Жалпы сөйлеудің дамымауы Жалпы сөйлеу тілінің дамымауына сипаттама беру


ЖСТД-да сөйлеу тілін қалыптастыру бойынша логопедиялық жұмыстың кезеңдерін атау



бет4/5
Дата26.03.2023
өлшемі39,04 Kb.
#76207
1   2   3   4   5
Байланысты:
Силлабус СТЖД 3 курс 2022-2023

4. ЖСТД-да сөйлеу тілін қалыптастыру бойынша логопедиялық жұмыстың кезеңдерін атау
Жалпы сөйлеу тілінің дамымауын түзету жұмысының негіздері көптеген психологиялық-педагогикалық зерттеулерде қарастырылады Сөйлеу тілін қалыптастыра – дамыту келесі жағдайларға негізделеді:
- ЖСТД белгілерін және оның жалпы психикалық дамуына әсерін ерте анықтауға;
- сөйлеу құрылымының кемшіліктерін талдау негізінде ауытқу мүмкіндіктерінен уақытында сақтандыру, сөйлеу іс-әрекетінің сақталған және ауытқыған бағытын салыстыруға;
- сөйлеу қатынас тапшылығының әлеуметтік салдарын ескеруге;
- тілдің фонетикалық-фонематикалық және лексикалық-грамматикалық компоненттерінің өзара байланысты қалыптасуына;
- ЖСТД пайда болуының әр түрлі себептеріне қарай логопедиялық жұмысты дифференциалды ықпал етуді ескеріп жүргізуге;
- сөйлеу процесін, ойлауын және танымдық белсенділігін бірге қалыптастыруға;
- сенсорлық, интеллектуалдық және ерік аяларына бірмезгілде ықпал етуге.
Түзету жұмысы баланың жасына, оларды оқыту және тәрбиелеу жағдайына, сөйлеу тілінің даму деңгейіне байланысты жүргізіледі.
ЖСТД-ң І деңгейіндегі түзету жұмысының негізгі міндеттері:
- сөз түсінігін дамыту;
- еліктеуіш сөйлеу іс-әрекетін дамыту;
- зейіні мен жадын дамыту;
- сөзөзгерту элементтерін меңгеру негізінде қарапайым сөйлемдерді қалыптастыру.
сөз түсінігін кеңейту жұмысы мынадай бағыттарда жүргізіледі:
- ойыншықтардың, дене мүшелерінің, киімдердің аттарын есте сақтау;
- қимылмен көрсетілген сөз тіркестерін түсіну;
- күнделікті жағдайларды (ситуацияларды) сөзбен айту;
- кім? не? деген сұрақтарды түсіну;
- нұсқауларды түсіну және орындау;
- заттың көлемі мен санын ажырату (аз – көп, үлкен – кіші т.б.);
- зат есімнің жекеше көпше түрін ажырату (доп – доптар);
- нұсқаудың кімге айтылғанын (бағытталғанын) түсіну, ажырату (отыр-отырыңдар);
- ұқсас сөздерді жағдайға (ситуацияға) байланысты түсіну, ажырату (жазып отыр, сурет салып отыр);
- кеңістікті білдіретін әне, міне, деген сөздерді түсіну;
- қарама-қарсы мағыналы сөздерді түсіну (ал – алма, ки – шеш, т.б.);
- кеңістікте бағдарлауға қатысты сөздерді ажырату (алдында, артында, жоғары, төмен).
Өзіндік сөйлеуін дамыту жұмысының бағыттары:
- сөйлеуге қажеттілігін белсендіру;
- жақын адамдарды атау;
- өтініш, сұраныстарын білдіру (ал, бер, кел);
- ойын кезінде көңілін білдіру (ой, тшш, т.б.)
- жануарларды шақыру (кіс-кіс), еліктеу;
- фразаларды қалыптастыру (шәй ішем, нан бер);
- анау, мынау, ол деген сөздерді қолданып екі сөзден тұратын сөйлем құрау (ол - доп);
- етістіктердің түрлерін қолдану (бер, маған бер, бола ма, ана ал, т.б.).
Бірінші деңгейдегі балаларды логопед біртіндеп қарапайым сөйлем (зат есім+етістіктің 3-жағы Мысалы, Ата келді. Әке отыр) құрауға үйрете бастайды. Бұл қарапайым диалогты меңгеру сатысы болып саналады.
Бұл кезеңде дыбыс айтуын түзетуге бағытталған жұмыс мақсатты түрде жүргізілмейді. Дегенмен, кейбір дыбыстардың артикуляциясын дамытуға арналған жаттығулар жасату, дыбыстың айтылуын анықтау, қайталау, сөздерді буындап қайталату, айтқызу; буындарды ырғақты қайталату; айтылуы ұқсас сөздерді ажырату (бас-қас, шәй-май, жазады-оқиды, т.б.) сияқты жұмыс түрлері дыбыс айтылуын, фонематикалық қабылдауын жетілдіруге ықпал етеді.
Екінші деңгейдегі балаларды оқыту-түзету жұмысы 4 жастан бастап әр түрлі мекемелерде жүргізіледі (мектепке дейінгі мекемелерде, сөйлеу мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған мектептің дайындық топтарында, психоневрологиялық стационарлар мен санаторийлерде т.б.).
Оқытудың негізгі міндеттері:
- сөйлеу түрлерін түсінуге бағытталған қарқынды жұмыс жүргізу;
- сөз қорын анықтау және молайту;
- қарапайым грамматикалық категорияларды іс жүзінде меңгеру негізінде ауызша сөйлеудің қарапайым түрлерін дамыту;
- дыбыс айтуы мен ажыратуын дамыту, сөздің ырғақтық-буындық құрамын анықтау, құрау.
- сөз түсінігін әрі қарай дамыту мақсатында балаларды зат есімнің септік жалғауларының мағынасын ажыратуға (Мысалы: қарындашпен дәптерді көрсет, қаламмен кітапты көрсет, т.б.);
- жалпы белгілері бойынша заттарды топтастыруға (сурет салу үшін не керек?);
- синтаксистік конструкциялар бойынша кейіпкерлердің қатынастарын, іс-әрекеттерін анықтауға (мысалы: «Күшік баладан қашып барады», «бала күшіктен қашып барады?» Кім (не) қашып барады? Кім (не) қуып барады?);
- зат есімнің жұрнақтарын түсіну, қолдануға (Мысалы, үй – үйшік, бала - балақай, көрпе – көрпеше) арналған жұмыс жүргізіледі.
Ауызша сөйлеуін дамыту барысында әртүрлі жұмыс түрлері жүргізіледі:
- сөйлем құрау ( зат есім+толықтауыш+етістік, Мысалы, бала орындықта отыр);
- Не істеп отыр? деген сұраққа жауап беру (бала сурет салып отыр, Ата ұйықтап жатыр);
- Іс-әрекетке сәйкес зат есімді іріктеу, табу (мияулайды – мысық, шиқылдайды – торғай, т.б.);
- Есімдік пен етістіктің жақтарын ажырату (мен киінемін, киіндім, киініп отырмын);
- жеңіл тақпақтарды жаттау;
- Бірнеше сөзден тұратын сөйлем құрастыру (сұрақ бойынша, көрсету, модель, сурет бойынша);
- Сұрақ- жауап бойынша таныс заттарды сипаттау, жағдай (ситуация) бойынша әңгімелесу.
Бұл кезеңде дыбыс айтуын қалыптастыруға бағытталған арнайы сабақтар өткізіледі.
Сабақтың құрылымы:
- Артикуляциялық жаттығулар;
- Дауысты дыбыстар мен жеңіл дауыссыз дыбыстардың айтылуын анықтау;
- Жоқ дыбыстарды қою;
- Сөздің буындық құрамын қалыптастыру;
- Фонематикалық қабылдауын дамыту.
Дыбысты қоюда, фонематикалық қабылдауын дамытуда дәстүрлі тәсілдерді қолданады. Ал сөздің буындық құрамын қалыптастыру мынадай кезектілікпен жүргізіледі:
- Қысқа ұзын сөздерді ажырату (лақ - қарлығаш);
- Сөздің ырғақтық бейнесін шапалақтап немесе соғып көрсету;
- Бірдей буындарды (па-па, па-па-па) бірден айтып шапалақтау;
- Дұрыс айта алатын дыбыстардан тұратын әртүрлі буындарды (ма-па, на-ка- та, т.б.) айтып шапалақтау;
- Әртүрлі дауысты және дауыссыз дыбыстардан тұратын буындар қатарын қайталау (ка-ну, та-ка);
- Дауыссыз дыбыстар қатар келетін буындарды айту (қта, қра, арл, атр, анд, алд) , жаттыққан буындарды сөзде сөйлемде қолдануы (мынау кітап, ата жатыр).
Мектепке дейінгі мекемелердің мектепалды даярлық топтарында, мектептерде көбінесе үшінші деңгейдегі балалар кездеседі.
Ондай балалармен жүргізілетін түзете-оқытудың негізгі міндеттері:
- сөйлеу тілінің лексикалық және грамматикалық жағын тәжірибе жүзінде меңгеру;
- сөйлеу тілінің дыбыстық жағын толық меңгеру (артикуляциялық дағдыларын, дұрыс айтуын, буындық құрылымын, фонематикалық қабылдауын);
- сауат ашуға дайындау, жазу элементтерін меңгеру;
- байланыстырып сөйлеуін ары қарай дамыту (мәтіннің мазмұнын айту, әңгіме құрастыру т.б.).
Бұл міндеттерді іске асыру жұмыс бағыттары баланың танымдық процестерін (салыстыру, бақылау, қорытындылау, тұжырымдау, ойлау т.б.) дамыту жұмысымен тығыз байланысты болады.
Төртінші деңгейдегі балалар сұрақтарға жауап береді, сұрақ қоя алады, фразалық сөйлеуді меңгерген. Арнайы оқыту бұл балалармен екі бағытта жүргізіледі:
- мағынаны түсінуге сүйену;
- жаттығу тапсырмаларын қолдану.
Оқытудың негізгі міндеттері:
- ұқсас дыбыстарды (ызың-ысқырық), естіп ажырату, кейін ауызша айтуда ажырату дағдысын дамыту;
- көп буынды, күрделі сөздердің айтылуын бекіту, ауызша сөйлеуде қолдану (қарлығаш, тракторшы тракторын жөндеді);
- дыбыстық талдау, жинақтау дағдыларын бекіту;
- сауат ашуға дайындау, оқыту.
Төртінші деңгейдегі балаларды оқыту барысында сөйлеу тілінің лексикалық грамматикалық түрлерін меңгеріп сөйлеу тәжірибесінде қолдана білуіне ерекше көңіл бөлінеді, әртүрлі әңгіме құрастыру, мәтіннің мазмұнын айту дағдылары әрі қарай жетілдіріледі.
Балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыруда бірнеше талаптар көзделеді:
- тақырыпты ашу;
- әңгіменің белгілі бір көлемін сақтау;
- мәнерлік тәсілдерді қолдану (эпитеттер, антонимдер, салыстырулар, метафоралар);
- төл сөздерді қолдану;
- әңгіменің құрылымы мазмұнының бірізділігі, аяқталуы.
Сонымен, сөйлеу тілін дамыту жұмысы жан-жақты, сөйлеу және сөзсіз функцияларын дамытуға, танымдық процестерін белсендіруге бағытталып жүргізілсе нәтижелі болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет