408
көп белсенділік көрсетпейді. Осымен байланысты биелерде буаздықтың
алғашқы айларында аналық безде фолликулалар жетіліп, овуляция процесі де
байқалуы мүмкін. Сонымен қатар қанда фолликулаларда түзілетін
эстрогендер концентрациясы өседі де, жатырға ішіндегі бластоциста ерекше
əсер етеді. Осыдан жатырдың кілегей қабығында эндометриялық ойыс деп
аталатын арнаулы құрылым пайда болып, ол уақытша эндокриндік без
қызметін атқарады. Бұл құрылым торшалары гонадотропин түзіп, оны қанға
бөледі де, қосымша фолликулалардың өсіп-дамуына ықпал етеді. Олар
жарылған соң орындарында пайда болған сары денелер көп мөлшерде
прогестерон гормонын бөледі. Бұл ұрықтың жатырға бекуіне мүмкіндік
туғызады. Прогестеронның əсерімен эндометриялық ойыстар бұзылып,
жатыр гонадотропинінің бөлінуі тиылады. Буаздықтың 3–3,5 айлық
кезеңінен бастап прогестерон мен эстрогендердің ара қатынасын жолдас
реттей бастайды.
Буаздықтың алғашқы жартысында ас қорыту ағазаларының қызметі
күшейіп, азық жақсы қорытылады, оның сіңімділігі артып, малдың қоңы
жақсарады. Бірақ буаздықтың екінші жартысында мал арықтай бастайды.
Буаздық кезінде бауырда гликоген көп жинақталып, қан құрамында бейтарап
майлардың, липидтер мен холестериннің концентрациясы жоғарылайды.
Буаздықпен байланысты қанның жалпы мөлшері көбейіп, бірақ оның
морфологиялық құрамы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамайды, қанның
ұйығыштығы артып, эритроциттердің тұну жылдамдығы шапшандайды,
гемоглобин деңгейі көп ауытқымайды, қанда кальций мен фосфор мөлшері
төмендеп, калий деңгейі жоғарылайды. Іштөлдің мұқтаждығын қамтамасыз
ету үшін жүректің жұмысы күшейеді, тыныс жиілейді, бүйрек қызметі
артып, зəр мен нəжіс бөлу жиілейді. Желінде де күрделі өзгерістер
байқалады (келесі тарауды қараңыз).
Достарыңызбен бөлісу: