Жаратылыстану факультеті



бет1/44
Дата02.11.2022
өлшемі0,63 Mb.
#46947
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44

ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ


Биология кафедрасы


Оқушылардың физиологиялық дамуы пәнінен лекциялар жинағы

Шымкент 2022

Лекция №1


Кіріспе
1. Оқушылардың физиологиялық дамуы пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері.
2. Оқушылардың физиологиялық дамуының негізгі кезеңдері.
3. Оқушылардың физиологиялық дамуы ғылымының Қазақстанда дамуы.
Оқушылардың физиологиялық дамуы пәні ғылымның екі саласын қамтиды: адам организмінің, жеке мүшелердің және мүшелер жүйелерінің қызметтерінің жас ерекшеліктерінің заңдылықтарын, даму жолдарын қарастыратын жасқа байланысты физиология және адамның денсаулығын сақтауға қажетті жағдайларды қарастырып, анықтап, түрлі ұсыныстар жасайтын гигиена ғылымы. Оқушылардың физиологиялық дамуы - жоғары оқу орындарында жеке оқылатын пән, мұның оқытатыны балалар мен жасөспірімдердің физиологиялық ерекшеліктері, олардың жекеше дамуының қалыптасу заңдылықтары және тәрбие жұмысының әсерінен пайда болатын физиологиялық функцияларының ерекшеліктері.
Бұл пәннің негіздері адам мен жануарлар анатомиясы және физиологиясы, жалпы гигена мен медициналық гигиена, биохимия, психология, педагогика, цитология, генетика т.б. биологиялық және табиғаттану ғылымдарының табыстарына сүйенеді. Жасқа сай физиология мен гигиена - жас ұрпақтарды тәрбиелеудің, оларға жасына лайық білім берудің ақыл-ойын дамытудың, дені сау, сымбатты етіп өсірудің негізі. Ол балалар мен жастардың денесінің дұрыс өсіп дамуын, ақыл-ойының жетілуін қамтамасыз етіп, оған қажетті жағдайларды ұсыну арқылы түрлі аурулардың алдын алады, еңбек қабілетін күшейтеді, дене шынықтыру жолдарын, күн кестелерінің бала организміне тиімді түрлерін анықтайды.
Оқушылардың физиологиялық дамуы пәнінің міндеттеріне келесі мәселелер жатады:
1. Педагогтар мен тәрбиешілерге аса қажетті балалар мен жас өспірімдердің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктерін беру.
2. Өсу мен дамудың негізгі биологиялық заңдылықтары туралы түсінік қалыптастыру.
3. Оқыту мен тәрбиелеу жұмысында маңызды орын алатын шартты рефлекстердің негізімен таныстыру.
4. Сезім, қабылдау, түйсік, ес, ойлану, сана-сезім, сөйлеу сияқты функциялардың физиологиялық негіздерін түсіндіру.
5. Болашақ мамандарды балалар мен жастардың, жалпы адам организмінің жас ерекшеліктерімен дұрыс білуге үйрету.
Оқушылардың физиологиялық дамуы пәнінің маңызы - еліміздің болашақ азаматтарын қазақ халқының мүддесін қорғай алатын білімді, өнерлі, еңбекқор, жан-жақты дұрыс өсіп дамыған балалар мен жастар етіп тәрбиелеу мен оқыту.
Жасқа сай физиология адам және жануарлар физиологиясының үлкен бір саласы.
Физиология ғылымы организмнің тіршілігін, оның мүшелері мен торшаларының қызметін зерттейтін, олардың функцияларын реттеу жолдарын анықтайтын ғылым. Ол өмір сүру, экология (яғни қоршаған орта), сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты өтіп жататын организмдегі құбылыстарды бақылайды. Физиология ғылымы организмнің жеке мүшелерін белгілі бір жүйеге келтіріп, олардың қызметтерінің бір-бірімен қарым-қатынастарын сол тұрғыдан қарастырады.
Басқа ғылымдар іспетті жасқа байланысты физиология мен мектеп гигиенасы бірнеше ғылыми зерттеу әдістерін пайдаланады: бақылау, табиғи және лабораториялық тәжірибе, функциялық жүктеме, телеметрия, антропометрия т.б.
Бақылау әдісі - сыртқы ортаны танудағы әдістеме. Бұл әдістеме барлық ғылым салаларында кеңінен пайдаланылады. Бірақ оны лабораториялық және табиғи эксперименттен жеке бөліп тастаса, ол бала организміндегі физиологиялық қалыптар мен құбылыстардың негізін аша алмайды. И.П. Павловтың айтуы бойынша бақылау әдісі «тек қана табиғаттың ұсынғанын жинайды». Дегенмен балалардың миының қызметін зерттеген кезде бұл әдіс басқа зерттеу әдістерімен бірге организмнің жас ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі.
Табиғи тәжірибе - байқау мен лабораториялық эксперименттің аралық түрі. Мақсаты мен қойылған міндеттеріне байланысты ғалым табиғи жағдайдағы тәжірибені адам баласы үшін қалыпты табиғи жағдайда қолданады. Айталық, баланың көру қабілетінің өзгеруін тексеру үшін, оның көру талдағышының қызмет ерекшеліктерін мектептегі оқуға дейін және оқуын аяқтағаннан кейін анықтайды, яғни оқу барысында табиғи жағдайда зерттейді.
Лабораториялық тәжірибенің табиғи жағдайдағы тәжірибеден айырмашылығы бар. Мұнда зерттеуші тәжірибені арнайы жасалған жағдайда жүргізеді. Жағдайды өзгерту арқылы ғалым белгілі бір қызмет өзгерістерін тудырады да, сан мен сапалық өзгерістерін анықтайды.
Жасқа сай физиология ғылымында лабораториялық тәжірибе әдісінің бірі болып саналатын функциялық жүктеме немесе сынау әдісі кеңінен таралған. Бұл әдіс бойынша бала организмінің мүшелерінің қызметін, оған мөлшерленген функциялық жүктеме беру арқылы, оның әсерінің ұзақтығын немесе әсер ету қарқынын өзгерте отырып, түрлі жағдайларда анықтайды. Дене қызметінде жүктемені дәлірек анықтау үшін эргометрия, яғни эргометр аспабын қолдану арқылы, жүктеменің мөлшерін дәл анықтау әдісін пайдаланады.
Жасқа байланысты физиологияның әдістемесінің бірі телеметрия - радиотехникалық беріліс аспаптары арқылы бала организмін оның денесінен қашық жерде тұрып анықтау мүмкіндігі. Қазіргі кезде бала организмін зерттегенде күрделі оптикалық, радиотехникалық және электрондық аспаптарды кеңінен қолданады.
Балалар мен жастардың өсуін антропометрия (дененің физикалық көрсеткіштерін өлшеу әдісі) арқылы анықтайды. Бұл әдісте баланың бойын, кеуде шеңберін үш жағдайда (дем алғанда, дем шығарғанда, және тыныштық кезінде) және баланың басының шеңберін сантиметрлік лентамен, дене салмағын таңертең, ұйқысынан тұрған соң, тамаққа дейін, арнайы медициналық таразымен өлшейді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет