Тұлпарыңыз тек сиырға шатыс екен, – дейді.
— Апыр-ай, оны қайдан білдің? Айтқаның рас. Менің Ақша хан деген құдам бар еді. Соның тұлпар табатын бір биесін қалап алдырғанмын. Бие күні жетіп, құлынды туа алмай, өлер болған соң: «Бие өлсе өлсін, құлын қалсын», – деп, ішін жарып, құлынды алғанмын. Сол құлын осы еді, әбден отығып кеткенше, сиырдың сүтімен асырап едім. Ал енді сен мұның сиырға шатыс екенін қайдан білдің? – дейді хан таңданып. Тұлпарыңыз судан әрі-бері өткенде, аузын суға малып, артқы аяғын сілкіп өтті. Сиыр күніне қырық суарсаң да судан айдағанда, аузын суға малмай, артқы аяғын сілікпей, өтпеуші еді. Тұлпардың сиырға шатыс екенін сонан білдім, – дейді. Жұрт таң қалып, бір-біріне қарасады. Хан біраз ойланып отырып:
— Енді менің бір гауһар тасым бар. Ол тастың Сүлейменнің жүзігіндей, Мұсаның асасындай, Дәуіттің қоржынындай қасиеті бар. Сол тасымның қандай қасиеті бар екенін тап, – деп, қазынасындағы тасты алдырып берді. Жаман тасты алып, салмақтап, байқап қарап отырды да:
— Сіздің тасыңыз, рас, қасиетті тас екен. Бірақ екі жылдан соң қасиеті бітеді. Тастың ішінде екі ақ қарабас құрт бар. Тасыңыздың пышақ сырты қалыңдығы қалыпты. Сол құрт екі жылдан соң тесіп шығады; тесіп шыққан соң тасыңыз пайдаға аспайды, – дейді. Жұрт не дерін білмей, бірсыпырасы: «Бәрібір екі жылдан соң пайдаға аспайтын болса, тасты жаралық», – депті.
Бірсыпырасы: «Жаманның сөзіне бола, тастан айырылмайық», – депті. Ақырында, тасты жармақшы болады. Тасты жарып қараса, ішін екі ақ қарабас құрт кеулеп, тесуге жақындап қалған екен.
— Тастың ішінде құрт бар екенін қайдан білдің? – дейді хан.
— Тастың қасиетіндей салмағы да болу керек. Тас жеңілденген екен.Құрт бар екенін сонан білдім, – деп жауап береді.
— Апырмай, сен жаман болмадың ғой! Қайта, сен бір данышпан болып жүрме! Ал сен менің өзімді сынашы. Мен неше атамнан бері хан екенмін? – дейді хан.
Жаман:
— Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
— Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес,