363
дейін созыла орналасады. Без қан тамырларымен мол жабдықталған,
симпатикалық жəне парасимпатикалық жүйкелермен жүйкеленген. Онда көп
мөлшерде лимфа тамырларының торы болады.
Без ұлпасы бозғылт заттан жəне қыртысты бөліктен тұрады. Əр бөлік
секрециялық торшалардан жəне қан түзетін органдарға тəн торлы
эндотелийлік ұлпа торшаларынан құралған. Айырша без тек жыныстық
жетілу кезеңінде ғана өсіп дамиды да, одан кейін өз қызметін тоқтатып,
инволюция (кері даму) процесіне ұшырайды. Сақа малда без семіп, оны май
басады.
Айырша без əр түрлі қызмет атқаратын күрделі орган. Оның ретикулярлы
торшалары тимозин гормонын түзеді. Безге лимфоциттер түзу қабілеті де
тəн, сондықтан əлі күнге дейін оның ішкі секреция безіне жататыны, немесе
лифоидтық ағза екені толық анықталған жоқ. Айырша без бүкіл лимфалық
жүйенің дамуына əсер етеді, сүйектің қатаюын, организмнің өсіп-жетілуін
реттейді. Оның сығындысы лимфопоэзді жандандырып, сүйек кемігінде
қанның діңгектік торшаларының дамуын жеделдетеді, лимфоцитоз
тудырады. Бұл безде лимфоциттер жіктеледі, қанның діңгектік
торшаларының беткейлік құрылымы өзгеріп, олар ұлпалық қорғаныс
реакцияларында маңызды рөл атқаратын Т-лимфоциттерге айналады.
Айырша без қатерлі ісіктің дамуына қажет күрделі жағдайларды
қалыптастыруда белгілі рөл атқарады деген болжамдар бар.
Сент Джорджи айырша безден промин жəне ретин деп аталған екі зат
бөліп алған. Промин қауыпсыз жəне қатерлі ісіктердің дамуын
жандандырған, ал ретин - оларды баяулатқан. Қазіргі кезде мұндай заттар
басқа ұлпалардан да бөлінген.
Айырша безді сылып тастағаннан кейін жас малдың өсіп-дамуы баяулап,
минеральды тұздар мен белоктардың алмасуы бұзылады, сүйек жұмсарып,
майысады, бұлшық ет дегенерация процесіне ұшырап, оның тонусы
төмендейді, ет болбырап, жоғары дəрежелі жүйке қызметі бұзылады, ацидоз
жағдайында мал 2–3 ай ішінде өліп кетеді. Сақа малда аталған құбылыстар
байқалмайды.
Айырша без басқа ішкі секреция бездерімен күрделі қатынаста болады.
Малды ерте піштірсе, айырша безде жаспен байланысты туындайтын
өзгерістер жүрмейді. Оның сығындысы егілген малда жыныстық жетілу
тежеледі, гипофиздің тиреотроптық гормонының бөлінуі күшейеді. Айырша
без қалқанша без бен бүйрек үсті бездерге ықпал етеді, тироксиннің əсерін
бəсеңдетеді. Оны сылып тастағаннан соң аталған бездердің көлемі үлкейіп
кетеді. Өз кезегінде айырша без басқа гормондар əсеріне сезімтал. Бүйрек
үсті безі гормондары бұл бездің кері дамуын шапшаңдатады, ал қалқанша без
гормондары айырша бездің үлкеюіне, өсуіне ықпал етеді. Жыныс
гормондары, гипофиздің гонадотроптық гормондары айырша безді
семдіреді.