 50 
жасқа да толмай, қыршын кетті. Бұл ағамның көкірегінде кеткен 
өкініш емес, көзін көрген ұрпақтар өкініші.
Қарындасым Әмина орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақтын 
С.М.  Киров  атындағы  мемлекеттік  университетінің  химия  фа-
куль тетінде  (қазіргі  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  уни-

Аманат
75
верси теті) түсіп, 1942 жылы бітіріп шыққан болатын. Бұл кезде 
елімізде  неміс  фашистеріне  қарсы  соғыс  жүріп  жатқан,  нағыз 
жан алып, жан беріскен шақ-тын. Әмина осы Ұлы Отан соғысы 
жылдарында  Селебедегі  (Челябинскідегі)  қорғаныс  өндірісіне 
қызметке алыным, әскери зауыттың қатардағы инженері, кейінірек 
сол  зауыттың  бас  инженері  болып  тағайындалды.  Ол  өзіне 
жүктелген міндетті (майдандағы әскерді қару-жарақпен үздіксіз, 
жедел  қамтамасыз  ету)  орындау  жолында  түн  қатып  жұмыс 
істеді,  аштықты  басынан  өткізді,  майдан  үшін  жас  ғұмырын 
сарп қылды. Жап-жас уылжыған қыз баланың ауыр жұмыстарға 
тартылуы  сол  кездің  талабы  болғанмен,  осы  ауыр  жұмыстың 
зардабынын  денсаулығынан  айрылды,  сонда  да  сыр  бермей 
соңғы  демі  таусылғанша  аянбай  еңбек  етті.  Қарындасым  1960 
жылы көз жұмғанда небәрі отыз жеті-ақ жаста еді. Бұл сұрапыл 
соғыста тылда қызмет атқар,ан аналар, апалар, қарындастардың 
жарқын  бір  көрінісіндей.  Дәл  Әминадай  қаншама  қыздарымыз 
қыршынынан қиылды, арман-мақсатына жете алмады. Бұл да – 
бір  мен  сияқты  тоқсаннан  асқан  қарияның  көкірегінде  жатқан 
жібімес тоң. Жас ұрпаққа өнеге.
Інім  Сапар  –  Мәскеудің  Халықаралық  қатынастар  инсти-
тутын бітірген кәсіпқой елші, бірінші дәрежелі кеңесші болды. 
Тіршілігі  жарқын,  сезімі  сергек,  талғампаз,  турашыл  жан  1958 
жылдан  КСРО  Сыртқы  істер  министрлігінің  аппаратында  және 
шет елдегі елшіліктерде қызмет істеді. Ұзақ жылдар бойы Фран-
ция мен Швейцарияда тұрды. ЮНЕСКО-да халықаралық ұйым 
комиссияларының жұмыстарына қатысты. Ол өзі қызмет істеген 
шет  елдерге  қазақ  елінің  тарихын,  экономикасын,  мәдениетін 
танытуға бар күш-жігерін жұмсады. Өйткені, Кеңес дәуірі кезінде 
Қазақстанды шетелдіктер біле бермейтін, оған аса көп көңіл де 
аудармайтын. Амал не, қазақы қаны бойында ойнаған атпал аза-
мат жұлдыздай жарқырап өмірден өте шықты. Ол өзінің арман-
мұратын, болашаққа деген тілегін мен секілді ағаларына, басқа да 
інілеріне қалдырып кете барды. 
Мен осындай отбасылық ортада туып өстім. 1933 жылы Пав-
лодарда кейінірек Алматыда бастауыш мектепті, ал 1937 жылы 
байланыс  техникумын  бітірдім.  Одан  кейін  Қарағандыдағы  ра-
диодан хабар беру тетігін түзету технигі болып жұмыс істедім. 

Аманат
76
Өндірістегі  жұмыстан  кейін  тау-кен  институтының  геологтық-
барлау  факультетіне  түскеннен  кейін  1940  жылы  Қызыл  әскер 
қатарына шақырылып, 1946 жылға дейін әскери қызмет атқардым.
Қанқұйлы  сұрапыл  соғыс  көрген,  оған  бірінші  күнінен 
бастап қатысқан соғыс ардагерімін. Әр заманның ащы ақиқаты, 
әсіресе  қызыл  өтірігі  болатыны  рас.  Кеңес  дәуірі  кезінде  сол 
соғыс  шындығының  өзі  кейде  бұрмаланып,  ұлы  халықтар 
пайдасына шешіліп жататын. Соғыс басталған кезде мен қызмет 
істейтін  Белоруссияда  орналасқан  Брест  қамалының  әскери 
гарнизонының  құрамында  5-6  мыңнан  астам  қазақстандықтар 
болды. Бұл деректер орыс әдебиеттерінде сирек кездеседі. Тіпті, 
жалын  шарпыған  соғыстың  алғашқы  күндері,  менің  өлімге 
бастарын тігіп, болашақ үшін жанын пида еткен жерлестерімнің 
соғыстағы  алғашқы  қаһармандық  ерліктері  жайлы  тиіп-қашып 
қана сөз етіледі. Болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар ретінде және де 
сол кезде майдан даласында қалған майдангер жолдастарымның 
алдындағы менің борышым деп есептеймін. Бұл арада оқиға 1941 
жылы  Брест  қаласының  әскери  гарнизонында  болғаннан  кейін, 
әр  адам  біле  коймайтын,  Брест  қамалының  қорғанысы  туралы 
түсінік берген жөн болады. Қамал төрт үлкен бекіністен тұратын 
және көлемі 7-8 шақырымды қамтитын. Ол бірінші дүниежүзілік 
соғыстың  алдында,  қамалға  жаудың  зеңбірегін  жақындатпай 
оның атқан оғынан қамалды қорғау үшін және шекараны бекіту 
мақсатымен белгілі инженер-фортификатор Д.М. Қарбышевтың 
басшылығымен өте берік темірбетоннан жаңа бекіністер-форттар 
салынған.  Сөйтіп,  камалдың  жалпы  көлемі  осы  салынған 
құрылыстармен  30-32  шаршы  шақырым  еді.  Қазіргі  уақытта 
кейбір «білгіштер» (өздері ол жақта болған да емес), қамал дың 
бұл бекіністерінде болған біздің жерлестеріміздің ұрыстағы ер лік 
істерін жоққа шығарғысы келеді. Бұл еш қисыны жоқ, дәлел сіз 
айтылған бос сөз. 
Алматы қаласынан 1939 жылдың соңы мен 1940 жылдың бі-
рінші  жартысында  әскер  қатарына  шақырылғандардың  ішінен 
Брест  қамалында  менімен  бірге  Әбдіразақ  Мамиев,  Владимир 
Фурсов,  Шавқат  Чултуров,  Тұрар  Сатыбалдин,  Файзулла 
Турумов,  Қажымұрат  Сыздыков,  Мұхаметқали  Батыргереев, 
Михаил Шаповалов және Талғар, Кеген, Нарынқол, Талдықорған 

Аманат
77
аудан да рынын  әскер  қатарына  алынған  қазақ  жастары  көп  
болды.
Тұтқиылдан  шабуыл  жасаған  басымдылығы  артық  жау 
күш  терін  бірінші  рет  сезінген  осы  гарнизонның  жауынгерлері 
неміс-фашист әскерлерінің алғашқы соққысына қарсы ерлікпен 
күресіп, тойтарыс берді. Соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ біз, 
менің полктас достарым өрімдей жас жігіттер таңқаларлық күш, 
қайтпас ерлік, берік рух, нағыз патриотизмді көрсетті. Көптеген 
майдангер  достарым  ерлікпен  шайқасып  ұрыста  қаза  тапты. 
Олардың өмірі аңызға айналды.
Ұрыс майданың алдыңғы шебінде бірінші болып кескілескен 
шайқастарда жаумен бетпе-бет кездесіп ерлік көрсеткен майдан-
дас  жолдастарымның  суреттері  әлемге  әйгілі  «Брест  қамалын 
қорғау»  мұражайында  ілініп  тұр,  солардың  ішінде  мен  де  бар-
мын.  Мен  бұл  жерде  өзімді  көрсетіп  қалам  деген  ешбір  ойым 
жоқ. Куәгер ретінде айтайын дегенім, ерлер есімі – ел жүрегінде. 
Қаза тапқан майдандас достарымды еске алып, әруағына тағзым 
етіп, бас иемін. Олар еш уакытта өшпек емес, менің жүрегімде 
мәңгілік  сақталады.  Жылдар  өткен  сайын  беймәлім  есімдер  де 
уақыт қалтарысынан шығып, жарқ етіп көрініп, ерліктің өшпес 
ізін жаңғыртады. Соның бірі Әбдіразақ Мамиев менің Брест гар-
низонында болған майдандас досым еді. 
Әбдіразақ құралайды көзге атқан сұрмерген болған. Ол қамал-
дың солтүстік бөлігінде он қолтықта тұрды. Алматы маңындағы 
Түрген педучилищесін бітіріп, бастауыш мектепте мұғалім болып 
жүрген жерінен әскерге шақырылған. Екі тілде бірдей жорға еді. 
Өз ондығында комвзводтың орынбасары әрі ротада үгітші бола-
тын. Таңертең партия мүшелігіне кандидаттық билетімізді алып, 
елге бірге қайтамыз деп тұрғанда... тұтқиылдан соғыс басталды. 
Одан әрі бір-бірімізден көз жазып қалдық. 1941 жылдың 30 шілде 
күні  таңертеңнен  сыртқы  бекіністі  немістер  бензин  шашып,  оқ 
жаудырып,  өрт  астына  алды.  Тұншықтыратын,  көз  аштырмай-
тын  гранаталарды  үстін-үстін  тастап,  қыбыр  еткен  жанды  мер-
гендер  нысанаға  алып,  табанда  атып  тастауға  тырысты.  Ондық 
командирі лейтенант Петр Довыдов оққа ұшқандықтан, ондықты 
басқару Әбдіразақ Мамиевке жүктеледі. 
Кеңес  жауынгерлерінің  жансірілігіне  ыза  болған  немістер 

Аманат
78
сол күні түс ауа қамалды қайыра бомбалауға кіріседі. 500 кило-
грамдық бомбаның орнына 1800 килограмдық бомба тасталады. 
Зенбіректен  оқ  жаудырылады.  Қорған  түгілі,  жер  сілкініп,  жер 
асты жолдары бітеледі. Сыртына қызыл крест белгісін іліп, жа-
ралылар жатқан шатырды ішке енген неміс танкісі қалай езгілеп 
таптағанын  өз  көзімен  көрген  солдаттар  өліспей  беріспеске 
серттеседі. Сол күні кешкілік батальон командирі, капитан Григо-
рий Ландышев әйелдерді, балаларды қалай да аман алып қалуды 
көздейді. Бейкүнә жандарға немістер иттік жасай қоймас деген 
байламға келеді. Кешкілік 389 адам тұтқынға түседі. 2 тамыз күні 
капитан Ландышев қолындағы гранатаны екпіндеп келе жатқан 
жау солдаттарына қарсы лақтырған кезінде, жарықшақтан қатты 
жараланады. Оған Әдіразақ Мамиев көмекке келген жерде Лан-
дышев өзін атып тастауға бұйрық береді. Егер Әдіразақ бұйрығын 
ордамаған жағдайда, әскери трибуналға беретінін айтады. Бірақ 
Мамиев  өз  командиріне  қол  көтере  алмайтынын,  оған  ұстаз 
жүрегі  жібермейтінін,  жалғыз  қалтырмайтынын  түсіндіреді. 
1941 жылдың 2 тамызында екі командир де тұтқынға түсіп, бір 
жыл  Польша  жеріндегі  Бяла-Подляска  лагерінде  болады.  1942 
жылы  Польша  жерінде  неміс  басқыншыларына  қарсы  парти-
зан  қозғалыстары  оларды  азат  етеді  да,  біраз  уақыт  солардың 
құрамында  күреседі.  Кейін  1942  жылы  шілде  айында  Қызыл 
Армия  құрамына  оралып,  3-ші  Украин  майданында  1006-шы 
атқыштар полкінде соғысты жалғастырады.
Әдіразақ  соғыста  ауыр  жараланып,  он  аяғынан  айырыла-
ды және ұзақ уақыт Тбилиси ауруханасында емделеді. Ал 1944 
жылы еліне оралады.
Әдіразақ  Мамиев  кеудемсоқтығы  жоқ,  қайда  жүрсе  де,  кім 
бол са да бетегеден биік, жусаннан аласа еді, қарапайым, кісілі гіне 
кір  шалдырмаған,  намысшыл,  өжет  те  өршіл  мінезді,  адамгер-
шіліктің ғана ығына жығылған көп қазақтың бірі еді. 
Соғыстан  кейін  менімен  бірге  50  жыл  университетте  қыз-
меттес болған Владимир Фурсовпен бірге 6-шы атқыштар диви-
зиясының 125-ші полкы 2-ші батальоны, 4-ші ротасында әскери 
міндетін атқарған-ды.
Осыдан  кейін  басқа  жаунгерлермен  шегініп,  Гомель  қаласы 
түбіндегі Новобельск ауданына өттік. Мен Бас Командованияның 

Аманат
79
резервтегі  537-артиллерия  полкына  тап  болдым.  Осы  полктың 
құрамында  бола  жүріп,  Мәскеуді  қорғауға  қатыстым.  Ерекше 
атап  кететін  жай,  ол  менің  1941  жылы  қарашаның  7-де  Қазан 
төңкерісінің  жылдығына  арналған  Парадқа  қатысуым.  Жау 
Мәскеу қақпасына таяу тұрды. Біздің полк бірден Қызыл алаңнан 
майданға аттанды. Майдан өте жақын еді. Звенигород, Можайск 
маңындағы  соғысқа  араластық  та  кеттік.  Неміс  әскерлерінің 
шеруін  Мәскеуде  Қызыл  аланда  өткізбекші  болған  Гитлер 
командованиясы  жоспарының  быт-шыты  шыққанының  куәсі 
болғанымды мақтан етемін. 
Мен партияға өтуімді өмірімдегі өте үлкен оқиға деп санай-
мын.  Соғыс  басталғанына  дәл  бір  жыл  өткенде  1942  жылдың 
маусым айының 22-жұлдызында Гжатск (қазіргі Гагарин қаласы) 
маңындағы  окопта  оқтың  ысқырығы  және  зеңбіректің  дүрсілі 
астында полк комиссары маған және менің жолдастарыма партия 
билеттерін тапсырды. Сол аласапыран аса ауыр күндерде ол мен 
үшін өте зор қуаныш еді. Әлбетте, соғыс басталғаннан бері көп 
уақыт  өтті.  Компартия  тарады.  Менің  сол  қуанышымды  кейбі-
реулер түсінбеуі де мүмкін, ал майданда партияға ең жақ сы лар, 
озаттар қабылданды. Бұл менің замандастарымның тарихы, ме-
нің өмір жолымның тарихы.
Соғыстың екінші жартысында, 1943 жылдан бастап, мен Дне-
пропетровск Қызылтулы артиллериялық әскери училищені бітір-
геннен кейін, артиллерист – офицер мамандығын алдым. Бесінші 
Дон казактары корпусының кұрамында майданның мынадай әскери 
бағыттарында  соғыстым:  Украина  және  Мол да вияда,  Корсунь-
Шевченко  және  Ясско-Кишинев  операция ларын  орындаудағы 
аса ірі жау топтарын қоршауға алып, жойып жіберуге, Румыния, 
Югославия,  Венгрия,  Австрия  мемле кеттерін  жаудан  азат  етуге 
қатыстым. Бұл жерлерде өткен үлкен қантөгіс шайқастардың куә-
сімін.  Көптеген  қимас  майдандас  достарымды  жат  елдің  топы-
рағына қиып кетуге мәжбүр болдым. Өкінішке орай, бесінші Дон 
казактарының  құрамындағы  майдандас  достарымның  жасаған 
ерліктері туралы көп айтылмайды. Болашақ ұрпақ қызығушылық 
тудырып, зерттеу жұмысын жүргізіп көрсете ала ма деген үмітте-
мін. Соғысты Австрияда, Австриялық Альпа аймағында аяқтадым.
Аса  қиын  жауынгерлік  өмірімде  көп  жағдайларды  көрдім: 

Аманат
80
шегіну қасіреті, жеңістер қуанышы, шайқас алаңында көптеген 
жауынгер жолдастарымнан айрылу сияқты оқиғаларды басымнан 
кешірдім.  Олардың  зираттары  сазды  және  батпақты  орман 
алқаптарында, өз елдерінен жырақта немесе шетелдерде қалып 
қойды.  Қөптеген  молалар  баяғыда-ақ  жермен-жексен  болды. 
Соғыстан  аман  қалғандар  және  жасөспірімдер  ірі  шайқастарда 
қаза болған бүкіл ұрпақтың ерлігіне аса зор мән беріп, құрметпен 
қарап,  олардың  рухына  тағзым  етуі  керек.  Ақын  айтқандай, 
«...Тірілерге  сый-құрмет  бәріміздің  парызымыз,  Соғыстан 
қайтпағандарға үш есе болар қарызымыз».
Майданда ауыр жараланып, қатты зақымдандым. 30 үкіметтік 
наградалар  алдым.  Оның  ішінде  шетелдің  де  наградасы  бар. 
Бұдан  басқа  да  Корсунь-Шевченко,  Ясско-Кишинев,  Будапешт 
операцияларында  қорғаныс  шебін  бүзып  өткеніміз  үшін  және 
неміс  әскерлерін  қоршауға  алып,  оларды  құртып  жіберудегі 
белсенділік көрсеткеніме, тағы басқа жауынгерлік ерлігім үшін 
Жоғары  Бас  қолбасшы  маршал  И.В.  Сталиннен  8-рет  алғыс 
алдым.  Әр  алғысты  майдангерлер  жауынгерлік  наградалармен 
бірдей бағалайтын.
Соғыс біткеннен кейін Алматыдағы үйіме оралдым, оқуымды 
жалғастырдым.  С.М.  Киров  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  уни-
верситетінің  (қазіргі  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  уни-
верситеті)  тарих  факультетіне  оқуға  түсіп,  оны  1950  жылы 
бітіріп, үздік диплом алып, аспирантураға қалдым. Кандидаттық 
диссертация  қорғаған  соң  ұстаздық  қызметте  болдым.  Универ-
ситетте  үзбей  50  жыл  еңбек  еттім.  1979  жылы  Жоғары  Кеңес 
Президиумының  жарлығымен  маған  «Қазақ  КСР-нің  Жоғары 
мектебіне  еңбек  сіңірген  қызметкер»  атағы  берілді.  Оған  қоса 
«Республикаға  еңбегі  сіңген»  деген  медалі  тапсырылды.  Рес-
публиканың мемлекеттік наградасы туралы ҚР-ның жаңа заңыңа 
сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ бе-
рілді.  Мемлекетке  сіңірген  еңбегім,  қоғамды  нығайтудағы  бел-
сенді  іс-әрекеттерім  үшін  Қазақстан  Республикасы  Прези денті-
нің Жарлығымен II дәрежелі «Достық» орденімен наградталдым. 
Жоғары  оқу  орнында  оқытушы,  ұстаз  және  соғыс  ардагері 
ретінде  қоғамдық  жұмыспен  көп  айналыстым.  Өз  еліміздің 
көптеген жерлерінде және қаншама шет елдерде болдым. Негізгі 

Аманат
81
ойым  –  жастар  арасында  әскери-патриоттық  және  қоғамдық-
саяси  тақырыптарға  қатысты  деректермен  таныстыру,  оларды 
тәрбилеу, отанына деген ерекше сезімдерін ояту болды.
Мен ардагер ретінде Ұлы Отан соғысы туралы дәрістер оқып, 
қаншама  ортада  естеліктер  айтып,  дөңгелек  үстелдер  басында 
баяндама  жасадым.  Себебі,  бүгінгі  жас  ұрпақтың  бақыты  мен 
бостандығы үшін жанын қиған миллиондаған отандастарымыз-
ды  ұмытпауымыз  керек.  Сондай-ақ  шетелдерде  достық  және 
мәдени  байланыстар  жасап,  сол  материаладар  арқылы  елімізді, 
Қазақстанды басқа елдерге танытуда аз еңбек еткенім жоқ. Көрген 
қиыншылыққа өлшем жоқ. Біз шайқастан кейін қаза тапқан май-
дандастарымызды ақтық сапарға шығарып салып тұрып, олардың 
есімдерін мәңгі есте сақтауға уәде бердік. Жастардың болашағы 
мен  елдің  бейбіт  өмірі  үшін  жанын  қиған  майдандастарым  ал-
дында берген антымды ешқашан естен шығарған емеспін. Жеңіс 
үшін майданда ерлікпен қаза тапқан барлық солдаттарды мақтан 
тұтып, үлкен құрметпен еске алатындығымыз да сондықтан. 
Әр  кездерде  маған  қол  ұшын  беріп  көмектескен  жақсы 
адамдарды  да  айтпай  кеткенім  болмас.  Олар  белгілі  ғалымдар, 
аға  ұрпақ  өкілдері,  академиктер  Ш.Ч.  Чокин,  С.Б.  Бейсембаев,  
Т.Т. Тәжибаев, профессорлар Е.Б. Бекмаханов, С.Х. Субханбер-
дин,  доцент  И.С.  Горохводатский  тағы  баскалар.  Олардағы  жа-
санды бекзаттылық емес, нағыз білімге деген құштарлық, адам-
мен пікірлескендегі біліктілігі сол кездегі маған және менің жас 
құрбыларыма өнеге үлгі болған еді.
Ия, алдыңғы толқын – ағалар менің әлі де көз алдымда, бая-
ғыдай көрінетін, өмірлері үзілместей көруші ем. Осылардың бел 
ортасында  Сәлкен  Хасенұлы  Субханбердин  –  Сәкең  бар.  Бұл 
ұрпақтың  табиғаты  ерекше,  сол  кездегі  өмірдің  қиындығына 
шыңдалып қажыр-қайратпен өрілген жігерлі азаматтар. Еңбекте 
қолы  адал,  жайсан  ашық,  жаны  таза,  әрқашанда  биікте  көрініп 
тек  ақиқатқа  жүгінетін  тұлғалар  еді.  Ағаларым  менің  балауса 
балалық  шағымның  куәсі  болды.  Әлі  есімде,  1929  жылы  күз 
айының  бір  күнінде  Сәлкен  аға  біздің  үйге  келді,  ол  кезде  біз 
Павлодарда тұрдық. Әкем мені шақырып алды да: «Балам, мынау 
ағаң,  аты  Сәлкен,  менің  жиенім,  таныс,  кейін  сен  ағаң  тұрған 
қалаға барып оқисың» – деді, қолымды беріп амандастым. Сәкең 

Аманат
82
қолымды қысып тұрып, мынау бала қара домалақ, өзі кішкентай 
екен,  қоянның  көжегі  сияқты,  оқи  ала  ма  деп  қарқ-қарқ  күлді. 
Неге күлесіз, мен оқимын сіз қай жерде тұрасыз деппін. Сөйтсем, 
әкем  бұрын  келісіп  қойған  екен.  Сәлкен  аға  бұл  кезде  Семей 
қаласындағы Қазақ өлкелік фармацевтикалық техникумда оқиды 
екен, жазғы демалысын Баянауылда өткізіп, енді Семей қаласына 
барып,  оқуын  жалғастырмақ.  Келесі  жылы  келгенде  мені  алып 
кетті.  Семейдің  Геология-барлау  техникумының  1-ші  курсына 
түсіріп, жатақханасына орналастырды. Бірақ, көп кешікпей мен 
қатты ауырып калдым, қыстың күні оқу орнының жатақханасы 
суық,  жөндеп  от  жағылмайды.  Ауырғанымды  біліп,  Сәкең 
өзі  келіп,  сен  енді  менің  үйімде  тұрып  оқисың  деді.  Өзінің  бір 
кішкентай бөлмесі болатын, сол бөлмесіне маған арнап кереует 
қойдырды. Сөйтіп Сәкеңнің үйінен сабаққа барып тұрдым. Бұл 
1931 жылы болатын, мен ағаның сол ауыр кезеңдегі қамқорлығын 
қанша жыл өтсе де ұмытуға тиісті емеспін. 1933 жылы Сәлкен 
аға  фармацевтік  техникумды  үздік  дипломмен  бітірді.  Оқып 
жүргенде  қоғам  жұмысына  көп  араласатын,  техникумның 
комсомол  ұйымының  хатшысы  болды.  Бітіргеннен  кейін  сол 
өзі  оқыған  техникумның  директоры  болып  тағайындалды. 
Сәкең  көпшіл,  асқақтығы,  астамшылығы  жоқ,  салмақты,  ашық 
сөйлейтін,  ақжарқын,  бауырмал,  қолынан  келген  жақсылығын 
ешкімнен аямайтын. 
Соғыстан  кейін  әке-шешем  менің  сонау  сұрапыл  соғыстын 
аман-есен келгеніме қуаныш білдіріп, қой сойып туған-туысқан-
дарымызды шақырды. Бұл тойға Сәлкен аға да келді. Мен әскери 
киімді  әлі  де  тастаған  жоқ  едім.  Бесінші  Дон  казактарының 
атты-механикаландырылған кавалерия корпусының артиллерия 
полкінің  әскери  формасы,  киімі  әдемі  болатын.  Генералдікі 
сияқты  шалбардың  екі  жағында  қызыл  лампасы  бар,  баста 
казачий  папаха,  аяқта  етік,  өкшеде  шпорасы  киіледі,  белде-
белбеуде кортик кенжал, оған қоса наган, жақсы тігілген китель. 
Мұны тәптіштеп жазып отырған себебім, мұндай форма қызыл 
әскердің барлық жауынгерлерінде болған жоқ. Дон казактарында 
және басқа да казактардың әскери құрамында ғана. Сондықтан да 
болар, бұл жиын-тойға келгендер мені ортаға алып, маған сұрақты 
жаудырды.  Алдымен  Сәлкен  аға  маған  тура  қарап,  бауырына 

Аманат
83
қысып  құшақтады,  содан  кейін  әкеме  қарап  тұрып:  «Жұмеке! 
Мынау бала баяғы мен білетін қара домалаққа ұқсамайды ғой, өзі 
соғыстан генерал болып, қайтқан ба?!» – деп жиналған жұртты 
бір күлдіріп алды. Ал айт деді, қай жерлерде соғыстың, қанша пұт 
кәші жедің, жасырма деді. Мен шамам келгенше нақтылы жауап 
беруге тырыстым. Бұл кезде Сәкең Алматы облыстық дәріхана 
басқармасының бастығы. Көп кешікпей, Қазақстан Бас дәріхана 
басқармасының  бастығы  болып  тағайындалды.  Бұл  қызметті 
табандай  25  жыл  атқарды.  Осы  уақыттарда  әртүрлі  жағдайда 
мен Сәлкен ағаммен кездесіп отырдым. Әкем үйінде, иә болмаса 
ағаларымның  үйінде  өздері  жиналып  қалатын,  бұлармен  бірге 
болып,  әңгімесін  есту  мен  үшін  бір  мектеп  сияқты  болатын. 
Өздері деп отырғаным: белгілі халық жазушысы Әбілев Дихан, 
академик-ұстаздар Шокин Шабық, Серікбай Бейсембаев, жеңге-
міз Рәбиға да бар, Бекмаханов жеңгемізбен, Жұматовтар, Әубәкір, 
Хамза. Осылардың ортасында өзінің ақжарқын мінезімен, ашық 
пейілімен Сәлкен аға, кешті басқарып, күлдіріп, жандандырып 
отыратын.  Кейде  мұндай  жиынға  біздің  әкей  де  өзінің  тұстас 
дос  жарандарымен  келетін,  өлең  айтылатын.  Әсіресе  Серікбай 
аға  мен  Рәбиға  жеңгеміз  қосылып  ән  шырқағанда  жиналған 
жұрт тым-тырыс болып құлақ түретін. Опера артистерінен кем 
айтпайтын.  Ал  Сәлкен  аға  әзіл  әңгімеге  шебер  еді.  Мен  ұйып 
тындайтынмын. 
Сәлкен  аға  басқа  да  үлкен  лауазымды  қызметтерде  болды. 
Ғылым мен творчестволық салада да әр алуан табыстарға жетті. 
Сәлкен аға ардақты, халқының құрметіне бөленген, туған ортасы 
аялаған ақ жалын болып жанып, жалындап өткен азамат еді. 
Сан қилы тағдырға толы адам баласының болмысы жайында 
бірнеше  үлгілі  терең  ұғымдар  бар.  «Өмірде  қиындық  көріп 
шың далған, оған төзе білген және содан сабақ алып, ғұмырлық 
қағидасын түзеген адам-қайраткер» деген екен өткен ғасырдағы 
ұлы  ғұламалар.  «Тас  қайрақтай  шыңдалған...»  деп  те  образдық 
теңеуде  берген  халқымыздың  ертедегі  ауыз  әдебиетінде.  Сол 
сияқты Бауыржан ағамыз жасында тас қайраққа түсіп, шыңдалған 
адам... Жасы ұлғайса да айбыны мол адам еді, бойшаң, қабағы 
биік, жанары өткір, ішкі қуаты таймаған, кеудесін асқақ ұстайтын, 
сырт бейнесінен тектілік сезіліп, салиқалы адам екені көш жерден 

Аманат
84
көзге ұрып тұратын. Баукең ағамыз тегін адам емес екені бірден 
аңғартады.
Бауыржанмен  танысып,  кездесуім  былай  болды:  біз  соғыс 
ардагерлері  Совет  дәуірі  кезінде  ұйымды  түрде  жастар-сту-
денттермен кездесіп, соғыс жайында естелікпен дөңгелек үстел 
ұйымдастыратын  едік.  Бұл  топтың  ішінде  Дмитрий  Снегин, 
Талғат  Бегельдинов  (батыр  атағын  2  рет  алған).  Советтер  ода-
ғының батырлары: Сұрағанов Құдайберген, Шәкенов Кенжебек, 
Панфиловтың  қызы  Валентина  Ивановна,  Фурцев  Владимир 
Иванович, Баймуханов Қалиақбар, Акежанов Байзулла және мен 
болдым. Бұл кездесулерге Бауыржан Момышұлы да көңілді, ізгі 
ниетпен шақырғандықтан келетін.
Алғашқы  кездесуіміз  қаланың  сыртында  (70-ші  разъезд) 
Маршал  Конев  атындағы  әскери  училищеде  өтті.  Училищенің 
курсанттары және офицерлері қатысты. Жиналысты панфиловец 
Дмитрий  Снегин  басқарып  отырды.  Бірінші  сөзді  маған  берді. 
«Сен соғыстың басында болдың сен сөйле» – деді.
Сондықтан мен өзімнің естелігімді, сол кездегі еліміздің ба-
, сол кездегі еліміздің ба-
тыс  шекарасындағы  Брест  қамалының  гарнизонында  болған 
әскери  қызметімнен  бастадым.  Ең  алдымен,  камалдың  бірнеше 
бекіністерден  тұратынын  түсіндіріп,  мен  оңтүстік  сыртқы  бекі-
нісін  (форт  Ковалеваны)  қорғағаным  туралы  баяндадым.  Бұл 
Брест  гарнизонының  құрамында қазақстандықтар  көп  болатын. 
1940  жылы,  кейінгі  үш  эшелонмен  барған  адамнан  соғыс  біт-
кеннен  кейін  60  адам  ғана  елімізге  оралды.  Бұлардың  ішінде 
Абдразақ  Мамиев,  Владимир  Фурсов,  Қажымұрат  Сыздықов, 
Шавқат Чултуров. Алғашқы екеуі ауыр жараланып, бір аяқтарын 
беріп қайтты.
Бірақ  бұл  кездесуде  негізгі  баяндамашы  Бауыржан  ағамыз 
болды.  Тыңдаушылар  әскери  адамдар  болғаннан  болу  керек, 
соғыс тактикасы, әдістерін тілге тиек етті. Мұны да терең ұғына 
білу,  окоп  сызымен  блиндаж  қараңғылығын  басынан  өткізген 
адамның  қолынан  келеді.  Баукең  осындай  көріністің  куәсі  бол-
ғанын әңгімеледі.
Мені Бауыржанмен жақындастырған Мәскеу түбінде болған 
кескілескен  ұрыс  даласы.  Бұл  шайқас  Момышұлының  өмір 
баянында ерекше орын алды.

Аманат
85
Менің  майдан  өмірімде  де  Мәскеу  түбіндегі  шайқастан 
айрықша есте қалатын жайттар аз емес. Мен кіші командирмін. 
Бұл  кезде  Можайск  бағытында  537-ші  (РГК)  артиллерия  пол-
кінде  бірінші  дивизионның  байланыс  бөлімін  басқардым. 
Мамандығым  –  Радиотехник  (Алматыда  Байланыс  техникумін 
бітіріп,  әскер  қатарына  алынған  болатынмын).  Бұл  бағытта  да 
жаумен  ауыр  шайқастар  жүріп  жатты.  Соғыс  аймағы  Мәскеуге 
жақын  Звенигород  қаласынан  3  шақырым  қашықтықтағы 
орманнан  басталып,  оңтүстік  батыстан  солтүстік  шығысқа 
қарай  созылып  жатты.  Можайск  бағытындағы  майдан  шебінде 
неміс  басқыншыларына  қарсы  тұрған  5-ші  армия,  біздің  полк 
осы армияның құрамында еді. Бір кездескенде осы оқиғаларды 
тыңдап отырып: 
–  Бұл  шайқастарда  сенің  алдыңда  тұрған  міндеттер  қандай 
болды?  Оны  орындай  алдың  ба?!  –  деп  көзімен  тұра  тікірейе 
қарады. 
– Әрине, Бауке, орындауға тырыстым. Мәскеу түбінде, өзіңіз 
білесіз, деп тегеуріндеп ұмтылған неміс фашистерін тұмсықтай 
ұрып, қансыратқан майдангер достарымның ерлігін көз алдым-
да  болған  құбылысты  елестеуге  тырыстым.  Барлау  пунктінде 
нысананы  көздеп  көріп  отырып,  аппарат  бірнеше  зеңбіректен 
атқан оқты, снарядты радио арқылы (6-ПК деп аталады) жаудың 
бекінісіне тура  түсірсең,  оның  талқанын  шығарсақ, одан артық 
жауынгерге қуаныш бар ма?- – дедім.
– Жарайды, жігітім, үйге қайтайық, бүгін жетеді деп қолымды 
алды. Бұл түсте кездесуде болған әңгіме еді.
Жаңылыспасам,  1979  жылдың  соңы  болу  керек,  Бауыржан 
ағаны  КазГУ-ге  (қазіргі  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық 
университеті) студенттер, оқытушылармен кездесуге шақырдым. 
Ойланып  тұрып,  келем  деді.  Кездесу  кешкі  сағат  алтыда 
болатын.  Жеңгей  екеуі  келді.  Ол  кезде  университет  ғимараты 
бұрынғы үкімет үйі болған, қаланың үлкен поштасының қасында 
орналасқан.  Бәукең  «Менің  кітаптарым  бар  ма?»  деп  сұрады. 
Мен бар деп, бірден кітапханадан алдырттым. Баукең бір жарым 
сағаттай  сөйледі,  аудитория  тынып  тыңдады.  Көп  әртүрлі 
сұрақтар қойылды, барлығында патриоттық, интернационалдық 
қасиеттерін қалыптасу барысында өмірдегідей нақтылы мысалдар 

Аманат
86
арқылы  бейнелеп,  тартымды  жауап  берді.  Бұл  менің  Бауыржан 
ағамызбен соңғы кездесуім болды. 
Ұлылық ісі – ұрпаққа өнеге. «Асқар тауда – асыл көп, аталы 
сөзде – нақыл көп» дегендей, ұлылыр есімін ұмытпай, келешекке 
олардың  ұлы  істерін  дәріптеу  өмір  зандылығы.  Ұрпақ  ізгілікті 
болса екен. Арман да, тілек те осы...
Жанұя  –  әр  буынында  жылулық  бар  қасиетті  ұғым.  Жанұя 
тәрбиесінің  артықшылығы  жылы  туыстық  қатынастарда.  Ата-
ананың іс-әрекеті, тәрбиесі, мінез-кұлқы, өмір сүру салты, осының 
бәрі  балаға  тірек  болады,  оның  дүниетанымдық,  адамгершілік 
құндылықтарын  кеңейтеді.  Менің  өмірлік  позициямның 
қалыптасуына  және  жетілуіне  аса  зор  ықпал  еткен  әке-шешем, 
ағаларым т.б. туған туыстарым. Олардың жоғары парасаттылығы, 
зиялылығы, еңбек сүйгіштігі, іске жауапкершілікпен қарау, нағыз 
гуманизмі озаттық белгілермен басқалардан өзгешелендіретін. 
Әкем  –  өміріме  үлгі  болатын.  Соғыста  да,  бейбіт  күндерде 
де  оның  беделін  түсіріп  алмауға  тырыстым.  Өз  отбасымда  үш 
балам  бар.  Әйелім  медицина  ғылымдарының  докторы,  профес-
сор Макашева Раиса Каримовна 1991 жылы қайтыс болды. Қы-
зым Жұматова Гүлнәр Ғаббасқызы – медицина ғылымдарының 
док торы,  профессор  Парижде  тұрады,  сонда  қызметте.  Ұлым 
Жұматов  Жайнар  –  медицина  ғылымдарының  кандидаты,  аға 
ғылыми  қызметкер.  Кіші  қызым  –  Жұматова  Майра  медицина 
ғылымдарының  кандидаты,  доцент.  Немерелерім  және  шөбе ре-
лерім бар. 
Алаш  кайраткерлерінен  мұра  болып  қалған  көптеген  идея-
ларды  қазақ  халқы  жүзеге  асыруда:  тәуелсіздік,  патриоттық, 
ұлт жандық,  қазақ  баласын  қазақша  тәрбиелеу,  жоғары  білімге, 
ғылым және мәдениетке жеткізу т.б. Халқымыздың қай уақытта 
болса да отансүйгіштік қасиеттері, патриоттық сезімдері, ұлттық 
рухы  жоғары  деңгейде  болды.  Мысалы:  Ұлы  Отан  соғысы 
жылдары  майданда  қанша  қазақ  батыр  жігіттері  мен  қыздары 
ерлік  көрсетті.  Фашизмді  тас-талқан  еткен  Жеңіске  жауынгер-
қазақстандықтардың ішінде өзіміздің ҚазҰУ-дың қызметкерлері, 
түлектері  мен  студенттері  де  зор  үлес  қосты.  Университеттің 
соғыс және еңбек ардагерлері студенттердің, ұстаздардың және 
университет  басшылығының  сүйіспеншілігі  мен  құрметіне 

Аманат
87
ие.  Олардың  барлығы  шыншыл,  жауапкершілігі  мол,  адал  да 
парасатты  адамдар.  Сондықтан  университеттегі  соғыс  және 
еңбек  ардагерлерінің  оқу-тәрбие  үрдістерін  ұйымдастырудағы 
рөлі зор. Ұстаз-маман ретінде (физиктер, химиктер, тарихшылар, 
экономистер  және  т.б.)  олар  өздерін  ұстаздық  және  ғылыми 
қызметке  арнауға  құштар,  тамаша,  жоғары  білімді  жастарды 
даярлайды  және  оларды  отансүйгіштікке,  парызға,  өз  Отанын 
қорғауға  дайындық  сезіміне  тәрбиелейді.  Бұған  әл  Фараби 
атындағы  Қазақ  Ұлттық  университетінің  1984  жылы  құрылған 
Соғыс  және  еңбек  ардагерлері  кеңесінің  жұмысы  куә.  Мен 
осы  ұйымның  төрағасы  ретінде  қолдан  келген  көмегімді  аяған 
емеспін. 
Құрметті  ардагерлер  Отанын  қорғай  алды,  соғыстан  кейін 
университетте жоғары білім алып, ғылыми атақтарға ие болып, 
жас  ұрпақты  тәрбиелеп,  ҚазҰУ-ды  білім,  ғылым,  тәрбие  және 
мәдениет орталығына айналдыру үшін ерең еңбек етті. 
Соғыс  және  еңбек  ардагерлерінің  өмірі  мен  қызметі 
жастардың  қазіргі  және  келешек  ұрпағына  үлгі,  өйткені,  кез-
келген  мемлекетке  өз  Отанының  патриоттары  қажет.  Ол  үшін 
отбасылық  және  ұстаздық  тәлім-тәрбие  аса  маңызды. 
Ұстаз... 
Мұндай  ардақты  атқа  ие  болу  үшін  үлкен  жауапкершілік  пен 
зор  көрегендік  қажет.  Ол  –  адамдықтың,  мәдениеттілік  пен 
адалдықтың үлгісі.
 
Ал ұстаз болу үшін адам баласы өміріндегі 
әке-шешеден алған тәрбиені және басқа да ғұламалардан алған 
жағымды қасиеттерді кейінгі ұрпақтарға бере білу керек. Өмірдің 
қуанышы мен қиындығын басынан өткізген адам ғана қоғамның 
болашағы – жастарды адалдыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеуде 
қамқоршы  бола  алады.  Адамзат  баласының  бойындағы  жақсы-
лықты  өз  бойында  қалыптастырған  адам  ғана  ұстаз-тәрбиеші 
бола алады. 

Аманат
88

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет